Су да от сияқты: жөнімен пайдалана алсаң – игілік
04.05.2024
1184
0

Халық «топан су» атаған бір ерек оқиға кең байтағымызды сілкінтіп өт­ті. Қазақ даласының, шамамен, солтүстік ендікте, 47 градустан жоғары жағында бұл жайт­қа шалдықпаған жер жоқ десе де болады. Адам назарынан, обьектив көзінен алыста болған оқиғаларды дала тағысы ғана білер дейік, ал ағайын басына түскен осынау сынның беті қат­ты болды. Әйтеуір, адам шығынынан аман сияқтымыз. Мәлім жайт­тарды қайта тізбелеудің қажеті болмас…
Жерімізге бұрқасындатып қар, селдетіп жауын жаумай жүрген жоқ. Ал мына болған істі, білетіндер 80 жылда бір келген уақиға десе, енді бірі бұрын-соңды болмаған іске сайып жатыр. Бұл іспет­ті, табиғат тарапынан келер қауіпке қатысты қызмет­тер мен жауапты тұлғаларға сын да аз емес. Қисын реті солай: өзен-арналарға түскен құрылғылар – адам қолы мен адам жауапкершілігінің нысандары. Ал екінші тұрғыдан, иен далада ноқтасыз-нобайсыз жөңкілген дүлейді кім қақпайлап, кім жөнге сала алар?!. Осы екі жайт арасынан еліміздің ендігі шаруашылық саясаты үшін біраз сұрақ туындап, көптеген міндет­тер мен күрделі мәселелер алға шықты. Ақпарат кеңістігімізде пайда болған, ел көлемінде салынуы тиіс 20 су қоймасы, бүгін бар 15 су қоймасы құрылғыларын жөндеуден өткізу, гидротехникалық нысандарды
мұқият бақылауға алу, жауын-­шашын суларынан кемінде 2 млрд т.м. ылғал жинай алатын тоспалар дайындау, елімізде жылына 800 шамасында су маманын оқытып шығару ісіне басым мән беру – осы жайт­тардан жедел туындған міндет­тер.

Ереуіл жайт­тар елде тілектер мен қиял желкемдерін де аз туындатқан жоқ. «Сонша жөңкілген топансуды Аралға неге құймасқа», «Жем өзені бір кез­дері Аралға жеткен екен, соны тірілтейік», «Сарысу Телікөлден асып барып, Сырдариямен қауышыпты!» деген сияқты елпілдек лебіздер… Сарысүйек мәселелерден туындаған тілекші ел көңілі ғой. Тілектерге береке берсін!.. Қиял мен сезімге қол артатын қаламгер ретінде, мен де бір сәт ой-желкен керсем: иә, Ұлы даламыз шөліркеулі, Аралымыз әл үстінде, берекелі өлкелеріміздің бедерін өрнектеген өмір-дариялар суала-сарқылып барады… Сондай ахуалда, жұлынтұтасы бір табиғат өзі бұлқынып, өзі тұяқ серпіп, өзі ғана түсінетін бір амал-әрекет­терге барып жатқан жоқ па? Пенделердің қолымен істеліп жатқан әділетсіздіктер, шөлденіп-жұтап бара жатқан бір кез­дегі барақат-бақуат өлкелері, қиянат құрбандығы болған Арал – бәрін енді, сол көк көйлегі мен көңілі жыртық табиғат өзі іздеп, алыстардан (мұхит­тардан, таулардан) осы бетке қол созып жатқан жоқ па? Біз, пенделер, мұндайды түсінуден алыспыз ғой. Содан да табиғат­тың еркін тынысы бізге жат, түсініксіз, қорқынышты, тіпті қатерлі… Содан да ұясын су алған қызғыш құстай ахуал бар кейде…
Алаң көңілге ишара-ескерту аз емес… Климат ысынуға бой алдырған, әлемде құрғақшылық басымдап келе жатқан ахуал да – кеше болып өткен жайт табиғат­тың бір ретік тосын мінезі болар деген де ой бар. Ал голландиялық бір ғұлама айтса, мұндай жағдай енді жиіленіп, келе бермек. Бәрі мүмкін: ғалам климатының ысуы мен керісінше, сууына бой алдырғаны туралы осы күні бір тоқтамды сөз жоқ деуге болады. Білетіндер айтса, әлемді қақсыта қуат алып бара жатқан тынықмұхит­тық ыстық Эль Ниньо ағысы салқын ағынды Ла Ниньяға орын бере бастаған сыңайлы…
Қалай болғанда да, дегдар табиғат бізбен санаспайды, біз онымен әр сәт, әр жағдайда жарасым мен үйлесім амалдарын табуымыз керек.
Күрделі ғалам кезекті бір проблемалар қордасын біздің алдымызға тартқан жайы бар. «Шолақ сай бұрын тасиды» (бұрын тасуымен бірге мінезді келеді!) деп қазекең бекер айтпаған. Ертіс пен Жайық сияқты алыптарды айтпағанда, «шолаққа» жатпаса да, соңғы кез­де тынысы бәсең тартқан ортақұрсақ өзендеріміз бұл жолы зор мінез байқат­ты. Ситуация тым қанық: Сырдария, Талас, Шу, Іле сияқты оңтүстік сулар біршама тыншу халде қалды, топан су дүмпуі еліміздің жоғарырақ ендіктерінде басым орын алды, яғни Оңтүстік ұлыстар арасындағы өзендер әбден байланған, бұғат­талған, жуасытылған… Осы, енді, көңілге медет болар жайт па? Оңтүстіктегі жазғы тірліктің ділгір уағындағы су тапшылығы, шаруа күйзелісінің басты себебі, жұтаған экологиямыз үзірі де сол, байланған суларда жатыр ғой… Ал осы кез­ге де­йін өзіне көп назар аудартпаған, әр жерден жүйесіз бөгелген, түрлі тірліктерге там-тұмдап бағыт­талған шағын өзендер енді өзіне тиісті мән беруді, өзімен санасуды, тіпті, өзін сыйлауды қажет еткендей ескертулер тарт­ты алға.
Елімізде 11 аймақта салынуы жоспарланған 20 су қоймасының бірсыпырасы осы шағын өзендерге қатысты. Бұл қоймалардың көбі кеше өткен жағдайлар шындығында, қойма емес, су рет­тегіш бе­йінінде болуы қажет сияқты. Қойма бәсең өзендердің тіршілік-тынысын біржолата кесіп тынуы мүмкін… (Бір қисынсыз жайт бүгін «Көксарай» су рет­тегіші басында бар. Ол бүгін дария суын рет­тегіш емес, кәдімгі су қоймасы рөліне «түсіп алды». Біз бұндай мүмкін «метаморфоза» нобайын осыдан он шақты жыл бұрын ескертіп айт­қанбыз…). Қаражат салынып, шығынмен көтерілген қай нысаннан да қайтарым (окупемость, отдача) күтіледі, ол – шаруашылық шарты. Ал режімі кепілсіз, шағын өзендерге салынатын су рет­тегіштің экономикалық қайтарымы аз, әдет­тегі жағдайда онда көп су жиналмауы мүмкін; анығы, оның қайтарымы кешегідей ерек жайт­тарда ел-жер қауіпсіздігі ғана болады. Иә, ағыны бәсең өзендерімізде іргелі қоймалар бой көтере қоймас. Бірақ жоғарғы ендіктердегі елеулі су көздеріне деген көзқарасымызды түбегейлі қайта қарау, нақтылау, өткірлеу қажет­ті алғаусыз түрде алға шығып тұр. Жерімізге сырт­тан келетін, әсіресе оңтүстік өзендердің ағындары әбден есептелген, бағамдалған, сату-сауда эквивалент­теріне жеткізілген десек, біздің ағын дені сыртқа бағыт­талған Ертіс, Есіл, Тобыл суларымызға сондай есеп бар ма деген сауал бұл тенденцияның басты сұрағы болмақ.
Әлем нарық шартымен өмір сүреді. Мәселені бұлай қоюымыз – өмір қажет­тігі. Даламыздағы су дефициті жылдан-жылға басымдық танытып келеді. Арал халі әлем назарында, Ресей-көрші түрлі уәждермен іргедегі мол судан бір арна бері бұруға жоқ… Мұндай жағдайда, жоғарыда аталған суларымызға қатқыл есеп орнату қажет­тігі тумай ма? Еліміздегі бірден-бір қанасы толық өзен – Ертіс. Мәліметі көпшілікке тиіп-қашты ғана мәлім Ертістегі – «Шүлбі-2», «Бұлақ», Есілдегі – «Бұзылық» су қоймалары идеялары елге үміт пен сенім болашағын ашар жаңалықтар сияқты. «Шүлбі-2» су тоспасының биіктігі Балтық жүйесімен 260 метрге жеткізілген жағдайда, өткен ғасыр ортасында академик Шапық Шөкіұлы ұсынған «Үлкен Қазақ­стан арнасын» жүзеге асыруды қолға алса болар еді. Бұл арна Ертісте Қалба-жота тұмсығы тұсынан бастау алып, Сарыарқаны сауырлай, ұсақ өзендерімізді үстеулей (солар арқылы Орталық Қазақ­станды суландыра), Торғай қолаты арқылы Тұран жазығына өз ағынымен жетеді. Сату-сау­дасыз, транс­шекаралық әділ су бөлісу принципімен Ертістен Қазақ­стан алуы мүмкін 14-15 т.ш.м. суы осы арнаға да, «Шүлбіден» төменгі аймақтарға да молынан жетер еді. Егемен елдігіміз ақиқатында, түбі осыған келеміз. Бұл арна, тіпті Сібір суын бері бұру ісі жүзеге асқан жағдайда да өз мәнін жоғалтпақ емес. Бұл рет­те, Ресей-көрші Ертістің ортаюына алаңдаса, Алтай тауларындағы Қатын өзенінен Бұқтырмаға үстеу су бере алады немесе өз күн тәртібінде біраздан тұрған, Енисей-Обь-Ертіс арнасын тартып, Омбы маңына су қоймасын сала алады. Қалай болғанда да қазақтың Құлынды даласы, онан төмен Бараба жазығы сусыз қалмақ емес…
Қазіргі перспективада Қазақ­стан Ертіс­тен 8 т.ш.м. су игеруді жоспарлап отыр.
Ең үлкен уәж осы іспет­ті су мәселесінде біз Оңтүстік-Солтүстік көршілеріміз алдында өзіміздің Құдай берген, ата-баба сақтап қалған тағдырлы зор байлығымыз – жеріміздің керемет транзит­тік әлеуетін мейлінше тиімді пайдалана алсақ болғаны.
Жақында құрылған Су қорлары және ирригация министрлігі (СҚИМ) өз бағыт-бағдарлы жұмыстарында халық алдында мүмкін деген ашықтық (транспарент­тік принципінің бір шарты) саясатын ұстанса дұрыс болар еді. (СҚИМ-нің өмірге келуінде сол халықтың табанды сұрауының да үлес нәтижесі бар). Су да қазақ үшін жер сияқты өмір мүддесіне айналған. Тағдырлы, маңызды бастамалардан ел хабардар-мағлұмат­ты болса, сол – оңды жағдай. Бұл – осы маңызды саладағы демократияның бір принципі. «Келісіп пішкен тон келте болмас!» Мысалы, осы күні «Бұзылық» су қоймасы деген мәлімет қабатында, «Есіл» су рет­тегіші деген сөз айтылып жүр. Ол қайсысы, не нысан? Елге осындай бастамалардың айқын мәлімет­тері керек-ақ.
Асылы, Есілдің күрт терістікке бұрылатын иін маңында бір су-тоспа (Бұзылық с/қ, Есіл с/рет­тегіші) болу идеясы біраздан айтылып жүр. Топан су тасқыны жоқ жылдары да Есіл төмендегі Қызылжар аумағын үнемі қарғын сумен тоғытумен келеді. Есіл, Тобыл, Нұраның 80 пайыз суы көктем айларында бұрқап өтеді. Зиян мен рәсуәға кетіп жатқан осы ағындар жыл бойына тұрақты да жетімді игілік көзі болуына, мысалы, Есілді Сергеев су қоймасынан жоғарырақта тағы бір тоспамен рет­тесе мақұл болар еді. Сексен пайыз Есіл ағыны рет­телсе, содан бір арна су іргедегі Торғай-Ырғыз ағындарымен қосыла, шөліркеулі Солтүстік Аралға құрғақшылық жылдары 1 млрд т.м., ал биылғыдай молшылықта бірнеше миллиард т.м. шамасында су бере алар еді. Бұл жағдайда Арал маңы Қарақұмына түсетін арнаның жерге сіңіп кетуі мүмкін «рәсуа» суын босқа жоғалған ризық деуге болмайды. Ол Қарақұмдай берекелі өлкенің өрістік әлеуетін күшейтеді. Құм астының еспе суы Арал теңізінің от­тегімен түбінен байитын баяғы дәстүрін тірілтіп, айдын астынан оның тіршілігін демейді, балығының дәмділік қасиетін арт­тырады. Қызылорда облысының батыс аудандарын ауызсумен қандырып жатқан Сарыбұлақ жер асты артезиан алабының қуат­тылығын көтереді. Ертіс-Қарағанды арнасымен Есіл-Нұраның үстеуленуі тұрақты да қалыпты тәжірибе болмақ.
Демек, Есіл-Нұра жүйесі ең құрғақшылық жылдары да кепілді түрде ортаймайтын болады. (Әрісі Ертіс) Есіл-Торғай-Арал арнасы да соған сәйкес өмірлі болады. Арал екі тараптан да қорек алатын болады.
Соңғы кез­де жағдайы әлемді алаңдатқан Каспий теңізі көтеріліп келе жатыр. Бұл үшін Жайықтың аван-атырауында қыруар жұмыстар атқарылды. Оңтүстік өзендеріміз даладағы топан-тасқын бедерінде біршама тыншу болғанмен, олардың да арналарына қарғын тепті. Содан болар, Балқаш деңгейі де 15 см. көтеріліпті деген жақсы лепес бар. Жетісудың жеті өзенінің бесеуі бірдей ұмтылатын Балқаштың бағы ашылардай… Тек, сор-тұзы қалың Арал ғана… Сырдария ағыны соңғы екі жыл бедерінде жаман болған жоқ. Қарғын су біраз күш байқатқан өткен жылы да, мына, айтулы 2024-те де сол молшылықтан Аралға 2 т.ш.м-ге жетпейтін су түсті. Бұл – өлмеші теңіз ғана емес, өмір үміт­ті кіші Солтүстік Арал айдыны үшін де тым аз сыбаға. Былтыр түскен 1,5 т.ш.м. су, биылғы 1,6 т.ш-м су – бұл айдынның құрсағына шыр қоспақ түгіл, булану шығынын да жаба алмайтын шама… Көзге ұратын бір «қызық» жайт байқаймын (осылай салыстыруға мәжбүрлік бар): Балқаштың күретамыры Іле туралы айт­қанда, іздеулі 11-14 т.ш.м. судың осы айдын тіршілігі үшін қажет­тігі бірінші кезекте алға өткір қойылады. Ал Сырға сырт­тан келер 11,1 т.ш.м. су сөз болса (өзіміздің Қаратаудан өнетін 7 т.ш.м. шаманы айтпайық), егістік пен шаруашылық уәжі бәрін баса береді. «Аспаннан шұға жауғанда, Аралға ұлтарақ бұйырмайтын» кемшін-қалдық сыбаға нобайы осыдан шығып жатыр… Иә, төменгі Сырда сусамыр дақыл ауданы 10 мың га. азайып, Түркістан облысында мақта, майлы дақылдар ауданы 75 мың гектарға түскені шүкіршілікпен айтылып жүр (онда да су тапшылығы уәжімен). Әйтсе де, Жетісу ахуалымен салыстырғанда, Сыр бойындағы бір жақты саясат әлі де айылын жыймай тұрған жайы бар. «Әдемі өлуге тиіс, сұрауы жоқ Арал» туралы баяғы сірі көзқарас салқыны әлі күнге біраз көңілдерде жүрген сыңайлы… Өткен тарих зілі, жұртшылық діліне әбден сіңіп қалған сірі дәстүр, көзқарастарды өзгерту, шаруашылықтарды тиімді әртараптандыру – мемлекет қолдауымен, қарымды саяси шешіммен ғана ойдағыдай жүзеге асуы мүмкін екенін, осы орайда тағы бір еске салу қажет­…
Гектарларға емес, Арал, Балқаш сияқты қом суларымызға барып жатқан ағын босқа, әлде арамға кетіп жатқан ризық емес. Ол – салауат­ты төл табиғатымыздың өз сыбағасы, соның өмірі кепілі. Жерімізге түсер жауын-шашын, таулардан келер өзен бастаулары соларға байланысты. Сол сулар қусырылған сайын, ауа-райы ысынып не ызғырықтанып, жер-дүние қытымыр тарта бермек. Егінжай арықтарымыздың судан қаңсып қалып жатуы да содан. Алпыс жылдық Арал қасіретінен осындай сабақ алсақ игі. Кешегі тарихта Аралды өлтіріп, жазғы сабат, қысқы ықтырмамыздан айырылып, кең байтағымызға айна-қатесі жоқ экологиялық апат әкеліп едік, енді, бүгін имандылықтың алғашқы толқынында бір көтеріле қалған Кіші Аралдың 10 млрд.т.м-дей суын жоқ етіп, сол экологиялық қасірет­тің «екінші толқынына» жол ашып беріп жатқан сияқтымыз. Жаздыкүнгі от­ты аптап, қысқы ызғырық-үскірік, құрғақшылық, топан су – бір рет­тен, сондай жағдайлар «игіліктері». Осы екі араның байланысын ұққан кез­де, біздің экологиялық (имандылық) деңгейіміз біршама биік дәрежеге жетер ме еді?!.
Даланы дүмпіткен топан су мен Оңтүстікте ортайған арналар бедерінде Арал мәселесі шешуін тап­паған күйінде қала беруде. Арал жұртшылығы (тек, бір олар ғана емес) 30 жылдан астам ел басшылығынан табанды түрде сұрап келген Солтүстік Арал (Кіші Арал) теңізін бірдеңгейлі көтеру мәселесінің әлі тағдыры талқыда. Осындай ахуалда, Оңтүстік көршіміздің мысалымен: «Кепкен теңіз ұлтанын игереміз, пәленбай түп өсімдік орнатамыз!» – деген көтеріңкі уәждермен Сырдың қайтарымды-қашыртқы суларын Үлкен теңіз сорына тастауға шақыру бар. Біріншіден, Сырдың, Қызылқұмнан Қазалыға де­йін, қайтарымды-қашыртқы болса да әр тамшы суы дария арнасына қайтарылып, Кіші Аралға ғана берілуі керек. Қысқы болсын, жазғы болсын, қайтарымды болсын дария суы – Арал үшін бір су. Оңтүстік көрші Әмудің қайт­қан суын сексеуіл егуге емес, Әжібай, Мойнақ, Судаш сияқты өз «Кіші Аралдарын» толтыруға бағыт­тап отыр. Олар сор-теңіз ұлтанын өсімдікпен жабуда жер асты суларына ғана қол артуда… Екіншіден, біз кепкен теңіз табанын көршімізден көп бұрын, Қасқақұлан сияқты алаптарда, ыңғай-ретімен игере бастағанбыз. Ол шаруа өз ауанымен жалғасып келе жатқан. Сондықтан бізге бұл жұмыста біреудің өнеге-үлгісі, жарыс, биік міндет­темелер алу сияқты әрекет­тер керек емес. Иә, теңіз ұлтанын, тағы да ыңғайымен, жоспарлы есепте шөп­пен жабу қажет шаруа ұлтанға шыққан өсімдік сонда тұнған заһарлы пестицид-гербицид тұздары ұшуын, құм көшкінін сәл де болса тежей алатын сыңайлы, асылы, бұл тірліктің ертең-болашағын Аралдың мәлімсіз тартқан мінезі анықтайды. Ал дария суы, соңғы тамшысына де­йін Кіші Аралға бағыт­талуы тиіс.
Солтүстік Аралда «екі деңгейлі теңіз» деген күні өткен кешегі кеңестік жобаны өткізуді біржолата доғару керек. Кіші Арал «Көкарал» бөгетін көтерумен не қайта салумен 50-51 метрлік бірдеңгей су ұстау нұсқасында жүзеге асса деген халықтың негізді сұрауы бар. Бүгінгі ел тілегі және ертеңгі ұрпақ игілігі – осы. Көңілдер сарқылмаса, сулар сарқылмақ емес. Бұған біздің соңғы кез­де Орталық Азия аумағында жүргізіп жатқан икемді, жақсы көршілік, ынтымақтастық саясатымыз бірден-бір негіз де, кепіл бола алады. «Құрғақшылық синдромы» бедеріндегі қорқынышты жеңе отырып, биік су деңге­йінде салынатын «Көкарал» – инженерлік қате шешім, қаражат­ты желге шашуға жатпайды. Ғасырда бір жүзеге асуы мүмкін мұндай нысан тым шолақ 5-10 жылдық межеге емес, кем дегенде 50 жылдық болашаққа есептелуі керек. Ал жарты ғасырда өркендеуші ел-жерімізде көптеген жаңғырулар болуы мүмкін. Мұның бірер нұсқалары жоғарыда қамтылды. Ғаламдық биік технологиялар қиян-қиын шөлдерде қиял жетпес тасқындар ағызып жатыр. Ол – бір фобиядағы «ақырзаман белгісі» емес, прогресс ұмтылыстары. Тек мұның бәрінде адам ниеті дұрыс болсын.
Су да от сияқты: жөнімен пайдалана алсаң – игілік, жаман ниет арнасына ауса – апат. Осы дилемманың игілікті жолын талмай іздеуді жаңа тарих бізге міндет ет­ті.
Дала жүзін жуған топан су осының бір сыны болды
Ғаламдық озық технологиялар қиял жетпес құбылыстар әкеліп жатыр. Сауд Арабиясын шалғындық жапты, БАӘ, Оман шөлдерінде дариялар тасқындады. Бір фобиядағы «ақырзаман белгісі» емес, прогресс ұмтылыстары – бәрі. Тек бұл құбылыстарда ниет дұрыс болса, бәрі де адамдар игілігі болмақ.
Біз сұрапыл апатты ел бірлі­гі­­нің күшімен жеңдік. Су да от сияқты…

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ
Қызылорда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір