Аңызға айналған Тәңіртау тарпаңдары
Тарпаң жойылып кеткен жылқы тұқымы ретінде белгілі болған, аты аңызға айналған, Тәңірдің еркесі іспетті жылқы түрі еді. Оның көптеп өсірілген жері ретінде біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы Чжан Цянның жазбасы Ферғана ойпатын нұсқайды. Тіпті Қырғызстанның Өзгент, Ош өңірінен Ташкенге дейінгі аралық біртұтас Тарпаң бектігі ретінде жаңғырып, мәшһүр болып отырған. Тарпаңның өсіп-өнген жері Ферғана ойпаты болғанымен, оның түпкілікті шыққан жері Тәңіртауының үңгірлері болатын.
Тарпаң ұғымынан қазақ ішінде қалған жалғыз белгі – атқа салатын ердің «тұрман» деп аталуы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көптомдық шығармалар жинағының «Шежіре» томының 51-бетінде: «Бұрынғы замандарда жеті салалы Шыршықтың басынан аяғына дейін там үйлі жұрт жағалай отырғанда, «Тоқсан мың үйлі Қыбырай-Дүрмен» атанған» деп атап өтеді. Қазіргі уақытта Өзбекстанның Ферғана облысында Дүрменше, яғни Дүрмен руы деген атпен аталатын екі өңір, Ташкент пен Науаи (Тауелібай) облыстарында да бір-бір Дүрмен өңірі, Бұхара облысында екі Дүрмен өңірі, Хорезмде Жоғары-Дүрмен, Самарқан облысында Дүрментөбе, сондай-ақ Қарақалпақстанда да бір Дүрмен өңірі бар.
«Бабалар сөзінің» 83-томы «Шежірелік аңыздар» деп аталады. Томдықтың 102-бетінде, ескі уақытта ел қалауымен хан сайланған Қаңлы бабасы Дүрбіннің отырған күймелі арбасының «Қаңқа» деп аталғанын, осыған байланысты Қаңқа арбаға мінген адамдардың «Қаңқалы» болып, бірте-бірте Қаңлы елінің аты пайда болғанын жеткізеді. Бұл шежірелік аңызда Дүрбіннің өздерін хан көтеруге апарған адамдарға «жанды нәрсеге мінбеймін, күймелі арбаға мінемін» деп Қаңға арбаны талап етуі, бұл арбаның Қаңға деген атауында «хан (қаңғ)» деген лауазымдық ұғым кірігіп тұрғанын байқауға болады.
Дүрбін деп аталған бұл адам кім дегенге келсек, ол 493 – 515 жылдары билік еткен, Пәкістан мен Үнді жерінің орта бөлігін бағындырған түркітілдес Алқон деп аталатын жұрттың кезекті ханы. Оның аты тарихи мәтіндерде Тораман деп алынған. Енді бір қызықты жайт, 2200 жыл бұрын Қаңлының жайын естелікке алған Қытай елшісі Жаң Чиян ел астанасын Елқион деп атайды. Қалай дегенде де, Қан деген елдің басты атауының алдына «ел» ұғымы жалғанса, Елқон, Алқон болғанын, «ел» ұғымы соңына қарай жалғанса, Қаңлы болғанын білеміз.
Ферғана ойпатындағы ежелгі Дүрмен елінің жайылым қуалап, қырға шыққан тобы бізше Дүрмен, қалмақша Дөрбін атанып, олардың бір тобы Әмір Темірдің Барлас руымен бірігіп Дүрмен-Барлас атанса, Ойраттармен бірігіп кеткен тобы ХІV ғасырдың соңында Сауыр тауында Дүрбен-Ойрат одағын құрады. Дүрбендер «Дурбан» деп те аталды. Бұл Дүрбендердің кейінгі ұрпақтары Дөрбіттер саналады.
Тарпаңымен аты шыққан 2 мың жыл бұрынғы Тарпаң (Дариван) елінің жылқылары сол заманның ең үздік жылқылары ретінде танылды. Үйсін жылқылары осы көне Тарпаң елінің жылқыларынан кейін екінші орында тұрған. Жібек жолы саудасын жандандыратын таңғажайып ат түлігін алуға деген Қытайдың әскери мақсаттағы ынтызарлығы көне Тарпаң елінің Еуропаға шығатын Жібек жолының орталық нүктесі болуына бірден-бір себеп болды. Таулы жерден шыққан болат тұяқ, шаруаға төзімді бұл тұлпарлар туралы, тіпті оларда бір күнде 500 шақырым баса алады деген сенім болды. Алайда Жібек жолының өздерінің астаналарынан өтуіне рұқсат етсе де, басқа байлығын базарға салса да, тарпаңдықтар өздерінің ең әйгілі жылқы тұқымын саудаға сала қоймаған екен. Сол үшін мұның арты кейін төртжылдық соғысқа ұласады.
Жібек жолының ашылуына себепкер болған бірінші ел – сол замандағы қытай жазбасында Дариван деген атпен хатқа түскен осы ел болатын. Олардың астанасы Қозан қаласы қазіргі Наманган облысының Хосонсай ауданын меңзейді. Мәшһүр Жүсіптің жазбасында ежелгі Тарпаң елінің Дүрмен атанған ұрпағы 70 мың үйлі делінсе, 2 мың жыл бұрынғы қытай жазбасында олар «70 қалашығы бар ел» делінеді. Мұнда да бір әсем сәйкестік бар. Күріші мен бидайы тау-тау болып, жүзім шарабымен танылған жер. Жылқының сүйікті шөбі деп жоңышқаны молынан еккен. Ең бастысы, көне Тарпаң елінде асыл тұқымды жылқы өсірілгендіктен, ат үстінде соғысуға шебер үздік садақшылардың қосыны да болған. «Тайға таңба басқандай» деген тым ескіден хабар беретін таңба сөзі сол тағы жылқыларға алғаш рет белгі басумен бірге пайда болып, малға басатын ру таңбасының қажеттілігінен рулардың біз қолданып жүрген әртүрлі таңбасы пайда болған. Сондықтан ең алғашқы таңба авторы ретінде жылқы жалында өскен халықтарды атай аламыз.
Ескі Қытай жазбаларында тарпаңды ардақтаған 5 түрлі атау кездеседі.
Оның бірі Тянма деп оқылады, мағынасы – «Тәңір жылқысы» деген сөз. Таңба мен Тянма сөзі өзара туыс. Соған қарап, ескі Тарпаң жұртының діни сеніміндегі Құдайлық танымның Тәңірі екенін біле аламыз.
Екінші бір аты – Дариван Ляң жылқысы, яғни Тарпаң елінің аламаны деген сөз. Аламан – бұл Шумер-Аккад өркениетінен басталған, Иран, Ауғанстан жерінде гүлдеп, Орталық Азияда дүркіреген гепардқа қатысты айтылған сөз. Оның алабан деген нұсқасы да бар. Біздің «аламан бәйге» дейтініміз, әу баста хандардың гепард жарыстыруына қаратылған екен. Үшінші бір аты – кәдімгі тарпаң деген сөз. Төртінші бір аты – ханшуе ма. Бұл жерде жылқының (ханшуе) деген екі сөзден тұратын атауының бірінші әрпі түркі тіліндегі қан сөзін, яғни нағыз таза қанды деген мағынаға жұмсалса, деген екінші әрпі қытай тілінде қан деген мағына беретіндіктен, (ханшуе) сөзін екі халықтың тіліндегі қан сөзін қатар алуымен ерекшеленген атау деуге болады. Бесінші бір аты – ханшуе баума. Төрт әріптің (ханшуе) болып оқылып тұрған алдыңғы екі әрпінен қан деген мағына беретін (шуе) деген қытай сөзін шығарып тастасақ, тарпаңдықтардың өз тіліндегі (қан) сөзінің өзі қалады. Осы атауға бұл нұсқада асыл деген мағына беретін, «бау» деп оқылатын сөзі жалғанып тұр. Ендеше, өз алдына дараланған (ханбау) сөзі «асыл тұқымды, таза қанды жылқыға» қатысты айтылатынын көрсетіп тұр. Бұл ханбау сөзінен не аңғарамыз десек, «Жылқы иесі – Қамбар ата» деген сөз ойға келуі тиіс. Қазақ ұғымында Қамбар ата – жылқыны қолға үйреткен, жылқы тұқымын асылдандырған, осы түліктің қыр-сырын толық меңгерген жылқы атасы саналған киелі баба. Біз осы тарихи жады арқылы Қамбар ата ұғымының қайдан келгенін, қалай пайда болғанын түсіндік. Қамбар ата сенімі көне Тарпаң елінде гүлдеп, бізге кейіндеп жеткен екен.
Ежелгі Тарпаң жұрты мен шығыстағы Хань елінің сауда-саттығының арқасында Жібек жолының Еуропаға жалғасуы біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан, қазіргі дәуірдің ХІІІ ғасырына дейін үзбей жалғасты. Бұл сауда байланысына тікелей ықпал еткен, біздің заманымызға дейінгі 126 жылы ел билеп тұрған көне Табын билеушісінің есімі – Бегі. Қытайша оқылуы – Вугуа.
Тарпаң соғысы
Біздің заманымызға дейінгі 104 – 101 жылдар арасында тарпаңдықтар мен Хань елі арасында тұтанған екі реткі соғысты жан-жақты жеткізейік. Бұл соғыстың атауының ерекшелігі, ол – «Қамбар соғысы» немесе «Тянма (Тәңір жылқысы) соғысы» делінеді. Соғысты өз күшіне сенген қытайдың жауынгер патшасы Уди бастады. Соғысқа Қытайдың тарпаң жылқы тұқымын мыңдап аламыз деп, 200 мың алтын жамбы, бір алтын құйма ат көтеріп Ош қаласына келген елшілігінің дөрекілік танытып, өз елінің күшіне сеніп айбар шеккеніне Тарпаң елінің Бегі ханы ашуланып, өзінің қарауындағы Өзген қаласының бегіне ендігі жерде қытайлардың елге кіріп-шығуына тыйым салу, алтын жамбыларын тартып алып, елшілерді өлтіру жөнінде берген бұйрығының орындалуы себеп болды. Қытай патшасы Уди бұған қаһарланып, Тарпаң жұртын қирату үшін әскерін жөнелтеді. Заманымызға дейінгі 104 жылы шығыстағы қытай әскері өзіне бағынышты Ғұнның Шугуо бектігінен 6 мың атты әскерді, өзінен он неше мың әскерді, жалпы саны 20 мыңға жуық қосынын бастап, соғыс арқылы тарпаң тұқымын тартып алу үшін қазіргі Лопы-Нор көлін басып өтіп, тарпаңдықтардың еліне шапқыншылық жасайды. Ферғана ойпатындағы шайқас сол Өзген қаласында өтті. Бұл шайқаста Тарпаң елі әскеріне оның ханы Бегі, Өзген бегі, Жәнібек қатарлылар қолбасшылық жасаса, Тәңірінің тарпаңын арман еткен, оны алсақ төрткіл дүниені бағындырамыз деп сенген, бүкіл жігерін осы соғысқа арнаған қытай әскері жағына екі реткі соғыста Уди патшаның генералы Ли Гуаңли, Шаң Гуанжие, Жау Шычың, Лидуо, Жауди, Уаң Шыншың, Ху Шыңгуо қатарлы ығай-сығайының бәрі жиналып қолбасшылық етті.
Бірінші реткі соғыста қытай әскері ойсырай жеңіліп, Өзгеннің тарпаң мінген әскерлері қамалдан шығып қуалай соғысып, шайқастың алды-артында жол бойындағы шағын бектіктердің бәрі қамалын жауып, қытайларға көмек көрсетуден бас тартқандықтан, шығыстағы Шөлен тауының бауырындағы Дуньхуанға шегінгенде 18 мың адамының жер жастанғанын, 2 мыңдай ғана адамы қалғанын анықтайды. Арада 2 жыл өткеннен кейін қытай әскері Тарпаң елінің астанасы Қозан қаласын жартысы атты, жартысы жаяу әскерден құралған 60 мың адамдық күшпен қоршауға алады. Оның сыртында Қытайдың шапқыншы күштерінен 180 мың адам Шөлен тауының бауырындағы Жючуан (Сорбұлақ), Жаңие қамалдарында артқы шеп болып, күш сақтап тұрды. Қытай қосынының жанында 50-ден астам соғыс маманынан тыс, шайқас қажеттілігі үшін әкелінген 100 мың сиыр, 30 мың жылқы, 10-12 мың түйе мен есек болды. Осыншама ірі күштен сескенген төңіректегі шағын елдер амалсыз оларды қарсы алып жатса, Тәңіртауының күнгейіндегі Ерентай (қазіргі Бүгүр ауданы жерінде) елі қарсы болып, қытайлар ол қаланы басып алып, қырғыншылық жасады.
Қытайлар Тарпаң елінің астанасына шабуыл жасардан бұрын әуелі Өзген қаласына мың адам келіп, әдейі олардан азық-түлік сұрайды. Қытайлардың топанының аз екенін көрген, 2 жыл бұрын қытайды аяусыз қырған Өзген бегі қамалынан 3 мың адамдық тарпаң жасағы шығып, оларды тып-типыл қылып жояды. Қытай әскері көп күшпен келіп қалаға тап бергенде, Өзген бегі төтеп бере алмай Қаңлыға қашады. Одан кейін қытай әскері барлық күшін жинап, ел астанасы Қозанға шабуылдайды. Қозан қамалын 40 күн бойы ала алмай, сыртқы су көздерін түгел бұрып, қаланы сусыз қалдырады. Сөйтіп, қырық күндік қоршаудан кейін сыртқы қамалды алып, танымал сардар Жәнібекті қолға түсіреді. Қытай жағы зор шығынға ұшыраған болатын. Тарпаңдықтар сыртқы қамал қолдан кеткен соң ішкі қамалға тығылды. Тарпаң жұртының ақсүйектері берілмей қарсыласқан Бегі ханды өлтіріп, оның басын қамал сыртындағы қытай сардарының шатырына апарып, бітімге келуді сұрап, соғыс тоқтаса тарпаң тұқымынан көптеп беретінін, соғысты тоқтатпаса қаладағы барлық тарпаң тұқымын қырып, қытайларды тарпаңсыз қалдыратынын, оның үстіне «көп кешікпей Қаңлы күші көмекке келеді» деп сес көрсетті. Қытай жасағы қалада әлі де жетерлік азық-түліктің барлығын, олардың сусыз қалса құдық қазып алатынын, жер асты суы көзінің таяздығын біліп, Қаңлы күші көмекке келсе жойылып кететінін болжап келісімге келеді. Қытайлар Қаңлы күшінің бұған дейін көмекке келуден тайсалғанын біліп отырса да, аяқ астынан көмекке келуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Бітім бойынша қытай жағы соғысты тоқтатып қала ортасына кірмеуге, Тарпаң елінің ақсүйектері оларға 10 неше тұлпар мен 3 мың тарпаң тұқымын беруге келісті. Уди патша жарлығымен бітім жасаған басты ақсүйек Бозай Тарпаң еліне хан болып тағайындалды. Бір жылдан кейін Тарпаң елінің ақсүйектері Бозайды «қытайшыл» деп өлтіріп тастайды да, орнына Бегінің кенже інісі Шаңқанды хан етіп тағайындайды. Қытайлар бұл тағайындауға қарсы болса да, амалсыз мойындайды. Бұл кезде тарпаңдықтар қытайларға жылына жел ілеспес 2 қамбар (тарпаң) жіберіп тұруға келіседі. Оны қытайдың Батыс өңір әкімшілігіне әкеліп тапсыратын.
Батыстағы мықты ел болған Тарпаңның қытайлардан жеңілуі сол өңірдегі елдерге үрей туғызды. Қытай ақырындап ірге кеңейтіп, Дуньхуаннан Қарашәріге дейінгі аралыққа бекіністер мен керуен сарай, хабар-ошарға пайдаланылатын деңдер салды. Бұларда жүздеген қытай әскерлері қарауылда тұрып, алдағы уақытта құрылатын қытайдың әкімшілік аумақтарының негізі қалана бастады. Қытай жағы батыстағы ірілі-ұсақты елдерге үздіксіз елші жіберіп, байланысты нығайтты. Бірақ батыс өңірдегі елдер іс жүзінде қытайдың емес, әлі де ғұндардың ықпалында еді. Тарпаң жұртынан әкелінген тұлпарлар көбейген соң, қытай патшасы арнайы бақ жасатып, оның ішін жоңышқа мен жүзім өресіне толтырды.
Сол кездері 300 мың халқы бар Тарпаң елінің 60 мың әскер шығара алатын қуаты болған екен. Екі реткі соғыста оның қаншасы қатысты, ол жағы белгісіз. Қозан қамалын басып алған екінші соғыста Тарпаң елінің өте аз шығынға ұшырағанын, қамал қолдан кеткен соң бірден келісімге келгенін жазады қытай дерек көздері. Ал қытай жағы берік қамалды өте зор шығынмен алды. Жеңістен қайтқан қытай әскері Шөлен тауының бауырындағы Иүимингуанға жеткенде 10 мың әскері қалған, оның 1 мыңы атты әскер, қалғаны жаяу әскер. Демек, бірінші соғыста 18 мыңдай адамынан айырылса, екінші соғыста 50 мың адамынан айырылған. Бұл соғыстың шығынынан, шығыстағы көршілердің өлермендігінен тарпаң тұқымының қытайлар үшін қаншалықты маңызды болғанын түсіну қиын емес. Ал Тарпаң елінің астанасы Қозан қамалының 40 күннен астам уақыт қытай шабуылына төтеп беруі, олардың құрылыс саласының аса жоғары деңгейде дамығанын, қорғандарының өте берік болғанын көрсетеді.
ІV – V І ғасырларда Тарпаң елінің аты өзгеріп, Борана, Ферғана) деп аталып кетті. Қазақ шежіресінде Барғана деп көптеп қойылған кісі есімдері Ферғана өңірінің атының кісі есіміне көшірілуін білдіреді. Тоқмақтың оңтүстік жағындағы мың жыл бұрынғы Борана мұнарасы, оның атауына себепкер болған ортағасырлық Борана қаласының атының осы Барғана, Ферғана ұғымдарымен туыстығы бар. Борананы қырғыздар Бурана деседі.
Қазақта Тарпаң болды ма?
Тарпаңның өзі жойылып кеткенімен, қазақтың қазанаттарында оның қаны қалғаны анық. VІІІ ғасырда өмір сүрген ақын Ли Бай «көктің тұлпарлары Қоз елінің үңгірлерінен шыққан. Айдаһар қанатты, жондары жолбарыс өрнекті тарғыл келеді» деген. «Қойшы батыр» ертегісінде айдаһардың үстіне құлап түскен Қойшы батыр оның айдарынан мықтап ұстап, тақымын қысып, ат қылып мінеді. Дырау сөзі де айдар тектес етіп өрілген өрімге қаратыла айтылады. Тибеттіктермен қаны, тілі бір бутандықтар айдаһарды «дру» деп дыбыстайды. Осыған сай қамшы түрі де бар оларда. «Дыр» сөзі жылқыны тоқтату үшін айтылады. Дүр – қанат. Дір – қанат қозғалысы. Дүлдүл (дүр-дүр) сөзі – осы қанаттың аты болған дүр сөзінің «л» дыбысымен екі қайталанып дыбысталуы. Тұлпар сөзі де «дүл» және «пыр ету» сөзінің қосындысынан тұр. Пырақ атауы араб дыбыстауында «борақ» делінеді. Пыр ету, борандай борау сөздері пыр, пырақ сөздерін дүниеге әкеліп отыр. Осы бойынша тарпаң сөзі «дүр апан», яғни айдаһар апанынан шыққан деген ұғымын жасыра алмайды. Жылқының ішінің толған құрт болатыны, оның айдаһарға тән кісінеу үні, Гималай асқан қазақтардың шөп жоқ жерде жылқыға ет бергенде, оның етті қатыр-құтыр шайнап жұтуы, кейбір жылқының қолтығының астынан қанат шеміршегінің өсетіні сол айдаһарлық тегін әшкерелейді. Ли Байдың жырлауында тарпаңның жонында кездесетін тарғыл түстің аталуына байланысты тарпаң сөзінің басындағы «тар» сөзінің түске байланысты бір мәні табылғандай болса, айдаһар сөзінің «айдар», «дырау (тибетше – дру)» деген ықшам нұсқасының да тарпаң атауынан табылып, «друман (дырауман)» деген бір сөздің пердесі ашыла бастайды. Бұл сөздер Тарпаң өсірген елдің ұрқының кейін «Дүрмен» атанғанына ұқсайды. Біздегі жылқы иесі болған Қамбар атаның саз өнеріне қатысы болмаса да, түрікпен сеніміндегі Гамбар-ата тартар (дутар) аспабын ойлап тапқан болып саналады. Мұндағы тартар деген күй тартуға лайық атау тағы да тарпаңдағы «тар» ұшарға сай «дүр» сөзімен жанаса бермек.
Тарпаң жылқының қамбар (ханбау) жылқы деген екінші мәнін жоғарыда ашып көрсеткен едік. Уақ шежіресінің түбі Қамбар бабадан басталып, оның ұрпақтары болған Ер Көкше, Ер Қосай батырлармен жалғасады.
«Сәлиха-Сәмен» жырында Көкше әулиенің Тәңіртауында үңгірде тұратыны, оның сайынбурыл атты үңгірге кіргізіп алып, Шыңғыс ханға сақтайтыны туралы айтылса, Құтып жырлаған «Құсырау-Шырын» жырында, «қара тасында аттың суреті бар үңгірге әр жылы бір қысырақ келіп, үңгірдің аузына жыландай жер бауырлап кіріп, әлгі жанды тастың суретіне сүйкеніп, барлығы буаз болады» делінсе, мұндай ғажайып үңгір жайлы Әлкей Марғұлан «ғажайып тау үңгірінің оң бетінде адам таңғаларлық тұлпардың суреті бар. Ол жердің адамдары биелерін сол тауға бағады. Биелер сол тұлпармен шағылысып құлындайды» деп, ескі қытай естелігін ұштай түседі. Ер Көкшенің қанатты жылқыларға ие болғанын «Орақ-Мамай» жырында айтылғандай, қолтығында құс қанаты бар қызыл аты, «Қарасай-Қази» жырында осындай көкбұйра аты, енді бірде тарлан аты барынан біле аламыз.
Ли Бай айтқан айдаһар қанатты жылқыны алғаш шығарған Қоз елінің маңызды қалаларының бірі болған Қоза, бүгінгі уақытта Күшәр атанған жерде, Э.Шефердің жазуынша, «айдаһар көлі болған» делінеді. Күшәрдің батысындағы Ақсу жері тұтастай бір кезде Қоз қауымының ықпалымен Күсан атанып тұрады. Бұл Қоз қауымы қытай әдебиеттерінде Юэчжи деп жазылып, бұл қауым ғұннан жеңілген соң Батыс Қытайдағы жерлерінен жылжып, І ғасырда Орталық Азия мен Оңтүстік Азияға келіп, Кушан елін құрады. Қоз елі «көз тасын (нефритті)» өндірумен аты шыққан. Көз тасын қазіргі уақытта ұйғырлар қас тасы деп айтады. Қазақ ішіндегі Қосан деген кісі есімін тудырған осы атау ежелгі Тарпаң елінің астанасы болған Қозан қаласымен де тығыз байланысты еді. Қозан қаласы тұрған жер кейінгі уақытта Хасансай ауданының атын алып отыр. Қарахандар әулетін құрған қарлықтар осы өлкеге келгенде ескі Кушан, Қозан атауларын Қасан деген атпен жаңғыртып ұлықтап, Қарахандар әулетінде жалпысы 17 ханның атында осы Қасан сөзі жалғанады. Қасан қаған деген атаулар Молда Қылыш жырлаған «Жеті қаған» эпосында бірыңғай «Қазақ қаған» деген атпен алынып отырған. Кабулдың оңтүстік-батысындағы Ғазни қаласы Х – ХІ ғасырлардағы Ғазноян әулетінің даңқын шығарса, Қобыланды жырында Қияттың Қараманы екеуі жасайтын жорықтарда бұл тарихи қала Қазан деп аталады. Қазақтың тарпаң тұқымын пайдаланғанда оны кейінгі шыққан Кусан, Қосан (Кушан), Қасан, Ғазн (Қазан) елдерінің аттары бойынша «қазан ат» деп алғаны белгілі болды. Қазақтың атқа арналған әбзелі ер және тұрман деп екі түрлі атаудан құралса, жылқылар да дене бітіміне қарай, «қазан ат» және «қара етті» деп екіге бөлінеді. Жылқы деген сөздің орнына жүретін «гер» сөзі осы қара етті жылқы тұқымынан алынған. Хантәңірінің шығыс бауырындағы Мұзарт өзені мен Діндіғұл өзенінің түйіскен жеріндегі тұйықтағы Ханжайлауын қалмақтар «Адуынгер» дейді. Адуын сөзі қотан сөзін білдірсе, гер сөзі жылқыны білдіреді. «Жылқының үйі» дегені. Міне, әйгілі тау тарпаңдары осындай аңыз аумақтардан шығады.
Қазанат майды сыртына жинайды, жылқының қара еттісі майды ішіне жинайды. Қазанат жүріске шыдамды, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы. Қазақ жылқы үйірін қазанаттың тұқымынан жинауға көңіл бөлген.
Екі реткі соғыстан кейін тарпаң тұқымын қолына түсірген қытайдың Хань әулетінің шеберлерінің тарпаңның әртүрлі мүсіндерін жасағанынан хабардармыз. Орғып бара жатқан тұлпардың заманымызға дейінгі ІІ ғасырда жасалған жасыл түспен боялған мүсінінің Қытайдың Ганьсу өлкесінің Увэй қаласынан 1969 жылы табылуы, тарпаңның тұлғасын тануымызға көмектеседі.
Тарпаң елінің топырағында салтанат құрған Грек Бақтияры елінің патшасы бірінші Евкратидтің теңгесінен де біз тарпаңды көреміз. VІІІ ғасырдағы Тан елінің дарынды суретшісі Хань Гань салған Тан патшасы Тайцзунның суретінен де, оның қосар атының тарпаң болғанын бірден айырамыз. Тайзунның Байқалдан алдырған өңкей жұмыр келген, ақбоз, ақжал шаңқан, сұрыжал боз, тік сұры жал, жүйрік жирен қатарлы 10 тұлпары жыр болып жырланып, ән болып айтылып, сурет болып салынып, мүсін болып ойылған да еді. Оның ішінде, қара тұлпары мен ақбоз тұлпарының бейнесі Хань Ганьның салуымен сурет болып жетсе, сулығынан ұстаған тағы бір тұлпары мүсін болып жетеді.
Біз бұл суреттер мен мүсін, оймаға қол жеткізу арқылы тарпаңның қазақтың қазанаттарынан еш айырмасы болмаған кескін-келбетін байқадық. Онда майын сыртына жинаған, жұмыртұяқ, қысқа құйрықты, жалы селдір, сирағы биік, жұмыр келген шымыр аттарды көреміз.
Тарпаңның өзі жойылып кеткенімен, оның қаны қазақтың қазанаттарында қалды деген сөзімізді осылай түйіндейміз.
Көкбөрі МҮБАРАК