Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің ахуалы қандай?
26.11.2024
135
0

Еліміздегі орыс мектепте­рін­­де қазақ тілі 1958 жылдан бастап тұрақты түрде оқытыла бастады. Дегенмен қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері саусақпен санарлықтай ғана. Өткенге көз жүгіртсек, 2011–2020 жылдар аралығында Қазақ­станда Тілдерді дамытудың мемлекет­тік бағдарламасы бекітіліп, мақсат бойынша қазақ­стандық азамат­тардың 95 пайызы қазақ тілін терең игеруі керек болған. Ал бұл жағдайда білім ордаларындағы қазақ тілі пәнінің оқытылудағы жай-күйіне алаңдаушылық туындайтыны анық. Әсіресе орыс мектептерінде білім алатын оқушылардың қазақ тілін бойына дарытып,
бірден меңгеріп кетуі оңай шаруа­ емес.

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №166 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шерібай Құралай Бахтиярқызы: «Тіл тағдыры – ұлт тағдырына айналған, қазіргі қазақ тілінің елең-алаң жағдайында өзге ұлт балаларының бойында мемлекет­тік тілге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда, пәнге деген қызығушылықтарын оятып қана қоймай, берілетін білім сапасын жоғарылатып, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуде қазақ тілін оқытудың маңызы жоғары. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың басты мақсаты – оқушылардың мемлекет­тік тілде қарым-қатынас жасау қабілетін жақсарту, тілдік дағдыларын дамыту арқылы қазақ мәдениеті мен тарихын түсінуге көмектесу», – дейді. Ұстаздың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда лицейде мемлекет­тік тілдің дәрежесін көтеру мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сондай бағдарламалардың бірі де бірегейі – қазақ әдебиетінің қаймақтарына айналған ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін ұйымдастыру. Мәселен, 2023–2024 жылғы оқу жылында Сәбит Баймолдин және Дулат Исабековке арналған әдебиет кештері өткізілген екен. Оқушылар Дулат Исабеков шығармашылығынан сахналық көрініс қойса, Сәбит Баймолдиннің поэзиясын жат­тап, өлең идеясын суретпен бейнелепті. «Ал әдіс-тәсілдерге келер болсақ, қазіргі таңда орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқыту кезінде, көрнекілікті қолданған артықтық етпейді. Себебі көзбен көріп, қолмен ұстаған жылдам әрі есте ұзақ сақталады. Оқушылар күнделікті ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыруда сабаққа қажет­ті зат­тардың атауларымен танысып, олардың көмегімен сұрақ-жауап құрастырады. Мысалы, «Менің отбасым», «Мектеп», «Менің досым», «Менің сүйікті кином» секілді түрлі тақырыптарға мәтіндер мен қысқаша әңгімелер құрастырып, ойларын еркін жеткізуге дағдыланады. Оқушылардың көпшілігі орыс тілінде еркін сөйлеп, оқып-жаза алады. Ал қазақ тілін меңгеру барысында фонетикалық, лексикалық, синтаксистік ерекшеліктерге байланысты түрлі кедергілер туындайды», – дейді маман. Құралай Бахтиярқызы орыс сыныптарындағы білім алушыларға қазақ тілін жеңіл түрде үйрету мақсатында тілдің күнделікті қолданылатын тәжірибелік жағын қарастырып, қазақ тілі сабағында кез келген оқушының ауызша, жазбаша сөйлеу тілін қалыптастыру арқылы сөз байлығын арт­тыруды өз алдына мақсат етіп қойыпты.Жекеменшік лингвистикалық Семей мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Заманбекқызы: «Егеменді ел болуымыздың ең бір маңызды белгісі – тіліміз, яғни қазақ тілі. Қазақ­станда тұрып жатқан әрбір ұлт өкілі қазақ тілін білуге міндет­ті. Қазақ тілін меңгертудегі басты мақсат – қазақ тілінде оқи, жаза, түсіне, сөйлесе білуге үйрету. Бастауыш сыныптары ойын баласы болғандықтан, әр сабақты ойын түрінде, қызықты бейнематериалдарды қолданып өткіземін. Оқулықтар жас ерекшеліктеріне сай емес жасалғандықтан, түрлі қиындықтар кез­десіп жатады. Мәселен, «мейірбан, кеңпейіл, ғажайып» деген сөздер енді ғана әріп танып отырған өзге ұлт өкілінің баласына қиын ғой», – деп оқулықтардағы олқылықтарды сүт бетіне шығарғандай болды.Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқыту – өзекті мәселенің бірі. Мысалы, М.Маметова атындағы №28 мектеп-лицейдегі оқушылардың 70 пайызы өзге ұлт өкілдері болса, қалған 30 пайызға жуығы қазақтар екен. Мұндағы ұстаздардың айтуынша, оқушылардың басым бөлігі үйлерінде орыс тілінде сөйлейді, өйткені ата-аналары қазақ тілін білуді қажет деп санамайтын көрінеді. Шыны керек, егер ата-аналар балаларының мемлекет­тік тілде сөйлеуіне мән берсе, онда бала орыс мектебінде білім алса да қазақ тілін жетік меңгеретін еді. Алматыдағы №132 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері орыс мектебінде оқитын балалардың қазақ тілі пәнін тұрақты түрде оқитынын, бірақ тілге деген қажет­тіліктің жоқтығынан олардың сабақтан тыс қазақша сөйлемейтіндерін айтады. «Біз, мұғалімдер, сонша үйретуге тырысып жатсақ та жақсы нәтиженің жоқтығы бізді де қынжылтады. Атап өтерлік тағы бір мәселе, қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарында оқушылардың қабылдау деңгейі мен жас ерекшелігі ескерілмеген. Мәселен, 8-сыныптың оқулығында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Кан мен тер» романынан үзінді берілген. Бұл үзіндідегі кейбір сөздерді оқушы тұрмақ, жоғары білімі бар маманның өзі де түсінбеуі мүмкін. Аталған күрделі тақырып бір сағат­тың көлемінде ғана оқытылады. Сондықтан оқушыларға түсіндіріп үлгермейміз», – дейді қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Ақынбаева.Осы орайда мектептегі оқу бағдарламасында бірізділік пен жүйеліліктің жоқ екенін аңғару қиын емес. Екіншіден, мұғалімдердің мектеп оқулықтары жайлы айт­қанынан кітапқа кіріктірілген тапсырмалардың сыныптың санатына және оқушының жас, тілдік ерекшеліктеріне сәйкес таға­йындалмағаны қазақ тілін меңгеруге үлкен кедергі болып отыр. Бұдан бөлек, өзгетілді азамат­тардың қазақ тілін үйренуіне арналған әдебиет­тер мен оқу құралдарын дайындау да аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Үшіншіден, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқытатын ұстаздарды даярлауға баса назар аудару қажет.
Бір жағынан, білім ошақтарындағы қазақ тілінің оқытылу деңге­йін жақсы немесе жаман деп те айта алмаймыз. 2020 жылы сарапшылар Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақ­стан облыстарына қатарынан 4 жыл барып, 200-ге жуық кез­десу өткізген. Кез­десу барысында ата-аналарға қазақ тілінің, яғни мемлекет­тік тілдің болашағына бей-жай қарамау керектігі ұғындырылған. Бірақ ата-аналар балаларының қазақ тілін білгенін құптағанымен, мектеп әдістемесінің жөнді жасалмағанын баса айтыпты. Саясат­танушы Дос Көшімнің сөзінше, «ата-аналар мұғалімдерге қазақ тілі пәні дұрыстап оқытылсын» деп талап қоймайды. Ал талап болмаған соң қазақ тілі пәні мектептегі бейнелеу өнері, еңбек сынды екінші санат­тағы пәндер қатарына еніп кеткен.
Еліміздегі қазақ тіліне байланысты көзге ұрып тұратын олқылықтарды былай қойғанда, орыс мектептерінде қазақ тілінің оқытылуына жалғыз оқулық емес, күллі қоғам да белсенділік танытуы керек. Қазақ тілі пәнін жөнді оқытуды міндет­теу – түрлі этнос өкілдері мен орыстілді азамат­тарды кемсіту емес, мақсат – біртұтас, бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекетшілдік жолдағы айқын мұрат. Әлемнің бірнеше тілін үйренуге бәрі мүдделі, әйткенмен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрмет­те» деген Қадыр ақынның сөзін санадан шығаруға болмас.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір