БИЛІК пен БИЗНЕС ҚАШАН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ?

Қыркүйек айының бесі. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін атап өттік. Атаулы күнге құтты болсын айтпас бұрын кейбір мәселелерге бойлағанымыз жөн болар. Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл толды. Бірақ тіліміз мемлекеттік тіл деген конституциялық мәртебесі болғанымен, сол мәртебесіне лайық құрмет көріп, сол мәртебесіне лайық қызмет етіп жатқан жоқ. Байыптап қарасақ, үшбу мәселенің шиеленген түйінін шешу билік пен бизнестің қолында тұрған секілді. Осы орайда «Билік пен бизнес қашан қазақ тілінде сөйлейді?» деген заңды сұрақ туады. Біз осы сауалды белгілі саясаттанушы Дос Көшім мен ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға қойған едік.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
Тәуелсіздік үшін күреспеген билік осынау заңды қабылдамайды
Жауап біреу-ақ, ол үшін қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тууы керек. Ал қажеттілік жасаудың мен білетін екі жолы ғана бар. Біріншісі – заңдық жолы. «Мемлекеттік тіл туралы» заң жасалып, сол заңда мемлекеттік тілге нақты қажеттілік тудыратын баптар болса, заң орындалмаған жағдайда жүзеге асырылатын жауапкершіліктер көрсетілсе, ертең-ақ билік те, бизнес те, ғылым да қазақша сөйлеп кетеді.
Екіншісі – халықтық тәсіл. Егер қазақтілді азаматтар барлық жерде, жұмыста, дүкенде, банкте, теміржолда, кафе-ресторанда, тағы басқа қоғамдық орындарда тек қазақ тілінде сөйлеп, бір-бірімен және басқа да азаматтармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасаса, бес айда кететіндер кетіп, қалғандары, оның ішінде билік те, бизнес те, ғылым да қазақша сөйлеп кетеді. Бұл – менің ойлап тапқаным емес, қарапайым әлемдік тәжірибе. Бірақ өкінішке қарай, осы екі жол да Қазақ елінде жүзеге аспайтын сияқты… Тәуелсіздік үшін күреспеген, метрополияға беріле қызмет еткен, орыстілді, орыс мәдениетін ғана білетін, коммунистік, тоталитарлық жүйеге толық берілген билік, қазақ тіліне қажеттілік тудыратын заңды дайындамайды да, қабылдамайды да. Өздері отырған бұтақтарын өздері шаппайды. Ал намыс пен рухтан әбден айырылған қазақтілді қауым балтық елдері сияқты өз тілдерінде сөйлеп, өз тілдерінде қарым-қатынас жасай алмайды ма деп қорқамын.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Өзге тілде тәрбиелеу – ұл-қызға ғана емес, ұлтқа қастандық
Биылғы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі Түркістан қаласында өтіп, біз сонда сөз сөйлегенбіз. Мінберде айтқан сөзіміздің ішінен сіз қойған сұраққа жауап табылады. Не деп едім? Қысқа-нұсқа баяндайын:
Оқу-ағарту министрлігінің ұлттық мүддені негізге алған «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» қабылдағанын қуана қолдаймыз.
Ұлттың болашағы – Ұрпақ тәрбиесі – ұстаздықтың негізгі бастауы, қайнар көзі десек болады. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің әлемге әйгілі «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі тегін айтылмағаны анық.
Ал ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тіл арқылы беріледі. Ұрпақ тәрбиесі ұлттың тілінен басталады. Бұл сөздің біз секілді қаншама жыл отарлықтың ауыр зардабын көрген, әлемдегі Тәуелсіздік алған елдердің барлығы ең алдымен істеуі тиіс. Отарсыздану саясатын толық жүргізе алмай отырған мемлекет үшін бұл тіпті маңызды!..
Ал биылғы Астанадағы жағдай – бірінші сыныпқа барған 25 мың баланың 40 пайызы орыс тіліне баруы, орыс сыныптарының басым бөлігі қазақ балалары болуы Тәуелсіздіктің 32 жылындағы Ұлттық идеологияның нөл екенін көрсетеді. Ұлттық тәрбие тек Ұлттық идеологиясы бар елде ғана іске асады…
«Қазақ балаларының орыс тіліндегі мектепке көптеп баруы – ата-аналар таңдауы» деген жалпақшешейлік пен босбелбеулікті тоқтату керек! Ең алдымен мемлекеттік мүдде – ұлттық мүдде болуы тиіс!..
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес империясында жүрміз бе деген ой келеді…
550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған, әбден тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр.
Риддердегі жалпы 16 мектептің 1-еуі ғана қазақша, 12-сі орысша, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақша мектеп жетіспейтіндіктен, қазақ балаларына дискриминация жасалып, оқуға ешқандай жағдай жасалмай, зардап шегуде.
Негізі, 2022 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер заң алдында жауап беруі тиіс!
2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды.
2019 жылы бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда №6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кетті.
Қабырғаңды қайыстырар осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы әдейі жасалған бұл қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамай отыр? Осы сұрақтарға ашық жауап талап етіп, біз, «Ақ жол» фракциясы парламентте мәселе көтердік.
Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десек, «аралас мектеп ашайық» деп, жоқ жерден киліге кететін, өңмеңдеп шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз? Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды емес пе?!. Амал не, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді.
Олар әлі әкімдікте, білім саласы басында отыр. Мысалы, Алматы облысы Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов мектебі үшін салынған жаңа №25 мектептің «Оқу қазақ тілінде» деген паспортын ауыстырып жібергендер қызмет бабымен өсіп кетті. Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында да №207 жаңа мектепті де осындай араласқыштар «аралас мектеп» етіп жіберді…
Алаш арысы, қазақтың классик жазушысы, мектепке арнап психология оқулығын жазған ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» – деген өсиетін еліміздегі барлық мектептерде жазып қою керек! Оқысын, көрсін ойлансын жас ұрпақ!
Біз өз қолымызбен арнайы арпа егіп алып, енді «бидай неге шықпайды» деп өтірік аңқаусып, өтірік таңғалып отырамыз!
Сондықтан қазақы, яғни ұлттық мектептерге басымдық берілуі тиіс. Ау, бұл ең әуелі Қазақ Елі емес пе?! Меншігіне қарамай, ұлтына, тіліне қарамай, еліміздегі мектептердің бәрінде қоңырау соғудың орнына күй ойнатуды енгізу керек!
Мысалы, орыс, ұйғыр, өзбек мектептерінде әр 45 минут сайын қазақ күйі орындалып тұруы – Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық мүддесіне толық сай келеді. Аралас мектептерге Аятжан Ахметжанұлы секілді орыс тілін білмейтін, озат та ойлы ағартушыларды директор ету керек! Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні үшін жұмсалып жатқан миллиардтаған қаржының қайтарымы болуы тиіс. Ол үшін орыс және басқа диаспора мектептері үшін ҰБТ-да міндетті түрде қазақ тілінен сынақ тапсыруы керек.
Өз баласын өз тілінде емес, өзге тілде тәрбиелеу – ұл-қызға ғана емес, Ұлтқа қастандық! Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды! Сөздің тоқетері Мемлекеттік мектеп мемлекеттік тілде болуы керек!
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ
ПІКІРЛЕР2