Жұртым деп өткен ЖАҚЫПОВ
Өткен тарихымызға көз салсақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін білеміз. Әсіресе, 1937-1938 жылдардағы қаралы кезеңнің жарасы әліге дейін жазылған жоқ. Ал хат-хабары ізім-ғайым жоғалған, белгісіз тағдырлар қаншама?
Суретте оң жақтағы С.Жақыпов (1930 жылғы фото).
Облыс көлемінде де сол сұрапыл жылдарда жазықсыз атылған, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар аз емес, әсіресе жерлесіміз Серікқали Ғұбайдоллаұлы Жақыпов туралы алғашқы тың деректерді жазған белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев болатын. Ол өз естелігінде: «1968 жылы генерал Әбдіманап Тілеулиев (Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті (МҚК) төрағасының орынбасары) маған С.Жақыпов жөнінде кітап жазуды тапсырды. МҚК архивінен екі папка құжаттарды әкеліп берді. МҚК подполковнигі Н.И.Милованов менің жазған жазбаларымды тексеріп, өзі нөмірлеген блокнотқа ғана жазып және оны жұмыс аяғында тапсыруымды қатты қадағалады», – деп келтіреді. Сөйтіп, «Жазушы» баспасынан 1971 жылы «Соңғы ерлік» атты кітап 60 мың данамен жарыққа шығады.
1991 жылғы «Парасат» журналының №10 санында жазушы «Соңғы құрбан», 1992 жылы 13 қазан күнгі «Егемен Қазақстан» газетіне С.Жақыповтың туғанына 100 жыл толуына байланысты «Чекистің соңғы ерлігі» атты мақалалар, 1997 жылы 22 қазандағы «Егемен Қазақстан» газетіне «Нар тұлға» атты көлемді мақала жазды. Жазушы кітабына, мақалаларына арқау болып жүрген чекист Серікқали Жақыпов деген кім? Осыған аз-кем тоқталып, Қазақ ССР (1-том) қысқаша энциклопедиялық мәліметтеріне сүйенсек, мынаған саяды:
Серікқали Жақыпов (1892-1939 ж.ж.) Саратов облысының Александров-Гай станциясында туған. 1918 жылдан компартия мүшесі. Жоғары бастауыш училищені, педагогикалық курсты бітіріп, мұғалім болады. 1917 жылы Бөкей губерниясында революциялық қозғалысқа араласты. 1918 жылы қызыл гвардия отрядын басқарып, азамат соғысына қатысады. Осы жылы Бөкей Ордасында комсомол ұясын құрады. 1919 жылы губерния комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. 1919 жылдың маусым айында Мәскеуге жолдама алып, Ұлттар ісі жөніндегі Халық Комиссариаты жанындағы қазақ өкілі міндетін атқарады.
1921 жылы Бүкілодақтық Төтенше комиссия (ВЧК) қарамағында істеп, Саратов облысында Серовтың бандыларын жоюға атсалысады. 1923-1926 жылдары РКП (б) Гурьев уездік комитетінің ұйымдастырушы хатшылық қызметіне тағайындалады.
1926-1937 жылдары Қостанайда, Қарақалпақ автономиялы облысында және Қазақстанда Ішкі істер Халық Комиссариатында жауапты қызметтерде болады. Көп уақытын Казталовка уезінде өткізеді.
С.Жақыповтың туған жері, өлген жылы туралы деректер әр түрлі. Қалмұқан Исабаев Серікқалиды 1938 жылы 9 ақпанда камерада көкірек дертінің асқынуынан қайтыс болды деген дерек айтса, жоғарыдағы энциклопедияда 1939 жылы қайтыс болды деп берілген.
С.Жақыповтың шығу тегіне келсек, оның әкесі Ғұбайдолла – Нарын өңіріндегі белгілі, ауқатты Жақыптың баласы. Елмембетұлы Жақып жетінші округтің старшыны болған. Руы – Беріш, Беріштің Байгөл Құлкеші. Жақыптан Құлыбай, Ғұбайдолла, Әбдірахман туған. Жақыптың бейіті Исатай ауданына қарасты Қызылүй ауылының маңында, Серікқалидың анасы Злияның (руы Тыныс) бейіті Хамит Ерғалиев (бұрынғы Новобогат) селосындағы қауымда. Серікқали сол кезеңдегі ата-баба салты бойынша атасы Жақыптың тәрбиесінде болады. Жақыптың жаз жайлауы – Қарасор, Көкшоқы деген жерлер. Ал қыста Бөкей губерниясына ішкерілей еніп қоныстанған. Атасы Жақыптың тәрбиесінде болған Серікқали Астрахань қаласына оқуға барып, кейін оны тастап кетеді. Серікқалидың туған жері туралы да әртүрлі пікірлер бар. Атырау топырағында туып, өскен филология ғылымдарының докторы Елеукен Хамидоллаұлы Ғабдіров пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Ғабдуллиндердің де пікірінше, ол Атырау топырағында дүниеге келген. Жергілікті тұрғындар, мысалы, Хамит Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы мектептің тарихшы мұғалімі марқұм Исақұлов Ғабит өз естелігінде былай деген еді: «1971 жылы ауылға мұғалім болып келген кезімде соғыс және еңбек ардагері марқұм Айтбаев Жұмағали ағамыз: «Бала, сен осы тарихшысың ғой, чекист С.Жақыпов дегенді естуің бар ма? Ол – осы елдің азаматы», – деп айтқанын еске алады.
Жақыптың Ыдырыс атты інісі болған. Жақыптың Ғұбайдолласынан Серікқали, Құлыбайынан Нығмет, ал Әбдірахманнан Мүгіл, Қаламқас, Қымбат, Қазыбек туған. Әбдірахман Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Марқұм Қаламқас апай Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында тұрды. Апай төлқұжатында Әбдірахманова Қаламқас Жақыпқызы болып жазылған.
Сонау 1992 жылы Қаламқас апайдың баласы марқұм Құлғалиев Нұролла (кеңшар директоры болды) ағамыз іс-сапармен Алматы қаласында болған кезде жазушы Қалмұқан Исабаевпен кездесіп, сөйлеседі. Жазушы Серікқалидың жиені Нұроллаға 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталовка селосында С.Жақыповқа арнап ескерткіш ашылатынын айтады. Марқұм Нұролла ағамыз бұл қуанышты жағдайды анасы Қаламқас апайға айтып келеді. Қаламқас апай көзіне жас алып:
– Ағамыздың елге сіңірген қызметі ұмытылмаған екен ғой, – деп ескерткіштің ашылуына баруға жиналады. Бірақ ері Қуан қартқа уақыт болып, бара алмайды. Кейін, 1993 жылы 6 қазанда Казталовка ауданы Әжібай селосынан хат келеді. Хат жазушы – жоғарыда аталған Жақыптың інісі Ыдырыстан тараған ұрпақ Нұғыманов Ғалимат еді. Ол хатында ескерткіштің ашылу құрметіне арнайы келген Қ.Исабаев оған: «Атырауда жиенің бар, сонымен таныс», – деген екен. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің арнайы шақыру қағаздарын және С.Жақыповтың үлкейтілген портретін қоса жіберген.
Серікқалидың туған жері туралы деректерге келсек, Қаламқас апайдың айтуынша, марқұм Айтбаев Жұмағали қарт оны: «Жанбайда туған. Сол кездегі саясат бойынша, кедейдің баласы деп көрсетіліп жүр», – дейді. Александров-Гай станциясы сол кездегі территориялық шекара бойынша Бөкей губерниясына жақын орналасқан еді. Қазақ ауылдарының жаз жайлауы сол территорияда орналасқанын тарихи деректер де дәлелдейді.
Суретте солдан оңға қарай отырғандар: Қалмұқан Исабаев, Нұғыман Қыдыркешев, жұбайы. Түрегеп тұрғандар: Ғалимат Нұғыманов, ақын Бүркіт Ысқақов, Сағит Садықов (аудандық мәдениет бөлімінің басшысы), Темірболат Нұғыманов, жұбайы Бақытханым. 1975 жыл. сәуір.
Бабаларымыздың салты бойынша, көшіп-қонып жүрген кезде Серікқали қазіргі Александров-Гай станциясында дүниеге келуі де мүмкін.
Қалмұқан Исабаев: «С.Жақыпов өмірбаянында туған жерім деп Атырау өңірін көрсетпейді», – дейді. Біздің пікірімізше, жоғарыда аталған ағаларымыздың және Серікқалидың немере қарындасы Қаламқастың деректері дұрысқа келеді деп білеміз. Серікқалидың туған жері туралы деректі жасыруын атыраулық шежіре қарт, журналист, жазушы Берік Қорқытов әкесі Ыбыраштан естіген естелігінде: «Қазан төңкерісіне дейін Ганюшкинода қазақ балаларын патша мекемелеріне болашақ шенеунік дайындайтын қысқа мерзімді оқу орны болған. Мектепке он екі жас шамасындағы балалар қабылданады. Үкімет тарапынан тамақ, киім, жатар орын қарастырылған. Дегенмен де, оқу орнында ұрлық, талан-тараж өріс алған. Осыған наразы болған шәкірттер ереуілге шығып, аулада тамақ пісіріп жүрген семіз аспазды қоршап алып, айбат көрсетіп, қарсы шығады. Аспаз ожаулап ыстық су шашып, балаларды маңына жолатпайды. Кенеттен балалар арасынан атылып шыққан біреуі зымырап келіп, балалар есебінен тойынған қарнынан сүзіп берсін. Аспаз қайнап тұрған қазанға шалқасынан құлайды. Мұны көрген балалар тым-тырақай жан-жаққа тұра қашады. Ал «тентек» бала сол бетінен Эльтон тұз өндірісінен бір-ақ шығады. Міне, осы сүзеген бала – Серікқали екен. Артынан, әсіресе, Қазан төңкерісінен кейін дұшпандары оның кісі өлтіріп кеткенін талай жерде бетіне де басады… Оның Гурьев облысы жерінде туғанын жасыру себебі осыдан болса керек», – деп тұжырымдайды.
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауылының тұрғыны Темірболат Нұғымановтың (1946 ж.т.) 2013 жылдың 10 қыркүйегінде маған жазған хатынан үзінді келтіре кетсек, ол кісі былай дейді:
«Сіздің 15 тамыз 2013 жылы «Орал өңірі» газетінде «Чекист Серікқали Жақыпов жөнінде не білеміз?» мақалаңызды оқып, таңданып, қуанып қалдық. С.Жақыпов жөнінде әкеміз Ыдырыс немересі, Қыдыркешұлы Нұғыманнан естіп білетінбіз. Әкеміз Нұғыман 1905 жылы туған. Отан соғысының ардагері, соғыста 6 рет жарақат алып, екінші топтағы мүгедектікке ие болды. Өмірі «Большевик» колхозында ұста болып қызмет жасады. 1991 жылы 8 мамыр күні, 86 жасында дүниеден өтті.
«Соңғы ерлік» кітабын (1971-72 ж.) біздің үйдегі жеңгеңіз Бақытханым оқып отырса, әкеміз кітаптағы суретті көріп: «Балам, мына суреттегі Серікқали емес пе?» – деп сұрайды. «Ата, бұл – Серікқали Жақыпов деген кісі», – деп жауап береді Бақытханым. Содан әкем: «Балам-ау, бұл кісі менің ағам ғой, кезінде Новоузенск уезінде бастық болғанда қасында делбеші болып жүргенмін, – деп әңгімесін бастайды»… Одан әрі хат авторы: «Атамыз Серікқали жөнінде әкеміздің айтқандарынан білгенімді айтайын. Әкем бала кезінде Серікқали жаз айларында гимназия киімімен келіп жүргенін көрген. Серікқали Жақыпов 1917-1918 жылдары Орда жағында Совет өкіметін орнатуға белсене араласып, түрлі қызмет жасаған көрінеді. Одан кейін Казталовкада болған. Новоузенск ауданында ВЧК-ның бастығы болғанда әкем Серікқалидың қасында жүріпті әрі делбеші болдым дейді.
…Серікқали атамыз Жамал деген жеңгесіне үйленген көрінеді. Жұмыс бабымен шешемізді біраз жерлерге дейін алып жүріпті. Соңғы Алматыға жұмыс ауыстырғанда Жамал шешеміз атамызға рұқсатын беріп, әрі қарай ілеспей Қызылордада тұрып қалған. Содан, естуімізше, Серікқали атамыз Алматыда үйленген сияқты. Ғалимат ағамыз бір жылдары Қызылордаға барғанда Жамал шешемізге соғыпты, қолында Жаннат деген қызы болыпты. 1975 жылы Ұлы Отан соғысының 30 жылдық Жеңіс күніне орай жазушы Қалмұқан Исабаев, қасында ақын бар (Бүркіт пе, ұмытып қалыппын (Бүркіт Ысқақов болуы мүмкін – А.А.), екеуі ауданға келді. Біздің совхозда лекция оқығанда Серікқали атамыз жөнінде айтылды. Содан ол кісіні үйге қонаққа шақырып, әкеммен кездестірдім. Әкеммен біраз әңгіме соқты, сол әңгімеге араласа алмағанымызға қазір өкінеміз. Сол кезде түскен суретті Сізге осы хатпен салып отырмын», – деп жазған болатын хатында Тәкең ақсақал.
Архив деректеріне сүйенсек, 1923 жылдың, 1 сәуір күні өлке баспасөзі тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Гурьев уездік комитетінің қазақ бөлімі және Гурьев атқару комитетінің «Ерік» (қазіргі «Атырау») газеті жарық көрді. Газетке сол тұста уездік комитеттің хатшысы С.Жақыпов редактор ретінде қол қойған. 1924 жылы 8 желтоқсанда өткен Гурьев уездік партия комитетінің мәжілісінде С.Жақыповтың Орал қаласына жұмыс ауыстыруына байланысты, редакторлық жұмыс Р.Сұлтанғалиевке жүктеледі.
Серікқали Ғұбайдоллаұлы 1923-1926 жылдары өлкемізде бейбіт халыққа лаң салған Серов, Киселев, генерал Толстов бандыларына қарсы ЧОН (Төтенше жағдайдағы отряд) отрядтарын құрып, бандыларды талқандауға күш салған. Ағарту саласында да қызметтер атқарып, қолы тиген кезде ағартушылық қызметпен де айналысқан. С.Жақыповтың 1924 жылы Гурьев қаласын Чапаев атауына өзгерту туралы мәжіліске қатысқаны туралы хаттама облыстық архив қорында сақталған.
Сонымен, С.Жақыпов соңғы ерлігін 1937 жылы қыркүйек айының басында Сәкен Сейфуллинді тұтқындау туралы бұйрықты алған кезде жасаған. Бұйрықты жыртып тастап, сол күннен бастап өзі де жұмысқа шығуды қойған екен. Адал жанды, ыстық жүректі Қазақ ССР НКВД төрағасының орынбасары С.Жақыповты 1937 жылы 24 қыркүйек күні С.Сейфуллинмен бірге тұтқындайды. Ол 1938 жылы 9 ақпанда 46 жасында түрмеде бақилық дүниеге аттанады.
Әрине, мәселенің анық-қанығына жету үшін уақыт керек. Сақталып қалуы мүмкін болған азды-көпті деректердің өзін тірнектеп жинап, жүрек жұтқан чекистің қысқа да болса жалындаған жарқын өмірі туралы шындықты болашақ ұрпаққа жеткізу – парызымыз.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
тарих ғылымдарының докторы