Қазақтың тілі ән сияқты
19.03.2024
1020
0

«Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» («Мне чудится, что вся казахская степь поет»), – деп жазыпты поляк халқының көрнекті қайраткері Адольф Янушкевич. Осы сөзді «Потанин айт­ты» дейтіндер де бар. «Затаевич», – деп соғатындар да кез­деседі. Мейлі, кім айтса, ол айтсын, мәселе кімнің айт­қанында емес, мәселе – сол сөздің не туралы екенінде. Біздің жазғыштар осы тіркесті көбіне-көп әнге байланыстырады. Жо-оқ, бұл тіркес әнге мүлде қатысты емес. Олай дейтінім, қазақ тілінде үндестік заңы, оның ішінде ерін үндестігі қазіргідей бұзыла қоймаған заманда бабаларымыздың сөйлескен сөздерінің өзі ән сияқты әуезді естілген. Янушкевичтің «ән салып тұрғандай» дейтін себебі – сол.

Мәселен, екі қытайдың өзара сөйлескені құлаққа қалай естіледі? Басқаға қайдам, мен өзім олар жай сөйлессе де, әлденеге келісе алмай, қызылкеңірдек болып керісіп отыр ма деп қалам. Мынадай бір мысалды айтайын.
Ағылшын жазушысы Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» ат­ты романын білмейтін адам жоқ. Ойдан құраса да, ол еңбекте біз ғибрат алар нәрсе көп. 1719 жылы жарық көрген сол кітапта Робинзонның бір жабайы адамды басқа бір жабайы адамдардан қорғап қалатын жері бар. Екеуінің кез­десіп, тілдесуін жазушы былайша сипат­тайды. «Oл маған өз тіліндe бір нәрсeлeрді айтып түсіндіргeн бoлды, бірақ мeн eшнәрсe ұға алмадым, OНЫҢ СӨЗДEРІ ӘННІҢ ӘУEНІ СИЯҚТЫ, ҚҰЛАҚҚА СOНДАЙ ЖАҒЫМДЫ, бұл мeнің жиырма бeс жыл уақыт­тан кeйін адам дауысын eстіп тұрғаным ғoй». Орыс тілінен аударған Қ.Өтеғұл.
Орысшасы былай:«В ответ он произнес несколько слов, и хотя я ничего не понял, НО САМЫЕ ЗВУКИ ЕГО РЕЧИ ПОКАЗАЛИСЬ МНЕ ПРИЯТНЫ И СЛАДОСТНЫ: ведь за все двадцать пять лет моей жизни на острове я в первый раз услыхал человеческий голос!»
Ағылшынша түпнұсқасын да тексеріп көруге болады. Даниэлекең жабайы адамды көрді дей алмаймын. Ол жабайы адам туралы жазғанда, Мая, Ацтек сынды тайпа адамдары (бұлар жабайы емес) ойында тұрған. Сол тайпа адамдарының өзара сөйлесуін жазушы роман жазбас бұрын естіген болуы мүмкін. Сонда құлағына әуен сияқты жағымды боп қалып қойған ғой. Романына сол әсерді пайдаланған. Жазушыға көргені емес, сезгені маңызды.
Ал Мая, Ацтек тайпаларын біз Христофор Колумбтың қателесіп «үндістер» дегеніне еріп, солай деп жүрміз. Олар – ешқандай да үндістер емес, өте ерте замандарда Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Америкаға өтіп кеткен біздің ежелгі туыстарымыз. Алтайдан барғандар. Ғалымдардың айтуы солай. Тіпті оларда дыбысталуы да, мағынасы да қазақша сөзбен бірдей сөздер баршылық. Демек, олардың тілі де біздің тіліміздегідей үндестік заңына бағынады. Өзі Жұма деп ат қойып алған жабайы жігіт­тің сөйлеуі Робинзонға «әннің әуeні сияқты, құлаққа сoндай жағымды» естілгені сондықтан. Жиырма бес жыл адам көрмегеннен емес.
Даниэльдің Жұмасы кез­дейсоқтық болсын-ақ. Осыған ұқсас мына бір мысалға не деуге болады? Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университет­те оқитын Дайаана Портнягина деген Жақұт (Якут) елінен келген саха қыздың сұхбатын тыңдадым. Қазақша үйреніпті. Сол Дайаана: «ҚАЗАҚ ТІЛІ МАҒАН АЛҒАШЫНДА ӘН СИЯҚТЫ ЕСТІЛДІ» («Казахский язык сначала для меня звучал как песня…»), – депті. Ол өзі қанша жерден саха болғанымен, туып-өскен ортасы таза орыстілді болған себепті қазақша сөйлесулер ән сияқты естілген.
Осы ойымды әлеумет­тік желіге салғанымда, желілес достар неше қилы пікір жазды. Соның ішінде мына екі пікірге айрықша назар аудардым. Оның бірі – Расылхан Тоқтағұл деген астаналық азамат­тың пікірі. Ол өзі Санкт-Петербург мемлекет­тік көлік университетінде оқыпты. Қазір «Қазақ­стан темір жолы» АҚ-та бас менеджер қызметінде көрінеді. Пікірін толық келтіре­йін. «Осындай жағдай (тіліміздің әуезділігі) Ленинградта оқып жүргенде менің де басымнан өткен. Екі қазақ жоғарғы математика сабағында бір-бірімізбен тапсырманы қазақша талқылап жатқанымызда, мұғалім келіп тыңдап тұр екен, оны байқаған біз кешірім сұрап, орыс тілінде сөйлейік деп жатсақ: «Жоқ, сіздер өз тіліңізде сөйлеңіздерші, құлаққа жағымды естіледі екен», – дегені бар».
Екінші пікірдің авторы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, жазушы Алдажар Әбілов. Ол ұстазы, профессор Тұрсынбек Кәкішовтің 1980 жылы айт­қан бір әңгімесін былайша жаңғыртады.
«1950 жылдар шамасы. Қазақ­стан Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов Англияға ісспармен барып, ағылшын жазушылары алдында Қазақ совет әдебиеті жайлы орыс тілінде баяндама жасайды. Сәбең бір кез­де баяндама бет­терін ауыстырып алса керек, сөзін қазақ тілінде жалғай жөнеліпті. Сәлден соң ауысқан бет­ті тауып алып, қайтадан орыс тіліне көшсе, ағылшындар қол соғып тоқтатып, одан әлгі тілде сөйлей беруін сұрапты. Сәбең қазақша көсіліп бір береді. Баяндама біткесін бүкіл зал тік тұрып қол соғады. Бір үлкен кісі Сәбеңнен: «Біз ештеңеге түсінген жоқпыз. Бірақ бір керемет музыка тыңдадық. Бұл қандай тіл?» – деп сұрапты. Сонда Сәбит Мұқанов: «Бұл менің ана тілім – қазақ тілі», – десе керек».
Сәбеңнің сөзін ағылшындардың керемет музыка деп ұнатып қалуының сыры мынада. Тіліміздегі ерін үндестігі жазуда бұзылғанымен, айтуда әлі күнге көмейімізде сақталған. Мәселен, ТҮЙЕНІ – ТҮЙӨ, КӨБЕЛЕКТІ – КӨБӨЛӨК, ҚҰЛЫНДЫ – ҚҰЛҰН, ЖҰЛЫНДЫ – ЖҰЛҰН, ӨЛЕҢДІ – ӨЛӨҢ және т.б. деп дұрыс айтамыз. Бірақ қате жазамыз. Осылай дұрыс айту қашанға де­йін ұласарын білмеймін. Өйткені қате ережелер мен қате сөздіктер ерін үндестігіне қатысты әуезді тілімізді біртіндеп бұзып барады. Біз айтылымға қарай жазылым қағидасын мансұқ етіп, жазылымға қарай айтылымды басшылыққа алып кет­тік. ТҮЙӨ деген сөзді екі еріндік дауысты дыбыс арқылы дұрыс айтсақ та, ТҮЙЕ деп (Ү-еріндік, Е-езулік) қате жазамыз. Осы қате жазуды жазылған күйінде оқу қажет деп түсінетін оқушылар (әсіресе қалалықтар) төрт дыбыстан ғана тұратын осы бір қып-қысқа сөзді бұрынғыдай ерін ұшымен оп-оңай айта салмай, енді ерін қимылына езу қимылын қосуға тырысып, аузын қисаңдатып алатын болып жүр.
Еріндік, езулік дауысты дыбыстардың мәселесін былай қоя тұрып, одан едәуір түсініктірек жуан және жіңішке дауыстылардың үндестігін айтар болсақ, кірме әріптер мен кірме сөздердің кесірінен ол да былығып кеткен. Сол себепті көп жазуымыз қате. Тіпті дәл қазір «ҚАТЕ» деген сөзді «ҚАТА» жазып отырған жағдайым бар. Бір сөзге дауысты дыбыстардың жуанын да, жіңішкесін де зорлап теліген осындай мысал бізде көп. Санамызға жағымды боп орныққан «КІТАП», «МҰҒАЛІМ» сөздерінің өзін жазғанда қолымды лас бір нәрсеге малып алғандай күй кешем. Бұл сөздерді «ҚЫТАП», «МҰҒАЛЫМ» деп жаза алмай-ақ келеміз. Біздің ауылда (Жалағаш ауданы) «ҚЫТАП» ат­ты адам бар. Ол ағамыздың есімі «қатасыз», дұрыс қойылған. Қадыр Мырза-Әлі ақынның да аты солай. ҚАДІР емес, ҚАДЫР. Біздің қазақ сөзді жуан айтуға бейім. Сол себепті мен «Кәдірден» (Кәдірбек) гөрі – «Қадырды», «піскеннен» гөрі «пысқанды» дұрыс көрем. Бірақ Қадыр ақын Мырзалы емес, Мырзәлі деп жазғысы келсе де, Мырза мен Әлі деген дауысты дыбыстары екі түрлі (жуан/жіңішке) екі сөздің бірікпейтінін іші сезді ме, ақыры бөлек жазып кет­ті. Ал «ҒАЛЫМ» деп дұрыс айтсақ та, «МҰҒАЛЫМ» дей алмай, «ҒАЛІМ» деген шалажансар сөзге жабысып жүргенімізді кешіру қиын. «ЗАЛЫМ» сөзін «ЗАЛІМ» демейміз ғой.
Осындай «қата» сөздерді көзіміз қалай көрсе, солай айтуға тырысып, қазақ сөзінің табиғи әуезін ақырындап, білдірмей өзіміз зақымдаудамыз. Соны өзіміз аңғармай жүрген жайымыз бар.
Міне, Янушкевичтің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген атақты сөзі әнге мүлде қатысы жоқ деуімнің себебі – осында.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір