ӨЛЕҢДЕРІ ӨЗ МІНЕЗІ СИЯҚТЫ…
30.05.2025
190
0

М.Әуезов, З.Қабдолов студенттер ортасында, О.Асқар үшінші қатарда ҚазМУ

 Оразақын Асқардың өлеңдері ойға, белгілі бір сюжетке, нақтылы оқиғаны әңгімелеуге құрылып жазылған. Ол өзінің ақындық лебін, өлең өрнектерін жатық қалыптастыра бастаған ақын.

Есмағамбет Ысмайылов 

Поэзиямыздың ертеңгі сәулетін Т. Молдағалиев, О. Асқар т.б. арқылы жарқын көргендей боламыз. Олардың өлеңдері осы күннің өзінде-ақ поэзиямызға жас бұлақтай құйыла бастады.

Әбділда Тәжібаев

Оразақынның өлеңдерінде орынсыз бос шалқу, дандайсу деген атымен жоқ. Өлеңдері пікірлі, ойлы. Өлеңдері де, өзі де кішіпейіл.

Сырбай Мәуленов

Бізде тереңнен толғайтын, алыстан сермейтін жас ақындар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Оразақын Асқар. Ол тілге бай ақын. Баппен, үлкен талғаммен жазады.

Асқар Тоқмағамбетов

Біздің өнеріміз – сөз өнері. Оразақын сол ерекше өнердің айрықша өкілдерінің бірі. Ол он сөздің кейде тіпті жүз сөздің ішінен өзіне керек бір ғана сөзді, ең қажетті сөзді қапысыз таба біледі.
Оразақын Асқар – кірбіңсіз көңілдің жыршысы. Оның өлеңдерінен реніш түгіл, өкпе, қайғы түгіл, мұң кездестіре алмайсың.
Оразақын – байқағыш дарын, аңғарымпаз ақын. Байқап қана қоймайды – бағалай біледі. Аңғарып қана қоймайды – айта біледі. Ол өлеңді бастауға да, дамытуға да шебер, түйіндеуге де ұста.

Қадыр Мырза Әлі

Оразақынның қазақ поэзиясында сүйкімді жолы бар. Ол жолды көмескілемейтін, аспайтын, саспайтын, өзін-өзі жұрт көзіне баспайтын, үгіттемейтін, баяу болғанымен терең ағысты, ойлы творчествосы бар ақын.

Ғафу Қайырбеков

Оразақын жұлдыздарға таңырқаушы ғана емес, өзі де жұлдызды жырлар жазатын өршіл, жаңашыл ақын.

Тұманбай Молдағалиев

Біз білетін Оразақын табиғатына тән ойлы-жайлы, жібектей есіліп отыратын лиризмімен арман ағысын асықпай, ақырын лықсыта береді де, сіз оған еріксіз елтисіз.

Хамит Ерғалиев

Оразақын үні биязы, даусы әсерлі, тыңдаушысын баурап алатын тың күшімен танымал: ол бірде – сыршыл, бірде – тарихшы, енді бірде – өнер насихатшысы, тағы бірде – өмір ұстазы, жаратылыстану сырларына еріксіз тартып алып кете барады, бірде –жағрафия пәні мұғалімі, білікті тіл маманы…

Бәзілжан Асылжанұлы

Оразақынның өз ақындығын айтпағанның өзінде, осы қара өлеңді жинап жариялауымен-ақ қазақ әдебиеті тарихынан орын алары даусыз.

Рахманқұл Бердібай

Оразақын Асқардың өлеңінде өз иіріміне жайлап икемдей берер бір жылы ағыс бар. Ақын өлеңдерінің жарқылдағы аз. Дыбысы көмескі.
Аз болар, көп болар, бар-жоқ қазынасы бұйығып, түбінде жатады. Стилі бар ақын, ол – қашан да ақын.

Тұрсынжан Шапай

С.Дәуітұлы, Б.Нұржеке-ұлы, М.Молдахметов, О.Асқар, А.Көдеков

Оразақын Асқардың өлеңдері көпшілікке көптен таныс. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың қасиетті қара өлеңінің озық үлгілерін жинақтап, мол маңдай тер төккені жалпыға мәлім.
Ақын ағамыздың өз жырлары да баяу сипап ағып жатқан биязы мінез, бипаз өзенге ұқсайды.
Тақырыптары әр алуан. Тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар туралы сөз бен бүгінгі тәуелсіздігіміздің жарқын көріністері егіз өріліп отырады. Имандылық, инабат, танымдық-этнографиялық иірімдер ерекше көрінеді.

Бауыржан Жақып

Оразақын Асқар әу бастан ақын болып туған жан. Ол – жұрттың бәріне береке болса екен дейтін, елдің бәріне жақсылық ойлайтын, қақ-соқпен ісі жоқ, тек шынайы өнер тудыруды ғана мақсат етіп, пендешіліктен биік жүретін, тұлғасы қарапайым, өнері зор ақын.

Сәрсенбі Дәуітұлы

Дараланған дарынның, сараланған стильдің, өзіндік өрнектің, өнімді еңбектің елгезек иесі – Оразақын! Ол қарт тарихымыздың хикаясына қанық, асыл ана тіліміздің уызына қаршадайынан қарық, қырмызы-хұсни қыры мол қаламгер!
Қазақ халқының ғасырлармен қапталдаса қатар жасайтын 4400-ден астам қара өлеңін О.Асқардың жападан-жалғыз бастыруы, дербес ғылыми мекеменің еңбегіне татиды.

Мұзафар Әлімбай

Оразақын Асқар – қазақ екеніне мақтанатын, әлемді тек қазақ боп танитын, төңірегін тек қазақ боп көретін, бүкіл өне бойы, мінез-құлқы бөтен иіс-қоныспен, жүріс-тұрыспен бүлінбеген таза қазақы ақын.
Саспайтын, сабырын тауыспайтын, тау қозғалса да қозғалмайтын орнықты, байсалды, байыпты қалпын ешқашан бұзбайтын, атаққа, мақтанға бұзылмайтын, бәрін өз ақылымен таразылайтын текті ақын.
Ол – елін, жерін, Отанын ерекше емірене сүйетін, тәубәшіл, барымен базар болғанды ұнататын ынсапты, ар-ұятты аттап баспайтын арлы ақын.
Орекең өз көргенін өзгеге айнытпай өлеңмен өрнектеп беретін өте суреткер ақын. Ондай ақын елінің есінен де кетпейді, тарихынан да түспейді.

Бексұлтан Нұржеке-ұлы

Сөздері алтын жалатқан қорғасындай, қылпықсыз жазатын бір ақын бар. Ол – Оразақын Асқар.
2014 жылы «Атамұра» баспасынан «Қос қоңырау» кітабы жарық көріпті. Кез келген беттегі өлеңін тосырқамай, мүкістенбей, өзіңіз жазғандай шаттанып оқисыз… Дәрінің рецептін жасағандай өлшем, мөлшерінен ауытқымай, талантына маңдай терін қосып жазғанын сезінесің де, бұрынғы «О, Марк Твен!» «О, Джек Лондон!» дегеніңнен айнып, «О, Оразақын Асқар!» дейсің.

Ділдәр Мамырбаева

Оразақын Асқар қандай ақын? Оның поэзиясы несімен дараланады дегенде, оның өлеңдері де – ақынның өз мінезі сияқты. Оның өлеңдері әдемілікті, сұлулықты, табиғатты жырлауға арналған. Ол – сұлулық пен бейбіт өмірдің, келісімнің ақыны.
Оразақын Мұқағали мұрасының шын жанашыры болды. Мұқағали мұрасының жариялануына, насихат­талуына үлкен үлес қосты.

Қабдеш Жұмаділов

Қай өлеңін оқысаң да сөз саптасы, ой түюі түгелдей қазақ жаратылысымен жарасып тұрғандығын аңғарасыз. Ақынның айрықша атап өтер өзгеше қыры – осы бір қазақ тілінің құнарлы қасиетіне жетіктігі.
Оразақынның екінші бір ақындық ерекшелігі – оның тырнақалды туындыларынан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр жазудағы ежелгі дәстүрге беріктігі.

Қуанышбай Құрманғали

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір