Қазақтың оянғанынан қорқатындар бар сияқты…
Тәуелсіздігін алған кез келген мемлекеттің бірінші атқарар міндеті – кешегі бодандықтың бұғауын үзіп қана қоймай, сол кездері сырттан таңылған, ұлтқа жат идеологиядан арылу, өзінің төл тарихын тозаңнан аршып алып, ащы да болса, ақиқатты айту болса керек-ті. Біздің жағдайымызда мұны «декоммунизация», «деколонизация» деп атап жүр.

Өкінішке қарай біз баяғы жайбарақаттыққа салынып, әлі күнге дейін ескі шапанымызды сүйретіп келе жатқандаймыз. Бұл күнделікті тіршілігіміздің барлық саласынан айқын аңғарылып тұрады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мәселесіне келгенде шабандап, тіпті бір орында тұрып қалғандай әсерде болатынымыз бар. Жас ұрпақтың санасына тәуелсіздік идеяларын сіңіріп, азат ойлы алаш баласын қалыптастыру әлдекімдерге ұнамайтын да сияқты.
Жуырда Алматы облысында Әлмерек абыздың ескерткішін ашуға арналған үлкен іс-шара болып өтті. Алайда жергілікті билік бұл мәселені насихаттауға, ақпарат құралдарына жариялауға қатаң тыйым салғанға ұқсайды. Сондықтан халық болып атқарылған айтулы шара жайлы бір ақпарат кездестіре алмадық. Сонда қазақ халқының азаттығы жолында күрескен, қаны мен терін төккен бабамыз туралы айту кімге кедергі болды екен деген ой маза беретін емес?!
Мамыр айы – елімізде мерекелер мен тарихи оқиғаларға толы берекелі ай. Айтары жоқ, халқымыздың басына қасірет әкелген кейбір қаралы оқиғалар да осы мамыр айында болған екен. Оқу жылының соңына таман жас ұрпақтың санасын ұлттық құндылықтарға қарай бұрып, тарихи жадын жаңғырту мақсатында мектептерде қазақ халқының жартысына жуығын жалмап кеткен ашаршылық пен ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймағын қырғынға ұшыратқан қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өткізу дәстүрі бар еді. Биыл Алматы қаласының Білім басқармасы осы шараларды өткізуге қарсы болыпты деген қауесетті құлағымыз шалды. Тіпті осы тақырыпта жиын өткізіп үлгерген бір білім шаңырағының ұстаздары қатаң сөгіс алған көрінеді. Олай дейтінім, осындай бір шараға шақырылғандардың қатарында өзіміз де бар едік. Кейіннен ұйымдастырушылар бізге қайыра хабарласып, қалалық Білім басқармасы тарапынан мұндай шараны өткізуге тыйым салынғанын жеткізген. Таңданғанымыздан екі көзіміз тас төбемізге шығып кете жаздады. Сонда білім саласының басшылары оқушылардың ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары жайлы біліп, аз-кем мәлімет алғанынан қандай саяси қателік көре қалды екен?.. Сан ғасырлық тағдырлы тарихында мың өліп, мың тіріле жүріп елінің азаттығы мен жерінің тұтастығы жолында құрбан болған боздақтарды еске алып, олардың күреске толы өмірлерін жас ұрпаққа үлгі етуден шенділер қандай қауіп байқады екен дейміз сауалымызға жауап таппай.
Мына ғаламдану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жоғалтып алмай, мемлекеттігімізді нығайта түсуіміз керек. Осы ретте тарихи сананы жаңғырту жұмысына қолдан тосқауыл жасау оқиғалары жайлы айтпасақ болмайтын болды.
Наполеон кезінде: «Қытай оянбасын. Қытай оянса, дүниені дүр сілкіндіреді», – депті. Әйгілі қолбасшыны қытайдың оянуы қауіптендірсе, бізде қазақтың оянуынан, әсіресе жас ұрпақтың туған халқының өткенін біліп, тарихтан сабақ алуынан үрейленіп қорқатындар бар сияқты…
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ