Ана тілі әлеміндегі ұлттық рух
Тіл мен тілге деген қоғамның сұранысы аса маңызды. Бұл сабақтастықты тең ұстау әлемдік ғылыми-техникалық жетістіктер мен интеллектуалдық әлеует өрісімен қатар ұлтсыздану үрдісі де жайлаған жаһандану кеңістігінде рухани сана жаңғыруын бағдар еткен тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса өзекті мәселеге айналып отыр. Намыс пен ерлік, ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік сияқты ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру де тіл арқылы ғана жүзеге асатыны – ғылым үшін маңызды тақырып.
Мемелекеттік тілді дамыту заңдылықтарының «сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген А.Байтұрсынұлының, «тілді таным қоймасы» деп анықтаған профессор Қ.Жұбановтың қағидаларымен үндесуі ұлтымыз үшін айрықша мәнге ие.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, т.б ұлт қайраткерлері негізін салған ағартушылық жолды І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжоловтар ары қарай өрістетті.
Ал осы дәстүрді жалғастырған Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақ, Е.Жанпейісов, М.Томанов сынды келесі буын өкілдерінің еңбектері өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы даму үрдісін, қазақ тіл білімінің кәсіби деңгейін көтеріп, тілді зерттеудің мектебін қалыптастырды. Осы буынның еншісіне тәуелсіздік таңын көріп, ана тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына куә болып қана қоймай, қазақ сөзінің құдіреті мен әлеуетін қоғам мүшелері мен билік өкілдеріне дәлелдеу бақыты да бұйырды. Олардың еңбектері – ана тілінің қазынасы мен қасиетін ел игілігіне жаратуды, танытуды мақсат еткен арыс-тұлғалардың ой-арманын тәуелсіз мемлекеттің жас ұрпағына жеткізген «алтын көпір» іспетті.
Соның айқын көрінісі – қазақ елінің бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік өмірі мен заманауи контекстегі тілдің қызметі мен әлеуетін инновациялық, интеллектуалдық, функционалдық тұрғыдан ғаламдастырушы құрал деп тануды тарихи дәстүр сабақтастығында, адамтанымдық үрдісте жалғастырушы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеу жұмыстары. Осы бағдарға сай ұжымды ұйыстырып, «Ұлт тұғыры – тілде» деген қағиданы дәйектейтін тіл білімінің сан саласын (ономастика, түбіртану, терминология, семасиология, фразеология, диалектология, лексикография, этнолингвистика, т.б.) жетілдіруге, жалпы, жан-жақты ғылыми-зерттеушілік жұмысты ұйымдастыруға ұзақ жылдар бойы басшы ретінде де, ғалым ретінде де ерен еңбек еткен тұғырлы тұлға – академик Ә.Т.Қайдар.
Ғалымның: «Бір буынды түбірлер мен негіздер қазақ тілінің, сондай-ақ барлық түркі тілдерінің байырғы сөздік қорының ұйытқысы, негізгі өзегі», – деген пікірінің ұлағаты қазақ тіл білімінен асып, түркітану ілімінде кеңінен танымал болды. Дегенмен ғалым шығармашылығының негізгі арқауын құратын – «Этносты тіл айнасында бейнелеу» (М.М.Копыленко) деген қағидаға сәйкес ғылыми мұрасы. Оның мәнін академик Ә.Қайдардың мына тұжырымдамасы тарқатып береді: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулары арқылы, мәдени ескерткіштер мен әр түрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты, т.б. тек тіл фактлері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер арқылы ғана бізге жетуі мүмкін».
Атап айтқанда, қазақ тіл білімінде тіл арқылы адам санасында құрылымдалған танымдық қорды және тіл арқылы бойға сіңген рухани құндылықтар жүйесін, ұлттық мінез-құлық пен бітім болмысты зерттеуге бет бұрған қазіргі тіл білімінің адамтанымдық (антропоөзектік) бағыты қалыптасуда. Осы тектес танымдық та, кешенді зерттеу үрдісін қалыптастыруға негіз болатын тіл құдіретінің сипатына сай қалыптасқан тілдің мазмұндық деректік әлеуеті. Ол өз кезегінде тілдің коммуникативтік қызметіне қоса мұрагерлік қызметіне сай бейнелейтін әлеуметтік деңгейін де көтеріп, оның ұлттық мазмұнына тереңдей түсуіне мүмкіндік береді. Себебі тіл – сол тілді тұтынушы тіл иесі ретіндегі этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының асыл қазынасы, өз бойында ұлт тарихын, төл даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Мұндай жүйені зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екені байқалуда.
Осыған орай, тілдің күрделі таңбалық жүйесіндегі тілді тұтынушыларға қажет тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы және қайта құрушы құрал ретінде дәйектеп, дәлелдеудің негізін қалаған қазақ тіл білімінің көрнекті тілші-ғалымдары Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақ, Е.Жанпейісов, Н.Уәли, т.б. ғалымдардың еңбектері.
Соның нәтижесінде «сөз – заттың, құбылыстың тура таңбасы, дүниенің тікелей бейнесі емес, ұлттық ұжымның дүниені көруі мен күнделікті тұрмыс пен еңбек тәжірибесі барысында архетиптік тілдік санасында және шығармашылық үдеріс нәтижесінде туған бейнесі» деген қағида дәлелденеді.
Сайып келгенде, осы бағыттағы зерттеулер қазақ тілінің қазақ жұрты үшін жай ғана қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық болмысты сақтап, төл мәдениет пен ұлттық рухты ұрпақтан-ұрпаққа біртұтастырып тұратын ең өзекті арқау екенін дәлелдейді.
Міне, ғалымның осы тұжырымдамаға сәйкес ұзақ жыл бойы көненің көзіндей болып, тілдің қат-қабат қойнауларында сақталған, тіл иесінің өмір сүріп, тұрмыс кешкен ортасында қалыптасқан дүниетанымының сырын бейнелейтін тілдік қазынаны зерттеу нәтижесі – «Қазақтар: Ана тілі әлемінде» атты қазақ тілінің үштомдық этнолингвистикалық сөздігі (Алматы, 2009 –2013ж.). Қазақ болмысын «Адам», «Қоғам», «Табиғат» макрожүйесі мен оларды әрі қарай микрожүйелерге жіктеп сипаттайтын тілдік ақпаратқа сүйенген бұл кешенді жұмысы – академик Ә.Т. Қайдардың ғылыми шығармашылық, тұлғалық, тіпті ғұмырнамалық тұғырын белгілейтін маңызды еңбегі. Деректік көлемі, дәйектілік тереңдігі, рухани-мәдени құндылығы тұрғысынан қазақтану ілімін дамытуға қосқан құнды үлес.
Мысалы, осы сөздіктің «Адам» деп аталатын томында тілдің тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар тіл иесінің (қазақтың) ақыл-ойының қайнар көзі, танымдық қоры ретіндегі қызметі, сөзді өнер деп бағалаған қазақ дүниетанымының тілдік деректерінің жүйесі берілген: арзан сөз, астарлы сөз, аталы сөз, ауыр сөз, ащы сөз, босалқы сөз, бос сөз, жақсы сөз, жаман сөз, жылы сөз, көп сөз, көсем сөз, қаңқу сөз, т.б. әрбір сөз түрінің қолданысында сөздің әлеуметтік қызметін, тәрбиелік мәнін, психологиялық ықпалын көрсететін қазақ қоғамындағы коммуникативтік қызметі астарланған.
Сонымен бірге табиғатпен астас тұрмыс кешіп, ата кәсібі мал шаруашылығымен байланысты қазақ дүниетанымында қалыптасқан табиғат құбылыстарына қатысты тілдік деректер «Табиғат» атты томында жүйелі түрде берілген: ақ боран, ақ құйрық боран, ақ түтек боран, ақ шұнақ боран, алтын күрек, аңызақ жел, Ебі желі, еспек жел, керімсал жел, қоңыр жел, өкпек жел, бесқонақ, тоғыс, жұт (түрлері т.б.).
Тіл деректерін халықтың тарихымен, мәдениетімен, психологиясымен, философиясымен сабақтас таныған бұл еңбек – тек лингвистер қауымы үшін ғана емес, өз жұртының тарихын, тегін, ділін, мәдениетін т.б. қадір-қасиетін білсем деген кез келген қоғам мүшесі үшін маңызды ақпараттық-танымдық қор. Оның мұндай кең өрісті мазмұнға ие болуы ғалымның тегіндегі терең ұлтжандылық сезімі мен тілтанымдық білімі негізінде соны терең түсінуді мақсат еткен кең тынысты, ғылыми-танымдық ізденістеріне ұласуына байланысты. Атап айтқанда, қаңлы тайпасына қатысты тілдік, тарихи, әлеуметтік, рухани, мәдени деректермен дәйектелген «Қаңлы: Тарихи шежіре» және «Қазақ қандай халық?» монографиялары ғалым санасының «қазақ әлемімен» тұтасқан ғылыми көкжиегін, ықылым замандардағы ғұламалардың энциклопедиялық тұлғасымен үндескен, рухани жаңғыру үрдісін тіл арқылы жүзеге асырудың басында тұрған жан-жақты дамыған ұлттық тұлға екенін көрсетеді. Ал тұлға қалыптасуын түсіндіретін зерттеулерде оның үш деңгейі анықталатыны белгілі. Соған сәйкес алғашқы кезеңі адамның тумысынан жаратылысы, шыққан тегі, кіндік қаны тамған, өсіп, есейген туған жерімен байланысты. Осы жерде ғалымның өмір бойы әріптес ретінде бірге қызмет еткен, үзеңгілес досы академик Р.Сыздықтың досының туған жерін көргенде сезінген толғанысы назар аударарлық: «Ойпырмай, мынадай әсемдік бесігінде тербелген адам жаны жайсаң, мінезі жұмсақ, арамдық-қулықтан аулақ болып өсетін болу керек. Айналамнан осындай адамдарды көргім келеді. Құдайға шүкір, көріп те келем. Солардың бірі – академик Әбдуәлі Қайдаров».
Адам жанын терең сезініп, бағалай алатын ғалым дос туралы жүрекжарды пейілін әрі қарай тарқатып, туған жерінің сұлу табиғатының Әбекең бойына жаратқан тағы бір қабілетін атап көрсетеді. Ол – сурет пен музыка өнері. Демек, қазақ танымында ерекше бағаланған сөз өнері, тұла дүниені көркем бейнелейтін сурет өнері және жанын тербеген саз өнерінің бойында тоғысуы Ұлы дала баласының тұтас тұлғасын қалыптастырғаны – заңды құбылыс.
Шын мәнінде, ардақты ұстазымыздың кең пейіл, ұстамды, дархан мінезіне тәнті болып, тәрбие алдық. Бір қарағанда қарапайым, момын көрінетін кешірімшіл қазақы мінезін өнеге тұттық. Бірақ «терең өзен ақырын ағады» дегендей, осы парасат тереңінен керек жерде бұлқынып бетіне шығатын қайсарлық, батырлық мінезінің көрінісіне де куәгер болдық. Ол академик Ә.Қайдардың әріптестері, шәкірттері атап көрсеткен үш майданның бел ортасында жүріп, атқарған белсенді қызметі тұсында айқын көрінген. Ол майданның біріншісі – он сегізге толмаған албырт жастың өз еркімен соғысқа аттанып, төрт жыл бойы Ұлы Отан соғысының қан майданында болуы.
Екіншісі – жоғарыда көрсетілген қазақ тіл білімінің жан-жақты саласын кеңейтіп, кәсіби деңгейін көтеруге байланысты ғылым майданы.
Үшіншісі – тәуелсіз Қазақстанда ана тілінің мемлекеттік мәртебе алуы мен қоғамдағы тілдік саясат пен тілдік жағдаятқа қатысты күрес майданы. Осы мәселелерге қатысты мемлекеттік тілдің қызметін жанжандыратын «Қазақ тілі» қоғамын құру, «Ана тілі» газетін ашу, тілді үйрету мен оқытудың бағдарламаларын әзірлеу, қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың қағидаларын анықтау, т.с.с. сан қилы мемлекеттік, қоғамдық шараларды жүзеге асыруда академик Ә.Қайдардың байсалды да, ғылыми дәйекті пікірі басшылыққа алынып, қоғамның лайықты бағасына ие болды.
Жалпы, академик Ә.Қайдардың ғылыми мұрасын зерделеу барысында ата-бабамыздың ғалымды «инемен құдық қазғандай» деген сипаты бірден еске түседі. Шын мәнінде ғалымның зерттеушілік қызметіне таза академиялық сипат тән. Сондықтан да, ғалым мұрасында өзектелген «тіл тамыршысы», «тіл әлемі» сияқты ұғымдар ғалым тұлғасының зерттеушілік болмысын да, ғылыми әдіснамалық негізінде айқындайды.
Үшінші құрылтайдың елдік тұжырымдамасында белгіленген «Адалдық» құндылығын қазіргі таңдағы қазақ санасының жаңғыру бағдарының арқауы ретінде игеруге үлгі болатын – академик Ә.Қайдар сынды тұлғалардың елге деген адал қызметі. Туған жеріне, жұртының игілігін көтеретін ана тілінің ұлт ұйыстырушылық, бір мақсатқа жұмылдырушылық қызметін талмай зерттеуде адалдықтың үлгісін көрсетіп, тоқсан жасқа келгенше қолынан қаламы түспеген, ғасырлық мерейтойларын ел-жұрты тойлағалы отырған академик Ә.Қайдар, Р.Сыздық іспетті ғалым-тұлғалардың аманатына адал болу – жаңа ұрпаққа қасиетті парыз. Бұл – сайып келгенде, жаһандану заманында қазақ боп сақталудың кепілі.
Жамал МАНКЕЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
Бас ғылыми қызметкері