Өткен жылға өкпе жоқ
28.12.2024
207
0

Берекелі де, мерекелі жыл болды

Григориан есебі бойынша Ұлу жылын тарих сахнасынан кетті десе де болады. Ал мұсылман күнтізбесі бойынша Наурыздың 22 дейін тірлік кешуге құқығы бар. Жалпы, жинақтап айтқанда, 12 айдың қатарынан ойып тұрып өз орнын алған ұлу атты мақұлықтың да табиғатта да, өзі тектес тіршілік иелері арасында да өзіндік кепиеті, ерекшелігі бар. Ұлу жаратылысында салқын ауа райын, сулауыт дүниені сүйген. Жаз жаңбырлы, қыс қарлы болуын ұнатқан. Қыстың аязды күндері қасат қардың лебін сезініп, жазда сіркіреп жауған ақ жауынға жонын төсеп, суға малшынып жатуды жаны сүйген. Басқасын қайдам, биылғы жыл ұлудың сол тілегі орындалған жыл болды. Жаз – жауын-шашынды, күз – қоңыржай болды. Егін бітік өсті, шөп мол болды. Еліміз баянды да, бақытты күндерді бастан кешірді. Үлкен де, кіші де, ел жақсылары да баспасөз бетіне жазып, радио мен көгілдір экраннан көп айта беретін еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген қағида періштенің құлағына шалынып, толығымен жүзеге асқан тәрізді. «Ырыс алды- ынтымақ» деген қанатты қағида бар. Ұлу жылы еліміздің тұтастығына сызат түспеді. Елімізді мекен еткен жүзден астам ұлт бір жанұяның адамындай тірлік етті. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі өзгеше болса да тілеуі бір отандастар ел игілігінің өркендеп өсуіне өз үлестерін қосты. Ғылым мен білімнің, өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарыштап дамуына айтарлықтай үлес қосты. Еліміз спорт әлемінде де өзіндік табыстарға қол жеткізді. Өзгесін айтпағанның өзінде Астана қаласында өткен дүниежүзлік 5 көшпенділер ойыны әлем халқының назарын аударды. Бұл ойын өзінің құрылымы мен формасы жағынан «көшпенділер олимпиадасы» деп аталды. Еліміздің алдағы уақытта аңыз етіп айта жүрерліктей есте қалар, бақытты шақтарының бірі – осы болса керек.
Жыл бойы толып жатқан игі шаралар жүзеге асты. Көгілдір экраннан көрсетілген «Абай – елдің данасы, ақыл-ойдың айнасы» атты хабарлар өзінің көркемдік биігімен, айтар ойының тереңдігімен көрермендер жүрегіне жол тартты. Негізі халқымыздың рухани пайғамбары, хакім Абай төңергіндегі бағдармалар тартымды болғанын айта кеткен орынды деп білеміз. Сол секілді ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевке арналған бағдарламалар да жұрт көңілінен шықты. Заманымыздың тамаша жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев турасындағы дүниелер де елдің көзайым қуанышына айналды. Жазушының 100 жылдығының Парижде аталып өтуі ел мерейін асқақтата түсті.Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтерді десек артық айтқанымыз емес.
Ұлу жылы, шын мәнінде, есте қалғандай берекелі де, мерекелі жыл болды. Осы береке мен бірлік алдағы жылан жылында да жалғаса берсін демекпіз!

   Дәнеш Ахметұлы
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстанның
Құрметті жазушысы

Ойдағыдай өтті

Тегінде, қай жылдың да өз қуанышы мен қиындығы бар ғой. Өткен жылғы ахуалды еске алсақ, еліміздің сан-салалы өміріне әсер еткен қыруар ықпалдарды көреміз. Экология, сыртқы және ішкі саясат, экономика, білім және ғылым, әдебиет және өнерге, т.б. қатысты қаншама мәселелер қордаланғанын, олардың қандай кілтипандарға сабақтасып жатқанын, қандай сипатта шешім тауып, сарапталып келгенін және ендігі бағыт-бағдарын және байқаймыз. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» сонда көзіміз жететіні – әлемдегі және өз еліміздегі ұйтқыған өзгерістердің сан құбылған асау арнасында адамгершілік пен пендешіліктің, адалдық пен аярлықтың күнделікті тіршіліктен бастап, халықаралық өріске дейін мидай араласып кеткені. Қандай астыртын, қандай жымысқы қарекет пен әрекеттер болсын, мүлде білінбей, көптің назарына ілінбей кетуі мүмкін емес. Қыруар қиындықтардың жыл сайын қопарыла беруі ең алдымен сол қоғамда өмір сүріп, сол мәселелерді қолдан жасап отырған парасаты мен соған орай мақсаты әртүрлі үстемдерге де, өзімізге де байланысты. Ендеше, өткен жылды – ең алдымен, әрқайсымызды оң өзгерістерге бастаған, қайталанбас тарихи мүмкіндік деп қабылдайық. Сондай мүмкіндіктер көбейе берсін деп, алдағы күндерге үмітпен қарайық.
Әдебиетке қарата айтсақ, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәселесіне биік мінберден назар аударуын зор қанағаттанғандық сезіммен, қуана қабылдадым. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі мәдениет ошақтарын құртып, кітапханалар мен кітап дүкендерін жабу дегеніңіз, түптеп келгенде, халқымызды ана тілінен айырудың астыртын амалдары демеске, лаж жоқ. Оған мектептерде сынақты тест түрінде тапсыруды қосыңыз да, бақылаңыз. Сол сәтте өкініштің көзіне түсетіні: өз тілінде жарытып сөйлей алмайтын, бабалар мұраға қалдырған дәстүрден ажырап бара жатқан, интернеттің басыбайлы құлына айналып, есеңгіреуге бет алған, жасы бар, жасамысы бар бүгінгілер өз Отанынан да рухани алыстап барады. Әдебиетіміз отыз жылда кітап оқитын ұрпақтан айрылғанын мойындауымыз керек.
Рас, бұл мәселе өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында-ақ көтеріліп, тоқсаныншы жылдарда халықаралық деңгейде талқылаулар өзегіне айналғанын 1997 жылы Вена қаласында өткен ЮНЕСКО-ның мәжілісіне Ресей Жазушылар одағының ұсынуымен қатысқанымда, куә болғанмын. Кітап оқу мәселесі туралы пікір таласына да араласуымызға тура келіп еді. Сонда Ресейдің ғылыми басылымдары осы мәселе жайында мақалаға тапсырыс та берген… Арада жиырмашақты жыл өткеннен кейін ғана біз атқа қамшы басып жатырмыз. Бопты, ештен кеш жақсы. Дегенмен, халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрмысы түзелмейінше, қазақ әдебиетін оқитындардың қатары көбеюі оңай емес.
2024 жыл мен үшін ойдағыдай өтті деуге болар. Біраз жыл бітіре алмай жүрген бірен-саран шығармаларымды аяқтадым. «Уран кеніші» атты әңгімеме «Алтын қалам» байқауының бас жүлдесі проза аталымы бойынша берілді.
Келесі өзгеріс: құжат бойынша емес, нақты, шын жасым жетпіс бестен асып, бір жылға «есейдім». Метірке бойынша келесі жылғы наурыз. Бұған да шүкір.
Келе жатқан Жаңа жылмен ақ ниетті баршаны құттықтаймын! Мереке мен берекенің жылы болсын!

Бекен Ыбырайым

ЖАҚСЫЛЫҒЫМЕН КЕЛСІН

Өткен жыл шығармашылық тұрғыдан алғанда өте жемісті, әрі өте сәтті жыл болды. Өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стипендиясымен марапатталдым. Бұл қаржыға өзімнің туған жерімде (Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Игілік ауылы), өзім оқыған мектептің алдына бау отырғыздым. Қазірдің өзінде оны ауылдастарым «Маралтай бағы» деп атап жүргенге ұқсайды. Біздің мақсат – тамшыдай болса да туған жерге қызмет жасау болмақ.
Жазда Астана қаласында Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Байрағы биік байтағым» деп аталатын республикалық жыр мүшәйрасы болып, осы мүшәйрада «Оң қол» деген метапоэмам бас жүлдені иеленді. Бұл поэмада Алтын Орданың негізін қалаушы Ұлы даланың асыл перзенті Жошы ханның тағдыр-талайына өз танымым, өз нұсқам бойынша үнілуге мүмкіндік туды.
Биылғы жыл үшінші мәрте облыстық «Маралтай оқулары» іс-шарасы туған жерім Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында мәреге жетті. Он аудан және Тараз қаласы бойынша отызға тарта үміткерлер бақ сынап, жүлдегер атанды. Астана қаласынан арнайы келген ақын достарымыз Республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажан мен Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осынау айтулы жыр кешіне қазылық жасады.
Сол сияқты өткен жыл менің жаңа бір қырымнан ашылуыма мүмкіндік берді. Дүниеге өнер жанашыры Айнұр Көпбасарова ханымның қолдауымен «Хан Сұлтан. Алтын Орда» деген опера келді. Осы операның либреттосын жазу менің пешенеме бұйырды. Қалың жұртшылық осынау ұлттық опера туралы жылы пікірін әлі толастатқан жоқ. Алматы қаласындағы Мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» деп аталатын операның премьерасы үш күн бойы аншлагпен өтті. Желтоқсан айының 15-16 жұлдызында Ыстамбұлдың Ата Түрік атындағы екі жарым мыңдық опера залында екі күн қатарынан аншлагпен өткені көңілді және көншітеді-ақ!
Өткен жылдың еншісіне кіріп бара жатқан және бір айтулы қуаныш, ол Республикалық «Айбоз» әдеби сыйлығын поэзия жанры бойынша еншілеуім болар. Бұл сыйлық маған «Айкөркем» Поэма-Реквиемі және «Айкөркем» балладасы қостағаны (диптих) үшін нәсіп болды.
Сауырынан су төгілмес жорғадай,
Мұхиттарды шайқалтпайтын жануар.
Жер ғұмыры ұзақ болса болғаны,
Шер тарқатар күй де бізден табылар..! – деп, қазақтың ұлы ақыны Жұматай Жақыпбаев айтқандай ел аман, жұрт тыныш болса болғаны, біз сарқылмаймыз ғой!

МАРАЛТАЙ

«Қазақ әдебиеті» – қазақ үні

Газет – өткенің, бүгінің, ертеңің. Мектеп жасынан бастап, осы күнге дейін үзбей оқып келе жатқанымыз газет-журналдар екені даусыз. Рухани азығымыз да – осылар. Содан болар газет бала күннен осы күнге дейін оқыған көп кітабымыздың бір кішкене бөлшегі іспеттес асыл дүниедей көрінеді маған. Әсерлі әрі тәтті. Көз көрген ескі дос. Қарайсың, оқисың. Көңілге жаққандарын екшеп, бөлек папкаға саласың. Түбі бір керегіңе жарайтыны және бар.
Бүгінде өз архивімде көлемі 7 папка болатын керекті газеттер жиналыпты. Керек пе, керек. Қарап отырсам, тарихи пьесаларды жазарда қажетті деректерді осы газеттерде жарық көрген дүниелерден алыппын. Былайша айтқанда, құнды әрі сенімді архивім. Бүгінде газет-журналдардың кейбірінің көшке ілесе алмай қалуы – әрине, қасірет. Бұл – енді, өз алдына талдауы қиын ауыр сұрақ. Мен өзіме серік болып қалған бұрынғы 3-4 газеттен бас тартқан емеспін. Соның бірі, әрі таңдау­лысы – «Қазақ әдебиеті» газеті. Қашан да жүрген жерімде, әсіресе бірнеше театрды басқарғанда да осы – «Қазақ әдебиеті» газетін насихаттап, жазылып оқуды өнер адамдарына басты міндет етумен болдым. Әлі де сол. Олай дейтінім, өнер мен әдебиеттің жалғыз жанашыр да, жоқтаушысы да осы «Қазақ әдебиеті» екені де шындық.
Биылғы жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде екі мақалам жарық көрген екен. Олар өнердің ірі қайраткері, режиссер ағамыз Әзірбайжан Мәмбетов және актер Әнуар (Андрей) Молдабеков жайлы жазылған деректі еңбектер еді. Ең бастысы, осы мақалаларымды өнер саласындағы оқу орындарында білім алып жүрген студент жастар қызыға оқып, «болашақта, тағы да осындай деректі мақалаларды жазсаңыз» деп өтініш білдіріп жатқандары да – бір қуанарлық іс. 2001 жылы шыққан 3 томдық еңбегімнің арнайы оқулыққа енгені де бір қуаныш болды. Кітапқа басылған көптеген материалдарым – алдымен, осы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген дүниелер. Алғашқы жазбаларымның кітапқа айналуына себепкер болған да осы газет.
Қорыта айтқанда, 90 жыл өмір кешкен ежелгі «Қазақ әдебиетінің» өткен тарихи жолында тоқыраған жері жоқ. Бұл – шындық. Сәкен, Ілиястармен көш бастаған қазақтың бас газетінде қазақ елінің қаншама ғасырлар бойғы жылаған көз жасы мен өткен өмірі, тарихы жатыр. Бұл да – өткен өмірдің өз шежіресі. Осы жылдар аралығында әр жылдары аянбай еңбек еткен бас редакторлар мен басқа да қызметкерлердің өлшеусіз еңбегі – өз алдына үлкен әңгіме.
«Қазақ әдебиеті» – қазақ үні, қазақ жолы. Өткенің, бүгінің, ертеңің. Бар айтар тілегіміз де – келер жылымыздың болашағы мен ел қуанышы, ұлттың амандығы, ел тыныштығы.
Ел үні – газет сөзі жасай берсін, жасай берсін.

Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ
ҚР халық артисі,
режиссер-
драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір