КҮН СИЯҚТЫ ЖАРҚЫН ЖАН ЕДІ
07.03.2024
187
1

Белгілі кинорежиссер Серік Жармұхамедов дүниеден өтті. «Өтелмеген парыз», «Түрксіб», «Сәрсенбінің сәтінде» секілді талай көркем фильмдердің авторы, деректі киноға да көп еңбек сіңірген, дубляж саласындағы қызметі тіптен ұшан-теңіз білікті маман, біртуар тұлға еді. Ешқашан еңбегін бұлдауды білмейтін, өзін ұлы өнердің құлақкесті құлындай санаған қарапайым қалпында, ешкімге салмақ салмай, бойына пендешілік жуытпаған күйі, жүзінен ойнақы күлкі арылмастан аттанды ана дүниеге. Күн секілді күлімдеп, айналасын шуаққа бөлеп жүретін, жаны жарқын абзал аға еді.
«Ойнақы» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Расында да, Серік ағаның көзінде де, жүзінде де қашанда көтеріңкі көңілінің, таза жанының нұрындай болып, қуақылық, ойнақылық, адамды лезде жадыратып жіберетін жақсы қасиет бар еді. Тіпті бұл ол кісінің дауысынан да сезіліп тұратын.
– Ассалаумағалейкүм! – деп амандастым былтыр ұялы телефонына қоңырау шалып.
– Уағалейкүмәссалам-ей! – деді Серік ағам сергек үнмен дауысы саңқ етіп. Үнемі осылай жауап беретін. Кей үлкендер тәрізді ыңырана созып, асықпай үн қату ол кісінің табиғатына жат еді.
– Туған күніңіз құтты болсын! – дедім.
– Әй, сен менің туған күнімді қайдан білесің-ей? – деді Секең өзіне тән ойнақы үнмен.
– Білуге тиіспін, жұмысым сондай! – дедім мен де ағаның көтеріңкі көңіл күйіне сай сөйлеуге тырысып.
– Е, жөн екен. Зейнеттегі адамға туған күн деген соншалықты маңызды мереке емес қой. Өйткені біздің жасымызда тірі жүрген әр күнің – мереке, ағарып атқан әр таңды көргенің – шүкіршілік… Сонда да қуанып қалдым-ей хабарласқаныңа, рақмет! – деді ағамыз.
Бұл – соңғы сөйлесуіміз екен.
Қазақ кинорежиссурасында Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин сынды алыптар шоғыры болды. Талай классикалық дүниелер қалдырды. Осы ұлылардың жолын жалғаған, жандарында жүріп тәлім алған, қазақы туындыларымен ұлт өнеріне үлес қосқан буын да бірте-бірте мәңгілік мекендеріне көшіп жатыр. Шәріп Бейсембаев, Амангелді Тәжібаев, енді, міне – Серік Жармаұхаммедов…
Түсірген кинотуындылары қандай ойлы да сырлы болса, өзі де соншалық қарапайым һәм шынайы адам еді. Таза адам еді. Біздің қазіргі қоғамда мұндай тұлғаларды қадірлей білу жетіспей жататыны да қынжылтпай қоймайды.
Алла алдынан жарылқасын дейміз.

Сәкен СЫБАНБАЙ 

Әнуар Молдабеков (Қожабек), Досхан Жолжақсынов (Нұрлан), Әсия Мұратбаева (Бану), Жамбыл Құдайбергенов (Сұлтан), Гүлнара Досматова (Сая), Меруерт Өтекешова (Саяның анасы), Нағима Есқалиева (Раушан), Күләй Мұратәлиева (Айша) қатарлы өнер майталмандары негізгі кейіпкерлерін сомдаған «Өтелмеген парыз» фильмі қазір экрандардан әредік қана көрінеді. Сондықтан фильмнің қысқаша мазмұнын оқырманның жадында жаңғыртып өтсек, артық етпес.
Жалғызы Сұлтан жол апатынан қайтыс болғаннан кейін ізін жалғастыратын ұрпағы қалмаған Қожабек қария өмірден баз кешіп, жан күйзелісіне душар болады. Алайда қаладан келген көлденең сөз Сұлтанның некесіз бір ұлы барын жеткізеді. Жалғызының бойына бала кезден адамгершілік, адалдық сынды қағидаларды сіңіріп өсірген ақсақал үшін бұл «жаңалық» төбесінен жай түскенімен бірдей болады. Шаңырақтың отын тұтатар немере бар екенін және ұлының өнегесіздік танытып балалы әйелді тастап кеткенін ойлаған ол не қуанарын, не Сұлтанға лағынет айтарын білмей қалаға баруды ұйғарады.
Алып шаһарда Қожабек қарияны өзі білмеген тосын әңгімелер күтіп тұрған еді. Қарияны Сұлтанның досы – Нұрлан бір кезде Сұлтанның сүйіктісі болған қыз – Саяның үйіне ертіп барады. Немересі бар екенін білген ақсақал сол сәбидің алдында Сұлтанның өтей алмай кеткен парызын өз мойнына алмақ болады, бірақ Саяның анасы ақсақалды немересіне жолатпайды. Солайша ақсақалдың әрекеті сәтсіз аяқталады.
Ұрпақтар арасындағы ізгі дәстүрдің үзіліп бара жатқанын баяндайтын фильмнің аты «Өтелмеген парыз» болғанымен, режиссер өзінің қазақ киносы мен көрерменнің алдындағы бар парызын өтеп, соңына өлмес, өшпес мұра қалдырды.
Пейіште нұрың шалқысын, ғазиз аға!

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.03.2024 | 11:26

Сонемен қатар, «Сексеуіл гүлдегенде » атты кітабын оқырмандарға мұра ретінде қалдырды. Пейіште нұры шалқысын, ғазиз ағаның!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір