ҚАРАСАЗДА ӨТКЕН ЖЫР КЕШІ
18.09.2023
374
0

Жуырда, Алматы облысының мұражайлар бірлестігінің ұйымдастыруымен Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражай үйінде ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ержан Тоқтарұлының «Поэзия патшалығында» атты циклды әдеби кездесу кеші болып өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың артынан ерген бүгінгі ізбасарлары, Тәңіртау етегінен түлеп ұшқан дарынды қаламгерлердің есімін оқырман қауымға кеңінен таныстыру, шығармаларын насихаттау, кейінгі жас буынның алдыңғы буын ақын-жазушылардың өнегелі өмірі мен шығармашылықтағы ізденістерінен үлгі алып, болашағына бағдар жасауына мүмкіндік туғызу еді.
М.Мақатаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң, ақын атын­да­ғы әдеби-мемориалды мұражайда оқу­шылар жас ақын Ержан Тоқ­тар­ұлының өлеңдерін жатқа оқып, кел­ген қонақтарды мұражай үйіндегі жәдіге­р­лермен таныстырды. Ержан Тоқ­тарұлының өмірінен сыр шертетін фотосурет көрмесі көпшілікке ұсыны­лып, фотосурет шежіресін автор өзі таныстырды.
Ержан Тоқтарұлы Салтақ 22 маусым 1986 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге кел­ген. 2003 жылы осы ауылдағы «Албан Асан Бәрменбекұлы атындағы мектеп-гимназиясын» бітірген соң, өнерге ғашық өрен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, 2007 жылы кинотеледраматургия мамандығын алып шыққан.
Ақын Ержан «Мұқағали-мұңды өлең» атты өз өлеңін оқып, кеш шы­мыл­дығын ашты:
Саржайлаудың шырқап есіп самалы,
Сағыныштан кезіп қырқа, даланы,
Өзіңді аңсап аспан асты,жер үсті,
Мұңданудан жасығандай жанары,
Қара өлең жүр жерге тимей табаны.
Жағалаудың болғанымен ажары,
Тарқағандай бозқараған базары.
Іркес-тіркес ағынымен алысып,
Толқынымен толқып ұрып жағаны,
Қарасу да іздеп сені ағады.
Жүректердің мұңмен емдеп жарасын,
Ғасырлардан ойып орын аласың.
Аспантаулар шыңдарынан
жаңғы­рып,
Жер мен көктің желпіндіріп арасын.
Мұқағали мұңды өлең боп қаласың…
Әдеби кеште Ержан Тоқтарұлын Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі Мұрат Тоқашбаев құттықтап, Алматы облысы әкімінің алғыс хатын табыс етті. Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Қанат Әбілқайыр ақынды шығармашылық кешімен құттықтап, басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің Алғыс хатын және Одаққа мүшелік куәлігін салтанатты түрде табыстады.

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір