Көңілде көп жылдардың келбеті бар
26.11.2024
43
0

Екі күннің бірінде болмаса да, апта сайын дерлік хабарласып, хал сұрасып, жағдай мен жаңалықты білісіп тұратын үйреншікті тіршілігіміз сол қалпынан айнымастай, өзгерместей күйде алаңсыз күн кешіп жүргенбіз… Өміріңнің бір бөлшегіне айналған жақын досыңнан кенет айырылғанда, оқыстан соққы тигендей, айналаң әп-сәт­те қарауытып, абдырап қаласың. Күні кеше ғана сияқты сезілетін думанды, сәулелі сәт­тер әп-сәт­те буалдыр тартып, тұманды елестерге ұласа берген сайын қайда барарыңды білмей, қараңғының қамауында қалғандай, қарманып шаршаған шарасызға айналасың. Көз алдыңда көлеңдеген қимас елестердің бірі-біріне ұласып, қайта бөлініп, ұзап бара жатқанда, қайсысына ілесеріңді, қайсысын шақырарыңды білмейсің…
Анау жылдары басқалар сияқты біз де таңғалғанбыз, әрі… бұрын-соңды өзін көрмеген, атын естімеген Жұмабай Шаштайұлы деген жас прозашының Республикалық жабық әдеби байқауда жүлде алған «Қызыл қар» ат­ты повесі сол кез­дегі Республиканың ең жоғарғы мінберінде сыналғанының жанымызға батқаны әл-әзір есімізден шыққан жоқ. Сондағы оның бар жазығы – тап мына қалпында анық айшықталмаған, шопандар өмірінің таусылмас бейнетін таныта отырып, адам мен қоғам өмірінің бір қарағанда, қарапайым, ал түптеп келгенде, зардабы әралуан, күрделі сабақтастығы арқылы айқындалатын әлеумет­тік құбылыстарды, қалтқысыз шындықты күлбілтесіз, ашық, айқын жазғаны. Қарапайым, бәлкім, қарабайыр ұласа беретін күйбең тіршіліктің жалықтыратын жүдеу ағысының бағытынан да, астарынан да сезімтал жастың өзі ғана білетін тылсымдарды аңдауы әділдік іздеген жүректің дүрсілдеуіне, соның ақыры іштей қарсылықты оятуына серпін бергендей. Баршаның көз алдынан өтіп жатқан өмірге зе­йін қойып, заман мен адамның қарым-қатынасын, адамның әр күнінің қадірін басқалар менсіне қоймайтын қарапайым малшының бірауық «бастан-кешкені» арқылы таразылауға бастағанын бүгінде бейтарап тұрғыдан көруге мүмкіндік мол.
«Соған бола сынай ма екен? Кемшіліксіз шығарма жоқ екенін білмейтіндер әлі бар ма?» Жауап берілмейтін сұрақтарымыз күмілжіп барып тұншығып қалған еді…
«Бұл қандай жас жазушы болды екен, өзі?» деген таңсық сұрағымызға «обал -сауап қайда? Шындықты айтуға неге болмайды?» – деп, лүпілдеген сөзіміз қабат­тасып, қалмай жүре бергені жадымызда. Көзге қамшы тигендей күй кешкен жас жазушы содан ке­йін біраз уақыт белсеніп, көрінбей қалды. Баспалардағы лауазымды қызметкерлердің көкіректен итерген салқын қабағы, жақтырмай, сызданған сөзі – жазықсыз сынның жалғасы, иілгіш, икемделгіш итаршылықтың талайды талықсытқан кезекті құқайы болатын. Нәуетек болса, жүнжіп кетеді-ау деген қауіп-күдік те сонау күндерде бір сәт қылаң берген.
Әйтсе де жас жазушы жүректі жаншыған салмақты, балғын тілекті түткен талқыны, жан азабын жалғанға жариялауға жаныққан жоқ. Шырылдаған шағымды тыңдауға құлық табылғанымен, уыт­ты қайтаратын құзырлы құдірет көрінбеген кез­дердегі наланың салмағын, назаның күйдірген уытын өлшеуге келмес, мөлшерлеп қана іштен тынған шығар. Заманның қысымы буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған жас өркен үшін алынбас тас қамалдан бетер еді. Бірде булығып, бірде буырқанып, іштей қиналса да, ашынса да, өмірге, өнерге құштар жас жігер құлазып, құлап қалған жоқ, төзімі тозып, торыққан жоқ. Ерте ме, кеш пе, ақыртүбі шындықтың шыңыраудан шығатынын есейген сайын тебірене ұғынып, көңілінің тереңіне орнықтыра берді.
Қамықса да қайтпай, қажыса да қайсарланып, шарқ ұрып ізденген жылдар жылжып өткен сайын алған бағытының дұрыстығына көзі жете түсті. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақ­стан» газет­терінде, «Жалын» журналдарында байсалды, сергек мақалаларын, өзі жете білетін, көкірегінің терең түкпірінде орныққан, ұмытылмас болмыс шежіресін суыртпақтаған «Шал мен жылқы», «Жала мен нала», «Аспанқора», «Құралайдың салқыны» сияқты әңгіме-повестерін, «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» (өңделген, жаңа басылымы «Замана илеуі» деген атпен жақында жарық көрді) романдарын жариялап, қазіргі қазақ прозасының көркемдік әлемін байытуға сүбелі үлес қосты…
Бұрындары оқта-текте кез­дейсоқ жүздесіп, жылыұшырап амандасқанымызбен, жақынырақ араласудың да, сөйлесудің де ыңғайы келе бермеген. Жұмабай Шаштайұлы «Заман-Қазақ­стан» газетіне редактор болып келгеннен бастап, жиі хабарласа бастадық. Жаңа газетке әртүрлі мазмұндағы мақалалар керек десек те, әдебиет пен өнерге айрықша көңіл бөлінді. Осы газет­те бас редактор ретінде уақыт талабына сай, қоғамның, мемлекет­тің өміріндегі сан алуан мәселелерге көптің назарын аударуға, журналистиканың алуан жанрларының мүмкіндіктерін пайдалануға бар күшін салды. Шетел басылымдарының тәжірибесіне де үнемі назар аударып, қазақ баспасөзінің деңге­йін биіктетуге, беделін арт­тыруға деген ынта-ықыласы авторлар ұжымының ұлғаюына зор әсер еткені анық. Ол кез­де басқа басылымдардың батылы барып немесе өресі жетіп баса бермейтін мақалалар да жарық көріп, айтыс-тартыстар тұтанып жатқанына да куә болғанбыз. Талмай іздену мен табанды еңбектің арқасында «Заман-Қазақ­стан» өз кезінде еліміздің рухани өмірінде өз орны, өз өрнегі бар, белгілі, білікті, беделді басылымдардың біріне айналды. Жас қаламгерлердің қалам ұштауына, жарқырап көрінуіне мол мүмкіндік берді. Сол тұста жиырмалардың ішіндегі жас журналистердің ішінен суырылып шыққан Дидар Амантай мен Талғат Ешенұлының ойлы, өзекті мақалаларын оқып, қуанатынбыз, сүйсінетінбіз. «Жумик, осы балалардан түбі бірдеңе шығады», – дейтінмін. «Менің де ойым солай, талант­ты жігіт­тер», – деп, ол да қоштайды. Сол тоқсаныншы жылдардағы жастар сенімімізді ақтады.
Ке­йін «Парасат» журналында, Қазақ радиосында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әр жылдары қалам ұштаған, қарымымен қуантқан, бүгінгі күндері әдебиетіміздің белгілі, дарынды өкілдері Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Алмас Нүсіп, Арман Әлмембет, Әлібек Байбол, Бағашар Тұрсынбайдың шығармашылығы оқырман қауымға жақсы таныс. Жұмабайдың редакторлық кеңесіне кенелген Назым Дүтбай, Айгүл Сәмет, Қарагөз Сімәділ, Маржан Әбіштің күн тәртібіндегі көкейтесті, алуан мәселелерге арналған мақалалары әлі күнге оқырмандардың есінде. Жас қаламгерлерге тиісті тапсырмалар берумен бірге көркем сөз айдынында өз бағытын айқындауға, әрқайсысының өзіндік табиғи қабілетінің көрінуіне күш салатын Жұмабайдың тәжірибесі молырақ аға буын өкілі, редактор ретінде биік талап қоя білуі, барынша қамқорлық көрсетуге ұмтылуы өз нәтижесін бергені хақ. Сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа шығармаларын жариялауда да ақыл-кеңесін аяған емес.
Жұмабай Шаштайұлының көп жылдар бойы көрген, көзім әбден жеткен тағы бір атап айтарлық айрықша қасиеті – барлай жүріп, бауырға тартқан осындай жастардың қарым-қабілетін бірден байқаумен бірге сырласып, баурай алатыны. Өз ойының орбитасынан бірден лып етіп шығуға үйренбеген, тереңін тексермей жатып шаба жөнелмейтін ғылыми орта сияқты емес, қашан да ұшқыр, үнемі сергек, жігері жарқылдаған журналистердің қазанында қайнап өскен қаламгердің жатсынбай, сырласындай үйіріп әкете білуі…Үлкен болсын, кіші болсын, зауқы соқса, кім-кіммен де тіл табысып, әдемі жымиып, жатсынбай шүйіркелесіп кететіні, жанға жағымды, желпіп сергітіп өтетін, таусылмайтын әзілі кім-кімге де жылы ұшырайтыны бар. Бұл рет­те авторлық ауызша әдебиет­тің алыптары Сүйінбай, Жамбылдың ауылында өскендіктен болуы да мүмкін, бойға шым-шымдап сіңіп, түпкілікті орнығып қалған құнар ма, үнемі көзінде бір ойнақы сәуле білінер-білінбес жылт етіп, сөзіндегі ерке нұрға айналатын сәт­тердің жиі қайталанатынын байқамау мүмкін емес. Жәкеңнің әзілдерін жатқа білетін, ығыты келгенде айтып жіберіп, бір серпілтіп тастайтын. Қатарымыз бас қоса қалғанда, мұрты қозғалып, көңіліндегі шуақтың көзінде нұры ойнайтын да, «Беке, осы қалай өзі?..» – деп, кезекті бір «кілтипан» әзілді оятып жіберуден жалықпайтын. Уақыт өте келе, оның осындай «дағдысына» бойым үйреніп, мен де құр қалмауға тырысып, кейде ойламаған жерден бастап кетуді үйреніп алдым. Жұмабайдың аруағы разы болсын, бірін еске ала кете­йін…
«Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орындығына қонжиғанына бірнеше жыл өткен. Жазушылар одағы ғимаратының жанынан өтіп бара жатқан соң, хатшы қыздың шыр-пырына қарамай, кабинетіне рұқсатсыз кіріп кет­тім де:
– Сен, тегі, адамды аямайды екенсің! – дедім, жорта қабағымды шытып.
– Неге?! – орнынан атып тұрған редактор Жұмабай аң-таң…
– Сенің кесіріңнен арманда өтетін түрім бар… – сыр бермеуге тырысып, тұнжырай түсемін.
– Неге?! – қозғалақтап, біртүрлі ыңғайсызданғандай, тұрған бойы оң қолындағы қаламын бір жоғары, бір төмен түсіреді.
– Көкті тіреп тұрғандай, шіреніп отырғаныңды бір көре алмай-ақ қойдым. Соны бір көру арман болып жүр…
«Серьезный» бас редактор сақ-сақ күліп, теңселіп, қозғалақтап кетеді:
– Беке, мен – кішкентай адаммын. Өзің айтшы енді, қараптан қарап, қалай шіренем?
– Кішкентай екеніңді көріп тұрмын. Дегенмен көкірек өзіңдікі емес пе, тым құрыса, бір сағат көтеріп отырған қиын ба? «О-о!» деп көңіліміз өсіп қалар еді…
Тағы да сақ-сақ күлкі. Арғы жағында кіршік қалдырмайтын, ақтарылған күлкі:
– Мен «заошно» оқығам ғой. Кәйтем енді…
– Бәсе, бәсе, «заошно» бітіргенің көрініп тұр… Профессор келгенде, «ассалаумағалейкүм» деп, ұшып тұрасың. Дегенмен шапыраштылығың бар емес пе?! Бізді риза ғып, нығыздалып отырсаңшы…
Автоматпен атқылағандай, тағы да сақ-сақ күлкі…
Жұмабайдың қолына қалам ұстап, қозғалақтап, басын сәл сілкігендей, сәл шалқайып, қайта алға ұмсынып сөйлейтін сәтін талант­ты жас жазушымыз Қанат Тілеухан айнытпай келтіре алатынына шүкіршілік етеміз… Сол күлкі, сол қысыр қалжың күндердің күнінде шорт үзіледі деп кім ойлаған. Күнібұрын білсек, бәрін есте сақтап жүруге, жазып қоюға тырысар ма едік. Түбі бір өлімнің бар екенін білсек те, айтпай, аңдаусызда алып ұратыны жаман. Қайтейік, жазмыштан озмыш бар ма?..
Бүкпесі, бүгежегі жоқ, әлгіндей кенет ақтарылған, тура атқылаған сақ-сақ күлкінің туабіт­ті табиғилығымен қатар, жан жомарт­тығынан да бастау алатынын кім-кім де бірден түйсінсе керек. Кішігірім қызметін малданып, бәлсініп шікіреймейтін, тымырайып тікіреймейтін шенеунікшалыс, жасы да, жасамысы да бар, кейбір қаламгерлердің соншалық арзан пендешілігін көргенде, кішіпейілдігімен көркем, адалдығымен ажарлы Жұмабайды еріксіз еске аласың. Аңқылдаған ақпейілдің әлсін-әлсін қайталап келіп, салмақ салған өтінішін жерге тастай алмай, тапсырысын орындауға құлшынасың. Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» ат­ты поэмасы туралы мақаламды таңғы сағат төртке таман тамамдап, сосын, мәшіңкеге басып болғанымда, редакцияның көлігі келіп алып кетіп еді…
Әлбет­те, біздің әңгімеміз, негізінен, әдебиет­тің, әдебиет туралы сөздің айналасында өрістейтін. Әңгіменің ақыры сол мәселе туралы мақалалар ұйымдастыру, тапсырыс беру қажет­тігіне тоқтайтын. Сондайда телефондағы әңгімелерімізді жазып тұратын құралдың бола қоймағаны өкінішті-ақ.
Белгілі бір кезеңдерде басым көрініп, көркемдік өрісіне көбірек әсер еткен эстетикалық талғамның уақыт пен қоғамға байланысты сипат­тары, содан тамыр алатын шығарма ерекшеліктері, әр дәуір, әр ортадағы қаламгерлердің бейімі мен парасаты, әдебиетке қосқан үлесі, қалың оқырманның, нағыз әдебиет­шілердің бағалауы мен мемлекет атын жамылған шенділердің «қамқорлық» сипатына де­йін екеуара талқылағанда, Жұмабайдың танымы мен талғампаздығына риза болушы едім. Ойда-жоқта сол әңгімелер сап тыйылды, кенет үзілді. Жазмышқа не шара?
Атың Алты алашқа мәлім, Жұмабай Шаштайұлы, сенің аяулы бейнең қашан да жүрегіміздің төрінде! Адам тағдырын, табиғатын қапысыз зерт­теген, қоғамның қияпатын тану мен танытуға арнаған айтулы шығармаларың қазақ әдебиетінің қазынасына қосылғанына шүкіршілік етеміз . Келешек ұрпақ сол туындыларың арқылы сенімен сырласа береді. Жаның жаннат­та болсын, бауырым!

Бекен Ыбырайым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір