ӨЛЕҢГЕ АЙНАЛҒАН ӘҢГІМЕ
Ақселеу ағаның пайымды повестері мен әйгілі әңгімелерін былай қойғанда, оның жазған мақала, очерктерінің өзі адамды бей-жай қалдырмай, көркем шығарма оқып отырғандай тіл құнарлылығының тылсым табиғатымен тамсандыра түсетін. Бейне бір сусап келіп шөлің қанғандай… Кеңес Одағы кезінде, Алматыдағы бұрынғы Ұзынағаш көшесі поляк және орыс революциялық қозғалысының белсендісі Ф.Э.Дзержинскийдің есімімен аталды. Осы көшенің Калинин көшесімен қиылысында Ф.Э.Дзержинскийдің төбесінен табанына дейін тұтас құйылған ескерткіші бар-тұғын. Неге екенін қайдам, сол ескерткішті студент жастар «Ақселеу ескерткіші» дейтін. Алыстан қарағанда сырт келбеті ұқсас, сақалды, ұзын бойлы адам болғандықтан шығар деймін. Олар бұл ескерткіштің орнына Бүкіл Россиялық төтенше комиссияның төрағасының емес, қазақтың Ақселеуінің мүсіні тұрғанын қалаған болар бәлкім деймін іштей. Қалай болғанда да мұнда оқырманның жазушыға деген патша көңілінің жылы ілтипаты жатқандай еді. Ақселеу ағаны анадайдан көріп жүргенім болмаса, кездесіп тілдескен адамым емес-ті. Бірақ тынымсыз тағдыр толқыны қақпақылдап әкеліп мені онымен бір емес, екі мәрте қауыштырды.

І. Бір атым насыбай
«Қазақ әдебиеті» газетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы Несіп Жүнісбайұлының «Ақселеудің шақшасы» атты естелік жазбасы (2022 жылдың 9 қыркүйектегі санында, 6-7 беттерде) жарияланды. Осы эссе шықпастан бұрын Ақселеу аға тұтынып жүрген шақша есіме түсіп, «Құнанбайдың шақшасы қайда екен?» деп, мақала жазбақшы болып жүргенмін. Көп кешікпей оның жауабын Несіп Жүнісбайұлы жазбасындағы, Ақселеудің інісі Асылхан Сейдімбектің: «Ағатайымда шақшаның небір көкесі болды. Ол кісі шақшадан коллекция жинаған жан да болатын. Кезінде ағатайымда Құнанбай қажының шақшасы да бар еді. Шақшаны біреу ұстап жүрді де мұражайға өткізді» деген мәліметінен кейін мазасызданып жүрген көңілім орнына түсті.
Ағамен алғашқы танысуым туралы аз ғана әңгіме. Алматыда оқып жүрген кезім. Республикалық газет-журналдардың бірқатарын қарауылға алып («Мәдениет және тұрмыс», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз») өлеңдеріммен «бомбалап» тастағанмын. Ендігі кезекті нысанам ғылыми-көпшілік журнал «Білім және еңбек» болатын. М.Горький көшесіндегі 50-үйге келіп ат басын тіреп, ішке кірдім. Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) менімен бірге оқитын Күлән Бурабаева осында хатшы болып жұмыс істейтін. Ақселеу ағаға кіргім келетінін айтқанымша болған жоқ, іштен Танаш Дәуренбеков шыға келді де, күтіп тұрған мені көріп, «ешкім жоқ, бара бер» деді де, жалғас бөлмеге енді. «Ешкім жоқ болса, несіне кірем» деп едім, Күлән күліп жіберді. Әншейін әзілдей салғам.
Редактор бөлмесінің есігін қағып, ішке кірдім. Төрдегі үстелде жып-жинақы, бүкшимей, еңсесін тіп-тік ұстап отырған жігіт ағасының өткір жанары тұлабойымды бір тінтіп өтті де, мұнда отыр дегендей оң жақ қапталындағы орындықты нұсқады. Құдайсыз Кеңес одағының кезі болса да, қанша дегенмен қаймағы бұзыла қоймаған қазақы ауылдың құшағынан шықтым емес пе, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, қолын алдым. Ала келген «шатпақтарымды» алдына қойып, қарап отырмын. Жаратпай қала ма деген ой санамда бір жүгіріп өтті. Әр өлеңді асықпай, баппен оқып шықты да:
– «Айрақты тауы» дегенің қай жерде? – деді, сұраулы жүзбен маған қарап.
– Маңғыстауда.
– Сонда тұрасың ба? «Шақпақ атаны» білесің ғой ендеше?
– Иә, – деп басымды изедім.
– Жақында Әбіш ағаң бастаған экспедиция Маңғыстауға сапарға шығады. Ондағы тарихи және мәдени ескерткіштердің жай-күйімен таныспақшымыз. Реті келіп жатса «Шақпақ атаға» соға кету ниетім бар. Ол Шевченкодан (бұрын, 1964 жылға дейін «Ақтау» қаласы болса, кейіннен «Шевченко» аталынып, 1991 жылы қайтадан «Ақтау» деген өз атауына ие болды – М.Д.) қанша шақырым?
– Жобалап айтқанда, 118-120 шақырымдай болып қалады.
Әңгіме арасында ақ парақ алып, Шевченконың, Таушықтың, Шақпақ атаның әрқайсысын тары дәніндей нүктемен белгілеп, нүктелердің арасын түзу сызықтармен қосып, ара қашықтығын белгілеп жазып алды. Дәп бір үлкен шаруа бітіргендей еңсесін тіктеп, сырбаз қимылмен жанқалтасына қол салып, шақша суырды. Күмістен әшекейлеген шақша сондай әдемі еді! Менің таңғала қарағанымды байқаған аға, «бұл жәй шақша емес, Абайдың әкесі Құнанбайдың шақшасы!» деді де, бір шөкім бұйра насыбайды ауызына қарай аттандырып жіберді. Тіл астына салды ма, ерін астына салды ма, ол арасын қапелімде аңғара алмай қалдым. Жанары нұрланып, рахат күй кешкен ағаны көріп, делебем қозған мен дегбірсіздене жанқалтамның ішіндегі нән қалтаны қалай суырып алғанымды білмеймін. Не де болса болары болды. Аздап абдырай отырып, сыртына «Аралтұз» деп жазылған шағын торсықтай целофан қалтамның ауызын ашып, сол алақанымның ұясын толтыра төктім де тіл астына жөнелттім.
– Сен де насыбай атады екенсің ғой? – деді, Ақселеу ағам маған қарай мойын бұрып.
– Темекі тартуды қоя алмай жүргенмін. Ауылымыздағы бір шал «насыбай сал, көрерсің, темекі оның жанында түк те болмай қалады. Қойып кетесің» дегесін салып жүр едім.
– Насыбайды аз-аздап атқан дұрыс.
– Адайларды өзіңіз де білесіз ғой, аға, нені де болса кесек турайды, – дедім жайыма қарап отырмай.
Үнсіз жымиған ағам, менің көрер көзге қораштау көрінетін шақша-қалтама қолын созды да мұрнына тақау апарып иіскеді.
– Жаман емес… қалай дайындайсың?
– Уыс толы махорканы арнайы ыдысқа төгіп, соның үштен біріне жақындау етіп сексеуілдің, не изеннің күлін салып, оған алдын ала үгітіп, дайындап қойған қалампырды қосам. Сонан соң, аздап су құям да, ескі қарыстай таяқшамен диірмен тасты айналдырып отырғандай әрі-бері былғастырып, әбден бір-бірімен араласып иісі аңқып шыққанда тоқтатам.
Ағам ауызындағы насыбайын алып тастап, орнына менікінен бір шөкімдейін салып, тағы да «жаман емес…» деді. Сәл үнсіздіктен соң, өлеңдеріме бұрыштама соқты да, хатшы қызды шақырып, «мына өлеңдерді келесі нөмірден қалдырмай жіберіңдер», – деді. Әңгімеміздің нобайын насыбай алып, біраз уақыт болыпты. Кетіп бара жатқан менімен ағам ықыластана қоштасты.
Көп кешікпей, «Білім және еңбек» журналының сол, 1987 жылғы шілдедегі 7 нөмірінде «Қадым заман куәлері» деген жалпы атаумен «Айрақты тауында», «Алтын киімді адам», «Ақмая» атты өлеңдерім журналдың 46-бетін тұтас алып басылып шықты. Ал жоғарыда біз айтып өткен Маңғыстау экспедициясына қатысушылар Шевченко қаласына келгесін екіге бөлініп, Әбіш Кекілбаев бастаған кісілер Үстіртке, қалғандары батыс беттегі Қарағантүбекке бет алған. Ішінде бұл төңіректі жақсы білетін Сайымжан Еркебаев бар. Ол сол кезде «Қазақ әдебиетінің» тілшісі болатын. Кезінде жол-сапар жайлы көлемді мақала жазды. Ақселеу аға Әбіш тобына қосылыпты. Бұрынырақта «Үстірттің құпия сызықтары» атты тамаша зерттеу еңбегін жазған ағамыз Үстіртке тағы да бір тереңірек үңіле түскісі келді ме, кім білсін. Сөйтіп, ағамыз бұл сапарында «Шақпақ атаға» соға алмай кетулі…
Ағаның «Бір атым насыбай» деген повесі барын оқырман қауым білетін болар. Сондағы кейіпкер насыбайшыл Түнқатар, шақшасын бермеген болысты өлтіріп, бір атым насыбай үшін он жыл итжеккенге айдалатын еді ғой. Повесте «…қонақ қонышынан бір керемет сары ала шақшаны суырды да, сыңғырлата сілкіп насыбай атады. Шақшасы енді бір қаралық дейді. Осы алтынмен аптап, күміспен күптеп, түбіне жезден сылдырмақ салып, ай мүйіз тығынының өзін бұрама алтыннан жасап, көрер көзді күйдіргендей мүлік етсе керек қой. Оның үстіне шақшаның иесі де насыбайды қалампырлап, бабымен атады екен. Бұйра насыбай торғайдың көзіндей болып, алақанға түскенде исі танау қытықтап, делебені қоздырады» деп майын тамыза суреттейтін жері бар. Соны оқығанымда, Ақселеу ағаның қолындағы Құнанбайдың күміс шақшасы көзге елестеп, келмеске кеткен күндердің қимас сәтін көңілім елжірей еске аламын.
ІІ. Екінші кездесу
Ағамен екінші кездесуіме себеп болған оның «Емші» деп аталатын ертегі-әңгімесі. Оқиғасы тартымды, бірден еліктіріп әкеткен әңгіме ойымнан шықпай-ақ қойды. Екі-үш мәрте қайталап оқыған шығармын. Көпке дейін алған әсерімнен арыла алмай жүрдім де, ақыры болмаған соң, әлгі әңгімені өлеңмен жазып шықтым. Атын «Дерт пен дауа» деп қойып, соңын өз ой-түйіндеуіммен тәмамдадым. Тақырып астына сілтеме жасадым.
Сөйтіп, сәрсенбінің сәтінде салып-ұрып ағаға бардым. Амандық-саулық алысып, насыбайлатып отырғанымызда, солай да солай болды дей келе, «баспасөзге ұрынбас бұрын әуелі сізге көрсетіп, пікіріңізді біліп, алдыңыздан өтсем деп келдім» дедім де, «Емшіден» енші алған шығарманы папкі арасынан шығардым. Басынан аяғына шейін оқып барып: «Әңгімем оқуға жеңіл, тым-тәуір өлең болыпты. Жалпы, жазылған өлеңді қара сөзбен беру немесе керісінше, прозалық шығарманы жырлау әдісі сирек те болса әдебиетте бар үрдіс. Әңгіменің авторын көрсетіпсің, бұл енді сенің дүниеңе айналыпты ғой», – деді ағам ағынан жарылып. Ол енді біршама ұзақ өлең болды.
Медет ДҮЙСЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі