«Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға…»
27.11.2023
338
0

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аталған оқу орнының түлегі, жасындай жарқ етіп, отызға жетпей өмірден озған, айтыстың жарық жұлдызы, қазақ айтыс өнерінде өшпес ізі қалған ақын Оразалы Досбосыновқа арналған «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға…» атты қалалық студенттер айтысы өтті.
Өнер додасына Абай университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нұр-Мұбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті, тағы басқа іргелі жоғары оқу орындарынан он екі үміткер қатысып, бақтарын сынады.

Айтысқа Абай университеті мен «Абай» атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры, сондай-ақ «Атамұра» корпорациясы ЖШС қаржылай демеу көрсетті.
Жұпталған жас жүйріктер суырыпсалмалық өнер мен шымыр ұйқастармен шаппа-шап айтыстың озық үлгісін көрсете білді. Жас ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, «Балдырған» журналының бас редакторы ­ Дүйсен­ Мүсірәліұлы, «Абай университеті» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Болат Шарахымбай, айтыскер ақын, «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының төрағасы Аслан Ғафуров қатарлы әдебиет пен мәдениет қайраткерлері әділ бағасын берді.
Іс-шараны университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов құттықтау сөзбен ашып, жас жүйріктерге сәттілік тіледі.
Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша, қазылыр алқасының шешімімен Ұларбек Жеңісбекұлы бас жүлдені қанжығасына байлап, 150 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа және университет ректорының арнайы дипломына ие болды.
Бірінші орын университетіміздің студенті Санжар Даярбекке бұйырса, екінші орынды Жалғас Қазыбек иеленіп, жүлделі үшінші орынға Сандыбай Піржан лайық деп табылды. Додаға қатысқан жас ақындардың барлығы қаржылай сыйлық және арнайы дипломдармен марапатталды.
Одан бөлек, «Атамұра» корпорациясы ЖШС президенті, меценант Рақымғали Абрар­­ұлының тағайындаған арнайы жүлдесіне универ­ситетіміздің студенттері Сәулет Нұршапағат, Шұғыла Қасымбек және Дінислам Абитилда ие болды. Дәл осындай арнайы қаржылай сыйлық марқұм Оразалы Досбосыновтың отбасына да берілді.
Айтып кетсек, оқу ордамыздың атынан осындай өнер додасына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген ақындарымыз университет жанында жұмыс істейтін «Оразалы Досбосынов» атындағы жас ақындар мектебінде (жетекшісі белгілі айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан) тәрбиеленіп, даярланады.
Б.Ж. Сапаров,
«Ұлттық тәрбие» орталығының жетекшісі,
PhD доктор

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір