Дулат Исабековтің Ұлыбританияның Лордтар палатасында сөйлеген сөзі
– Құрметті милорд! Ханымдар мен мырзалар! Қадірлі қонақтар!
Бұл – ағылшынның оқырман-көрерменімен менің бірінші кездесуім емес. Бұған дейін мұнда ағылшын тіліне Катрин Юделсонның аударуымен Лондондағы Айтматов академиясы баспасынан шыққан «Гауһартас», «Біз соғысты көрген жоқпыз…» деп аталатын кітаптарымның тұсаукесері мен «Өкпек жолаушы» пьесам бойынша «Орзу Артс» театрында спектакль өткен. Маған да, менің халқым үшін де аса маңызды осынау іс-шараға сіздердің қатысуларыңыз мені зор ризалық сезімге бөлейді.
Егер, бір мезет кішіпейілдікті сәл ұмыта тұрып, түрлі БАҚ беттерінде жарияланған әдебиет және театр сыншыларының, сондай-ақ қатардағы көрермендердің риясыз пікірлеріне жүгінсек, онда өзіңнің жарты ғасыр бойына бекерге тер төкпегенің, сөйтіп, сенің шығармаларыңның титтей бөлігі Қазақ елінен шалғайдағы мемлекеттерде өлмес туындылары Англияны, жалпы, әлемнің әдеби Меккесіне айналдырған ұлы Шекспирдің, Теккерейдің, Вальтер Скоттың, Бернард Шоудың елінде өз оқырмандарын тапқаны туралы ой келеді екен.
Бір жарым жасымда ауыр науқастан кейін жұрттың бәрі мені өлдіге санап, қабір қазушылар қолына тапсырар алдында соңғы рет «жансыз» сәбидің жүзіне қарап қалуды ұйғарған көрші кемпірге ризамын.
Ал мен, «өлген» бетпақ о дүниелік балаша тып-тыныш жатудың орнына кенет көзімді ашып ыржиып күліппін, ал үрейі ұшқан кемпір байғұс бажылдап, шешемді көмекке шақырып үлгеріпті.
Перзентін тірідей көме жаздаған анам менің тірі болуыммен қоймай, жымиып жатқанымды көріп, дауыс салып жылап жіберген көрінеді. Мені алып кетуге келген қабірші жаназалық дәмнен қағылғаны үшін түсі бұзылып, қатты ренжіген секілді. Соларға қонақасы бұйыртпай, аш қалдырғаным үшін күні бүгінге дейін қысыламын. Өздері қазылған әлгі қабірді қайтадан көмбепті де, себебі сырқат балалардың бірі қайткенмен өлер еді, уақыт солай-тын.
Бұл жағдайды менен көпке дейін жасырып келіпті. Алайда алғаш мектепке барып, бірінші «бестігімді» алып келгенде, сол кейуана: «Мен болмасам, мектепке барып, бестік әкеле алмас едің», – деп, жайдарлана отырып, барлық сырды жайып салды. Әлгі көршіміздің тіміскектігі арқасында, міне, мен өздеріңіздің алдыларыңызда тұрмын.
Кемпір менің жүзімді көру үшін киіз бетін кездейсоқ ашты ма екен? Меніңше, жоқ! Тәрізі, ол көктің әмірімен солай істеуді ұйғарған. Осы оқиға, қалай да, Құдайдың бар екенін, ештеңенің себепсіз жасалмайтынын тағы да көрсетіп тұр. «Алланың бұйрығынсыз бір жапырақ жерге түспейді» деген ескі қазақ мақалы бар.
Өздеріңіз пайымдап көріңіздер, адам туғаннан бастап көз жұмғанға дейін дүниеде ешбір оқиға кездейсоқ болмайды екен. Егер Ленин бастаған большевиктер патшалық самодержавиені жеңіп, Совет өкіметі орнамаса, өз құрамына қазір Қазақстан деп аталатын ежелгі Қазақия елін күштеп кіргізбесе, менің әкем өзі де, оның ата-бабасы да бұрын-соңды естіп-білмеген Сталинградты қорғап, қаза таппас еді және мен бұл туралы кітап та жазбас едім.
Бастан өткерген майдандарға қарамастан, қазір адамзат алдында үшінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете ме деген қауіп тұр, тәрізі бұл ең соңғысы болар. Жаңалықтардан жантүршігерлік суреттерді көреміз. Ресей телеарналары Россия Сирияны лаңкестерден құтқарады деп хабарлап жатыр… Алайда осындай «бейбітшілік мақсаттағы» бомбалаудың бірінен кейін, мен бір жасар баланың басы жұлынып кеткен шешесінің омырауын ашқарақтана емген кадрді көрдім. Осынау сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді…
Қазақтың ежелгі аңызы бойынша, Жер-жұмақты жаратқан Құдай оған, ең алдымен, адамды емес, бір құсты жіберіпті. Ол құстың аты «Арманда» екен, яғни «мәңгілік сағыныш» деген мағына береді. Жаратушының әмірі бойынша ол тек көк жүзінде самғап жүреді. Жер шарын мың-миллион мәрте айналып ұшқан құс жер бетіндегі тіршілікке іңкәр болып, қатты құмартады.
Бірде ол Құдайға көктегі мәңгілік өмірді тастап, жерде күн кешкісі келетінін айтады. Құдай келіспейді. Бірақ құс әлгі өтінішпен қайта-қайта келе беріпті. Бұған қатты ашуланған Жаратушы оны қуып та жібереді. Құс сонау тілекпен соңғы мәрте келгенде, Құдай: «Жарайды, мәңгілік ғұмырды қаламасаң еркің білсін, жерге түс. Тек есіңде болсын, онда өлмес өмір жоқ. Сенің орныңа өзге бір «мақұлықты» жіберемін», – дейді. Сонда құс: «О, Жаратушым, бәріне келісемін!» – деп қуана-қуана жерге түсіпті де, бірден о дүниеге аттаныпты.
Құдай оның орнына бәріміздің ортақ атамыз Адамды жөнелтеді. Айтпақшы, қазақша «адам» деген мағынадағы осы сөздің алғашқы нұсқасы –«Адам» тек қазақ тілінде ғана сақталған.
ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Абай: «Адамның басы – Алланың добы» деп жазыпты; мұның «Адам Құдай үшін ойыншық, бәрі Жаратушының қолында» деген мағына беретіні түсінікті.
Меніңше, біздің ғаламшарымыздың сұлулығына бола мәңгілік ғұмырын жердегі қысқа тірлікке айырбастаған Арманда құс бір сәт тіріліп, бүгінгі Адам ұрпақтарының Жерді нендей күйге түсіргенін көрсе, өзінің сонау шешімі үшін қатты өкінер еді.
Егер әрбір қарапайым жазушының артында орта есеппен 10-15 мың оқырман тұрғанын есептеп, осы санды әлемнің барлық жазушыларына көбейтсе, онда ғаламдағы барлық адамдардың жан жүрегіне ықпал ететін қуатты қаруға ие алапат армия құрылар еді. Өйткені, алдымен, құрлықаралық ракеталар емес, сөз пайда болған ғой.
Қазақстан Президенті бастамасымен Сириядағы жағдайды қалпына келтіру бойынша халықаралық кеңес өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы қыркүйектің 22-сінде Алматыдағы Достық үйінде көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, тәуелсіз Қазақстанның Қытайдағы алғашқы елшісі Мұрат Әуезовтің бастауымен халықаралық «Жібек жолы. Соғыссыз әлем» дөңгелек үстелі өтті, онда шетел зиялыларының көптеген өкілдері: ғалымдар, саясаткерлер, жазушылар өз пікірлерін ортаға салды.
Маған бір ой келді: бізге әлемнің маңдайалды жазушылары бейбітшілік пен әділеттілікті, қоршаған орта тазалығын қорғап, кейбір елдердің агрессиялық саясатын мейлінше әшкерелеп отыратын Әлем жазушылары ассоциациясын құратын кез жеткен жоқ па екен?
Бұл ұйымның штаб-пәтері, өз ойымша, кезінде қазіргі таңда төрткүл дүниенің көптеген елдерінде, оның ішінде, Қазақстанда да филиалы бар халықаралық ПЕН-клубты құрған, ұлы жазушы Джона Голсуорсидің Отаны Англияда тұруға тиісті.
Мен Ұлыбритания Лордтар Палатасына, Лондондағы фестивалімді өткізуге тигізген зор көмегі, пьесалар мен әңгімелер жинағымның тұсаукесерін, алғашқы мерейтойлық кешті өткізуге, алдағы «Аққу-Жібек» пьесасының ашылуына жасаған қолғабысы үшін Ұлыбритания Біріккен Корольдігіндегі өз елшімізге шексіз ризалығымды білдіремін. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Самұрық-Қазына» TRUST серіктестігіне алғыс айтқым келеді.
Өз өмірлеріңіздің тұтастай он минутын маған арнап, сөзімді аяғына дейін тыңдағандарыңыз үшін көптен-көп рақмет!
Қ.Мұқаш,
Лондон, 2 қазан, 2017 жыл.
Мәтінді қазақшалаған