«Дауылды жылдардың жалынды жыршысы»
Биыл отарлау саясатына қарсы азаттық қозғалысының жарқын өкілі, қазақ халқының біртуар тұлғасы, ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр.
Махамбет Өтемісұлы – өзінің қайраткерлігімен бірге отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға, рухын көтеруге арнаған ақын. Осыған орай, «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты Отбасылық оқу кітапханасының ұйымдастыруымен Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейінде «Дауылды жылдардың жалынды жыршысы» атты тарихи кеш өтті. Кешке Наурызбай ауданы әкімдігі мен білім бөлімінің қызметкерлері, қаламгерлер, күйшілер, сонымен қатар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында оқушылар сахналық көрініс қойып, Махамбеттің өлеңдері мен батырға арналған арнауларын оқыды. Кешке келген қонақтар да ой-пікірлерін айтып, Махамбет Өтемісұлының ұлттық тұлға екенін, оның батырлығын, ақындығын, күйшілігін, азаттық жолындағы күрескерлігін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру басты міндет екенін сөздеріне тиек етіп, зерттеулерімен бөлісті. Ақын Бақыт Беделхан өзінің «Махамбет» поэтикалық драмасындағы негізгі идеясын талдап, батыр жайында жазған өлеңін оқыды.
Кеш соңын кітапхана меңгерушісі Исабаева Ләззат Нұрғалиқызы қорытындылап, білім мекемесінің ұжымы мен өнер көрсеткен оқушыларды Алматы кітапханаларының директоры Мейрам Еркенұлы Бектембаевтың алғыс хатымен марапаттады.
Гүлжайна ӨСКЕНБАЙ