Қазақ тілінің мектептердегі қолданылуы

Қазақ тілі – халқымыздың мәдени мұрасы мен ұлттық құндылығы. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері мемлекеттік тілді дамыту бағытында көп іс атқарылды. Дегенмен, қазақ тілінің мектептердегі қолданылуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Орыс тілінің басымдығы және қазақ тіліне деген көзқарастың әртүрлілігі бұл мәселені қиындата түседі.Осы мәселе бойынша менің әлі де жауабын таба алмай жүрген бір сұрағым бар. Қазақ бола тұрып орысша сөйлейтін болсақ, онда ата-бабамыз не үшін қан төгісіп қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қалуға тырысып тәуелсіздік алды?…Мен бұл сұрақтың жауабын әлі де таппадым.
Қазақ мектептерінің саны жыл сайын артып келеді, бұл – қуантарлық жағдай. Алайда, қазақ тілінің білім беру саласындағы толыққанды қолданысы әлі де жеткіліксіз. Орыс тіліне басымдық беріп, балаларын орыс мектептеріне оқуға жіберетін ата-аналар көп. Қазақ мектептерінде білім алатын оқушылар саны өсіп жатса да, олардың арасында қазақ тілін екінші деңгейде қабылдайтындар бар.
Мысалы, кейбір оқушылар қазақ тілін тек сабақ үшін оқиды, ал өзара қарым-қатынаста немесе қосымша білім алуда басқа тілді пайдаланады. Менің ойымша, бұл мәселеге оқушылардың да үлесі бар. Олар қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға аса мән бермейді немесе оны өздері үшін қажетті деп санамайды.
Мектептерде қазақ тілі пән ретінде міндетті оқытылғанымен, көбіне ол формалды түрде ғана өткізіледі. Орыс мектептерінде қазақ тіліне аз сағат бөлінеді немесе оқушылар арасында оның қажеттілігі түсіндірілмейді. Қазақ тілінде білім беретін мұғалімдер кейде әдістемелік және материалдық қолдаудың жеткіліксіздігін сезінеді.Менің ойымша, бұл жағдайдың негізгі себептері:Ата-аналардың таңдауы.Балаларының болашағын орыс немесе ағылшын тілімен байланыстыруы.
Қолайлы ортаның жоқтығы. Қазақ тілін еркін қолдануға қажетті жағдайлардың жеткіліксіздігі.
Мен бұл мәселелерді шешу үшін мынандай жолдарды ұсынар едім.Сапалы білім беру жағдайын жасау.Қазақ тілінде оқытатын мектептердің материалдық және әдістемелік базасын күшейту қажет. Оқулықтар мен бағдарламалар оқушыларға түсінікті әрі тартымды болуы тиіс.Сонымен қатар күнделікті қолдануды арттыру.
Қазақ тілін тек мектепте ғана емес, күнделікті өмірде, ойын-сауықта, достар арасындағы қарым-қатынаста қолдану жолдарын ойластыру керек. Мектептерде оқушылар арасында жиі іс-шаралар, конференциялар ұйымдастырып, қазақ тілінің дербестігін сақтап қалу қандай қиын жолдар арқылы келгенін түсіндіру қажет. Қазақ тілін әрі қарай дамытып, әлемге оның дәстүрін, мәдениетін таныту олардың қолында екенін әр бір оқушы түсінуі керек.
Қазақ тілінің мектептерде толыққанды қолданылуы – ұлт болашағының кепілі. Тіл – ұлттың рухани байлығы. Сондықтан оны мектеп қабырғасынан бастап дамыту, күнделікті өмірге енгізу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Менің ойымша, әр оқушы қазақ тілін құрметтеп, оны қолдануға бейімделсе, ол тілімізді сақтап, әрі қарай дамытуға үлкен үлес қосады. Тілдің болашағы – біздің қолымызда!
Куканова Мухлиса Дауренбекқызы,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, журналистика факультетінің 1-курс студенті