Күйге айналған тағдыр
12.01.2024
658
0

Ә.Хасенұлы 1955 жыл

Тайпалап жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй.
                                     Ілияс Жансүгіров.
Домбыра мұнша  шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе! 
                          Қасым Аманжолов.  
Әбікен Хасенов – қазақ даласына келген зұлматтың өртіне шарпылып, нәубет заманның қасіретін көрген, сол қасіретті тағдырының шырмауынан шыға алмай кеткен күйші.  Ол  – Кеңес өкіметі саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшырап, қызыл қырғында барынан айрылып, рухы қайта тірілген күйші. Ол – көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмай кеткен дарын иесі. 
Әбікен Хасенов – Тәттімбет күйлерінің ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасына айналуына орасан зор үлес қосқан, оны түпнұсқа деңгейінде шеберлікпен орындап, тұңғыш рет күйтабаққа және магниттік таспаларға жаздырған, нотаға түсірткізген,  күй мұрасын халыққа кеңінен насихаттаған ғаламат күйші.  Тәттімбет қана емес, Арқа өңірінің Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Әбди, Итаяқ бастаған күйші-композиторларының күйлерін теңдессіз шеберлікпен орындап, халқымыздың музыка өнерінің қорын байытқан адам. Қазақ даласының шертпе күйін шырқау биікке көтеріп, күмбір күйдің дарабозына айналған өнер иесі ұшы-қиыры жоқ, ұшқан құстың қанаты талар Арқа жерінің өлшеусіз күй мұрасын, сол күймен бірге даланың бүкіл кеңдігі мен қайтпас қайсар табиғатын бойына сіңірген құдіретті тұлға еді. 

Ә.Хасенов. 1937 жыл

Жанғали Жүзбаев, күйші, ғалым, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Біріншіден, Әбікен кім? Оның қазақ руханияты мен мәдениетіндегі орны қандай? Сөзді осындай сауалдармен бастауымының себебі, осы уақытқа дейін Әбікеннің өмірбаяны толық жазылған емес. Әлі күнге дейін оның туған жылы, ата шежіресі жайлы, қай ортадан шықты, қандай жағдайда өмір сүрді деген сұраққа жарытымды жауап болған жоқ. Ол  жөнінде жазылған мәліметтер, тарихи деректер өте аз. Әбікен қазіргі Қарағанды облысы Ақсу-Аюлы өңірі Шет ауданында дүниеге келген екен.   Әбікеннің өскен ортасы, әулеті жөнінде айтар болсақ,   атақты Көпбайды тілге тиек етпей өтуге болмайды.  Көпбай болыс Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге болыстыққа таласқан,  сол замандағы зиялының бірі болған адам. Әбікеннің Сәдуақас деген ағсы орыс георграфиялық қоғамының мүшесі болыпты. Қысқасы, көзі ашық интеллигенция өте көп шыққан бұлардың әулетінен. Сондай ортадан шығып,  Тәттімбеттің, Итаяқтың, Сайдалы Сары Тоқаның, Дайрабайдың күйлерін ел арасына насихаттаған Әбікеннің жастай «Күйші бала» деген аты шығады. Әбікеннің үлгі алған ұстаздары да қазақ өнерінің, оның ішінде күй саласының ірі классиктері болып келеді. Мысалы, Әбди, Қыздарбек, Сембек, Баубек сияқты атақты күйшілердің күйлерінің барлығының күйлері қазір орындалып жүр. Бұлардың бәрі Әбікенге кәдімгі үлгі көрсеткен, қолына домбыра ұстатқан Әбікеннің ұстаздары – қазақ өнерінің ірі тұлғалары. 
Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай:
– Әбікен Хасеновті біз Қазақ радиосы арқылы таныдық қой. Біздің бала кезімізде Әбікеннің аты аса айтыла қойған жоқ. Бірақ біздің радио      қазақтың небір өнерпаздарын насихаттап тұрды ғой. Бұл кісінің радиоға жазылып алынған, «Алтын қордағы» күйлері жиі-жиі болмаса да, ара-тұра берілетіні есімде. Сол кездерде» Әбікен Хасеновтың орындауында «Қоңыр» күйі» дегенді  еміс-еміс естіп өстік. Әбікеннің аты кейін өнерді зерттеуге, соның соңына түскеннен соң алдымнан жиі шыға берді. Әрине,  қазақтың күй өнері , әсіресе Тәттімбет туралы сөз болғанда, Сайдалы Сары Тоқа, Қыздарбек туралы ,  жалпы осы Арқаның күйшілік мектебі туралы сөз болғанда. одан кейін 31-32 жылдардағы ашаршылық, 37 жылғы репрессия, сосын Сәкен Сейфуллин туралы сөз қозғалғанда, Әбікенді айналып өте алмайсың. Әбікенге келіп, тіреле бересің, тіреле бересің. Әбікен Хасенов сол кезде асқар таудай болып алдыңнан шығады да тұрады.  Өйткені оның өмірі өте күрделі өмір. Өнерпаз ретінде де ол өте бір тар жол, тайғақ кешулерден өткен адам. Өмірінің соңына дейін өмірдің де, өнердің де қызығын көре алмай өткен адам деп айтуға болады. Ылғи  сақтанып  ғұмыр кешкен кісі. Туған жерін өмір бақи жасырып өткен ғой. Қай жақтың тумасысы?» десе, «Семей жақтікімін» дейді екен. Біліп қоймасын дейді ғой. Әбікеннің қауіптенетіні сол, оның Кеңес үкіметі кезіндегі, Кеңес үкіметі орнап жатқан, большевиктердің билігі тұсындағы көрген қорлығы, құқайы күйшіні өте сақ жүруге мәжбүрлеген еді. 
Иә, Әбікен күйші туралы сөз болғанда оның текті ортадан шыққандығы, Сарыарқа жерін жоңғарлардан азат еткен Таныбай батырдың ұрпағы екендігі туралы айтпай кетуге болмайды. 
Ерлан Төлеутай: 
– Әбікен – жуан атаның тұқымы.  Мына Балқаш өңірі, Сарышаған  өңірлерін жайлайтын Кәрсөн-Керней деген ру бар. Сол Кернейдің ішінде Таныбай деген үлкен ата бар. Әбікен сол Таныбайдан тарайды. Таныбайдың заманы Тәуке ханның заманымен тұс келеді. Таныбай Абылайханның  заманын көрген адам. Ғажап батыр болған адам.  Бірақ бір перзентке зар бопты дейді. Әйелінен бала болмайды. Жаугершілік заман. Ат белдеуде, найза іргеде сүйеулі тұратын заман. Сол уақытта Таныбайдың жауға мінетін бір тұлпары бар екен дейді. Соны бір күні ағайындарының баласы кезек-кезек мініп, атты болдырып әкеп тастаса керек.  Атының болдырып тұрғанын көрнен батыр ашуға мінеді.  Сөйтіп, ашу үстінде ағайындарына ренжіп, «Мына жүгірмектеріңе неге қой демейсіңде?» деп ренжитін көрінеді. Сонда ағайындарының бірінің «Бұлар мінбегенде сен бұны енді кімге мінгізейін деп жүрсің? Қай балаңа мінгізгелі жүрсің?» дегені жанына қатты батып, өтіп кетеді. «Беліңнен балаң жоқ» дегенді меңзегені ғой енді. «Сөз сүйктен өтеді». Батыр тас-талқан ашуланып, «Мен мұндай ағайынның арасында отырмаймын!» деп, үйін жығып, көшуге бет алады. Шуды бетке алып көшеді . Елдің жақсылары ара түсіп, «Бір ашуыңызды қиыңыз, қайтыңыз, батыр!» десе, «Жоқ, мен бұл елде тұрмаймын!» деп ертоқымын бауырына алып тулаған батыр ешкімнің сөзіне құлақ  аспай, тыңдамай, тарта береді. Амалдары құрыған жұрт  тоқтата алмайды. Батырдың ашуы қатты. Бет қаратпайды. Сол заманда Наймантай деген батыр болған. Әкелі балалы Наймантай-Байғозы батыр дейді ел арасында. Наймантай әкесі. Ол да Орта Жүздің туын көтерген Тәуке хан заманының үлкен батыры. Жоғарыдағы әңгіме сол кісінің құлағына жетеді. Екеуі дос-жар екен. Әлгіні естеген соң батырдың соңынан қуады. Бетпақтың шөлімен соңынан қуып жетіп, «Әй, Таныбай тоқта, қайт кейін! Бұның не?!»  деп тоқтатқысы келеді. Анау – қайтпайды. Алай жалынады, былай жалынады. Батыр райынан қайтпаған соң, «Осы атты саған шалдым, міне!» деп өзінің астындағы атын сол тұрған жерінде тамағынан орып жібереді.. «Барғасын өзім айттырып, саған қыз алып берем!» дейді. Ол кезде ердің астындағы атын шалып жіберуі дегенің ерлердің өзара түсіністікке келу жолындағы, бір шешімге келу жолындағы ең соңғы мүмкіндік, ең соңғы амал болса керек.  . Аты қорқырап жатыр. Жөпелдемеде мұндайды күтпеген батыр тосылып қалыпты.  Наймантай батыр айтты дейді : « Таныбай, достым, қайт елге! Ағайынның сөзін қайтесің?!»  – деп елге қайтарып алып келіп, келген соң уәдесінде тұрып, елден бір қыз айттырып әпереді.  Таныбай батыр сол қыздан балалы болады. Сол қыздан туған сегіз бала үлкен ел болды. Ішінен небір ел ағалары шығады. Әсіресе сол әулеттен өнер адамдары көп шыққан екен. Бүгінгі біз айтып отырған Әбікен күйші де сол – Таныбай батырдың тұқымы. Әбікеннің атасы Көпбай. «Көпбай болыс» деп айтады біздің жақта. Көпбай өз заманының қайраткер ері болған. 
Расында, үнсіз тынып жатқан Сарыарқа даласының айтар сыры көп.  Біз сөз етіп отырған Әбікен Хасенұлының үлкен әкесі Таныбай батырдың немересі – Көпбай сонау XIX ғасырдың басында өмір сүрген, ел билеген, сөзге ділмәр, атағы бүкіл Қаракесек руына жайылған, қара қылды қақ жарған турашылдығымен дүйім елге мәшһүр  болған адам. Сондай-ақ, Көпбай өңшең жүйрік, әдемі бозшұбар бес мың жылқы біткен өте ауқатты адам болған деседі. Көпбайдың кісілігі, мәрттігі ауыл арасымен шектелмей, ел қамы, халық тағдырына қатысты өрелі істерде де ол көш бастап отырған. Кәрсөн- Керней елін 20 жылдай билеген Көпбай болыс туралы  Шөже ақынның:
Қаракесек Кәрсөннен шыққан Көпбай,
Шықты да, сөне қалды жанған оттай, –
деп жырлауынан оның тым жас қайтыс болғанын бағамдауға болады. Өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді шешен адамы болған Көбекең сол кездегі қазақтың біртуар билерімен тізе қоса отырып, талай ішкі-сыртқы шаруаларға бас болыпты.  
Ерлан Төлеутай:
Сол Көпбай еліне оралған соң төрт баланың әкесі болыпты.  Төрт баланың бірі Хасен – Әбікеннің әкесі.  Сол елде атақты Қияштың Нұрланы деген болған. Қареке Қияштың Нұрланы дейді. Қазір айтып жүргеніміздей,  қазақтың жерін сақтап қалған Тәшеновтың туыстары. Ел білетін кәсіпкер – Болат Әбіловтың бабасы.   Қияш өзі де сұмдық бетті адам болыпты. Ал Нұрлан деген баласы ғажап бір жомарт кісі болған дейді. Ол да өз заманының беделді кісісі екен. Хасен сол Нұрланның Күлше деген қызын Әбікенге айттырып алып береді. Өзі де анадай тақты тұқымнан шыққан, алған әйелі де осал жерден емес болған соң Әбікеннің жағдайы әлбетте жақсы болады ғой. Болыстың немересі, өнерпаздық жолымен аты шығып,  сән-салтанатымен жақсы, еркін  өмір сүріп жатады. Өздері не заманнан билікте келе жатқан тұқым. Сол себепті әкесі оны да билікке баулыған екен. Бірақ Әбікеннің мойны жар бермейді. Күйге қарай бұрылып кете береді, кете береді. Сөйтіп, бұның алғашқы ұстазы, Көпбайдан тараған төрт ұлдың бірінен Рақыш, Сәдуақас деген туады. Сәдуақастың баласы Мақаш ерен күйші болған. Әбікен сол Мақаштан үйренеді күйді. Мақашты Әбікеннің алғашқы ұстазы деуге болады. Өзінің немере ағасы ғой енді. Содан кейінгі бұл кісінің бір үлгі алған адамы Ақмолда күйші болады. Одан өзге  Баубек күйші деген болған. Сол Баубектен ол кісі өте жақсы тәлім алады. Со заманда қырық тармақты, қырық буынды «Балбырауын» деген күй болыпты шертпе күйде. Соның бір үлгілерін осы Баубектиен алған деседі.  Содан кейін Итаяқ деген күйші болыпты. Үлкен күйші.  Өз заманының дәулескер күйшісі.  Ол бір зор күйші болған деседі. Сол Итаяқ күйшіден Әбікен Дайрабайдың күйлерін үйренеді. Ол кезде Дайрабай Арқада жоқ. Ол істі болып, ертерек Түркістан жаққа ауып кеткен екен. Дайрабайдың да өмірі үлкен трагедия. Оны да 37 жылы Түркістан жақта өлтіреді. Өзі жоқ болғаннан кейін Әбікен сол Дайрабайдың күйлерін Итаяқтан үйренген дейді. Міне, Әбікен осылайша Қыздарбекке келеді.  Қыздарбек  ол кезде тірі. Ол 1927 жылы қайтыс болады. Әбікен ертерек келіп, Қыздарбектің алдын көріп, бата алған. Әбікеннің кереметтігі сол. Сайдалы Сары Тоқаны көрді ме, көре алмады ма – ол туралы дерек жоқ. Себебі ол ертеректе өлген. Көре алмаған сыңайлы. Өйткені  Әбікен ол кезде әлі бала болса керек. Бірақ Қыздарбекті көргені анық. Сол Қыздарбектің айналасында Әбді, Сембек деген күйшілер болған. Әбікен осы күйшілерді пір тұтып, Әбді мен Сембектен көп күйлер үйренеді. Осылайша Әбікен өзінің күйшілік болмыс-бітімін айқындап, толық қалыптастырады. Сөйтіп, өз елінің аумағынан асып,  «Әбікен күйші» деген аты шығады. Сән-салтанат құрады. Ол кезде Сәкен Сейфуллиннің де жас кезі екен.  Екеуі дос-жар болады. Сөйтіп жүргенде Кеңес өкіметі  орнайды. Совет өкіметі орнағаннан кейін,  1920 жылдан бастап Көпбай әулетінің басына қара бұлт үйіріледі.  Көп ұзамай, большевиктер билікке келісімен, Көпбай әулетінің дәурені бітеді. Жаңа өкімет бұларды талайды.  Оларға қосылып  өзінің ағайындары да осы іске белсене араласады.  Көпбай әулетіндегі Қыздарбек күйшілік мектебінің күлі көкке ұшады.  Сармантайдың Ахметжаны деген тағы бір үлкен дәулескер күйші болған екен. Алдымен сол ұсталады. Содан кейін Кәрібек деген ғажап күйші болған деседі. Жансыздар Кәрібекке 1930-жылдары у беріп өлтіреді. Сосын 31 жылы Әбді күйшіні түрмеде атып өлтіреді. Бір амалын тауып елден қашып шыққан Сембек күйшіні де соңынан қуып жүріп өлтіреді.  Хан тауына жеткенде ұстап, Хан тауының етегінде кешегі Қазақ Хандығының туы көтерілген Шудың бойында атады. Ол кезде Әбікен үлкен өнерпаз еді. Болды ғой енді, ешқандай үміт жоқ,  Әбдіні жендеттер атайын деп жатқанда, сонда айтты дейді: «Көкірегімде бір сарын кетіп бара жатыр. Әбікенді шақырыңдаршы! Бір тартып көрсетейін. Содан кейін атыңдаршы!» – деп жалынды дейді. Содан Әбікенді шақырады. Әбікен келеді. Әбді жаңағы күйін шертеді. Сол кезде Әбікен әлі қырыққа толмаған жігіт екен. Бір-ақ рет тартқан кезде Әбікен: «Ақке-ай,  тағы бір тартыңызшы!» – деп айтты дейді. Сұмдық енді. Бұл айтуға өте ауыр әңгімелер. Әбді тағы бір қайтара тартып,  Әбікен сол күйді алып қалыпты. 
Сол күні Әбді атылады. Ал екі-ақ рет тыңдап қалған күй Әбікеннің көкірегінде кетеді. Әбікен күйші оны отыз жылдай жасырып тартып келеді. Тек өмірден өтерінде ғана «Әбдидің Қосбасары» деген атпен аманатты күйтабаққа жаздырып қалдырған екен. Бұл Арқа елінің күйшілерінің ғана емес, құдіретті өнерінің де қасірет шегіп, тауқымет
тартқанын, тұншығып барып, зорға жарыққа шыққанының бір ғана көрінісі. Ал күйшілердің көкейінде кеткені қаншама?!
Ерлан Төлеутай мырза бұл күйді кезінде Болатқан Тәшімов деген Қарағанды филормониясының үлкен күйшісі болғанын, сол кісінің үнемі шетіп отыратынын айтады. Ал енді Сембек бейшараның сол қашқаннан қашып, Хан тауының етегіне жеткенде қандықол қуғыншылырдың қолынан мерт болғаны айтылды ғой. Ол заманда қазіргідей машина жоқ, атпен қашады. Қуғыншылар соңына түсіп, соноооу Шет ауданы өңірінен қуып ізіне түсіп келіп қазіргі Жамбыл облысына қарасты Шудың Арқа жағындағы Хан тауы деген таулардың түбіне келгенде қуып жетіп, атын болдыртып, өзін жығып, жендеттер қарқылдап күліп, әбден мазық қылады. Арасында біреуі «Әй, сезбес, не боларыңды сезбей тұрсың-ау! Енді бір күй тартып өл, босқа өлме!» депті» дейді. Сонда  Сембек айтыпты: «Әй, осы сөзді Құдай сенің аузыңа салды-ау. Мынау «Сезбестің күйі» болсын деп бұрын естімеген бір өзгеше күйді тартыпты. Күйді тартып болғаннан кейін жендеттер тап сол жерде мылтықты шүйдесіне, тура қарақұсқа тақап тұрып атып тастапты. Сембек сол жерде өледі. Ағайындары кейін әйтеуір сүйегін тауып әкеліп жер қойнына тапсырса керек. Қорқып, әбден үрей билеген ел-жұрты  бертінге дейін бұл туралы ләм-мим деп тіс жармаған екен.  «Зәрубай Сүйіндіков деген күйші болды  Қарағандыда. Сол шет өңірінің азаматы еді, Сол «Сезбестің күйі» деген күйді ұстап қалған екен. Мен жазып алып едім. Сол кісі ғана тартатын әлгі күйді. Көшіп-қонып жүргенде кассетаны жоғалтып алдым. Жер-көктен іздеп таба алмадым. Сондай бір өкініші бар ол күйдің, – дейді Ерлан Төлеутай мырза,  – Онымен қоймайды жаңағы жендеттер. Ауылға келіп, Қыздарбек мектебін түгел қырып салады большевиктердің қарғын төбеттері. Әбден көздері қызарып алған жендеттер Көпбай тұқымының атқамінер 18 адамын бір күнде асқан айуандықпен қорлап өлтіреді. Әйелдерін зорлайды, қорлайды. Сондай сұмдық 32 жылға дейін, тіпті 37 жылға дейін жалғасқан. Сөйтіп, Қыздарбек мектебі деген тып-типыл болып жойылады. Содан қалған жалғыз тұяқ Әбікеннің өзі солардың тұтқынына түсіп, пенде болады. 
Міне, осылайша, айрандай ұйып отырған Көпбай ауылы жендеттердің жын-ойнағына айналады. Ө Жендеттер өнер қонған ауылды емін-еркін билеп, ойларына келгенін жасайды. Елдің шұрайлы, құйқалы жерлерінің бәрін тартып алып, құндылық біткеннің бәрін аяққа таптап, кедей-кепшікке теңдік сыйлаған боп ағайынды бір-біріне айдап салады. 
Иә, 1921-1937 жылдардың Арқа жұртына салған зобалаңы бүгінде қатпар-қатпар тарих қойнауына сіңіп барады. Қазақтың сағын сындырған, арыстай азаматтарын қынадай қырған зар заманды, адам айтқысыз, жан төгісіз қасіретті қазақ ешқашан ұмыта қоймас. Жүректі тілім-тілім еткен жара жазыла қоймас. Жайлы қонысынан қопарыла көшкен жұрт, пана болар жер іздеп, босып кетеді. Голощекин заманының желеуімен  бас көтерер ауқаттыларды бірін қалдырмай тонау, соттау, шетінен өлтіріп, жер аудару басталды. Бұған жанын сала кіріскен  НКВД қызметкерлерімен қоса ауылдың шолақ белсенділері болды. Талай сұмдық аласапыран заманды, адам төзгісіз қияметті басынан кешірген  Арқа жеріне қасіреттің қара түнегін әкелген зұлматтың бұл басы ғана еді. Жығылғанға жұдырық болып оған ашаршылық қосылады. Маңдайынан соры арылмаған қайран жұрт тарыдай шашырап, босып кетті. Ең сұмдығы, атқаннан қалғаны аштықтан баудай түсіп, қара жолдың бойында сүйегі шашылып, көмусіз қалғаны еді… Кеңестік биліктің 20-30 жылдарында қазақ төрт миллионға жуық адамнан айырылғанынан  тарихтан білеміз. Ең өкініштісі, ағайынның өзі бірін-бірі аңдып, «Байдың тұқымы, ескі заманды көксейді» деген желеумен ұстатып жіберіп жатты. «Байдың сілімтігі» деп, «Ескі заманды көксеп, күй тартады» деп, Мақаш күйшіден бастап, саусағынан күй сорғалаған өнерпаздың бәрін қорлап өлтіреді. Міне, осындай қасіретке толы Кәрсөн-Керней елінің азаматтарын Көк доңғал деген жерде қынадай қырған жантүршігерлік оқиғадан Әбікен ғана аман қалады. 
Алайда қаныпезер заманның құрығынан Әбікен күйші де құтылып кете алмайды. Түрмеге түсіп, саяси қылмыскер ретінде қамауға алынады. Бірақ тар қапасты бұзып шығуға тағы да өзінің өмірінің өзегі, тіршілігінің мәніне айналған күй себепкер болады. Қамаудағыларды қолқаны қабатын сасық түрменің сыз қабырғаларынан анда-санда бір таза ауаға шығарады екен. Сол кездерде  түрме бастығының үйінен талып жеткен домбыра үнін құлағы шалып қалады. Күндердің күнінде әлгі үйдің есігінің алдында тұрған келіншектен үйіндегі домбыраны бір шертуді өтінеді. Қолына домбыра тиген бетте әбден шерменде болған Әбікен «Саржайлауды» сарнатып ала жөнеледі. 
Жанғали Жүзбаев:
– Әбікен әбден толысып, өзінің өнерпаздық болмысын қалыптастған шақта зұлмат заман келеді. Ашаршылық басталады. Ашаршылық  ресми түрде айтылғанмен,  32 жылы басталған жоқ. Ашаршылық 20-жылдардан басталады. Нақты айтқанда, 22-жылдан 28-жылға дейін байлардың малын тәркілеу, елдің малын тартып алып, ұжымға қосу сияқты кәдімгі қандықол большевиктік режимнің жұмыстары іске асып жатты. Сол саяси дүрбелеңде Әбікен Алашорда қозғалысына атсалысады. Бұл дерек көп жағдайда айтылмайды. Бұл деректерді Марат Әбсеметов сияқты біздің мықты жігіттер кейінгі зерттеулерінде жазып жүр. Әбікен қатысқан жиналыстар жөнінде нақты мағлұматтар бар.  Алашорданың алқалы жиындарында Әбікеннің болғаны жөнінде арнайы хаттамалар толтырылған. НКВД-ның тарапынан. Сөйтіп, арнайы айыпталып, кәдімгі атуға берілетін 58-ші баппенен тұтқындалып, Ақмоланың түрмесінде жатқан. Сол уақытта осындай үркіншілік  жағдайдың, ашаршылық пен ұжымдастыру алапатның келе жатқанын, қызыл тажалдың қазақ даласына қатысты қанқұйлы жоспарларын алдын ала білген, елден ерек сезген  қазақтың оқымыстылары, алашордашылар, оның ішінде басшы болған Әлімқан Ермеков сияқты ғұлама жігіттер Арқадағы малды алып, Бетпақ арқылы қыстатып, содан кейін Қытайға өткізуді  жоспарлап, арнайы құрылтай жасайды. Ол мына Новотроицк деген жерде болады. Новотроицк деген қазіргі мЖамбыл облысы Шу ауданының бұрынғы, Ақ патшаның заманындағы орысша атауы. Әбікен сол жердегі жиналыстарға бірнеше рет қатысады.  Сол жерде қызыл армиямен бірнеше қақтығыстар болады. Ақсу-Аюлы  Шет аймағының төңірегінде  де үлкен қақтығыстар болғаны тарихтан мәлім. Сол қақтығыстарда, жан алысқан, жан беріскен соғыстардлың бәрінің бел ортасында Әбікен жүреді. Әбікен «Халық жауы» деген баппен айыпталғаннан кейін  Ақмоланың түрмесіне түседі. Бұл 1931 жыл болады. Сол түрмеде өзінің жазасын күтіп жатқанда кәдімгі 32 жылғы қызыл сүйек ашаршылық келеді.  Бір деректер бойынша Әбікеннің күй тартқанын көрген сол жердегі түрменің бастығының әйелі өтініш жасап, Әбікенді түрмеден босатады дейді.  Ал енді бір деректерде қазақ даласында тігерге тұяқ қалмаған ашаршылықтан сол кездегі түрмедегі тұтқындарды асырау қиын болғадықтан оларды боатып жіберуге мәжбүл болған деседі. Соны пайдаланған түрме бастығы Әбікенге: «Заман алмағайып боп кетті. Атақты күйшісің ғой. Аман қал! Жаның өзіңе аманат болсын, еліңе қайт!»  деп түрмеден босатып қоя берген дейді.  Содан бұл жаяу-жалпылап  қазіргі біздің Астанамыздан Ақсу-Аюлыға дейін жаяу жүреді. Ашыршылық кезі. Барса, бүкіл әулеті, үй-ішінің бәрі опат болған. Жалғыз қарындасы ғана тірі қалыпты. Қарындасын алып, сол жердегі жамағайын нағашы жұртын тауып, содан аман қалады. Бірге туған бауырларынан ешкім тірі қалмайды. Атқаннан қалғаны ашаршылық пен қоса келген сүзектен түгел қырылып қалған. Кезіндегі солқылдаған даланың сал серісі болған Әбікеннің жағдайы мүшкіл еді. Әйтеуір  аман қалып, отыз үшінші жылға дейін бір жыл Балқашта қара жұмыс істейді. Қара жұмысқа жегілгенмен ол жерде де аңду, күндіз-түні НКВД-ның мылтығының ұңғысында жүреді. Содан маза бермегеннен кейін «Алматы қайдасың» деп жол тартады. 
Әкесі Хасен бетінен қақпаған, жасынан жасымай, еркін өскен Әбікен әзіл-қалжыңға бейім, өткір мінезді, сөзден сүрінбейтін, керісінше «Ат сүрінгенше» ақыл тауып кететін тапқыр, арасында тұздығы молдау орамды қалжыңымен баурап алатын, дауыс ырғағын құбылтып, отырыстарда домбыра шертіп, ептеп әзіл әндерді де айтатын болған. Еңселі, 
қыр мұрынды, иығы кең, апай төсті, қоңырқай өткір көзді, кесек бітімді тұлғасы  маңғаздау болмысымен ерек үйлескен керемт адам болыпты.  Әкесі шешендік сайыстарға апарып, ел басқару ісіне де баулиды. Бұл кезең Арқа жерінде күйшілік дәстүрдің  айрықша жанданып,  қобыз бен домбыраның қос шегінен төгілген күйлер кең даланы
тербетіп тұрған ғажап заман екен.Бұл жайында Ақселеу Сейдімбек ағамыз өзінің «Күй-шежіре» деген еңбегінде «Ілгеріде өткен Тәттімбет пен Тоқа ел тізгінін ұстап әрі күй тартуды мерей-мәртебе санап өскен соң ба, әйтеуір, солардың өкшесін баса дүр ете қалған күйшілер легі елдің рухани өміріне бір серпіліс әкелген құбылыс болды», – деп жазады. 
Әбікенді түрмеден босатып қоя берген 1932 жылдың көктемі еді. Түрмеден арып-ашып, жүдеп еліне келгенде, көргені тоз-тоз болған ел, тентіреген жетім бала, жоқтау айтқан ана, тау-тау боп көмілмей қалған өлген адам… Сүттей ұйып отырған шаңырағы ортасына түскен. Бір кездегі үлде мен бүлдеге оранып отырған жары Күлше сұлу мен одан туған Жаханша, Дәлелхан деген екі ұлы, Шапи, Баяу, Мәден деген қыздары тегіс аштықпен қоса келген сүзек ауруынан қырылған екен. Жалғыз қарындасы болса, өлі мен тірінің арасында аштықтан бұратылып, ауыл сыртында шидің ортасында тығылып жүрген жерінен тауып алады. Біраз ес жиып, әлденіп алған соң енді бұл елде қалуға болмайтынын түсінген Әбікен жан сауғалап, басы ауған жаққа кетеді. Қайтсем Алматыға жетем дейді. Түнде жүріп, күндіз көзге көрінген қамыс-қоғаны сағалап, арып-ашып жүріп, әзер дегенде Алматыға табан тірейді. Ақыры жас кездерінде бірге жүріп, дос болған Сәкен Сейфуллинді іздеп табады. Үйін сыртынан торуылдап біраз жүреді. Бір күні ел аяғы басылған кезде Сәкен үйінің есігін қағады. Баяғыдағы екі иығы қақпақтай, ойнақы көздері үнемі күшлімдеп тұратын кербез сұлу жігіттің орнында өткір көздеріне мұң ұялаған, қою қарақасының арасына терең сызат түскен, әбден азып-тозған досын көргенде Сәкеннің өңі аппақ қудай боп кетеді. Тек домбыра шегі үшін гана жаратылған салалы саусағынан сау тамтық қалмаған еді. Көзінің жасын жасыра алмаған Сәкен теріс айналып арғы бөлмеге кіріп кетеді. Артынша ытып шыққан келіншегі – Көке, төрге шығыңыз! – дейді. 
Қайғысының салмағы еңсесін басып, өзегін өртеген күйші іштен тынады. Сыртқа шығарса, тілін күйдіретінін білген ол Сәкенге кесірім тие ме деп те қорқады. Бірақ одан басқа барар жер, басар тауы да жоқ еді. 
Сәкен Сейфуллин ол кезде үлкен қызмет істейді. Ревкомның бастығы. Сол уақыттарда Сәкен Сейфуллинннің шаңырағы қазақ зиялыларының жиі бас қосатын ортасы болған көрінеді. Жазушы сондай күндерді Әбікенді Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков сияқты зиялылармен таныстырып, күйін тыңдатқызады. Сөйтіп, Әбікен тікелей сәкен Сейфуллиннің ықпалымен қазақ театрына,  қазіргі  М. Әуезов театрына жұмысқа алынады. Осылайша, Әбікеннің театрдағы өмірі басталады. 
Бұл 1934 жыл еді. Театрдың директоры Орынбек Беков деген кісі құйрығында шаласы бар ауылдасын танымағандай кейіп танытып, Әбікенді жұмысқа алғысы келмейді. Алайда, Әбікеннің жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан кісілік қасиеттер аңғарған адам танығыш Мұхтар Әуезов:
– Осы жігіт бізді жаңылдырмас. Кейпінде келістілік бар екен. Актерлеріміздің қайсысы оқып келіп жатыр?! Бұлардың мектебі даланың өзі ғой, – деп, Әбікеннің мәселесін қолма-қол
шешіп жіберіпті. Әбікен Әуезов театрында өмірінің соңына дейін қызмет етеді. Актер ретінде ол М.Әуезовтің «Абайында» – Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қодар, «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Балта, М.Ақынжановтың «Исатай мен Махамбетінде» – Балқы, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Мұса, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» Тайман бейнелерін нанымды сомдап, кесек бейнелер жасайды.

1950 жыл. М.Әуезовтің «Абай» спектаклі, Құнанбайдың рөлі

Әбікен күйшінің театрдағы сомдаған бейнелерінің соншалықты нанымды шығатыны, оның актер ретіндегі шеберлігі хақында белгілі актриса Хабиба Елебекова апамыз көзі тірісінде көп айтады екен. Ол кісінің жазып қалдырған естеліктерінде де Әбікен есімі жиі аталады. 

Абайда Құнанбайды ойнайды. «Мына Қалллекидің Құнанбайы жұмсақ болды  дейді. Жұмсақ шықты. Ал Әбікеннің Құнанбайы нағыз Құнанбай еді. Ызбарлы. Нағыз дала билеушісіне тән Құнанбай еді, – деп айтады екен, – Әбікеннің рольдерінің бәрі керемет болды. Балтаны да ғажап ойнады. Ал Балқы деген ролі енді ғажап». «Исатай-Махамбет» қойлымы болып жатқанда Балқы Махамбетке жолдас боп жүріп, Махамбет «Мен қалжырадым. Ұйықтап алайын» деп көзі ілініп кеткенде жүгіріп барып жасауылдарды  ертіп алып келе жатады екен. Махамбетті ұстауға. Жансыз ғой енді. Сонда көрермендер залында отырғандардың арасынан бір тапаншалы  кісі атып шықты дейді.  Ал Хабиба апамыздың өз аузынан естіген осы бір әңгімені Ерлан Төлеутай мырзадан тыңдаған едік. 
Қойылымның аяқ астынан мұндай сипат аларын күтпеген көрермен дүрлігісіп, әп-сәтте шымылдық жабылады. Сөйтсе, әлгі кісі соғыста болған әскери адам екен. Кейін әлгі адамнан «Неге өйттіңіз?» деп жауап алғанда: «Балқы бейнесіндегі актердің жауыздығына сенгенім сонша  қайтып сахнаға шықса, атып тастауым мүмкін еді», – депті. 
Айта кететін тағы бір жайт. Әбікен Хасеновке осындай дара өнері үшін 1934 жылы «Халық әртісі» атағы беріледі.  Алайда бұл да еш жерде айтылмайды. Оны растайтын құжат тек мемлекеттік архивте ғана сақталған. Ол туралы бірде –бір жерде айтылмайды да, жазылмайды да. Онсыз да тағдырдан теперіш көрген дарабоз таланттың болғаны жайлы мүлде ұмытқандаймыз. Сондай-ақ Әбікен Хасенов «Қазақфильм» киностудиясында да бірнеше көркемфильмде негізгі рөлдерді
сомдап, кино әлеміне де өз үлесін қосқан тұлға .
Өздеріңізді қазақтың шертпе күйінің хас шебері, Тәттімбет бастаған Арқа күйшілік мектебі мұраларын ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасына айналдыруға орасан зор үлес қосқан дара тұлға, он саусағынан күй сорғалаған дәулескер күйші, ғаламат домбырашы, актер Әбікен Хасеновтің өмірі мен шығармашылығынан біраз сыр шерттік.  Қазақтың
Сарыарқасын күймен тербеген шертпе күй шеберінің ата-тегі, өскен ортасы, күйші ретінде қалыптасқан мектебу хақында аз-кем әңгіме өрбіттік. Енді Әбікен күйшіні өзгелерден даралап тұрған қасиеттері, ерекшеліктері, күйшілік өнері, оның зерттеп-зерделенуі хақындағы мәселеге келейік. 
Мұрат Әбуғазы:  Әбікен Хасенов қазақ шертпе күй өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан тұлға. Әсіресе  мына Арқадағы Тәттімбет қалыптастырған мектепті шашасына шаң жұқтырмай біздің заманымызға жеткізген, оны биік орындаушылық шеберлікпен табыстаған тұлға. Әбікен Хасенұлы  атамыздың орындаушылық шеберлігі үлкен бір биік белес. Қазіргі мына оқу орындарында оқып жатқан студент жастар болсын, осы домбыраның, күй өнерінің соңына түскен адам Әбікеннің орындаушылық мектебі,  шертпе күйдегі шеберлігін бойына сіңірмей үлкен домбырашы болуы екіталай дүние. Ал енді Әбікен атамыздың жанынан шығарған жалғыз туындысы ол – «Қоңыр». Кезіндегі ашаршылық, нәубет замандарды сол бір күйдің бойына сіңірге күйші. Қазақтың басына түскен бүкіл ауыртпашылық, қасірет бәрі осы бір ғана «Қоңырдың»  бойынан табылады. Әбікен атамыздың орындаған күйлері кезінде Алтын қорға жазылып қалған. Архивтік мұрағаттарда  сақталған. Бас-аяғын қосқанда Әбікенде жиырмаға тарта күй бар. Тек  өзінің орындауында қалған. Одан да көп күй болған екен негізі. Бірақ кезінде радионы су шайып кетті ғой. Кейбір таспалар сол кезде бүлініп, жарамсыз боп қалған деген деректер бар.  Содан кейін мына Ресейдің архивтерінде болу керек. Әлі де іздестіріп көру керек. Ол жақтан да табылып қалуы мүмкін. Әбікеннің орындаған күйлері күйтабақ болып кезінде жарық көрді. Содан бастап Әбікеннің орындауындағы күйлер нотаға түсіріліп, оқу орындарындағы арнайы музыкалық жинақтарға енгізу қолға алына бастады. Алғаш осы Әбікеннің орындауындағы күйлерді нотаға түсірген Ермұрат Үсенов ағамыз. 1988 жылы «Сарыжайлау» деген жинақ шықты. Сонда осы Әбікеннің орындауындағы кейбір күйлер тұңғыш рет нотаға түсіріліп, жарияланды. Одан кейін де біздің көптеген орындаушылар нотаға түсірді. Жинақ болып жарық көрді. Сол себепті Әбікеннің орындауындағы нота жинақтары  бар деп айтуға болады.  Бірақ осы Әбікен атамыздың өміріне қатысты деректер зерттелген жоқ.  Ермұрат ағамыз болсын, Мәди Бекенов ағамыз болсын, мен де көп күйлерін нотаға түсірдім. Бірақ біз тек күйге қатысты дүниені ғана зерттеп, зерделеген жайымыз бар. Күйшінің шыққан тегі, жалпы оның отбасына қатысты дүниелер, Әбікеннің айналасы, ортасы, әулетіне қатысты дүниелер осы уақытқа дейін түбегейлі зерттелген жоқ. Оны айту керек. Мыналы Ақселеу Сейдімбек ағамыз мақала жазды. Кітабына енгізді. Бірақ ол бір композитордың айналасындағы шағын мақала көлеміндегі дүниелер. Жазылып жүрген дүниелердің барлығы да сондай деңгейдегі дүниелер. Әбікен туралы Ахмет Жұбановтың да мақаласы бар. Неге екенін білмейім, ол «Ғасырлар пернесі» еңбегіне енбей қалған. Бірақ ертедегі «Халық коспозиторлары» деген жинағында бар. Әбікен туралы алғаш жазған да Ахмет Жұбанов. Бірақ кейнгі жылдары Ахмет Жұбановтың жинақтарына осы мақаласы енбей жүр. Ал Әбікеннің орындауындағы күйлерді алғаш жазған, нотаға түсірген Латиф Хамиди. Әбікен Хасеновтің Алматыға келіп, Сәкен Сейфуллинді іздеп табаныты туралы деректі біздің қалам ұстаған ағаларымыз  там-тұмдап болса да жазған кезінде. Бірге болған адамдардан естігендері тілге тиек еткендеі де бар. Мен өзім қазір сіздерге айтайын деп отырған әңгімені  Жаулыбай Иманәлиев деген ағамыздан естіген едім. Бұл кісі көп жыл  радиода қызмет еткен қарт журналист еді. Сол кісінің өз аузынан естіген болатынмын. Бір кездегі байдың тұқымының бәрі атылып,  тігерге тұяқ қалмай мал-жан түгел  қырылған кез екен.  Абақтыдан босап шыққан Әбікенге  біреулер сыбырлайды ғой. « Тезірек көзіңді құртпасаң, сені ұстағалы жатыр»  дейді.  Содан жалғыз өзі жаяулы-жалпылы Алматыны бетке алады. Сәкеннің үйіне келеді. Ол кезде Сәкен Сейфуллин үкіметте үлкен қызмет істейді. Бір күні Сәкен өзінің бірнеше жолдастарын ертіп келеді. Олардың бәрі жай адамдар емес. Өкімет басында жүрген кісілер екен. Сәкен өзі де ән айтып, күй тартатын адам ғой. Дастархан басында ас ішіліп болғаннан кейін, Сәкен ән айтып, күй тартып отырады да домбыраны Әбікеге береді. Қолына домбыра тиген Әбікен сол кезде Тәттімбеттің күйлері бар  бірсыпыра күйлерді сыдыртып тартады ғой. Арқаның күйлерін бірінен кейін бірі жібереді екен. Ана кісілер қатты тәнті болып, таң қалады. Дастархан басында бір сәт үнсіздік орнайды. Сәкен: «Неге үндемей қалдыңдар?»  дегенде «Ойбай, Сәке, мынандай қазынаны қайдан тауып алдыңыз?» дейді ғой. Сонда бұл Әбікен деген Арқаның атақты күйшісі. Бірақ енді осындай жағдаймен мені қара тартып, арқа сүйеп келіп отыр. Бұл кісіні бір жұмысқа орналастыруымыз керек дейді. Сол отырыстың соңы Әбікеннің Әуезов театрындағы өміріне себепкер болған екен. Бірақ Сәкен «Сен әзірше домбыра тартпа, сенің мұнда екеніңді, күйші екеніңді тірі пенде білмеуі керек дейді. Жұрттың көзіне түсетін болсаң, біреу-міреу көрсететін болса, жағдай қиын қазі» дейді. Массовкада, көпшілік сахнасында жүре бер, қалың әртістің ортасында дейді. Бұл кіснің актерлыққа бейімделіп кеткені сол екен. Әйтпесе , бұл негізі күйші адам ғой. Содан кейін бұл кісі жұрт алдына шықпайды. Күй тартпайды. 53-ші жылы Сталин өлгеннен кейін барып,  әлдекімдердің Тәттімбеттің күйлерін өзгеше, басқаша, бұзып тарта бастағаннан кейін бір күні домбырасын алып, радиоға бірақ барған екен. Сол кезде Латиф Хамиди радиода Музыкалық хабарлар редакцияның Бас редакторы болса керек. Күзетегілер «Сізге бір кісі кеп тұр, сізбен жолыққысы келеді» дейді. Барып амандық сұрасқаннан кейін «Мен Тәттімбеттің күйлерін тартам. Сіздер неғып радиодан Тәттімбеттің күйлерін қате тартатын күйшелерді ң орындауында бересіздер, бәрі бұзып тартады» дейді екен. дейді. «Енді кім дұрыс тартады?Ондай адамды білесіз бе?» дегенде  « Мен т арта»  дейді ғой. «Онда жүр!Көрейі!»  деп кабинетіне ертіп апарып,  тыңдаса сұмдық!  Сұрапыл күйші екен дейді. Тәттімбеттің күйлдерін бірінен кейін бірін тартқанда Латиф Хамиди қатты таңғалып, «Мынандай  күйлерді, мынандай қазынаны қалай, неге осы уақытқа дейін бойыңызда ұстап жүрсіз?» дегенде Өзінің осыған дейін жарыққа шығуға мүмкіндігі болмағанын, Өзінің Сәкенге берген сертінің бар екенін айтады. «Заман өзгерді, енді тарта»  дейді. Сонда тоғыз күйді бірден жаздырған екен Латиф Хамиди.  Содан бастап Әбікеннің орындаушылық шеберлігі радио арқалы таныла бастайды.  Сонда Латиф Хамиди Қосбасардың төрт түрін, тағы да бірнеше күйді Әбікеннің орындауындағы нотаға түсіруді бастаған. Латиф Хамидидің бұл туралы өзінің жазған естелігі де бар. Ол кісі күйді фортопианомен түсірген ғой нотаға. Қате кетсе, бірден түзтіп отырады екен. Сонда нота білмейтін адамның құймақұлақтығына таң қалған екен Лекең. Не деген слух деп таңғалғанын жасыра алмапты. Әбікен әрбір дыбысты, үнді қалт жібермейді деп айтқан. Бұл екінің біріне беріле бермейтін ерекше құймақұлақтық  қсиет еді.  Осы уақытқа дейін «Қоңыр» күйінің шығу тарихы тіралы да түрлі мақалалар болды. Бірақ дегенмен де Әбікеннің өмір тарихына қатысты деректердің басын қосып,  бір жерге жинақтаған жинақ болған жоқ. «Әбікен» деген жинақты жуырда Несібелді Әбдірахманова деген апаймыз жинақтап, өзінің «Ақ шағала» деген баспасынан басып шығарды. Бұл кісі Әбікенге немерелес туыс боп келеді. Осы кісі күйлердің ноталарын түсіріп бер деп қолқа салды. Мен Латиф Хамиди түсірген ноталарды бердім. Оған қосымша кейін өзім түсірген ноталарды жинап осы кісіге тапсырдым. Кітаптың бір бөлімі ғып енгізді.  

«Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» киносындағы Қозының ағайындас туысы Ұзақ атаның рөлінде

Ал Жанғали Жүзбаев ағамыз келтірген деректе  Әбікеннің күйлерін жазу тым әріректе басталғаны айтылады. Сол себепті Әбікен мұраларын зерттеу, оны ғылыми айналымға енгізіп, бір жүйеге келтіру болашақтың ісі болу керек деген ойға қалдық. Осыншама мұраны бір ізге түсіру жүйелі әрі тыңғылықты ізденісті қажет етеді-ау деп ойламасқа лажымыз жоқ. Айтпағымыз Жанғали ағамыздың әңгімелерінен мүлде басқаша, тың деректерге қанық болдық. 
Жанғали Жүзбаев: Мен білетін деректер бойынша Әбікенді 1934 жылы бір топ өнерпаздармен бірге Мәкеудегі Логинск деген дыбыс жазу студиясында патефон күй табақтарын шығаратын зауытқа алып барады. Сол жолы Әбікен алғаш рет Тәттімбеттің күйлерін күйтабаққа жазады. Күйтабақ  ресми түрде 19 35 жылы шығады. Әбікен бас-аяғы алты рет сапарға барып,  алты күйтабақ жазады. Олардың ішінде Тәттімбеттің күйлері ғана емес, Әбдидің күйлері, сирек орындалатын халық күйлері, әсіресе мына шертпе күйдің классикалық озық үлгілері бар еді.  Сол кезде Одақ бойынша күйтабақтар тек Мәскеудегі Логинкс дыбыс жазу студиясынан ғана шығатын болған.  Осыдан кейін Әбікеннің аты кең ауқымда болмаса да өнерпаздар ортасына ақырындап жайыла бастайды. Содан осы жаңалық құлағына жеткен  қазақ радиосының сол кездегі қа зақ радиосының ірі майталмандары, Қазақ радиосының алғашқы музыкалық редакторлары Әбікенді радиоға жазады. Сол кезде радионың музыкалық бөлімін басқарып отырған жап-жас композитор жігіт болады. Ол Сыдық Мұхаметжанов еді. Ал ол да Әбікеннің аулынан еді. Әбікеннің өнерін аса жоғары бағалаған Сыдық Мұхаметжанов  Әбікеннің орындауындғы дыбыстық таспалардың қалуына тікелей әсер еткен.  Әбікеннің күйлерін алғаш нотаға жазып алған біздің қазақтың опера саласының, симфония саласында еңбек еткен, қазақ валсін жазған әйгілі Латиф Хамид екенін біршама жұрт жақсы біледі.  Екең ұлты татар болса да қазаққа арналған домбыра оқулығын алғаш  жазған адам. «Домбыра үйрену мектебі «деген кітабының ішіне Әбікеннің орындауындағы Тәттімбеттің «Қосбасарының» бірінші тармағын кіргізеді. 
Әбікен күйші туралы зерттеген, күйші туралы мағлұматтарды теріп, ел арасынан ол туралы деректерді саралап жеткізген зерттеушілер көп болмаса да бар. Осы орайдағы әңгімесін Жанғали аға Жүзбаев былай деп сабақтады.
Жанғали Жүзбаев: Әбікеннің өмірі туралы, Әбікеннің шығармашылығы туралы бізге деректі мәліметтерді қалдырған кісілердің бірі Сәбит Мұқанов. Ол Әбікеннің күйлерін өте көп тыңдаған, онымен көп дастархандас болған адам. Әбікенді үйіне шақырып, құрметтеген адам. Сәкен Сейфуллин де басына бір ала бұлт үйірілгенде үйіне Әбікенді шақырып алады екен. Сәбит Мұқановтың таңдамалы шығармаларының 16-шы томында мынандай бір кішкентай дерек бар. Сәкен Сейфуллин үйіне шақырды, Барсам үйінде Әбікен Хасенов деген күйші бар екен. Ол сол күні «Саржайлау» деген күйді тартты. Күй тыңдап отырып Сәкен көзіне келген жасты білдірмей, шынтағымен іркіп жіберді  дейді. Сөйтіп, «Біздің елде Тоқа дейтін күйші бар еді. соны ағайындары жала жауып, түрмеге жапқызып еді. Сонда елін сағынып тартқан күйі ғой. Сонда мен Әбікенді бірінші рет көрдім. Майталман күйші еке» деп жазады жазушы.  Содан кейін Сәуірбек Бақбергенов сияқты қаламгерлер арнайы сұқбат та алып жазған. Одан кейін біздің  атақты әдебиетші, әдебиет теоретигі, филолог Рахманқұл Бердібаев та сұқбатттаса отырып, мақала жазған. Ол кезде Әбікеннің көзі тірі,  бірақ қайраты қайта бастаған кез екен. Әбікеннің артында күйлер қалды. Оның ішінде әсіресе классикалық шедеврі  оның авторлық жұмысы – «Қоңыр» деген күй.

Фр.Вольф. Спектакль «Профессор Мамлюк», 1941 жыл. Санитардың рөлін Әбікен сомдайды

«Арқаның атақты күйшісі Әбікен Хасенұлының «Қоңыр» атты жоқтау күйін тыңдағанда, езілмейтін, елжіремейтін қазақ жоқ. Ол осыдан басқа күй шығармаған, бір ғана шығармасы арқылы өзі өмір сүрген қоғамның мың мұң-зарын қозғай алған. «Қоңыр» деген атында да күйдің бізге тылсым кие-кепиеті бар» деген екен жазушы, әдебиет сыншысы, драматург  Асқар Сүлейменов. 
Қағасың домбыраңды майда ғана
Қасиетіңді кім білген, қайран аға,
Естісем «Қоңырыңды» егілем де,
Қаңғып кеткім келеді айдалаға…
Бұл Қажытай Ілиясұлының жыр жолдарынан алынған шумақ. 
Иә, «Қоңыр» күйі рухы тапталған қазақ елінің, қанға боялған  Арқа жерінің зары. Жазықсыз атылған күйшілердің күй боп төгілген тағдыры. Жан адамға ашпаған, аша алмаған тағдырдың тартқызған тауқыметін күйші осылайша күй тілімен ақтарса керек. Күй туралы белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз кезінде  «Әбікеннің «ҚОҢЫР» күйі зұлмат заманды, қанды жүйені, қатыгез қоғамды музыка тілі арқылы әшкерелеген айыптау актісі» деп жазған екен. Тұтас бір заманның күңіренген зарын күйшінің өз орындауында Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған. 
Жанғали Жүзбаев: Әбікен қайтыс болғаннан кейін оның мұрасының тағдыры қандай болды дегенге келейік. Әбікеннің күйінің түпнұсқасы о,  сөз жоқ, Мәскеуде  болды. Мәскеуде болғаннан кейін ондағы дыбыстардың бәрін реттеп, көшіріп, жазып алу үшін Жарқын Шәкәрім деген мәдениеттанушы, жақсы ағамыз еді,  ол да дүниеден өтіп кетті, сол кісі арнайы барады. Ол кісі Әбікен Хасеновтың винил пластинкалардағы күйтабағын құрастырады. Сөйтіп, құрастырып елге алып келеді. Алып келіп қана қоймай, алғаш рет Әбікеннің толық , ол кезде гигант дискі дейді, сол үлкен күйтабағын шығарады. Әбікенің шығармасын жинақтап, елге алып келген Жарқын Шәкәрім екенін айтпай кетуге болмайды. Ол Әбікеннің мұраларын ғана емес,  ғаламат күйші мен оың күйлері туралы деректерді де алып келген адам. Мәселен, Әбікен алғаш «Қосбасарды» тартқанда кімдікі деп тартты? Ол жөнінде қандай құжаттар бар? Осының бәрін нықтылап алып келді. Жарқын Шәкәрімнің деректерінің бәрі нақты еді. Оны Әбікеннің көзі тірісінде сол дыбыс жазу студиясының қызметкерлері өз аузынан жазып алған болатын. Өкінішке орай кейінірек біздің кеңестік идеологияның әртүрлі мәдени  саясатының арқасында Әбікен жеткізген көптеген күйлердің аты өзгеріп, авторлары өзгеріп кеткен жағдайлар болды. Сондай-ақ көптеген күйлердің атауына жанама аттар қойып, басқаша аталынып кеткен жағдайлар Әбікеннің мұрасына көп нұқсан келтірді. Оны кезінде Жарқын Шәкәрім ағамыз талай айтып, жазды да. Енді соның бәрі жолға қойылатын шығар деп ойлаймыз. Ендігі зерттеушілер осының бәрін жіті назарға алуы тиіс. Ал енді Әбікен күй мұраларынхалыққа жеткізуде еңбек еткен қазақтың мықтыларын айтпай кетсем,тағы болмайды. Әбікеннің күйлерін Латиф Хамидиден кейін тұтас жинақ  ретнде жазып, оны оқыту тәжірибесіне енгізген адам ол көрнекті композитор Ермұрат Үсенов. Әбікеннің мұраларына еңбек еткен адамдардың ішінде Біләл Ысқақов сияқты күйші-педагогтардың еңбегі ерен. Мұрат Әбуғазы сияқты талантты, дарынды жігіттерді айтуға болады. Бұлар Әбікеннің мұрасына педагогикалық, теориялық, методикалық жағынан қарап, оның тәжірибеге енуіне, ноталық жинақ болуына, антологиялық мазмұн алуына тікелей еңбек сіңірді. Осы бір жұмыстардың арасында сізге сұқбат беріп отырған пақырыңыздың да бар екенін тілге тиек ете кетсем артық болмайтын шығар. Ал енді Әбікен күйлерінің оркестрге түсуіне қазақтың ұлы дирижерлары Шамғон Қажығалиев, Аллаберген Мырзағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров сияқты біртуарлардың еңбегі ерен. Олар Құрманғазы оркестріне шертпе күй саласында ең бірінші Әбікен жеткізген мұраларды пайдаланды. Қазіргі мына Құрманғазы оркестрінің орындауындағы «Сылқылдақ», «Саржайлау» деген күйлердің бәрі қазақтың қанына сіңіп кеткен күй-ұрандары болып қабылданады бізге. 
Күйшінің  қалдырған мол мұрасы, оның біздің  қазақ музыка өнеріндегі ролі хақында  өнер зертеушілерінің біршама  зерттеу жұмыстарын жасағандығынан хабардар болдық. Тек, әттең, ғаламат күйші тындырған есіл еңбектуралы деректердің кең ауқымда айналымға түспегені Әбікен Хасенов деген құдіретті есімнің қалың жұртшылыққа кең танымал болмай, тек музыка әлемінің ауқымында ғана белгілі болып келгені өкінішті. 
Жанғали Жүзбаев:  Өзімен замандас, үзеңгілес  болған досы, бауыры, туысы Бегімсал Орынбеков деген күйші болды. Одан кейін атақты Мағауия Хамзи. Осы Әбікеннен кейінгі Арқа күйлерін жеткізуші тікелей мұрагері осы кісі.. Одан кейін ел ішіндле де ірі күйшілер бар. Ел білетін, елге аты таныс Дәулетбек Сәдуақасов сияқты Әбікен мұраларын жалғастырушылар бар. Әбікеннің мұрасы тек қана дәстүрлі өнерде емес, симфониялық өнерде де, камералық өнерде де, керек болатын болса хорда да өзінше дамыған. Біздің ұлттық хордың репертуарын қарасаңыз, Әбікен күйлеріне арнайы жасалынған жеке өңдеулер бар. Симфониялық-камералық өнерде де арнайы өңделген шығармалар бар. Сыдық Мұхаметжанов, Еркеғали Рахмадиев сияқты ұлы композиторлаымыздың қай-қайсысы болса да Әбікеннің мұрасына мойын бұрмағаны жоқ. Сондықтан Әбікеннің мұрасы мәңгілік деп ойлаймыз. Әсіресе мына қазақтың күйі шерт пе күй, төкпе күй деп үлкен бір екі арнаға бөлінеді ғой. Соның ішінде мына бүкіл мына қазақтағы шертпе күйдің классигі, жаңа дәуірдегі шертпе күйдің атасы, тәңір құты деп Әбікенді айтар едік. 
Енді Әбікен күйшіні өзге күйшілерден даралап тұрған не, оның шеберлігі хақында бүгінгі музыка зертеушілері, күйшілер мен өнертанушылар нендей пікір айтады дегенге келейікші. Бүкіл бір күйшілер династиясынан шыққан күйшінің бала кезінен небір майталман күйшілерді тыңдап өскен құймамақұлақ күйші болғанын айттық. Оған қоса қай жерде, қандай домбырашы бар деп естісе, соны әдейі іздеп барып, күй үйренеді екен. Мақаш күйші соңынан ерген немере інісі Әбікенді Арқаның небір саңлақ күйшілерімен кездестірген деседі. Бертінге дейін өмір сүрген Бегімсал күйші «Мақаштың күй шертісі енді ғажап, адамды тербетеді», – дейді екен. Мақаш қырық тармақты «Балбырауынды» қаузап тартатын Баубек күйшіге әдейі ертіп апарып, сол күйлерді Әбікенге үйреткен екен. Одан өзге де атақты күйшілердің алдын көрсетіп, болашық күйшіні күй өнерінің қыр-сырына әбден баулыған екен. Мақаш кейін Әбікенді Арқадағы басқа да атақты күйшілердіңалдына апарып, күй өнерінің қыр-сырына қануына зор мүмкіндіктер тудырған деседі. Солардың бірі Шұбыртпалы Итаяқ күйшіні арнайы іздеп барып, қыруар күй тыңдап үйренеді. Олардың ішінде Дайрабайдың күйлері де бар еді. Итаяқтың Дайрабайдың өзінен үйренген күйлерін Әбікен сіңірген. Бұл күйшілік дәстүр айрықша қарқын алып, Арқа жерінде сол заманның дүлдүл күйшілері Тәттімбет пен Тоқаның соңын ала дүр ете қалған осындай күйшілер шоғыры  елдің рухани өмірінде ғажайып құбылыс болған кез еді. Небір дәулескер күйшілердің   бір мезгілде бір заманда өмір сүргені ғажап құбылыс емес пе?! 
Арқалы күйлерді дұғадай жаттап өскен Әбікен Кәрсөн-Керней ішіндегі күйшілердің бәрінің шеберлігін бойына дарытқан үлкен мектеп болатын. Әттең, алтынды бағалай алмаған сұрқия заманға не дерсіз?! Әбікеннің күйшілігі туралы айтқанда Қыздарбек күйші туралы айтпай кетуге болмайды. Қыздарбек қобыз бен домбыраны қатар сіңірген тума талант адам болған екен. Ел арасында «Қыздарбек оразасын күймен ашқан» деген аңыз бар.  Ұлттық мәдениетіміздің діңгегіне айналған Тәттімбет күйлерін Әбікенге сіңірген де осы Қыздарбек күйші екен. Күйді пір тұтатын Қыздарбек қобыз бен домбыраны бірін-бірінен өткізіп тартып,  төсектен тұрмай жатып, қолына қобызын алып, Ықыластың «Кертолғауын» аңыратады екен. Күй тартқанда, трансқа кіретіні соншалық, құйрығымен жылжып, есікке дейін қалай барғанын білмей қалады екен. Өзі өмірде өте ебедейсіз, алқам-салқам кісі болса керек. Күй тартқанда бүкіл дүниені ұмытып, ынты-шынтысымен тартатыны сонша, мұрнынан су ағып кетеді екен. Күйшінің осындай қылығын көретін жеңгелері « Туууф, шіркін-ай, мына Қыздарбектің қолын ғана кесіп алса ғой, – деп қалжыңдайтын болса керек. Әбікен күйші болса, 
күйшінің соңынан қалмай еріп жүріп, саумағынан көзін алмай телміре жүріп, бізге жеткен ғаламат күйлердің бәрін олжалаған деседі. 
Жай ғана үйреніп қоймай, күйдің сарын-сазынан бастап, тартылу
ерекшеліктеріне дейін Қыздарбектен үйренген, шалымын үлгі
тұтқан. Шертпе күйдің шебері Әбікен күйшінің ерекшелігі жөнінде музыка зерттеуші, күйші Мұрат Әбуғазы былай деп әңгіме өрбітті. 
Мұрат Әбуғазы: Әбікен Хасеновтың орындаушылық шеберлігін қазақтың күй өнері, оның ішінде шертпе күй саласындағы шеберліктің шыңы деп бағалауға болады. Небір керемет күйшілер бар ғой. Бірақ Әбікеннің орындау шеберлігі екі қолдың үйлесімділігін сақтай отырып,  бір жерден мүлт кетірмей тартатындығымен ерекшеленеді.  Одан кейін ол кісінің дыбыс шығару мәнері мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайды. Күй өзі бояумен, үннің үйлесімділігімен тартылатын дүние  ғой. Әбікен Арқа күйшілік мектебіндегі шығармаларды өзінің түпнұсқасын сақтап,  ерекшелігін сақтап тартады. Ритм дейміз біз, күйдегі  ырғақты мүлт жібермейді. Кейде біз күйшілердің, әсіресе халық күйшілерінің, күйді бастаған кездегі ырғақты түсіріп алатын немесе бастапқыдан жылдамдатып жіберетін,  я болмаса темпін мүлде өзгертіп жіберу сияқты жағдайларын көп байқаймыз. Ал Әбікенде мұндай жағдай мүлде кездеспейді. Оның ырғақты керемет шеберлікпен сақтап отыратындығына тәнті боласың.  Дыбысты алу шеберлігі де керемет. Мүлт  кетпейді. Екі қолды да керемет үйлестіре  пайдаланады. Ал енді шертіске келетін болсақ, шертпе күйде негізгі тәсіл шертіс қой. Шертістің неше түрлісін қағады бұ кісі. Жоғарғы қағыста, төменгі  қағыста. Көйкекесінің қағысында әсіресе.  Содан кейін мынау шертпе қағыстарда бес саусақтың саласымен қаққанда Әбікеннің қағысы өте серпінді шығады. Өте нақпа- нақ, маржандай тізіліп шығады. Одан кейін жалғыз ғана сұқ саусақпен қаққанның өзінде бір бес саусақпен тартқандай алапат күшпен тартқандай әсер қалдырады. Қолы да қарулы, саусағы да әлді. Қағысты алған кезде өзіне ғана тән бір ерекшелікпен тартады.Ондай шеберлікпен тартатын күйшілер некен-саяқ. Біз Әбікеннің көзін көргеміз жоқ. Оның көзін көрген адамдар бұ дүниде жоқ. Біз тек күйтабақтан ғана тыңдап үйреніп жүрміз. Әркім өз әлінше алып жатыр Әбікенді. Әбікеннің орындаушылығы өте бір құпия деп айтуға болады. Өйткені оның видеосы жоқ мүлде. Аудио болғаннан кейін әркім әр түрлі естиді. Әбікеннің ерекшелігі сонда, оны әр адамәр кезде әр түрлі қабылдайды. Мәселен Абайды оқығанда әр түрлі өмір белдеуінде оны әрқалай қабылдайсыз ғой. Жас кезіңізде басқаша қабылдайсыз. Орта жаста басқаша әсер аласыз.  Әр оқыған сайын бір қыры ашылады. Сол сияқты Әбікенді де әр тыңдаған сайын оның әр түрлі қыры ашыла береді. Мысал,  бір «Саржайлаудың» өзінде неше түрлі қырын ашып, құпиясын ашқандай боласыз. Шегі жоқ оның. Бір жерінде бір құпиясын табасыз. Бір жерінде басқаша бір ойдың ұшығын ұстағандай боласыз. Сондай құдіреті бар Әбікеннің. 
Айтпақшы, «Қоңырды» аудиотаспадан алғаш нотаға жазған әрі бірнеше  күй жинақтарына кіргізген белгілі өнертанушы ғалым — Мұрат Әбуғазы екенін айта кеткен жөн. Ал жас күйші-композитор Арқа елінің бүгінгі күй мұрагерлерінің бірі Манап Анықбай «Қоңыр» күйін орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, оның өте күрделі шығарма екенін айтады. «Әбікендей тұлға туылған да жоқ, туылмайды да деп ойлаймын. Ол өзінің артына өзіне ғана тән өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен дара күйші. «Қоңыр» күйі сол заманның ең бір биік шыңы деп ойлаймын. Сол бір қоңыр әуенді күйді орындау оңай емес. Кез-келген адам оны орындай алмайды. Оған үлкен шеберлік  пен тәжірибе керек. Және оны түсініп, жүрегіңнен өткізіп барып орындау керек» дейді.  
Зерттеуші ғалымдар Әбікен Хасенұлының  домбырашы ретінде қоңыр күйлердің де, тік күйлердің де, бойлауық күйлердің де ішіне түсіп тарта алатын шеберлігімен дараланатынын айтады. Ол әдеттегі күйді жаттап алып тартатын күйші емес. Ол күйдің кейіпкеріне айналып, күйдің бағын ашатын домбырашы болғанын да айтады. Осы орайда ғалымдар Әбікен қазақтың домбырашылдық дәстүрінде бар қағып тарту, шертіп тарту және іліп тарту үлгілерін жете меңгерген шебер екенін айрықша тілге тиек етеді.  Қағып тарту барысында кезек қағу, қосақ серпу, сүйрете қағу тәсілдерін, шертіп тарту барысында дара шертіс, күрей шертіс, көсіп шерту, тебеген шертіс, қымтап шертіс тәсілдерін, сондай-ақ ілме қағыстағы дара ілме, санама ілме, қосақ ілме, табандау тәсілдерін ғаламат шеберлікпен шебер пайдалана білген.
Әбікен елінің тағы бір жас күйшісі Мадияр Сүлейменовтің де біздің кейіпкеріміздің күй тартудағы ерекшелігі, оның дара шығармашылығы жайлы айтары бар екен. «Арқа күйшілік мектебінің өзін әр түрлі тармақтарға бөлеміз ғой. Жаңарқа, Ақтоғай күйшілік мектептері бар. Соның ішінде Ақсу-Аюлы күшілік мектебінің озық бір үлгісі осы кересет дәулескер орындаушы Әбікен атамыз.  «Мен күйді Қыздарбектен үйренгенде ол кісі маған тырнап шерту әдісін үйоретті» деп айтқан екен. Қыздарбектен қалған сол тырнап шерту үрдісін бұл кісі кеңінен қолданғанын байқауға болады. Күйді бір саусақпен шертуді өте шебер қолданған  күйші. Күйдің ырғағына, әуеніне қарай, күйдің мәнеріне қарай тырнап шертумен қатар бір саусақпен тартқан шеберлігін қайталау өте қиынға соғады. Бұл оның өзіне ғана тән ерекшелігі. Басқаларға үқсаймын өзіндік мәнері бар Әбікеннің өзі бір үлкен мектеп деуге болады. Мына «Саржайлауды» ойнағанда кейде бір құйындата, кейде бір қара қағысқа салатын, төкпелете қағатын жерлері бар. Тәттімбеттің «Бестөре», «Бозайғыр» күйлерінде осы айтылған қара қағыстар көп кездеседі. Кейде бір баяулатып отырып жалғыз саусақпен дара шертіспен тартатын кездері болады. Ол сонысымен да дараланады. 
Қыздарбектен, Әбдиден, Мақаштан үйренген күйлерін өзінше түрлендіріп, одан сайын нақышын келтіріп, бояуын қоюлатып, оны одан сайын байытып  тартқан. Сапарғали Бегалиннің бір жазбасында былай деп айтылады екен « Мен Әбдиден күйлерді үйренген кезде бір жерлерінде бірдеңе жетпей тұратын сияқты боп тұратын кездер болатын. Кейде күйдің мазмұны ашылмай қалғандай сезілетін. Сол себепті мен кейбір әдістерді, тәсілдерді жанымнан қосып та шерттім» деп айтқан екен. Соған қарағанда бұл кісінің өзі композитор болғандықтан да импровизаторлық жағы да қатты дамыған болу керек деп ой түюге болатын сияқты. Әбікен қазақтың шертпе күй мұрасын біздің ұрпаққа жеткізуші, тасымалдаушы алтын көпір болған деп айтуға толық негіз бар. Ол Арқа күйшілік мектебін қаймағы бұзылмаған қалпы бізге жеткізген дара тұлға.  
Сондай-ақ Әбікенді көзімен көрген, онымен замандас болған жазушы өзінің «Сахара сандуғаштары» атты еңбегінде:
«Күйшілердің көбі, әсіресе, мына Сыр бойының күйшілері домбыраның бетіне тырнақ тигізбей, шектің өзін шайқап тартады. Ал сіз домбыраның бетіне саусағыңыз тимесе, күй накысына көңіліңіз толмайды ғой деймін, сірә», – деп сұрағанымда, Әбекең: «Шіркін, шектің өзін шайқағанда, қобыз емес, домбыра күйдің дыбысын жеткізе алмайды, күйдің тек бейнесі ызыңдайды. «Саржайлаудың» аяқасты жеріндегі қоңыр нақысын домбыраның шегі мен астындағы дыбыс көтермешесі тақтайды қосып күңірентіп жібермесе, накысына келе ме, құлақтан кіріп, ішкі сарайды еліктіре аралай ма айтшы?!», – деуші еді» деп жазады.
Ал енді осы жоғарыда айтып өткен қағыстың неше алуан қырларын Әбікенге үйреткен Қыздарбек күйші екен.Бұрын-соңды өткен күйшілердің туындыларын шерттіре отырып, қолының екпінін игеру үшін сұқ саусақпен дыбысты  таза шығаруға бейімдеген. Тіпті, Қыздарбек Әбікеннің қолын шуда жіппен байлап үйретеді екен. «Домбыраның ішегін
мейлінше бос ұста. Ішек қатты тартылса, шыңылдаған үн шығады. Бос шектен даланың самалындай желпіп, тебірене шалқыту керек дейді екен» Арқа күйлерінің бір ерекшелігі қос шекті босатып жібереді. Салбырап бос жатқан домбыраның қос шегіне екінің бірі ие бола алмайды, тек Әбікен ғана бас бармақпен сұқ саусақты
кезек термелеп отырып, тербетеді екен. Бұл күйлердің құдіреттілігі де сонда болса керек. Арқа елінің тағы бір күйшісі, Әбікен Хасенов мұрасының бүгінгі жоқтаушысы, күйші Қалкен Қасымов. «Сенсеңіз, Әбікеннің «Қоңыр» күйін мен жиырма жылда әзер үйрендім»- дейді. Күйші ақсақалдардың «Әбікен баспайтын пернені басып, өзгеше бір дыбыстар шығаратын деп айтатынын да тілге тиек етті. «Көзкөрген ескі көз қариялар « Әбікен екі қолды бірдей үндестіріп үйлестіргенде басқаша бір сарындар шығарады екен. Күй тартудағы әдіс-тәсілдерде өте шебер меңгергені сонша бір перненің өзінен бірнеше түрлі дыбыс шығаратын болған» деп айтатын еді. Арқаның күйлері Қаратау жақтағыдай бірқалыпты, біркелкі тартыла салмайды. Арқаның күйлері  өте күрделі болып келеді. Әбікен атамыздың кейінгі жары Шәкен апай маған бір барғанымда, 1990 жылдары,  күйтабағын сыйлаған еді. Содан бас алмай тыңдап, жиырма жылда әзер үйрендім. Ол өте құдіретті күйші» -дейді қалкен Қасымов ағамыз. «Бұрын бұл күйлердің мән-мағынасын ұқпадық, оның арғы жағына терең бойламадық. Оған біздің Кеңестік жүеде ержетіп, санамыздың қызыл империяның саясатымен тұмшалануы себеп болды. Ендігі мақсат осы күйлерді ұрпақтарымызға жеткізу, оны аманат етіп қалдыру»- дейді күйші. 
Бүгінгі күні еш жерде аталмай, елеусіз, ескерусіз қалған, қазақ драма театрының қалыптасу кезеңінде орасан зор еңбек сіңірген актердің  еңбегі бағаланып, оған 1945 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген, «Құрмет» орденімен марапатталған. Алайда Сарыарқаны тербеген шертпе күйдің шебері көзінің тірісінде күйші ретінде лайықты бағасын ала алмағаны үлкен өкініш. Әбікендей өнер иесі, күй серісінің тағдырына деген өкінішін ақын Жұмекен Нәжімеденов былайша өлеңмен өріп, жеткізген екен. 
Тақты ол әсем өмілдірік
Жыланбасын төгілдіріп
Құйысқанын алтындатты
Көрмедіңдер өріп жүріп…
Үзеңгісін күмістетті,
Күмісті ондай кім істепті?
Онсыз-дағы шаруа молды,
Онсыз-дағы жұмыс көп-ті.
Шылбырына шашақ тағып,
Жүген, айшық жасап тағы,
Сән түзеген серімен біз
Кездесуден қашқақтадық.
Әр пернеге бұлбұл бұққан,
Ұстап еді ол домбыраны.
Селт етпедік сылбырлықтан,
Сылбырлықтан болды бәрі.
Уақыт ақ боз атты болды,
Дарытты ажал оқты өзекке –
Күйші құлап…
Ақыры, өлді…
Надандықпен жекпе-жекте.
Сол жекпе-жек жұтты басын –
Ақ боз аты шықты ойнақтап.
Жуады енді жұрт кінәсін,
Күйді ешқайсы ұқпай мақтап…
Отыз төртінші жылы сонау нәубетің өртінен қалған сояудай болып, соқа басы сопайып Алатаудың баурайынан пана тапқанда жойқын дарын иесі Қаллекидей дос тапқан еді. Өмірінің соңына дейін айнымас дос болып, талай сырына ортақ болған Қаллеки Қуанышбаев жанына батқан сырқатынан әбден шөгіп, төсекке таңылып жатқан күйші халін мынандай өлең жолдарымен бейнелеген екен. 
Бір кезде өркеші нақ нардай еді,
Сом дене көрік мінез қандай еді,
Балқытып он саусақтан күй тамызған,
Өнердегі өрдегі бір маңдайы еді!
Сылқылдап күй төгілтсе домбырадан,
Ұйып тыңдап қалушы еді естіген жан.
Тұрпаты келісті-ақ боп көрінуші еді,
Көргенде көз тойғызып сахнадан.
Сол Әбең, міне, жатыр түсі кетіп,
Баяғы күш, баяғы ісі кетіп.
Арық дене салдырап сүйек бопты,
Қан солып сары күрең нұрлы беттен.
Саусақтың саласы бар еті қашқан,
Шаш селдіреп азайған үлкен бастан.
Домбыра оң жағында сүйеулі тұр,
Өзімен өмір-жолдас бала жастан.
Қолына алып бір көрді домбыраны,
Күй тарта алмай, құлағын жәй бұрады,
Ол жатыр, мен отырмын ойға батып,
Дәл бүгін Әбекеңнің осы халы.
Әбікен Хасенов 1958 жылы қазанның 25-күнідүние салады. Тағдыры тәлкекке түскен, аласапыран заманның қаралы үнін, қасіретін күй тілімен сөйлеткен күйші 66 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Өзінің жан-жүрегін жарып шыққан ғаламат күйін «Қоңыр» деп елеусіз ғана атай салғаны сияқты өзі де қоңыр тірлік кешіп, өмірден өтті. Жерлеу комиссиясын басқарып жүрген Шәкен Айманов ағамыз аяулы жанды соңғы сапарға шығарып салу үшін Мәдениет Министрлігінен қаржы сұрайды. Ондағылардың бірі «Ол кім еді? Қандай еңбегі бар?»– деп Әбікенді білмейтінін білдірсе керек. Сонда әйгілі режиссер әлгінің бетіне мысқылдай қарап: «Апырай, ә, өкініш… осы уакытқа дейін «Саржайлау»
мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз. Оны қалай түсінуге болады?»–депті. Сонда әлгі шенеулік: «Жарайды, бес мың сом бөлдіртейін», – дейді дәп бір өз қалтасынан беріп жатқандай міндетсіне. Шәкен Айманов: «Ол кісі сыйлы, танымал өнерпаз адам еді, тағы бес мың сом қосыңыз», – депті. Шенеулік күйшіні ешкім танымайтынын айтып, бермеуге айналғанда Шәкен агамыз: «Онда сол бес мың үшін тағы біреуміз өлейік», – деген екен. Күйшімен қатар жүріп, оның жүрегіңді тербетіп, сыйқырлы сезімге жетелер күйлерін сан мәрте тыңдаған Шәкен Айманов күйшіні жер қойнына тапсырып тұрып, «Қазақтың он саусағын жерлеп тұрмыз», – деп жылаған екен. Әбікеннің соңында жас жары Шәкен, кеш көрген қызықтары  шиеттей ұлдары Ермек, Исақ пен Бақытжан атты қызы қалады. Аласапыран заман тауқыметін арқалай жүріп,  тапшылық көріп жүріп сұм жалғанмен қош айтысты сұрапыл күйші. Сөйтіп, талай сырды ешкімге ашпаған күйі өзімен ала кетті. «Қоңырдың» құпиясын да… 
                                                                                       Жанар Оразымбет
                                                                                              журналист
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір