ОЛСЫЗ ӨТКЕН ОН БЕС ЖЫЛ
24.07.2025
294
0

Ортамызда жүрсе қазақтың тұңғыш бард-ақыны, тарлан талант Табылды Досымов 60 жасқа толар еді. Ол осыдан он бес жыл бұрын фәниден бақиға аттанып, өзінің мәңгілік өмірін бастады. Шүкір, жанашыр азаматтар, ізінен ерген іні-қарындастары Тәкеңнің әдеби-музыкалық мұрасын кеңінен насихаттап жүр. Жақында Астанадағы Ә.Мәмбетов театрында «Сәйгүлік» драмасының премьерасы өтті. Оқырман назарына Табылды Досымовтың қызы Ақбаян Табылдықызының ой-толғауы мен ақын Әбубәкір Смайыловтың әр жылдары досына арнап жазған өлеңдерін ұсынып отырмыз.

«Октябрь таңы арайлап атты». Қырдың кең төсін, жазық даланы бойлай жүгіре ескен ексім жел бүгін бір суыт хабардың келерін ескерткендей ышқына соғады. Бір жарық жұлдызының сөнерін сезген аспан да іштен тынып күңірене қалыпты. Сонау бір жылы осы қырда төбешіктей ананың тар құрсағын жарып шығып дүниеге келген таудай ұлды, біртуар асыл перзентін қойнына алар уақытының таянғанынан хабардар қара жер де ауыр күрсініп алды.
Жайық бойын жағалай қоныстанған елді мекеннің шеткері тұсында көк шатыры алыстан менмұндалап, мұнартып көз тартатын екі қабат еңселі, боз үй бар-тын. Сәулеті келіскен сол бозша үйдің төрінде, ақ кілем үстіне төрт қабат жайылған мамық төсекте ақырғы демі таусылуға айналған тума дарын, жауһар жырдың иесі кірпік қақпастан қимылсыз жатыр. Ақынның алпамсадай алып денесі ырқына бағынар емес. Соңғы жылдары сүліктей жабысып, тұла бойын тұтас меңдеп үлгерген тәнінің ауыр сырқатынан гөрі, жылдар бойы жиналған жан дерті, ақынжанды, сезімтал жүректің жарасы, мұң-қайғысы жанына көбірек бататын-ды.
Қырық бесінде құйрықты жұлдыздай ағып түскелі тұрған ғазал ғұмыры, көрер жарығы түгесіліп, ақтық сапарға аттанарын өзіне сездіргендей көз ұшында кинолента тәрізді тізбектеліп жүре берді…
О баста ата-анасының он бес жыл күткен жалғыз перзенті болып дүниеге келу.
Түн ұйқысын төрт бөліп тербеген ананың әлдиімен бойына дарыған тұмса талант.
Ауыл. Мұржасы мүжіле ескірген, қабырғалары бормен әктеліп, тақтай еденге термелі алаша төселген қараша үйдің бір бөлмесінде кітап оқитын, алты қырды асып асыр салатын алаңсыз балалық шақ.
Екі жыл әскер. Шет жер. Шекара. «Солдат сағынышы».
Одан соң шіркін… Алматы. ҚазМУ. Журфак. Тұла бойдан буырқанып, жас жүректі жарып шығып, алты ішекті аспаптан ыңырана төгіліп, студенттер қалашығын думанға бөлеген әдемі әндер. Өмірінің ең бақытты һәм бір сәулелі шағы. Ақ дидарлы, қыпша бел аруға жыр арнаған жастық. Жігіттік дәурен.
Содан кейін… Желтоқсан. Мұңлы зары сай-сүйекті сырқыратып, ызғары жүректі қарыған қыс. Басына тағдырдың ащы таяғы тиген ауыр жылдардың бірі еді бұл да…
Оқудан шығарылу. Қайта қабылдану.
Өнерге қайта оралу. Көзіне түскен қайратты, қою шашын сілкіп тастап, көк барқыт шапанын желбегей жамылып, қоңыр гитараның үніне қоңыр дауыс қосылып «Тамашаның» сахнасында мұңлы әндерін шырқайтын қыр баласының өнеріне тебіренген залдағы қалың жұрт. Жұлдызды шақ.
Сол жұлдызды шақтарды қиып, перзенттік борышын өтеу үшін Алматыдан Атырауға оралу.
Қызмет. Қым-қуыт тірлік.
Әке-шеше, бала-шаға қамы.
«Алып кет мені ауылдан, аға, азаптан сөйтіп құтқарғын…».
Алматыны аңсау. Торығу. Курстас, қаламдас, сырлас, сапарлас достарды, рухани ортаны сағыну.
Жабығу. Шабытсыз шақтар.
Әсіресе қала өмірі көрініс табатұғын, шаһардағыдай тірлік қайнап жатса да, әңгімесі күйбең тірліктен аспайтын, мәдениеттен тысқары, өнерге жұтаң осы бір ауылда өткен ғұмырының ақтық жылдары тіптен сүреңсіз бе қалай?
Тек сол сүреңсіздікті алыс-жақын аймақтардан, я Алматы, я Астанадан арагідік Атырауға арнайылап мұны іздеп ат басын бұратын жора-жолдастары, рухтас достары «бұзып» тұрушы еді. Иә, ондай күндері Тәкең басқа дүниенің бәрін тастай сала, уақытын сол достарына арнайтын. Қонақ бөлменің бір бұрышында кісіге қасқая қарап тұратын, өзі «сүлікқара» деп ат қойып алған қара гитараны бауырына алып, өзі ойлап тапқан әлдебір аккордтарды шертіп отырып «Биіктігін» шырқай жөнеледі. Ақ дастарқанға жайғасып алып, «ақ шәйнектен құйылған шайдан» ұрттап қойып, маңдайы жіпсіп жыр оқиды, сосын. Қос иығы күректей жауырынымен бірге бүлкілдей, оған андағы алып денесі қосыла күліп, жас балаша мәз болып, рақаттана қонақтармен әңгіме-дүкен құрады келіп.
Мұндай заматтарда жетімсіреп жүрген жарым көңілі бүтінделіп, жабырқау тарта бастаған жаны күздің мизамшуақ күндеріндей бір жадырап қалушы еді. Рухани жалғыздығын уақытша ұмыттырып, сағынышын басатын өмірінің осы бір сәулелі сәттерімен ары кетсе бір апта төрінде аунап қонақ болатын достарын вокзалда шығарып салып тұрып, қимай қоштасар еді. «Біреу келсе екен, біреу келсе екен, біреу ке-е-елсе екен…»
«Тірлікті мынау, жаным-ау, мәңгілік деме, Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам». Қамал бұзар қырықтың бесеуінде, мамық төсегінде оянбай қалып, мәңгілік ұйқыға кету.
Бұ дүниеде көрмеген рақаттың о дүниеге келмесін анық сезініп, мынау «жәлеп-жалғанды» еш өкінішсіз артта қалдырып, көз алды тұмандана, бірте-бірте жасын жанар сөне берген-ді. Небір алапат от сезімдерді сезініп, тумысынан нәзіктікті, сұлулықты сүйген, талай сеніп, талай алданған, жырға толы ақын жүрек кеудеде ақырғы рет алқынды да, мәңгіге соғуын тоқтатты.
Әуелде шыр етіп дүние есігін ашқан кезден-ақ Тәңірінің пешенесіне жазғанын кешкені, жоқ әлде ешкімде жоқ, бір кітап­қа татырлық осынша қасіретті һәм сұлу тағдырын өзі жасап алғаны өзге түгілі өзіне де беймәлім күйі өмірден өтіп кете барды.
Сонау балалық шағында анасы тоқып берген түбіт күртесін асығыс үстіне іле сала, қараторы дөңгелек жүзі нарттай қызарып, ауылдың тентектеріне қосылып өзі талай ойқастаған құмды қырдан бақилық мекенін тапты.

***

Содан бері он бес жыл өте шығыпты. Кеу­деде үздіксіз соққан сағат ғұмыр тоқтағалы, қалың қазақ қара жамылып жоқтағалы, аманат арқалап артында қалған жалғыз ұл өнер жолын таңдағалы, түн жарымында тебірене өлең жазбағалы, қоңыр дауысты қоңыр даласы естімегелі, сол баяғы бозша үйдің ақ дастарқанында ақжарма көңіл достарды күтпегелі, «сүлікқараны» қолына алып сілкімегелі – биыл, бүгін міне, он бесінші жаз.
Бұл – адамдық ғұмырдың аяқталып, ақындық ғұмыр басталған тарихтың алғашқы тарауы болар, бәлкім…

Ақбаян
ТАБЫЛДЫҚЫЗЫ

 

КӨЛЕҢКЕ
(Т.Досымовқа көңіл айту)

Бір сөзім бар, жеткізем оны қайтіп,
Көрмеп едім өлеңмен көңіл айтып.
Өлім айтып келмейді…
Қос қозысын,
Тастап кетті ол саған қоңырайтып!

«Қатын өлді – қамшының сабы сынды»,
Қазақ сенің түсінбес әр ісіңді.
Әйелі өліп жылаған бір жігітке,
Деп әкесі тап берген: «Тап ішіңді…»

Ішің жылар, сыртыңа сыр бермессің,
Мысалы бұл бір туып бірге өлместің.
Қайғыңа ортақ болғансыр, бірақ олар,
Қайдан білсін сен қандай күндер кештің?

Қазақ мұны жазмыш, пешене дер,
Есейген соң қайғың да еселенер.
Өстіп-өстіп байғұс көз өлімге де
Үйренеді, бәріне төселе бер.

Ұзартқанмен жасыңды үш ғасырға,
Бірте-бірте азайып тұстасың да.
Жерінерсің Жердегі бұл тірліктен,
Нұқ пайғамбар құтқарған нұсқасында.

Ұлылар да ұлтына тұлға болған,
Таба алмапты таяныш бұл ғаламнан.
Ажал түбі көлеңкең боп шығады,
Туғаныңда жергөкке бірге оралған.

ТӨРТ ДОС
«Алматы баста мен үшін
Әубәкір, Боря, Арман-ды…»
(Табылды Досымов)

Жастық қайда өрт болған, жалын болған,
Атыраудан, Аралдан, Нарынқолдан
Алматыға андыздап келіп едік,
Тас бекініс қарсы алды қалың қорған.

Асқақ қала, тәкаппар тас үйлерден,
Бетім қайтып көңілім жаси берген.
Бағындырам деп келген талай батыр,
Кім бар, бекзат шаһарды бас идірген?

Төрт дос едік, қалаға кеп төселіп,
Жалаң қолмен кей-кейде от көседік.
Хақ бұйрығы болмаса біз ешқашан,
Ат құйрығын кесісіп кетпес едік.

Атың арып, ал тоның тозар дедік,
Сөйтіп, түбі өлмейтін сөз әрледік.
Тұла бойы тұнған ән бір досымды,
Алып кетті әй-шәй жоқ ажал келіп.

Бір досымнан бір күні дін айырды,
Дін айырды, біздерді тірі айырды.
Бірге тойға бармайтын болдық енді,
Білмей далмын қай жерде Құдай ұрды?
Бір досымнан азайды хабар-ошар,
Көбейді ме адамы араласар.
Өмірінде болды ма бір өзгеріс,
Сөз айттым ба жанына жара салар?

Дос қалды ма сонымен дос дейтұғын,
Жастық дәурен із тастап өшпейтұғын.
Жалт етті де жоқ болды, кімге керек,
Қырсық ақын қызметі өспейтұғын?

Шалыс басып жүретін шала қызып,
Шақтарымды сағынам алағызып.
Қайда деймін, қайда сол өрт кезіміз,
Және түгел еді ғой төрт көзіміз…

ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ
ДЕНДЕРГЕ ОРАЛҒАНДА

Сен мен едің о баста, мен сен едім,
Өлең қуған бозбала өңшең өрім.
Біздер қайдан білейік, қу тағдырдың
Кімге қандай дәм-тұзды өлшегенін.

Біздер нөкер болғанда сен сері едің,
Серттен тайып кетпейтін семсер едің!
Отыз жеті жылдан соң оралдың ба,
Ескерткіш боп еліңе, еңселі ерім?

Орнатар деп ескерткіш халқым бірде,
Ойладың ба жас дәурен, сал күндерде?
Бас имедің ақыры, әкім болып,
Әкесін де ұмытқан әркімдерге!

Әлгі әркімдер жөн еді енді ойланса,
Таланттарды қор қылдық сендей қанша!
Бәрі өткінші…
Ең үлкен ескерткіш сол –
Ел есінде есімің өлмей қалса!

ЕШТЕҢЕ ЖОҚ ӨЗГЕРГЕН…
Ей, есіл ер, Табылды дос, Досымов,
Енді біздер ән салмаймыз қосылып.
Баяны жоқ тіршіліктің аяғы –
Бәрінен де қалған көңіл, бос үміт.

О- о-о, біз қандай жалын едік, от едік!
Алатауды алатындай көтеріп.
Алматыға келдік асқақ кеудемен
Жаза басып, жасадық та қателік.

Ал ағалар ішке тартып от-демін,
Аяған жоқ ақылдарын теп-тегін.
Біздер сырттай «Қаламгерде» бітірдік,
Жұматайдың мектебін!

Қайран жастық, дос көрінді кез келген,
Адалдықты аңсап тұнық көздерден.
Аңғал жүрек, алдап кетті ақыры
Сүйкімді қыз сүйемін деп сөз берген.

Ағалар жоқ… Дос қалды ма дос дейтін,
Айнымайтын, ат құйрығын кеспейтін?
Қабырғасы қайысса да тіс жармай,
Қабіріңе келіп үнсіз «Қош!» дейтін?..

Қу ажалдан құтылмайсың безгенмен,
Сен кеткелі ештеңе жоқ өзгерген.
Жігіттерді жиып алып көз көрген,
Жыр оқығым келетіні болмаса,
Студенттік кездерден
Ештеңе жоқ өзгерген…

ҚАЙДА САЙДЫҢ ТАСЫНДАЙ СОЛ ЖІГІТТЕР?

Бірге жүрген жігіттер күні кеше,
Бірі – ескерткіш болып тұр, бірі – көше.
Көне альбомды парақтап тағы да біз,
Қайта оралмас күндерді сағынамыз.

Соны ойласам тамаққа тас тығылып,
Кейде оянам таң алды бастырылып.
Қайда сайдың тасындай сол жігіттер,
Көкжал болды ер жетіп бөлтіріктер.

Өткен өмір көрген түс секілді ме,
Күн де таяп қалыпты-ау екіндіге,
Бізден соң да таң атып, күн шығады
Кеудемде өксік (әлде өлең) тұншығады.

Астарсыз-ақ тұп-тура мағынада,
Біздерді де біреулер сағына ма?..

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір