ГАЗЕТІМІЗ АРЫ ҚАРАЙ ДА БІРНЕШЕ ҒАСЫРҒА ЖЕТЕТІНІНЕ СЕНЕМІЗ!
25.01.2024
478
0

Сүйікті басылымым «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойы құт­ты болсын! («Сүйікті» деген позитив сөзді осы басылымға ғана қолданатынымды жасырмаймын. Өйткені әдебиет­тану саласындағы зерт­теушілік тәжірибемді қалыптастыруда аталған басылымның үлкен орны бар).

Мәдениет деген ауқымды сала халықтың тілін, дінін, әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, т.б. қамтитыны белгілі. «Қазақ әдебиеті» басылымы аталған мәдениет салаларын, әрине бірінші кезекте қазақ әдебиетін көркейту мен насихат­тауда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Республикамызда әдебиет туралы жазатын басылымдар да баршылық. Бірақ «Қазақ әдебиеті» сынды бірде-бірі толықтай әдебиет туралы жазуға бағыт­талмаған. Сондықтан 1934 жылы, яғни құрылған кезеңінен бастап әлем әдебиетімен қоса ұлт­тық сөз өнері – қазақ әдебиеті туралы сансыз материалдар жариялап келе жатқан «Қазақ әдебиеті» басылымының тіпті цифрлы өркениет дәуірінде әлеумет­тік желілердің саны артса да орны әрқашан дара тұрады. Басылым оқырмандарға бұрынғыдан да жақынырақ болу үшін интернет алаңдарын тиімді пайдаланып келеді десек те болады. Өйткені газет­тің сайты және әлеумет­тік желілерде парақшалары ашылған. Редакторы мен тілшілер тобы да жеке парақшаларында газет материалдарын қосымша жариялайды. Мұның барлығы басылымды насихат­таудағы қосымша жұмыс екенін байқау қиын емес.
Қазіргі уақыт­та Facebook пен Instagram-дағы аккаунт­тарын жеке «басылымына» айналдырып алған қаншама автор мен сыншылар бары белгілі. Бірақ соған қарамастан, мақаласын, әлде әдеби туындысын газет бетінен көрген оқырман (автор, сыншы, ғалым) мейірленбейтіні және газет­тегі мақаласын міндет­ті түрде желідегі парақшаларына орналастырмайтыны кемде-кем. Бұдан біз барлық газет болмаса да әдебиет туралы жазатын басылымның имиджі қай уақыт­та да жоғары екенін байқаймыз. Себебі санамызда газет­тің бұрынғы имиджі сақталып қалған қоғамбыз. Мақаласын немесе өлеңін, әңгімесін газет бетінен көре сала, бір-біріне қоңырау шалып құт­тықтайтын жылдардан алыстай қойған жоқпыз. Қоңыраудың орнын қазіргі уақыт­та желідегі share (бөлісу) функциясы ғана алмастырған шығар… Оған қоса, басылымды шығаратын редакцияда редактордан бастап, редакцияға жолданған материалдарды көз майын тауысып редакциялаумен айналысатын, оны сансыз рет қайталап оқитын, яғни уақытқа тәуелсіз жұмыс істейтін журналистер тобы еңбек сіңіреді. Әрі өздері де апта сайын газет бетіне мақала дайындайтын жанкешті тілшілер қауымы газет­ті тартымды ете түседі. Пандемия кезеңінде газет әдебиет пен оқырман арасын жақындата түскен бірден-бір әдеби көпірге айналғаны есімде. Сол кез­дері редактор, жазушы Дәурен Қуат­тан бастап, тілшілер Асылан Қуанышұлы (Асылан аз уақыт бұрын басқа қызметке ауысқан екен) мен Мөлдір Райымбекова әртүрлі формат­та материалдар дайындап ұсынды. Газет бетіндегі көптеген дөңгелек үстелдер мен сұхбат­тар – осының айғағы. Бізге, сырт­тағы оқырманға «көрінбей» жұмыс істеп жатқан немесе бұрын да қызмет атқарған редакция мамандары бар. Бәріне оқырман және кейбір жазбалардың авторы ретінде алғыс айтамыз!
«Қазақ әдебиеті» басылымының тағы бір ерекшелігі, редакция әрқашан плюралистік пікірлерге ашық. Сыншылар қауымының беделіне, қызметіне қарамай материалдарына назар аударады. Басылым үшін жазбаның мазмұны маңызды. Бұрынғы уақыт­тарда «мағыналы, ойлы сөз тек үлкен буыннан ғана шығады» дейтін біржақты пікір қоғамда өріс алған болатын. Бұл ашық айтылмаса да бейвербалды әрекет­терден айқын көрініп тұратын. Маған «Қазақ әдебиеті» басылымының осындай көзқарастан ада екені, эйджизмге байланып қалмай, авторлардың әр буынымен еркін қарым-қатынас жасайтыны ұнайды. Яғни мәдениет пен әдебиет туралы айтары бар кез келген жанға «Қазақ әдебиетінде» орын бар.
«Қазақ әдебиеті» басылымының ғұмыры ұзақ болуына, болашақта газет бет­тері еліміздің және шетелдік авторлардың мазмұнды деген жазбаларымен байи түсуіне тілекшіміз! Басылымға бір ғасырға жуық ғұмыр сыйлаған редакция ұжымына табыс тілейміз және сүйікті газетіміз ары қарай да бірнеше ғасырға жететініне сенеміз!

Айнұр
АХМЕТОВА,
әдебиет­танушы, PhD, М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының зерт­теушісі,

Кембридж университетінің (Ұлыбритания)
«Шақыртылған ғалым» бағдарламасы
бойынша ізденушісі

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЙМАҒЫН БҰЗБАҒАН

Біздің пешенемізге тағдыр атамекеннен жырақта – шет­те туып, шет­те өскенді жазған екен. Әлемнің әр түкпіріне тарыдай боп шашылған аз қазақ баласы, қазақ үніне, қазақ руханиятына зәру болып күн кештік. Қазаққа керегі ананың ақ сүтімен дарып, ананың әлди үнімен құлағына сіңген қасиет­ті «ана тілі» .
Қай қиырда жүрсек те жанымыздан да қымбат сол ана тілімізді шұбарламай сақтап қалу – әр қазақтың асыл арманы. Сол үшін де кешегі батыр бабаларымыз ұрпақ үшін егеулі найза қолға алып, толарсақтан қан кешіп келсе, абыз, билеріміз бен жырауларымыз ауыз әдебиетінің үлгісі, ұлт­тық құндылығымыз болған қисса-дастандарды жатқа айтып, жазба әдебиеті қалыптасқанға дейін ғасырдан-ғасырға жалғастырып, сақтап келгенін мақтанышпен айта аламыз. Кешегі ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтар кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» бекерге армандамаса керек?! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да қазақ әліпбиін жасап, 1913 жылы алғаш рет «Қазақ» деген газет шығаруы ұлтымыздың мүддесін ойлағанның дәлелі болатын. Қазаққа керегі – қазақтың тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Ол жоқ жерде тарихымызды таңбалап, болашаққа сара жол салу мүмкін емес.
«Қазақ» газетінің нақты жалғасы іспет­ті 1934 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің шыға бастауы рухани әлемде тың серпіліс болды. Бұл газет­тің алғашқы редакторлары болып классик қаламгерлер – Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлиндердің қызмет жасауы газет­тің кемелді келешегінен сыр шертетіндей.
Мың өліп, мың тірілген халқымыздың басынан өткен қасірет­ті тағдыры тәріздес Ұлы отан соғысы жылдары газет шықпай тоқырауда болғанын нақты ақпарат көздері арқылы білеміз. Қазақ деген халық барда, халқын жанындай жақсы көретін жазушылар, зиялы қауым өкілдері барда ұлт руханиятының жаршысы болған, әдебиет айдынының тамшысы болған бірден-бір газет – «Қазақ әдебиеті» халқымызға рухани сәулесін қайта шашары сөзсіз еді!
1970-жылдар шамасында Моңғолия­ның батыс өңіріндегі әлемге әйгілі ақ сүңгі Бесбоғда мұзтауларының баурайын мекендейтін ауыл адамдары да сарғайған сары парақтай газет­тің алғашқы сандарын сол кез­дегі еларалық пошта байланыстары арқылы қолға алып оқи бастады. Қар жастанып, мұз төсенген шерменде жүректер елге ел қосылғандай рухани байлыққа кенелді. Әскерге кеткен ұлын сағынышпен сарғая күткен анадай газет­тің әр санын асыға күтіп, оқитын оқырманы көп болды. Сонымен қатар айында бір саны шығып тұратын «Жұлдыз» журналын жаздырып оқитындар да көп еді. Әсіресе Ғабеңдер бас болған, онан бері де Сырбай Мәуленов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, т.с белгілі қаламгерлердің қолтаңбасымен апта сайын шығып тұрған «Қазақ әдебиеті» газетінің орны ерекше-тін. Менің есімде қалғаны – «а» деген әріпті танып, тіл ұстартып, өз атымды жаза бастағаннан (1983-жылдардан бастап) кіші дәрігер болып қызмет жасайтын әкем жаздырып алып оқитын «Қазақ әдебиеті» газетінің әр жылдардағы саны. Осы газет арқылы мен ғана емес-ау, әдебиетке құмар әр бала, әр ата-ана өзі іздеген асыл сөздің інжу-маржандарын таба білді. «Қожанасыр қоржыны» деген айдаршасын оқығанда құдды Қожекеңнің өзін көргендей күлкіге кенеліп, келесі санында келетін қоржынынан одан да қомақты сый-кәде дәмететінбіз. Проза жанрындағы әңгіменің майын тамызып жазатын қаламгерлердің шығармаларын да осы газет­тен оқып әсерлендік. Тірліктің қым-қуыт күйбеңінен жалыққанда «поэзия» ат­ты сиқырлы әлемге бас сүңгіт­тік. Өнер, мәдениет, ел жаңалығы дейсіз бе, бар іздеген жоғымызды газет бетінен тауып, өзімізді атамекенде өмір сүріп жатқандай сезінген кез­деріміз болған еді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің қазақ елінен жырақта жүрген әдебиетсүйер жастар үшін олжасы өте орасан болды. Газет­тің әр санын асыға күтіп оқитын оқырмандардың сөз қамбалары толысып, ой-саналары өрістеп, қиялдарының құрығы зеңгір көкке тірелгендей күй кешкен. Қазақ ақын-жазушыларының буын-буын өкілдерінің сүбелі шығармаларын да осы газет­тен оқып, көзаямыз кеңіп, әдебиетке деген құштарлығымыз артып, кейін келе өзіміз де қалам тербей бастадық. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде бұл газет­тің көтерген жүгі, қараорман халыққа сыйлаған рухани қазынасы өлшеусіз мол. Қазақы сөздің қаймағын бұзбай, сүбелі сөздің жілігін шағып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей газет редакциясында жұмыс істеген журналист, тілшілердің ерен еңбегі – газет­тің құндылығын сақтап қалуымен құнды.
1990-жылдар келіп, ел нарықтық экономикаға ауысып, жұрт­тың алды атамекенге ат басын бұрғанда Баян-Өлгей аймағындағы аз қазақ рухани құлдырауға ұшырады. Аймақ орталығынан шығып тұратын «Шұғыла» деген әдеби журнал мен «Жаңа өмір» газеті жекешелендіруге өтіп мерзімінде шыға алмай қалды. Атамекеннен тұрақты келіп тұратын «Жұлдыз» , «Балдырған» сондай-ақ «Қазақстан әйел­дері» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті де келмей әдебиетсүйер қауымның сарықаймағын қалыңдат­ты.
Жылдар жылжып, уақыт керуені алға кеткен сайын ғаламтор желісі дамып, интернет жүйесі озғанымен, газет-журналдар сол құндылығын әлі сақтап отыр. Оның дәлелі – өткен 2023 жылы Астанада тұратын, ғаламтор желісі арқылы таныстығым бар жазушы Жадыра Шамұратова қарындасымның маған жолдап жіберген «Қазақ әдебиеті» газетінің сол жылғы сандары. Бір ғасырлық тарихы бар газет­тің заман талабына сай өңделген, оқырманға ой салатын терең толғамды, берері көп, тамаша шығармалармен байыған жаңа сандарын сарықаймақ сағыныштарын басуға ауыл оқырмандары тәбәрік қылып алып кет­ті. Бір қызығы, көп жылғы сағыныштың әсерінен бе, оқып болған соң жоғалтпай өзіме табыстады.
Сөзімнің дәлелі ретінде 2023 жылы газет бетінде жарияланған өзіме және ауыл адамдарына ұнаған кейбір шығармаларды атай кетуді жөн санадым. Проза жанрындағы шығармалардан жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Желтоқсан» әңгімесі (№1 саны. 13 қаңтар 2023 ж.), белгілі қаламгер, «Сират» , «Былғары табыт» романдарының авторы Асқар Алтайдың «Стресс» (№19 саны. 12 мамыр 2023 ж), жазушы Ертай Айғалиұлының «Шошқа басты кейуана» әңгімесі, жас қаламгер Есболат Айдабосынның «Соңғы намаз» әңгімесі т.с әңгімелер оқырманын бей-жай қалдырмағанына сенімдімін. Бұл жерде тізім жасап жату шарт емес. Газет бетіне жарияланған барлық шығармалардың көркемдік деңгейі жоғары, сюжет желісі өте тартымды. Шынайы өмірден алынған бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғаған Мөлдір Райымбекованың «Балаларды қандай контент­тер қызықтырады?» ат­ты мақаласы интернет желісін жас жеткіншектердің дұрыс пайдалануы қажет­тігін қозғаған тақырыбымен өзекті болып отыр. Тарихшы Есенай Іңкәрбаев «Ақжол «Банды» мақаласында Жоңғар Алатауынан асқан Ақжол Мейірмановтың «Ақжол асулары» туралы деректерімен елең еткізсе, әдебиет­танушы Айгүл Омарова «Өмірдің сырын ұққың келсе…» мақаласында ақын Әділбек Қабаның шығармаларынан ой түйіп, оқырман қауымның поэзияға деген қызығушылығын арт­тырып отыр. Әдебиет­те «поэзия әлемі» деген гүлзарбақ бар. Гүл-бәйшешек жаңбырдың суына қанша зәру болса, адамның ішкі жандүниесі жақсы бір өлең оқуды сонша қалап тұрады. Өйткені біз – ананың әлди үнімен «Бесік жырын» тыңдап, ақ сүтінің құнарымен бірге жыр бұлағын бойға сіңірген халықпыз. Газет бетінде жарық көрген өлеңдердің дені лирикаға бай, қай-қайсысы да сүмбілдей жараған жүйріктей сұрыпталып алынғаны көрініп тұр. Поэзия жанрындағы ақын Мерей Қарт­тың «Құлжа мүйіз ай туды» (№20, 19 мамыр 2023 ж) өлеңдер топтамасы зерлі өрнегімен ерекшеленген.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. 1990-жылдардан кейін араға қырық жыл салып қолымызға қайта тиген төл газетіміздің жаңа заман талабына сай, құнды шығармаларға бай екендігі бізді ерекше толғант­ты һәм сүйіндірді. Қазақы сөздің қаймағын бұзбай ғасыр белесіне көтерген «Қазақ әдебиеті» газетінің әлемдегі барша қазаққа берері мол, тарихтың сан қатпар қырларын ашып, патшакөңіл оқырманға рухани-нұр сыйлай берері сөзсіз!
Ғабеңдердің аманатын сан ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу – газет редакциясында қызмет жасайтын жазушы, журналист, тілшілердің біліктілігінде. Осы орайда газет редакциясында бұрын-соңды қызмет атқарған, қазір еңбек етіп жүрген барлық қалам иелеріне, сан мыңдаған оқырмандарына бір ғасыр бойы рухани нәр сеуіп келген төл газетіміздің мерейтойы құт­ты болсын айтамыз!
«Қазақ әдебиеті» газеті қазақ әдебиетінің қаймағын қалыңдата түсуімен құнды!

Алаш КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
Моңғолия Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір