ҚАЗАҚША ОҚЫҒАН БАЛА – қазақ тілінің қорғаны
Қоғамның қос тілде сөйлейтіні рас. Бұл кемшілік пе, әлде артықшылық па оны салмақтайтын біз емес. Дегенмен, күн өткен сайын қазақ тілінің ұлт пен ұлысты ұйыстырудың құралы ретінде маңызды тетікке айналып келе жатқаны көңіл тоғайтады. Іс қағаздарын жүргізу, тұтыну, қызмет көрсету саласының қазақшалануы жылдам жүріп жатқанын байқауға болады. Экономика секторы мен екінші деңгейлі банктердің де мемлекеттік тілге деген көзқарасы түзелген сыңайлы. Әрине, бұл үдерістің қоғам тарапынан қойылған талап пен сұраныстың нәтижесінде болып отырғаны анық.
Жалпы, кез келген тілдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екені анық. Ал уақыт алмасқан сайын өмір сахнасына көтерілген буынның тілге деген сұранысын тек жаңа толқынның өзі ғана емес, қоғам тарапынан жасалған қолайлы жағдай мен қолжетімді білім де қалыптастыратыны сөзсіз. Осы тұста болашақтың негізі қаланатын мектептерге деген талап пен жауапкершілік арта түсетіні белгілі. Дерекке сүйенсек, қазір еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалардың саны 6 841 527 адам шамасында екен. Ал жалпы халыққа шаққандағы жасөспірімдердің үлесі – 34,1 пайызды құрайды. Оның ішінде 3,8 млн бала мектеп қабырғасында білім алатын оқушы санатында көрінеді. Тақырыпқа қатысты алғанда, мемлекет пен тілдің болашағы дәл осы 3,8 млн баланың қолында деуге болады, және бір ескеретін жағдай, деректерде ауыл балаларының үлесіне қарағанда қалада туып, өскен жасөспірімдердің саны көбейгені айтылады, яғни балалардың 59,7 пайызы қалада тұрады екен.
Енді осы балаларға білім беретін мектептердің тілдік бөлінісіне талдау жасап көрелік. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылында 4 044 мектеп таза қазақша, 1 1 34 мектеп орыс тілінде және 2 667 оқу ошағы аралас тілде білім берген, яғни, қазақ тіліне деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын мектептегі оқыту тілін талдаған статистикадан да байқауға болады. Таза қазақ тілінде оқып, ержеткен бала келешекте қоғамдағы тіл қолданысының да аясын кеңейтіп, сұраныс тудыратыны сөзсіз.
Осы жерде қазақ тіліне деген көзқарасқа қатысты қасаң қағидалардың қалыптасқанын да айтуға тиіспіз. Әдетте біз тіл мәселесін сөз еткенде еліміздің солтүстік аймақтарындағы ахуалға басымдық береміз. Бұл жерде пікір екіге жарылатыны және аян. Тіл мәселесін ту етіп көтеріп жүрген белсенділер аталған аймақтарда ғана емес, жалпы елдегі қазақ тілінің қолданысы әлі де кемшін деген көзқараста болса, екінші тарап аймақ тұрғындарының ұлттық үлесіне қатысты ұстанымдарынан танбай келеді. Сондай-ақ, бұл жерде тіл мәселесіне қатысты сөз қозғалғанда ономастикаға қатысты сындарлы пікір барын ескеруіміз керек. Ол басқа тақырып, әрине. Жалпы алғанда, солтүстік аймақтардағы мектептерде аралас тілде оқытатын білім мекемелерінің көп екені жасырын емес. Сәл арыдағы деректерге жүгінсек, 2020-2021 жылдары Қостанай қаласында 17 мектеп таза орыс тілінде, 10 мектеп аралас тілде және 6 мектеп қазақ тілінде оқушыларға білім берген. Ал Павлодар қаласында да аталған кезеңде 7 қазақ мектебі, 12 орыс мектебі және 18 аралас мектеп жұмыс істеген. Сондай-ақ, Ақмола облысында жалпы білім беретін 555 мектеп болса, оның ішіндегі 159 мектеп қазақша оқытып, 218 мектеп аралас тілде білім берген. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы оқушылар 259 орыстілді мектепте, 114 қазақ тілді мектепте және 95 аралас тілді мектепте оқу жылын аяқтаған. Қазір бұл деректерге аздап өзгеріс енгенімен, жалпы жағдай сақталып тұрғаны анық.
Айтпақшы, жақында әлеуметтік желіде белгілі ұстаз, қоғам белсендісі Ақмарал Шартемірқызы үлкен қалалар мен облыс орталықтарындағы мектептердің оқыту тіліне қатысты мәселе көтерген болатын. Осы жазбада Жетісу облысының бас қаласы – Талдықорғандағы ахуал да сөз болған. Тұрғындарының 90 пайызы қазақтардан тұратын, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін қаладағы аралас тілде оқытатын мектептердің көптігі туралы дерек бізді де алаңдатқан еді. Осы орайда Талдықорған қаласының білім бөліміне хабарласып, нақты жағдайды сұрадық. Ресми жауап былай: «Талдықорған қаласындағы жалпы орта білім беретін 27 мектептің алтауы қазақ тілінде, қалған жиырма бірі қазақ-орыс тілінде білім береді. Қала аумағында орналасқан 5 білім мекемесінің төртеуі қазақ тілінде, оның ішінде дарынды балаларға арналған №24 М.Арын атындағы лицей, «Білім-инновация» лицей-интернаты, Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернаты және кешкі ауысымды мектеп таза қазақ тілінде оқытса, дарынды балаларға арналған №20 лицей аралас тілде білім береді», – дейді. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында 4 жекеменшік мектеп бар болса, оның үшеуі қазақ тілінде оқытады екен. Статистикаға жүгінсек,Талдықорған қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептерде оқитын 38050 оқушының 76,6 пайызы, яғни, 29184 бала қазақша оқып, тәрбие алуда. Ал 8866 оқушы немесе жалпы оқушының 23,4 пайызы орыс тілді сыныптарға барады екен.
Жалпы, мектеп басшыларының немесе әкімдіктердің оқыту тілін таңдауға қатысты қандай бір ұстанымы жоқ, яғни білім мекемелері оқушының тілді таңдау құқына араласа алмайды-мыс. «Мектепке оқушылар ата-аналарының өтініші негізінде қабылданады, сыныптың оқыту тілі түскен арыз негізінде анықталады» деген қағида бар.
Қазағы қалың қоныстанған аймақ дегеннен шығады, 4-5 жыл бұрынғы, анығында 2020-2021 оқу жылындағы деректерге тағы оралайық. Ол кезде оңтүстік облыстарда, оның ішінде Шымкент қаласындағы мектептерде 152 мың бала қазақ тілінде, 54 мың бала орыс тілінде және 20 мың бала өзбек тілінде білім алған. Ал Алматы қаласындағы білім ошақтарында 153 мың оқушы орыс сыныптарында және 140 мың оқушы қазақ сыныптарында оқыған. Орталық облыстарда, оның ішінде аталған оқу жылында Қарағанды қаласында 12 мектептегі оқу үрдісі бір тілде – орыс тілінде жүргізілсе, 56 мектеп аралас тілде білім берген. Ал қазақ тілді мектептердің саны – 10. Сондай-ақ сәйкес мерзімде Астана қаласындағы мектептерде 108 мың оқушы қазақша және 85 мың оқушы орыс тілінде білім алған. Мұны айтып отырғанымыздың мәнісі бар: қазір бұл балалардың алды ержетіп, қоғамдық өмірге араласа бастағаны анық. Ал таза қазақ тілінде оқыған бала тілге деген сұранысты қалыптастыратыны дәлелденген. Қазіргі қазақ тіліне деген талаптың күшеюіне де осы буынның үлесі зор.
Тағы бір мән беретін мезет бар. Қоғамдық пікір бойынша, ата-аналардың ықыласы елімізде көптеп ашылып жатқан жекеменшік мектептерге ауып отырғаны байқалады. Демек, ендігі жерде жекеменшік мектептердің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктің бірі ретінде қазақ тілінде оқыту үрдісіне басымдық берілуі тиіс.
– Елімізде дәл қазіргі таңда 691 жеке- меншік мектеп бар. Бұл мектептердің 70 пайызы соңғы үш жылда ашылды. Дәл осы қарқынмен беттесе, алдағы үш жылда елдегі жеке меншік мектептердің саны екі мыңға жақындайды деп ойлаймын. Бұл дұрыс па? Елімізге жеке меншік мектеп керек пе? Әрине, керек. Себебі, елімізде әлемдік деңгейде баршамыз армандағандай білім сапасы болу үшін мектептер толық бір ауысымды болуы, әр сыныпта 24 оқушыдан аспауы, материалдық жағдайы заманауи һәм толық болуы қажет. Ал мемлекет 30 жылда үш ауысымды және апатты мектептер жағдайын шеше алмады. Қазір демографиялық өсім мектепке салмақ түсіретін уақыт келді. Алдағы оқу жылында еліміздегі оқушы саны 4 миллионнан асады деген болжам бар. Мәселе, оқушыларға сапалы, терең білім беруде. Осы жерде ұлттық ұстаным да басты орынға шығуы керек. Оны біз ұлттық негіздегі тәрбие мен қазақ тілінде білім беру арқылы ғана қалыптастыра аламыз. Дәл қазір еліміздің білім нарығына шетелдік компаниялар мен шетелдік тұлғалар жаппай кіріп жатыр. Әлемдік нарықтағы ойыншы мектептер Қазақстаннан өз мектептерінің филиалын ашуда. Астана, Алматы қалаларындағы ағылшын, үнді, неміс, француз, испан, италиян, корей мектептері, әр өңірден ашылып жатқан орыс мектептері – соның дәлелі. Бұл – бәсекеден бөлек, белгілі деңгейде болашақтың, тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Демек, ата-аналардың білім алу жағын таңдауға келгенде ұлттық бағыттағы мектептерге басымдық беруіне жағдай жасалуы тиіс. Сапа мен менеджмент мәселесі басты орынға шығады. Өз басым, осы саланы бес саусақтай білетін маман ретінде ұлттық бағыттағы білім ошақтарының ешбірі әлемдік деңгейдегі талаптардан бір мысқал да кем түспейтініне кепілдік беремін. Әрине, әлеуметтік жағдайдың әсері бар, дегенмен жекеменшік мектептерді таңдауға ниет еткен ағайынға ұлттық сипаты басым, бабалар дәстүріне берік оқу орнын таңдауға кеңес берер едім, – дейді белгілі ұстаз, «Qazbilim» ұлттық мектептер жүйесінің көшбасшысы Аятжан Ахметжанұлы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ