ЕҢБЕККЕРДІҢ СЕНІМДІ ҚОРҒАНЫ
03.08.2024
26
0

Кәсіподақ еңбек қатынастарын реттейтін, қарапайым еңбек адамының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бірден-бір қоғамдық ұйым екендігі баршаға аян. Қәсіподақ ұйымдарының атқаратын қызметі неғұрлым белсенді әрі жүйелі болса, ол соғұрлым еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік береді. Өңірімізде соңғы жылдары мәдениет, спорт, туризм, ақпарат қызметкер-лерінің кәсіподағының қатары көбейіп, атқаратын жұмысы қарқынды дамып келеді. Қоғам үшін айрықша орын алатын осы сала мамандарына қолайлы жағдай жасау – кәсіподақ үшін абыройлы әрі жауапты міндет.

Бүгінгі таңда «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы құрамындағы 66 бастауыш ұйымы өз қатарына 3800-ге жуық кәсіподақ мүшесін біріктіріп отыр.
Жұмыс беруші мен жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарды шешуге жәрдемдесу, олардың әлеуметтік қорғалуын жүзеге асыру, барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестер арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу міндетін атқаруға бағытталған Салалық келісім негізінде, Атырау облыстық филиалы мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту,облыстық денешынықтыру және спорт басқармалары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Еліміздегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен үнемі байланыста болу мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің қатысуымен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, оған бағынысты мекемелердің басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, саладағы қордаланған өзекті мәселелер жеткізілді.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт мектептері педагогтерінің апталық жүктемесі, мекеме басшылары жаттықтырушы-мұғалімдердің, есепшілердің, біліктілігі жоқ қыз­меткерлердің жалақысын көтеру, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша музыкалық аспаптарды бір көзден сатып алуға мүмкіндік беру, қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының ауыл тұрғындар санының өсуіне байланысты, олардың штат бірліктерін қайта қарау сынды саланың өзекті мәселелері көтеріліп, федерация төрағасының қаперіне берілді.
Азаматтық қызметкерлер қатарына жатпайтын біліктілікті қажет етпейтін, кіші қызметкерлердің жалақысының төмендігі, бір айлық еңбекақы көлемінде бір реттік сауықтыру жәрдемақысының төленбейтіні, ауылдық жерде жұмыс жасайтын 25 пайыз тиесілі мамандар тізіміне енбей қалған есепші, заңгер, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі т.б. әкімшілік құрамдағы қызметкерлердің мұң-мұқтажын өңірімізге жыл басында жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы К.Сейітоваға жеткізілді.
Өткен жылы облыс әкімдігінің «Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін құру туралы» 2022 жылғы 5 желтоқсанындағы қаулысына сәйкес, өңірімізде 14 жаңадан балалар-жасөспірімдер спорт мектептері құрылды.
Кәсіподақтар ұйымдарының қатарын көбейту арқылы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында Ақжар, Ақжайық, Ақкөл, Бөкейхан, Дамбы, Есбол, Жанбай, Сағыз, Шортанбай, Өрлік ауылдары мен Нұрсая ықшам. ауданындағы №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, Олимпиадалық резервті дайындау мектеп-интернат колледжінде, Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылдық клубында бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Ұжым мүшелеріне «Кәсіподақ не үшін қажет?» «Кәсіподақ ұғымы нені білдіреді?» «Кәсіподақ ұйымы қалай құрылады?», «Кәсіподақтың мақсаты мен міндеттері қандай?» тағы басқа тақырыптар төңірегінде түсініктер берілді.
2023 жылы Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің білім деңгейін біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында ұйымдастырылған міндетті аттестациялау комиссиясына қатыстым. Кітапханшылар – 60, бөлім меңгерушілері 80 кәсіби сауалдардан құралған тест сұрақтарына жоғары деңгейде жауап беріп, олар атқарып отырған лауазымдарына сәйкес деп бағаланды.
Былтыр облыстық филиалдың кеңес отырысында Мәдениет және спорт министрлігінде өткен салалық комиссия мәжілісіндегі көтерілген мәдениет, архив, спорт, туризм салаларындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарды реттеу мәселелері баяндалды. Атап айтқанда, салалық кәсіподақтың бақылауындағы бүгінгі басты мәселе – жалақыны көтеру. Қазіргі таңда салалық кәсіподақтың қатысуымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ең төменгі жалақы мөлшерін есептеу әдістемесі әзірленіп, талқылануда.
Спорт мектептеріндегі жаттықтыру­шы-мұғалімдердің жалақысы 1,75 есеге өсіп, жүктемесі 24-тен 18 сағатқа, сабақ уақытын 40 минутқа қысқарту туралы ұсыныс берілді.
Облыстық академиялық драма театры мен филармонияның үрмелі аспаптар әртістері мен цирк әртістерінің зейнет жасын қысқарту үшін министрлік «Мәдениет туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеуде.
Бүгінде 20 жылдан астам еңбек өтілі бар үрмелі аспаптар әртістеріне 60 пайыз еңбекақысына үстеме төлеуге қол жеткізді.
Мәдениет және спорт мекемелерінде еңбек қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталуын бақылайтын инспектордың жоқтығы, оны штаттық кестеге енгізу жолдары сол басқосудың өзекті мәселесіне айналды. Жұмыс берушілерге мекемелерде апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында, жылу қазандарының операторларының жұмыс кестесін Еңбек кодесінің тиісті баптарын басшылыққа алу тапсырылды.
Кәсіподақ жұмысын насихаттау, қызметкерлердің құқықтарын түсіндіру, олардың мұң-мұқтажын білу мақсатында ұжым мүшелерімен кездесу – облыстық филиалдың күн тәртібінде тұрған басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта салаға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жас мүшелерімен кездесіп, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, әлеуметтік мәселелерін шешуге әр кез дайын тұратын қоғамдық ұйым – кәсіподақтың, оған белсенді мүшесі болудың тиімді тұстары, демалыс, мереке күндері қызметкерді жұмысқа тарту тәртібі, ауысымдық жұмыстың ерекшеліктері мен еңбекті қорғау нормалары, еңбек қауіпсіздігін сақтау, кәсіподақ қаржысын тиімді жұмсау ережесі, Ұжымдық шарттардың дұрыс жасақталуына және орындалуына аса мән беру, қосымшалармен толықтыру жолдары, ұжым мүшелерінің пікірлерін ескеру қажеттігі туралы айтылды.
Осындай кездесулерден түйген ойым, кәсіподақтың жұмысының жақсы нәтижесі – бастауыш ұйым төрағасының өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға байланысты. Осы мақсатта арнайы сауалнама жасалып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына тарату арқылы, талдау нәтижесі шығарылды. Бұл сауалнама арқылы кәсіподақ төрағаларының біліктілігін арттыру үшін оқыту бағдарламасын қалай құруға болатының анықтауға мүмкіндік туды.
Сондай-ақ кітапханашы мамандығын «жасарту» қажеттігі туындағаны байқалады. Жастар арасында осы мамандыққа қызығушылықты арттыру мақсатында байқаулар ұйымдастыру көзделді.
Өңіріміздегі Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Мәдениет саласының үздігі С. Ізмұхамбетовамен сұхбат барысында соңғы жылдардағы саладағы еңбекақыны деңгейлеп қосудағы оң өзгерістерді ұжым жылы қабылдап жатқанын айта келе, «біліктілігі жоқ жұмысшылардың», жалғызбасты аналардың, аз қамтылған отбасыларының әлеуметтік мәселелерін көтерді. Әр мекемеге қызметі ауадай қажет, ал еңбекақылары аз көлік жүргізушілер, еден жуушылар, жылу қазандарының операторларына сауықтыру жәрдемақысы төленбеуі – күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселе. Есепшілердің де айтар назы бар. Атқаратын жұмысы көп, айлығы аз.
Облыстық мемлекеттік архивтер басқармасының ұжым мүшелерімен кездесуде де, біліктілігі жоқ қызметкерлердің сауықтыру жәрдемақысы, зиянды еңбек жағдайларына төленетін қосымшалардың мөлшері, еңбек заңнамаларының нормалары, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі, еңбек тәртібі, жұмыс кестесі, т.б. сауалдар көтерілді.
Бүгінгі таңда әр саладағы әрбір мамандық иелерінің шешілмей жатқан өзекті проблемаларын көре білу, тиісті мемлекеттік органдар алдына қою, оның шешу жолдарын іздестіру мақсатында жұмыс берушілермен диалог құру, келіссөздер жүргізудің ұтымды жолдарын үйрену үшін кәсіподақ көшбасшыларының білім деңгейінің де, өз ісіне деген жауапкершілігінің де жоғары болуын талап етеді. Ол сол ұйымның көшбасшысы бола тұрып, соңында бүтін ұжым тұрғаның естен шығармау керек. Оқу керек, іздену керек, тәжірибе жинақтау керек.
Осы мақсатта өткен жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанынан құрылған «Кәсіподақ көшбасшысы» мектебінің ұйымдастырған (онлайн режимде) Мәдениет және спорт мекемелерінің 13 кәсіподақ белсенділері 36 сағаттық толық курсынан оқып, куәліктерін алды. Ұжымдық шарттың талабы бойынша әр кәсіподақ төрағасы ай сайын осы ұйым жұмысына 8 сағат бөлуі керек. Жұмысберуші сапалы жасалған Ұжымдық шарт ол ұжымның ауызбіршілігіне, ынтымақтастығына әкелетінің үнемі есте ұстауы керек.
Кәсіподақтың жұмысының бір бағыты – еңбек адамының еңбегін ұлық­­­тау. Бұл бағытта соңғы 5 жыл ішінде өңіріміздің мәдениеті мен өнерін, спортын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген салаға қарасты үздік қызметкерлерімізге Атырау облыстық филиалы- ның бірқатар марапаттар тапсырылды.
Есепті жылдар ішінде Атқару комитетінің қаулысымен салаға қарасты кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын оңалту үшін шипажайларға, ота жасау­ға, балаларын емдеуге, жақын туысы қайтқанда, әртүрлі қайырымдылық акцияларға, пандемия кезінде, табиғат апаттары орын алған кезде т.б. жағдайларға облыстық филиал қаражаты есебінен материалдық көмек көрсетілді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, жасалған жұмыс бар, алға қарай кәсіподақ жұмысының қарқынын күшейту бағытында жұмысты жалғастырып, жұмыс беруші – әлеуметтік әріптестер мен атқарушы билік арасында алтын көпір болуға күш сала бермекпіз.

Гүлнар ШАЙХАШЕВА,
«Қазақстандық салалық мәдениет,
спорт, туризм және ақпарат

қызметкерлерінің кәсіптік одағы»
ҚБ Атырау облыстық
филиалының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір