ЖЕР ДЕП ӨТКЕН ЖАМПОЗ
19 қараша, сәрсенбі күні Алматыда Ұлттық кітапханада белгілі жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Сапабек Әсіптің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басшылығының ұйғарымымен кешке модераторлық ету Деректі проза кеңесінің төрағасы Марат Байділдаұлына жүктелді.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, қазақ журналистикасының абызы, қарт қаламгер Сарбас Ақтаев, Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы Қанат Алтынбек, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мырзан Кенжебай, Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері Талғат Айтбайұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай, жазушының ұлы, белгілі журналист Марат Әсіп және тағы басқалар қаламгер шығармашылығы туралы өз ойларын бөлісті.
– Қаламын қару еткен ұлт жанашыры, қайраткер жазушы Сапабек Әсіпті халық үшін жаралған адам деп айтуға хақымыз бар, – деді алғаш болып сөз алған жазушының замандасы Сарбас Ақтаев. – Өйткені ел ісіне келгенде ол сондай белсенді еді. Оның ел мен жерге қатысты көкейкесті мәселелерді нақты деректермен дәйектей отырып, батыл көтерген еңбектері кейінгі ұрпаққа қалдырған үлкен мұра деп есептеймін. Жангелдин аудандық газетінде бас редактор болып жүріп, жылт еткен өнері бар жастарды төңірегіне жинады. Сол газеттен қанаттанған Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбеков, Бақыткерей Ысқақов секілді ақындарды Сапекеңнің түлектері деуге әбден болады. Шөлейт аймақтағы сол аудан орталығында ағаш егіп, саябақтың негізін салып кетті. Міне, «бұлақ көрсең – көзін аш, сая іздесең – тал ек» деген осы. Отбасылық өмірі де көпке өнеге. Әкесі қартайғанда жеңгеміз екеуі күтіп-бағып, өз қолынан арулап аттандырды. Сапекеңнің ізгілігі, ата-ана, отбасын қадірлей білетіндігі, міне, бұл да кейінгі ұрпаққа өнеге. Бүгін Сапекеңді құрмет тұтатын қаламдастарын, жастарды, көріп, қуанып отырмын, баршаңызға ризашылық білдіремін.
Қаламгердің 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын жеткізген Төраға орынбасары, белгілі ақын Бейбіт Сарыбай өз сөзінде жазушының қайраткерлігін атап айтты. «Көп жағдайда жазушы қауымын бір сөзбен қалам қайраткері деп атаймыз, бірақ бұл жалпы қалам ұстаған адамның бәріне келе бермейді-ау деп ойлаймын. Бұл атауға Сапабек Әсіп атамыз сияқты кісілер лайық болса керек. Өйткені бұл кісі шын мәнінде қаламын қайраткерлікке жұмсады, қаламмен күресе білді. Мысалы, қазір жер деп көшеге жүз иә мыңдаған адам шығуға болады, ол бөлек мәселе, ал бір ғана Сапабек ағамыздың қаламмен тұрақты түрде, жеріне жеткізе сауатты жазған мақалаларының салмағы мүлде бөлек, жаңағы жүз-мыңдардың көшеге шыққанынан жүгі ауыр дүние. Бұл кісінің аурасы ғажап еді, жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Бірақ ел мәселесіне келгенде қаламы өткір де қатал еді. Сол мақалаларының жиынтығы – «Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты кітап болып жарық көрді. Ол кісінің қаламы, қайраткерлігі, жалпы болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп тілейміз, халқымен бірге жасай берсін», – деді Б.Сарыбай.
Жиын тізгінін ұстаған жазушы-публицист Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев) жазушының өмір жолы мен шығармашылық ұстанымына кеңінен тоқталып өтті. Сапабек Әсіп Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Қабырға ауылында дүниеге келген, 12 жасынан шығырдың құлақшысы болып еңбекке араласқан. Совет-герман соғысына қатысқан. Алматыдағы партия мектебін бітірген. Аудандық, облыстық газеттерде қызмет еткен. Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы болған. Ұзақ жылдар Қазақ совет энциклопедиясында қызмет еткен.
– Жазушы-публицист өз шығармашылығына негізінен үш мәселені арқау етті, – деді өз сөзінде Марат Байділдаұлы. – Бірінші, талап еткені – жер мәселесі. Жердің сатылмауы, шетелдіктерге жалға берілмеуі қажет. Сондықтан ол «Жер кодесі» заңнамасының басты қағидаларын қалыптастыруға ұмтылды.
Екінші – шөл және шөлейт аймақтардың тұрғындарын (оларды қазақ резервация тұрғындары деп атайтын) құнарлы жерлерге көшіру, ол мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттен өтемақы төлету мәселесін көтерді.
Үшінші – қазақ жерінде кең тараған туберкулез дертіне назар аударту. Өйткені әлеуметтік ауру саналатын осы дертпен ауырған науқастар арасында қазақтар үлесі аса үлкен болды. Ол ең алдымен қазақ халқының тұрмыстық ауыр ахуалынан туындайды.
Сапабек Әсіп осы проблемаларға өз өмірінің елеулі бөлігін арнады. Жасы 75-ке келгенде біреулер мерейтой өткізіп, дүрілдетіп жатса, Сапакең «көтерген мәселелерімді жоғары жаққа өткізе алмадым, сондықтан мен бақытсыз жазушымын!» деп ашық жар салған, мемлекет тарапынан берілген «Құрмет» орденінен бас тартқан қаламгер.
Алматыға ауысқан тұсында «Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әлемі» деген филологиялық тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Басқа біреу болса зейнеткерлікке шыққан соң жоғары оқу орындарында дәріс беріп, шырт түкіріп жүрер еді. Ал Сапабек Әсіп өмір бойы шынайы қаламгер, соңғы демі таусылғанша жазушы-публицист болып өтті.
Сапабек аға 2000 жылдардың басында Жазушылар одағы жанынан құрылған «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы болды. Сол тұста жердің жекеменшікке өтуіне қарсылық танытып, азаматтық ұстанымын ашық байқатты.
Жазушының қаламынан туған «Қазақ қасіреті» (1994), 1998 жылы «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» (1998), «Танталовы муки степи» (2001), «Қауқарсыз қазақ мәселесі» және т.б. кітаптары ұлтқа жанашырлықтың жарқын көрінісі болды. Сол үшін де 1995 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Парламент Сенаты «Жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді», деген түзетулермен «Жер туралы» заң қабылдады. Бірақ бұл заңды Сапекең көре алмады, 1918 жылы 20 сәуірде дүниеден өткен еді.
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ