АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚЫНДАР
04.08.2023
446
0

Өткен аптаның соңғы күндері еді…
Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының қабылдау бөлмесіндегі Айжан қыз: «Сізді Мереке Әбдешұлы шақырады», – деді. Кабинетіне кірген бетте: «Ұзынағаш жақта тұратын Өмірбай Өмірзақов деген ақынның шығармашылығы жайлы білесің бе?» – деген Төрағаның сұрағына: «Сырттай естігенім болмаса, шығармашылығын терең білмеймін», – деп жауап бердім.

Төраға содан Мырзан Кенжебайды іздеді. Сол күндері Мырзан Кенжебайға Өмірбай Өмірзақов жайлы бірнеше адамдар хабарласқан көрінеді. Солардың бірі – белгілі жазушы Әшірбек Көпіш ағамыздың өз аузынан бірге жүрген жас кездерінен қызықты естелігін тыңдап, Өмірбай Өмірзақовтың өлеңдерін жатқа «соққанына» тәнті болдық. Ақын шығармашылығы жайлы көп мәлімет алдық. Қатты ойланып қалдық.
Сол кездегі «Өнер» баспасының бас директоры Әшірбек Көпіш Өмірбай Өмірзақовтың «Шығыс самалы» атты өлеңдер жинағын 2003 жылы шығарған екен. Сол қолжазбасына кезінде Жазушылар одағында консультант болып жұмыс істеген Мұқағали Мақатаев жазбаша түрде былай деп пікір білдіріпті: «… Қорыта келгенде Өмірбай Өмірзақовтың «Шығыс самалын» баспаға ұсынуға толық болады. Ол – жырдың есігін түріп, көмек бергеніміз. Өмірбай оған тұрарлық, өз басым бұның отты, ұятты ақын болуына кәміл сенем. Поэзия консультанты М.Мақатаев» деп қол қойған.
Сырлас ағасы, тағдыр тәлкегін көп көрген тамаша ақын Свет Оразаев 1985- жылы шілденің үшінші жұлдызында кездескенде Өмірбай ақынға арнап былай деп жыр жазыпты:
«… Ажыратып күзіңді көктеміңнен,
Сезіндім ғой мен оны от деміңнен.
Жүр екенсің өлмейтін өлең жасап,
Баспасөзде көрінбей кеткеніңмен.

Алдында байпаң қақпас қанішердің,
Панасы болған кейде жаны шердің.
Аунатып аруағын жүргендейсің,
Жәми менен Науаи Әлішердің.

Өмірде өрге жүзер жолды аңсаған,
Өзіңше, шіркін, өстіп толғанса жан!
Толған өстіп, өйткені, Мұқағали,
Өлеңде өкіл аға болған саған.

Толған да, өлең бағын шыңда, гүлдет,
Шығып тек дос көңілден сырларың дөп.
Мұқағали айтқандай біз де сені,
Танып тұрмыз бұл – шын дарын деп.
Осы жырдан екі дос ақынның бүкіл болмысы жарқырап көрініп тұрған жоқ па?!
Сонымен, Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының тапсырмасы бойынша ақын Өмірбай Өмірзақовтың шығармашылығы жайлы мәліметтер жинақталып, құжаттарын шұғыл реттедік. Сексенге толған ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне кезектен тыс қабылданды. Басшылықтың ұйғарымымен 80 жасқа келген ақынды әуреге салмай, өз ауылына барып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билетін салтанатты түрде табыстау үшін кеше ала таңнан, ақын Мырзан Кенжебай екеуміз бірге Алматыдан шығып, Ұзынағашқа қарай жолға шықтық.
Біздің құрдастарымыз көрмеген ақындарды өз көзімен көрген, бірге жүрген Мырзекең әңгімені серия-сериясымен, «әдемі» айтады. Әңгімесі еліктіреді, қилы ойларға жетелейді.
Ақын Өмірбай Өмірзақовтың 80 жылдық мерейтойына арналған Ұзынағаш ауылындағы мәдениет үйінде өткен «Көкдала күмбірі» атты әдеби-сазды жыр кешінде ақын Мырзан Кенжебай мен жазушы Әшірбек Көпіш, ғалым Самат Өтенияз және Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы тәрізді көптеген азаматтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Мен өз сөзімде ақынды мерейтойымен құттықтап, Өмірбай Өмірзақовқа «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі» билетін салтанатты жағдайда табыстадым. Ел ағалары, қарапайым халық Жазушылар одағына алғыстарын жаудырып жатты. Көбінің есімдерін білмейтінім өкінішті. Есімде қалғаны Ақан Жылқышыбайұлы секілді, парасатты, өнерлі, арда азаматтың айтқан алғысы болды. Ақын тойына арналған салтанатты кешті Өмекеңнің жанашыр інісі, елге сыйлы менің құрдасым Рәтбек Сағид-Уаһас жүргізді. Кеш соңында ақын ағамыздың «Көкдала күмбірі» атты жыр жинағының тұсаукесерін жасадық.
Осы кеште жерлестерім, «Бабайқорғандық» бауырларым сазгер Бекжігіт Сердәлінің, марқұм ақын ағамыз Базарбай Оспановтың өлеңіне жазылған сырлы әнін ұзынағаштық әншілер әдемі орындады. Ұзынағашта ауылдастарымның әнін тыңдап, сергіп қалдым. Бұл екі азамат та бабайқорғандықтар. Менің Бабайқорғанымнан. Сонымен бірге жергілікті көркемөнерпаздар үйірмесі әсем ән, күмбірлеген күйлерімен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Елгезек, әлі де сергек, ойы жинақы Өмірбай ағамыз «Мен аты аңызға айналған ақындарды өмір бойы іздеп жүремін» деген сөзіме жаны жадырап, жүзінен риза болғандығы байқалып тұрды.
Бүгінде аты аңызға айналған ақын Төлеген Айбергеновтің Бесқаладағы бейітіне арнайы алғашында Ташкент арқылы, соңынан екінші рет Ақтау айналып, ақын жатқан қасиетті мекен «Бесқалаға» жетіп, рухына басымды иіп, құран бағыштағам.
Кезінде Атырау жақта, батыс өлкемізде «Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» атты жобаммен арнайы ұйымдастырылған экспедиция барысында ақын Бауыржан Халиолла дарынды ақындар Сағат Әбуғалиев пен Табылды Досымовтың басына арнайы ертіп апарды. Бұл бір жан тебірентелік оқиға болды. Қысқа ғана ғұмырын өлеңге арнап өткен Атыраудың «Тайсойған» құмында дүниеге келген, тамаша лирик ақын Марат Отарәлиевті іздеп, мәңгілік мекені «Теңдіктегі» зиратының басына барып, құран бағыштадым. Сол тұстағы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа арнайы кіріп, Марат Отарәлиев жайлы әңгіме қозғап, мәселе көтеріп кеттім. Ноғаевқа Марат Отарәлиевтің бейітін таппағанымда, қасыма адам қосып бергені үшін алғыс айтып жүремін.
Жол түскенде оңтүстік жақта өмірден өткен Өмірбай Сәуірбаев, Қаныбек Сарыбаев, Дүйсенхан Нақыповтың басына соғып, құран бағыштап жүремін. Алматыдағы Саттар Ерубаевтың автовокзалдың астында қалған бейітін, діни рәсімдермен қайта жерлеуді өз қаржыма ұйымдастырғам.
Көршілес өзбек елінде, Бұқара, Тамды жақта жаны мәңгі тыныстаған Өмірзақ Қожамұратовтың басына бару да көңілімде жүр. Осы ой мені иектегелі көп болды. Түрлі себептерге байланысты сәті түспей жүр. Алла қаласа, ол күнге де аман жетерміз. Кезінде Өмірзақ Қожамұратов, Төлеген Айбергеновпен Низами атындағы оқу орнында қатар оқыған, бүгінде жасы сексеннен асса да жүрісі ширақ, сөзге шешен, ақын Шүкірбай Ақназаров атты ақсақал ағамыз Жазушылар одағына арнайы, екі қызымен бірге іздеп келіп, біраз әңгімелестік. Ағамыз Кеңес Одағы тараған соң атамекенге, Рудный қаласына ұрпақтарымен қоныс аударған екен.
Ел ішінде аты аңызға айналып, тағдыр тәлкегін аз кешпеген аяулы ақындардан, жол жүріп келе жатып, жолда пойыздан түсіп қалып, бүкіл өмірі Жаңарқа жақта өткен ақын Свет Оразаев жайлы ел ішінде алуан аңыздар естідім. Әділбек Абайділдановтың еліне арнайы барып, ақын шығармашылығы жайлы баяндама жасадым.
Мұқағали мен Төлеген бастаған, Сағат Әбуғали, Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отарәлиев, бүгінгі ортамызда аман-есен жүрген Зейнолла Тілеужанов секілді ақындар жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. «Қап-қара бұлттар, наймандар құсап көшеді» деп жырлаған Зейнолла көкем Алматының көшелерінде көрінбей жүр. Жазушылар одағындағы залды тезірек жөндеуден өткізіп берген соң, осы ақын мен кеше танысқан Өмірбай ағамның кешін өзім өткізіп бергім келеді.
Иә, мен аттары аңызға айналған ақын ағаларымды үнемі жан-дүниеммен, жан-жүрегіммен іздеп жүремін.
Бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан ақын Өмірбай Өмірзақов – жоғарыда есімдері аталған ақындар тәрізді ақын. Өмірбай Өмірзақовтың кейбір жырларын оқырман назарына сала кетейік. «Қарақыстақ» өлеңінде:
«Туған жердің биік қой бетегесі,
Алатаудың ең ғажап етегі осы.
Келгеніңде сағынып қарсы алады,
Торғайы да томпиып бөтегесі.

Ұрпағына төгілген нұры көктем,
Жыр арнадым өзіңе құрметпен.
Бала болып кетемін қырықта да,
«Қисық көше» бойымен жүріп өтсем.

Күнге күміс толқыны шағылысып,
Көкөзектің суынан қанып ішіп.
Сағыныштың шалқарын көктеп келем,
Үнсіз ғана бір сезім алып-ұшып.

Заңғарынан жанымның дара қыстап,
Мерекедей сенде өткен балалық шақ,
«Қалған тұяқ – жақсыдан» дейтіндей,
Қашан келсем көрікті Қарақыстақ!

Көп те шығар күндерім көз ілмеген,
Ұлылықты сезіндім өзіңде мен,
Жалаңаяқ жүгірген баладан да,
Үміт күтіп жатасың төзімменен.»,
– деп жырласа, «Ата рухына сыр»
(Халық ақыны Өмірзақ атама)» деген өлеңінде:
«Жалғыз үміт өшті деп,
Көз салдың ба қиырдан?
Алпысымда көш түзеп,
Шығам шыңға бұйырған.

Желаяқтай тер төгіп,
Жолды есінен тандырам.
Мен – ноқтасыз ерке бұлт,
Арман күткен алдынан.

Қыр желіндей көңілді,
Жырларым бар аздаған.
Таңдай болып шөгуді,
Тағдыр маған жазбаған.

Жүгін артып келер күн,
Қара нармын терлеген.
Жауырынын өлеңнің,
Тигізбеймін жерге мен.

Бәйге, бәйге, бәйге! – деп,
Қызынбаймын дуға да.
Кеудемдегі бәйтерек,
Сен де орынсыз шулама.

Бәйге деген – іңірде,
Сан жұлдыз ғой құбылған.
Хас жүйріктің түбіне,
Бәйге жетіп жығылған.

Жалғыз үміт өшті деп,
Көз салдың ба, қиырдан?
Алпысымда көш түзеп,
Шығам шыңға бұйырған.

Талай үміт шағылған,
Кеудемде тұр бүр өсіп.
Жау жапырақ жамылған,
Жалғыздыққа ілесіп…»
– деп жырлайды.

Иә, ақын жаны жабырқау, мұңлы. Оның себебін көктен іздеудің керегі жоқ. Ақындық деген мәңгі жалғыздық екендігін баяғыда сұхбаттарымда айтқанмын. Ақынның «Жамбыл жайлы жыр» атты өлеңінде:
«Ақынның бағы тамызда
тұрды гүлдеп бір,
Қырларға мынау сарала
жалау тұнды нұр.
Атамыз өскен аталы жерде ояндым,
Кеудемді тербеп бір дүбір»,
– деп тебіренеді. «Наурыз жыры» өлеңінде:
«Шығыс желі тынбады түніменен,
Көкдала күй тыңдады шыныменен.
Ай жарық. Ал,
ақынның жанарында,
Шалқиды ғажап оймен тұнып өлең.

Жасантып, жарқыратып
көк пен жерді,
Наурыз! Ақтай көргін
төккен терді.
Береке бірге аттап босағадан,
Ыржиып Нұржақыптай
көктем келді»,
– деп толғайды.
Ұйқас қандай, ой қандай! Наурыз жайлы талай өлең оқып жүрміз. Бірақ дәл мынандай өлеңді оқымаппын. Әдетте ақындар көктемді гүлге, қызға, сұлулыққа теңеуші еді. Өмірбай ақын «Ыржиып Нұржақыптай көктем келді» – дейді. Оқырман «Мұның Нұржақыбы кім болды екен?» – деп еріксіз ойланып қалатыны сөзсіз. Өлеңде ақынның өз қолтаңбасы анық байқалады.
Талантты ақын 80 жасқа толды. Иә, Өмірбай Өмірзақовтың ешкімге ұқсамайтын ақын екендігіне дау жоқ шығар. Кеше Ұзынағашта ақынның дүркіреген тойы өтті. Қара жолда ойға баттым. Өзіміз кеше тұсауын кескен «Көкдала күмбірі» жыр жинағынан «Ақсеңгір тойы» деген жыр оқыдым.
Ақсеңгір ақ жауынмен
төккен көрік,
Ынтымақ бұл елдегі неткен берік.
Жайсаңнан көк далаға
шашу шашты,
Тырнаның қанатымен
көктем келіп…

…Биіктен күнде көрген
Қарқара шың,
Бірлігің берекені арқаласын.
Жасанған, Ақсеңгірім, өрлей бергін,
Ұлы той құтты болсын,
алты Алашым!
Ақынның өзі «Ақсеңгірім» деп жырлағандай, Өмекеңнің дүбірлі тойы Алатаудың асқақ биігіне жетті. Өмірде қарапайым, кеудесі орден-медальдардан, ақындық арындай тап-таза Өмірбай Өмірзақов менің есіме аңызға айналған ақын ағаларымды салды. Оның осы уақытқа дейін Жазушылар одағына да өтпегені мені әрқилы ойларға жетеледі. Ол отыз жыл ел билеген бауырларына жағдайын айтып барған жоқ. Оған ақындығы жіберген жоқ. Жібермейді. Ішінде өзімен ерегісіп ақындық алапат құдірет, әр қадамыңды бақылап тұрады. Жақын туысы, кешегі Елбасыға бармай-ақ, бер жағындағы біреуіне емеурін танытса жетіп жатыр еді ғой. Біздің арамызда аңызға айналған ақындар жоқ па? Бар. Олар бүгін ел ішінде елеусіз жүр. Олар ертең аңызға айналатына мен сенемін!
Сондықтан кейбір шенеуніктер жасаған іс үшін рулас қазақтарды түгел жамандауға мен қарсымын. Олардың арасында Өмірбай Өмірзақов секілді тұлғалар бар екеніне сенімдімін!
Өйткені қазақ – қайда да қазақ!
…Тойдағы сөйлеген сөзімде қарт ақынды ел-жұртына аманаттап айтып, тапсырып кеттім. Олар ақынның ел-жұртын айтам, оны менсіз де жақсы білетінін жақсы біліп отырмын. Сонда да, мүмкін өзім үшін шығар. Өйткені қиянатты көп көрдім. Күйе жаққысы, басыма жуынды құйғысы келетіндер аз да болса кездеседі. Мен іштей соларға ерегісіп ақындық ғұмыр кешемін. Ертең ел біз туралы не айтар екен деген сұрақ үнемі көкейімде тұратыны рас. Бұл жағынан Өмірбай Өмірзақов бақытты ғой. Тек тойына баяғыда аңызға айналып кеткен ақын достары қатыспағаны ғана болмаса…
Олар түгел тойға келетін еді. Тек, о дүниеден қайтып келген ешкім жоқ. Біз олардың, аңызға айналған ақындардың өлеңдерін оқып өзімізді жұбатамыз. Менің де өлеңдерімді жақсы көретін бірер бала бар. Мені орынсыз, себепсіз сыртымнан жамандай бермеңдер. Кім біледі, ертең мен де аңызға айналып кетуім мүмкін ғой. Бүгінгіңді білмедім, мен сүйетін ақындар ертең үшін өмір сүреді!
Мен де ертең үшін өмір сүріп келемін.

Қасымхан БЕГМАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір