«Жалынды» қайта жаңғыртқан Жазушылар одағы
Байыбына барсақ, Жазушылар одағының 90 жылдық тарихы – қазақ халқының тарихы. Себебі әр ақын-жазушы шығармасына өзі өмір кешкен дәуір шындығын арқау етеді. Соған орай, әр кезеңдегі елеулі оқиғалар, өз заманының бет-бейнесіне айналған айтулы тұлғалар ақын-жазушылар назарынан тыс қалған емес. Демек, Жазушылар одағының 90 жылдық тарихын біздің өткен өміріміздің айнасы десе де болады.
Өткенге назар салсақ, қолына қалам алған қай қаламгердің де маңызды мемлекеттік іс-шаралардың басы-қасында жүргенін аңғарасың. Тіпті қаншама қаламгерлер қаламымен бірге мемлекеттік қызмет тізгінін де қабат ұстады. Сондықтан мемлекеттің даму деңгейі, тыныс-тіршілігі әр кезең ақын-жазушылар шығармаларында көрініс береді. Жекелеген тұлғалар есімінің өзі белгілі бір тарихи оқиғалармен аталып, артына өшпестей із қалдырды. Мәселен, С.Сейфуллин есімі қазақ халқы бастан кешкен «Тар жол, тайғақ кешу» заманымен бітеқайнасып кетсе, Ғ.Мүсірепов «Оянған өлкені»,
Ғ.Мұстафин «Қарағандыны» көз алдыңа алып келеді. Сондай-ақ О. Сүлейменов есімі Семей полигонымен бірге аталса, М.Шаханов есімі Аралды еске түсіреді.
Ең бастысы, Жазушылар одағы – ұлт тұтастығының кепілі. Себебі қай қаламгерге де жекебас мүддесінен гөрі елдің тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды болғаны қымбат. Олардың даңғаза у-шуға үн қоса бермейтіндері де сондықтан. Қаламгерлер басын қосып отырған Жазушылар одағы сол ұлттық мүдде биігінен бір күн де төмендеген емес. Бұл тұрғыда «Жалын» журналы да Жазушылар одағымен руханият қазанында бірге қайнап келе жатқанын мақтан тұтады. Алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 55 жыл толып отырған «Жалын» журналын Жазушылар одағынан бөле қарастыруға әсте болмайды. Оның үстіне, журнал биылғы жылдан бастап, Жазушылар одағының құрылтайшылығымен шығып келеді. Бүгінгі мүйізі қарағайдай талай ақын-жазушылардың алғашқы тырнақалды туындыларының «Жалын» журналында жарияланғанын ескерсек, сол қаламгерлермен бірге журнал мәртебесі де асқақтай түседі. Демек, Жазушылар одағының тойы – «Жалынның» да тойы.
Тойымыз тойға ұлассын, қаламгерлер қауымы!![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2024/12/1-DIYAR-BIL-L-300x300.jpg)
![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2024/12/1-DIYAR-BIL-L.tif)
Құдияр БІЛӘЛ
«Жалын» журналының
бас редакторы