Сексенінші жылдардың жылы жылнамасы
20.03.2024
898
0

Әу баста «қайта оралсам» деген ниетім жоқ еді. Маған хат жазып, бірнеше мәрте шақырғандар – бірге оқыған курстасым Нұржан Мұраталиев пен абитуриент кездегі танысым Әуез Бейсебаев еді. Олардың сөздерінің түйін: «студент кезіңде баспасөз бет­терінде көрініп қалған адамсың. Саған әдеби орта керек. Қалайда Алматыға кел» дегенге саятын.

Ақыры келдім ауылдан. Бірақ түрлі себеппен лайықты қызметке іліге алмадым. Бір күні Жазушылар одағының ғимаратына бас сұқсам, Нұржан бір ақ жейделі, ақсары жігітпен сөйлесіп тұр екен. Менің жұмыс таба алмай жүргенімді естіген әлгі жігіт менен:
– Сен сын мақала жазасың ба? – деп сұрады.
Мен ондай жанрға қалам тартып көрмегенімді мойындап, басымды шайқадым.
Әлгі жігіт жоғарғы қабатқа жүгіріп кет­ті де, лезде қайта оралды. Қолында – бір жұқалау кітап. Бар айтқаны:
– Осыған пікір жазып әкелші.
Артынан білсем, бұл жігіт «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Бекен Ыбырайымов екен. Газет бетінде құлаш-құлаш мақалалары шығып жүрген танымал сыншы. Бірер нөмірден соң жазған пікірімнің жартысына жуығы жарық көріпті. Содан ке­йін-ақ маған Бекен жаңа шығармалар туралы жазуға тапсырыс беріп отырды. Әйтеуір ұсынғандарым бос кетпейді. Кейде сәл қысқарып, кейде тақырыбы өзгеріп, жарық көріп жат­ты.
Бір күні келсем, Бекен ұрсыңқырап:
– Сен қайда жоғалып кет­тің? – деді қатқыл үнмен. – Бас редактор сені тауып әкел деп болмай жатыр. Келе қалғаның жақсы болды.
Бас редактор Сайын Мұратбековке алып кірген – сын бөлімінің меңгерушісі Асқар Егеубаев пен Бекен Ыбырайымов. Мені сырт­тай ғана білетін Сәкең дереу қызметке шақырды. Сөйтсем, газет көлемі жаңа жылдан ке­йін үлкейгелі жатыр екен.
Алғашында Бекенмен қатар сын бөлімінде істеп жүрдім де, ке­йін жаңа бас редактор – Шерхан Мұртазаев келгеннен ке­йін өнер бөліміне ауыстым. Екі редактордың жұмыс стилі екі түрлі еді. Жұмсақ мінезді Сәкең редакция қызметкерлерін бостау ұстаса, Шерағаң келгеннен ке­йін бәрі күрт өзгерді. Өзінің талабына сай емес қызметкерлерді жұмыстан шығарып, орнына басқаларды шақырып алып жат­ты. Шерағаңның тегеурініне шыдай алмаған болар, кейбіреуі жұмыстан босауға өздері өтініш беріпті.
Мен бұл редакцияда бес жылға жуық қызмет ет­тім. Сол кезде осы ұжымда қызмет­тес болған қалам иелерінен есімде қалғандары – Әбіраш Жәмішев, Сабырхан Асанов, Сайымжан Еркебаев, Нұркенже Хасенов, Асқар Егеубаев, Бекен Ыбырайымов, Төлеген Тоқбергенов, Оразбек Сәрсенбаев, Тұтқабай Иманбеков, Қоғабай Сәрсекеев, Сәбит Досанов, Сейітқазы Досымов, Қажығали Мұқанбетқалиев, Оралхан Бөкеев, Қайырбек Асанов, Көпен Әмірбеков, Сайлаубек Жұмабеков, Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкенов, Дидахмет Әшімханов, Баянғали Әлімжанов, Әуез Бейсебаев, Әлия Бөпежанова, фототілші Сайлау Пернебаев, суретші Төлеген Илияшев, корректорлар – Гүлжамал, Рыскүл, хатшы Алтынгүл.
Бұл кісілердің бәрі бір уақыт­та жұмыс істеген жоқ, басым бөлігі – бірінің орнын бірі ауыстырғандар. Мысалы, Оразбек Сәрсенбаевтың орнына алдымен Төлеген Тоқбергенов, одан ке­йін Тұтқабай Иманбеков келді. Сайымжан Еркебаевты Көпен Әмірбеков ауыстырды және тағы сондай ауыс-түйістер.
Осы арада өз түсінігімде ерекше атап өтетін қызметкердің бірі – үш бірдей бас редактордың кезінде жұмыс істеген Бекен Ыбырайымов. Ол редакциядағы қызметін Сайын Мұратбековтің алдындағы Сырбай Мәуленовтің кезінен бастап, Шерхан Мұртазаевтың кезінде істеп жүрді де, жоғарылап кет­ті.
Әдебиет сүйер оқырмандар мен жазушы халқының қадағалап отыратыны да – ағымдағы әдеби үдерістерге қатысты материалдар. Сондықтан да «Сын бөлімі» газет­тің негізгі бөлімі болып саналатын.
Сол замандағы жиі кездесетін айдарлардың бірі – «Сынап едік, қорытындысы қандай?». Шағын болса да, оқырмандардың қадалып оқитыны да – осындай айдармен шыққан шағын хабарлама. Ол заманда газетке шағын сын мақала шықса, тиісті ведомоство басшылығынан дереу жауап келіп жататын. Бұндай жауап мақала авторы үшін ғана емес, редакция үшін де қуанышты жағдай болатын. Өйткені мұндай жауаптар редакция беделін көтеруге ықпалын тигізеді. Менің сын мақалаларыма республиканың Ауыл шаруашылығы және Мәдениет министрліктерінен жауап хат­тар келгені есімде.
Шежіреге айналған сол бір жылдарда жұмыс істеген редакция қызметкерлерінің бүгінде қалқиып, жер басып жүргендеріміз санаулы ғана.

Нұрдәулет АҚЫШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір