ОДАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІ
1931 жыл. Алматы. Абақты. Ахмет Байтұрсынұлы камерада бірге отырған Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков інілеріне ақыл айтты:
– Қарақтарым, Мұхтар! Әлімхан! Біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған жандармыз. Атса, біздерді атсын. Ал сендер аман қалыңдар! Сендер қазаққа керексіңдер! Біз туралы шындықты болашаққа жеткізіңдер! Сендер сәбет өкіметін мойындап ашық хатқа қол қойыңдар! Қалайда, аман қалыңдар!– деді.
Осы әңгімеден кейін қыршын жас
Әуезов пен Ермеков кеңес үкіметінен жазбаша кешірім сұрады, «жаздық, жаңылдық» деп. Сөйтіп, аман қалды. Бірақ сол жылы басталған қызыл қырғыннан қазақ аман қалмады. Қынадай қырылды. Қоңыз теріп кетті. Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, «Қазақстан қазақсыз қалуға» айналды. Бұл сөзді ұлы жазушы 1921–1922 жылғы ашаршылықта айтқан еді. Егер бұл сөзді ол осынау 1932 жылы айтқанда, темір торға тағы тоғытылар еді. Өйткені бұл кезде қит еткенді «халық жауы» деп көрсету басталған еді.
1934 жыл. Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның тұңғыш төрағасы болып жыр дүлдүлі Жансүгіров сайланды. 32 -нің ашаршылығын айқайлап тұрып жазғандардың бірі сол еді.
1937 жыл. Жыр дүлдүлін жар астында аңдыған «батыраштар» омақастырды. НКВД-нің арандай аузына салып берді. Алматыдағы үйін астан-кестен етті. Бала-шағасын шулатып көшеге тастады. Ақынның екіқабат әйелі
Фатима Ғабитованы да аямады. Көшеге шығарып тастады. НКВД астан-кестен еткен Ілиястың үйін Мұхамеджан Қаратаев иеленді. Жазушылардың алғашқы Одағының алғашқы партия ұйымының хатшысы еді ол. Қиянаттың құрбаны болған Одақ басшысына, яғни өз басшысына араша түсе алмады. Ілиястың басына туған күн өзінің де басына туатынын білмеді. Іле-шала ол да аяқ-қолы кісенделіп, Сібірге айдалды. Сөйтіп, Жазушылар одағы өмірге келген күннен бастап, сұрапыл репрессиядан көз ашпады. Ахмет, Міржақып, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан бастаған сөз серкелері бірінен кейін бірі атылып жатты. Жазушылар дос кім, дұшпан кім айырудан қалды. Дауыстап сөйлеуден қорқып, ауыздарын басып сыбырласатын болды.
Сталин жазушыларға сонша неге шүйлікті? Өйткені ол кәпір, ұлттың рухани көсемдері жазушылар екенін білді. Ол басқарған партия ондаған миллион адамды отаған болатын ашаршылық жасап. Халыққа қоңыз тергізген болатын. Ашаршылық Сталиннің тарихтағы ең ауыр қылмысы еді. Сондықтан да қызыл қырғын туралы ауыз ашқандар Сталиннің ата жауына айналды. Ал жазушылар болса, жыбырлауық екен. Көсемнің артын ашқысы келіп ашаршылықты айтып жырлауын, зарлауын қояр емес. Сондықтан көсемнің қанды қылышы жазушылардың мойнында ойнай берді. Жазушылар халықтың тілі еді. Сол тілді кесті. Мәскеуді қорғап, аты аңызға айналған батыр-жазушы Бауыржанға бір бармақтай жұлдызды қимады. 1944 жыл. Сталин түркілер тарихына ты- йым салатын қаулыға қол қойды. Бұл қаулыда түріктердің тарихи санасын оятатын оқулық, зерттеулерге тыйым салынды, яғни бұл қаулы түркілердің тарихи санасын да өсірмей, өшіруге жол ашты. Бұл қаулы түркілер тарихын бұрмалауға жол ашты. Осы қаулыдан кейін Хан Кенені жазған Бекмахановтар итжеккенге айдалды. Осы қаулыдан кейін қазақ эпостарының да басына бұлт үйірілді. Осы қаулыдан кейін басқасы – басқа, ана дүниеде жүрген Абайдың өзі буржуазияшыл ақындардың санатына жатқызылды. Сталиндік ұрда-жық алыпсоқтар Абайды аспандатып жүрген Әуезовке шүйлікті.
Қазақ ССР-і Ғылым академиясында қазақ әдебиетіндегі жат элементтерді айыптауға арналған айтулы жиын өтті. Абайтанушы Әуезов Абай поэзиясын, және басына қара бұлт үйірілген қазақ батырлар жырын қорғап әлек-шәлегі шықты. Бірақ бәрібір бекер арамтер болыпты. Жиынды қорытқан батыр Мәлік Ғабдуллин ұлы жазушы ұстазын сталиндік сойылмен соқты. Әуезовті «буржуазияшыл ұлтшыл» деп қорытты. Бұндай айыптаудан кейін кім-кімді де Итжеккен күтіп тұратыны белгілі. Оны Әуезов те білді. Бүгін. Бүгін болмаса ертең НКВД алып кететіні белгілі. НКВД Әуезовтің қол-аяғын құрықтауға шынжыр, кісен дайындап жатты. Соған қарамастан, Әуезов, басынан дау, құлағынан шу кетпеген абыз қазақтың бас ақыны туралы бас кітабы – «Абай жолын» жазу үстінде еді. Осы күндері Мұқаңа сәлем беруге барған бір жазушы терезе алдында теріс қарап тұрған абыздың көз жасын сүртіп тұрғанын көреді.
Бұ күндері Мұқаң университетте сабақ беретін. Сол күні таңертең пәпкесі қолтығында, ауыр басып ойланып, күнделікті жолымен университетке қарай келе жатады. Бір кезде еңсесін тіктеп қараса, алдында алып-ұшып студенті Әнуар келе жатыр. Артына алақ-жұлақ қарап, жүгірген студентінің аяқ алысы әбестеу. Шошыған абыз состиып тұрып қалады. Әлімжанов студенті, шынында да, бір жаман хабарды алып жетті.
– Мұхтар Омарханұлы! Тоқтаңыз! Университетке бармаңыз! Ұсталасыз! – деп бебеу қағып жетті студенті. – Комитетте істейтін бір жігіттен хабар келді. Университетке де, үйге де бармай, тура аэропортқа тартсын! Әйтпесе бүгін Әуезов ұсталады деді!
Жәутеңдеген көзіне жас айналған Әнуар зыр жүгіріп бір мәшинені тоқтатты. Алабұртып, есеңгіреп тұрған ұстазының алдына тартты көлікті. Мұқаң жақ ашпады. Қап-қара болып түнеріп алған. Екеуі сол тас-түйін қалпы үнсіз аэропорт қайдасың деп тартып отырды. Бұл 1953 жылдың басы еді.
Содан, Мұқаң Мәскеудің Ломоносов университетінде Шығыс әдебиетінен дәріс оқи бастайды. Алматыға 1954 жылдың көктемінде оралады. Бұ кез қанды көсем дүниеден өтіп, абақтыда отырғандар біртіндеп бостандыққа шыға бастаған болатын.
Алматыда Әуезов «Абай жолын» жазуға қайта отырады. Билік басына Хрущев келді. 1956 жыл. Партияның ХХ съезі жекебасқа табынушылықтың тас-талқанын шығарды. Хрущев Сталинді жерден алып, жерге салды. Сөйтіп, осы съезд тарихтың бір қанды парағын жапты. 40 жылға созылған қанды парақ жабылды. 1916 жылдан 1956 жылға дейін созылған қасіретті 40 жылға нүкте қойылды. Осы 40 жылда, әсіресе қазақ халқының көрмегені жоқ еді.
Осы 40 жылда қазақ «мың өліп, мың тірілді». Тіптен жер бетінен жойылып кетуге дейін барды. Осы сойқандар қазақ қаламгерлерін қан жылатты. Жүректерін жаншыды. Ауыз ашқандары атылып кетті. Бүгінде 90-ға келген Жазушылар одағы осы сойқандарды өз басынан кешті. Сталин сойылы, алдымен, осы Одаққа сілтенді. Содан кейінгі советтік идеология сойылы да осы Одаққа сілтенді. Өйткені Одақ қазақтың көзі мен тілі еді. Империяшыл идеология сондықтан кейде Одақпен санасуға да мәжбүр болды.
1986 жыл. Желтоқсан. Қазақстанға қайдағы бір Колбинді әкелген Кремльге қарсы шықты қазақ жастары. Қазақ жастары 16 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағының алдына келді. «Шығыңдар! Бізді басқарыңдар!» – деп айқай салды. Қырғын болатынын білген Жазушылар одағы оларды бастап алаңға шықпады. 17 желтоқсан күні күндіз біз алаңда болдық. Сол күні кешке қырғын болды. Екі ұшақпен Алматыға жеткен Горбачев жендеттері алаңға шыққан жастарды жер жастандырды. Қыздарды шашынан сүйреді. Кремль дереу бүкіл қазақты «ұлтшылдар» деп жариялады. Қазақтың басына күн туды. Ұлт намысын қорғаған қаршадай ұлдар мен қыздарды саперлік күрекпен қаруланған Кремль жендеттері көшеде қуып жүріп шапқылады. Көтеріліс күшпен басылды. Жастарды аяған ересек жұрт жылап тұрды немесе бүкіл Алматы үнсіз бұғып үйінде отырды. Осы үнсіздіктен қорыққан Колбин жүгіріп Жазушылар одағына келді. «Халық тілі» не дер екен деп. Колбиннің көзінше мінберге қара бұлттай түнерген Жұбан көтерілді.
– Қаршадай қыздарды қарулы солдаттар шашынан сүйреген бұндай сұмдықты көргенше… өлгенім артық еді, кешегі соғыстан қайтпай! – деп, күндей күркіреді Жұбан ақын. Бұндай каһарлы айқай Одақ залына сыймай бүкіл Алматыға естілді. «Ақиқатты айтатын бір еркек бар екен ғой! – деп, бүкіл қазақ еңсе көтерді. Жұбаннан кейін
Сафуан шықты мінберге. Қазаққа Кремль таққан айыпқа ол да қарсы атылды. Мәскеуде бүкілодақтық мінберден ақын Шаханов Горбачевтің көзінше 86-жылғы қазақ жастарын қорғап шырылдады. Ізінше Алматыға келген Горбачевке Әбе Нұрпейісов те Опера театрының мінберінен оңдырмай сойқан соққы берді. Сөйтіп, қазақ жазушылары қашан да ұлт намысы үшін отқа да, суға да түсе алатынын көрсетті.
Қазақстан Жазушылар одағы бүгінде 90-ға толды. Осынау мерейтой үстінде халқымыз халқын қорғап арыстанның аузына шапқан арыстарын ұмытпайды. Алдымен, солардың рухын ардақтайды. Қазақ жазушылары, яғни Қазақстан Жазушылар одағы – қашан да қазақтың тілі мен сөзі, яғни қазақтың өзі. Қашан да солай болған және бола береді де.
Мерейтой құтты болсын, ағайын!
Смағұл ЕЛУБАЙ
ПІКІРЛЕР1