БҮГЕЖЕКТЕМЕЙ ӨТКЕН БҮРШЕГЕЛ
Қуанбек Боқаевты «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызметте жүргенінде жазған елдің, жұрттың, ауылдың өміріндегі өзекжарды мәселелерді қозғайтын мақалалары арқылы сырттай жақсы білетін едім. Сол газеттің бірінші бетіне жарияланған өлең-очеркін оқыған соң, жақын тартып кеттім. Басқа да әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері біріктіріліп, кітап болып жарық көргенінде құттықтағаным да бар.
– Е-е-е, иә, жарайды! – деп салмақпен ғана қабылдады. Газет-журналдар редакциясына бара қалғанымда ондағы басқа аға-апалар қатарлы Қуанбек ағаның да қысқа саусақты жұп-жұмсақ алақанын бір қысуға тырысатынмын. Өйткені ағамыз өз кабинетінен табыла бермейтін. Қашан барсаң да маш.бюрода материалын «диктовка» жасап отыратын. Бүктелген жарты парақтағы ирек-ирек жазуларға шұқшиып отырып, небір дәйекті сөйлемдерді құйылтатын. Машинкалық 7-8 бетті тиянақтап тастамай, құрметті адамы қол созып тұрса да орнынан қозғалмайтын.
Басқа газет-журнал редакцияларында, баспаларда қызмет атқарған жылдарында да Қ.Боқаев қаламынан туындаған материалдар оқырман арасында дүрбелең тудырып жататын. Ұлттық тіл мәселесін сөз етуге келгенде қысыңқы көзі ашылып, шоқ болып қызаратын. Мемлекет басшысының халық алдына шыққанда алдымен қазақша сөйлеуі қажетін, Республика Парламенті Мәжілісі жиындарының мемлекеттік тілде өтуі керек екенін де алғаш көтерген қалам иесі Қуанбек Боқаев болатын. Мойыны бір жаққа қисайса, түзелмейтін тік мінезінен жоғарғы жақтағылардан талай таяқ та жеді.
Бірде жиынға кешігіңкіреп келіп, мәселе неден ушыққанын біле алмадым, ешбір қаламгерді менсінгенді қойып, көзіне де ілмейтін қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауин ағамыз:
– Сөйлегенде де, жазғанда да бұлтартпас дерек, дәйектерді алдыңа тарта қоятын Қуанбек Боқаевтай қаламгер болыңдар, бола алсаңдар, – деп күле ризашылық танытып, қолын алып жатты.
Қуанбек аға «Қазақ әдебиеті» газетіне бөлім меңгерушісі болып келгеннен кейін тонның ішкі бауындай жақын араласып кеттік. Журналистік салада өз мектебі қалыптасқан Боқаевты ұстаз тұттым. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, бірде елу жолдық хабарды «диктовка» жасаймын деп, 20 минут уақытын алып, терімшіден ескерту алғаным бар. Ақыры қолмен жаздым.
Кейінтінде, көңілді отырыстарында әңгімесіне тұздық жасайтын мына бір жай есіме түссе, езу тартып қоямын:
«Социалистік Қазақстан» газетіндегі қызметінен шаршаңқырап шығып, ескірген өгізқарын папкасын қолтығына қысып алып, екі қолы қалтасында, бір көзі қысыңқы, баяғы жүріс әдетімен Гоголь көшесінің бойындағы аялдамаға теңселе басып келе жатса, алдынан милицияның жылжымалы пункт машинасы шыға келіп, екі сержант екі қолтығынан құдасындай қолтықтап апарып, машинаға кіргізіп жібереді ғой.
– Бұл не машина, қайда апармақсыңдар? – дейді Қу-ағаң мазасызданып.
– Қайда апаратынымызды барған соң көресіз. Тыныш отыра беріңіз, – деп біреуі доқ көрсетеді. Ағамыз айналасына біраз алаңдай қарап, нығыздала отырған соң иығында төрт жұлдызы бар шендіге:
– Айналып кетейін, мына құжат жоғалып кетпесін, қалтаңа салып қойшы, – деп қызмет куәлігін ұсынады. Қызыл қаптамалы, бір жақ сыртында алтынжалата «Социалистік Қазақстан» деген, екінші жағында «Пресса» деп айқайлата жазылған құжатты аударып, төңкере қараған капитан ашып жіберіп, ішкі маңдайшасындағы «Орган ЦК Компартий Казахстана» дегенді шұқшия оқып, дереу машинаны тоқтатады. Жандайшаптарын сыртқа шығарып алып, аз-кем «ақылдасқан» соң жүргізуші келіп Қуан-ағадан:
– Үйіңіздің мекен-тұрағы қай жерде еді? – деп өтіне сұрау салады.
– Жо-жоқ, мені алдында айтқан жерлеріңе апарыңдар. Сендердің немен шұғылданатындарыңды көруім керек. Жазуға қажетті дәйектерді толықтыруға бара алмай жүр едім. Мекемелеріңе тездетіп жеткізіңдер! – деп қиығылықтанады. Милициялар қайта шығып кетіп, қолдарындағы рацияларымен сөйлесе жүріп, мекенжайын анықтаса керек, өз үйінің алдына алып барған капитан:
– Ал аға, үйіңізге келдік, түсе беріңіз, – деп құрмет көрсете көліктің есігін ашады.
– Жо-жоқ, мені мекемелеріңе апарасыңдар. Сондағы қажетті жайды көзіммен көруім керек. Сол жерде тамақтандырып, түнетіп, таңғы астан соң, сағат 8-30-да бағанағы алған жерлеріңе апарып тастайсыңдар.
– Ағатай, үйіңізде-ақ қонсаңызшы. Міне, мынау таңертең қызмет орныңызға таксимен баратын жол ақыңыз, – деп он сом ұсынады.
– Мені қайыршы деп жүрсіңдер ме? Апарыңдар мекемелеріңе, бастықтарыңмен сөйлесем, – Қуағам қатулана зеки түседі. Былайырақ шығып, аз-кем пікірлескен олардың тағы бір шендісі келіп:
– Көкетай, жеңгей де, бала-шағаңыз да сізді мазасызданып, іздеп қалады ғой, – дейді әбіржіңкі кейіп танытып.
– Бала-шаға дедің бе?… – дей бергенінде олар қолтығынан демей жетектеп апарып, подъезіне енгізіп:
– Қателігімізді кешіріңіз. Мынау – жеңгей мен балаларыңызға құрмет-сыйымыз, – деп есік жақтауына 25 сомдық кесек ақша іліп кетеді.
…Бала-шаға демекші Қуанбек аға:
–Менің алаңсыз жазып-сызуыма бар жағдайды жасайтын Гауһар жеңгең ғой, – дейтін ішкі сырын ақтарып. – Дастаным да, Досжаным да елгезек, қабілетті, бүршегел. Ұлдарымның ертеңінен күтер үмітім көп, – дейтін.
Иә, балалары бір-бір отбасы болып, бірнеше немере сүйгізді. Ауырып жатқанында басын сүйеп, көңіліне демеу болды. Жеңгеміз ағаның өзі ем ретінде қабылдайтын, саяжайында қысы-жазы шүмектен ағып жататын суын тасып беруден жалыққан емес.
Қ.Боқаев азаттық алғаннан кейінгі жылдары Қазақстандық оқулықтарды қалыптастыру жайына қатты алаңдады. Республикалық баспасөздерде де, радио, телеарналарда да тынымсыз ой толғап, қоғамдық пікірталас тудыруға ұйытқы болды. Басқа пән оқулықтарын түгендей жүріп, ағасы Жұбайбек Жұмахановтың химияға әдістемелік құрал ретінде өлеңмен жазған «Химия тақтасы» атты тағылымдық кітабын насихаттаудай-ақ насихаттады. Менделеев таблицасындағы элементтерді түсінікті тілде әрі жатық өрнектеген бұл оқулық сынды құралдың оқушыларға берері мол еді. «Алгебра, химия қонбайды менің миыма», – деп, бұлғақтай бұлтаратындардың санасына элементтерді қорғасын ерітіп құйғандай әсер беретін әдістемелік:
«Калий, натрий – бір валент,
Кальций, магний –
қос валент.
Алюмини – үш валент,
Марганец жұптар жетіден,
Мырышта валент екіден…» деп жалғаса береді
Боқаевтың кейінгі жылдары жарық көрген, әрқайсысы қырық баспатабақтық көркем әңгімелері, көсемсөздік төлтумалары мен өлең-жырлары топтастырылған екі томдығы мен қолжазбасы дайын, тағы екі томы туралы әңгіме, әрине, оңаша қалам сілтеуге шақырады.
Саналы ғұмырының алпыс жылын арнаған журналистикада өзіндік шеберлік мектебін қалыптастырып кеткен Қуанбек Боқаев жайлы әріптестері мен ізбасарларының айтары әлі алда.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ