Заида Елғондинова: МЕН – АЙҒА ҒАШЫҚ АҚЫНМЫН
23.12.2023
1028
11

Заида Елғондинова – қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы қаласына «еңбегі сіңген» қайраткер. Сюрреалистік поэзия өкілдерінің бірі. Поэзиясы бар, прозасы бар 16 кітаптың авторы.

​– Құрмет­ті Заида ханым! Биылғы жыл сіздің шығармашылығыңыз үшін табысты жыл болды десем, артық айт­қандық емес. Бұқаралық ақпарат құралдарынан шығармашылықтағы көптеген жаңалықтарыңызбен таныспыз. Осы төңіректе ой суыртпақтасаңыз.
​– Рахмет! Иә, биыл менің шығармашылығым үшін жемісті жыл болды. Ең бірінші, көптен күткен «Ай және Мен» деген таңдамалы жыр жинағым қазақтың ақтаңгер ақыны, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан мемлекет­тік тапсырыспен жарық көрді. Сюрреалистік және декадент­тік сарындағы жырларым топтастырылған бұл жаңа жыр жинағым күллі жан дүниеме үлкен серпіліс әкелді. Сол үшін Қасымханға зор алғыс айт­қым келеді.
​Сонымен қатар биыл Республика күні қарсаңында ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атандым. Әдебиетке сіңірген еңбегімді елеп, құрмет пен марапат ұсынғаны үшін Президентімізге және қолдаған күллі қазақ халқына ризашылығымды білдіремін!
​Ал үшінші бір қуанышым – туған жерім – Жетісу өлкесінде батыр бабамыз Ескелді бидің туғанына 330 жыл толуы қарсаңында өткізілген ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері атануым. Бұл шараны ұйымдастырған Жетісу облысы әкімдігі мен көрнекті ақын Әміре Әрін.

– Бәрекелді! Лайым қуаныштарыңыз көп болсын! Мемлекет­тік тапсырыспен жарық көрген «Ай және Мен» деген жаңа жыр жинағыңыздың 29 қарашада Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада тұсаукесер рәсімін өткіздіңіз. Осы кітапты оқып отырып, мен бір тылсым әлемге жол тартқандай болдым. Ай мен ақын Заида Елғондинованың әлемін не байланыстырады?!
– Тамаша сұрақ! Ай менің өмірге келген сәтімнен бастап күллі жан жүрегімнің, қиялымның серігі болып келеді. Әлі есімде, кішкене кезімде түнде далаға шығып, Айдың жұмбақ жүзіне ұзақ-ұзақ қарап отыратынмын. Ал есейе келе, Ай туралы жырлар жаза бастадым. Айдың тылсым құпиялары мені өзіне тартады да тұрады. Айға қарасам, жүрегім сөйлейді. Жаным ән салады. Айдың сиқырлы сырлары жан дүниемді баурап алып, көгілдір көктен жүрегіме жыр құйыла бастайды! «Ай және Мен» деген жыр жинағымның сыртқы мұқабасы да айдыкіндей ақ түске боялған. Ғасырлар қойнауына үңіліп, тарихтың тереңіне көз салсақ, ғұмыр бойы адамзат Айға жетудің амалын іздеді. Тіпті Нил Армстронг Айға ұшып, Ай бетіне із қалдырды. Ай – менің аспандағы сыңарым! Сіздің сұрақтарыңызға жауап беру үшін «Ай және Мен» деген жыр кітабымнан біраз жыр шумақтарын мысалға келтірейін!

* * *
Жанарымда менің білсең жарық көп,
Сенен менің тым бөлектеу ғаламым.
Еріндерде еріп кетем әріп боп,​
Жер бетінде жүректерді
оятуға қаламын…
* * *
Сен мені сүйгенменен,
мен саған ашыла алман!
Жүректе гүл ашады жасыл арман!
Тәңірдің таңғажайып алтын қолы,
Суретке Ай бейнемді басып алған!
* * *
Теңізге қарап, таранып,
Бетімді жудым көктеммен.
* * *
Ай нұрына ат суарған кеш еді,
Жасыл шашты жұлдыздарға
жас тамды.
Жүрегімде махаббат­тың
хош иісті шешегі,
Жауып кет­ті қара шашым
сәл көгілдір аспанды.
* * *
Босап қапты, босап қапты көзелер,
Айлы аспан ғазалымды ежелер.
Тостағаннан жұлдыз иісі шығады,
Шайыр қыздың кім екенін сезе бер!

– Иә, рас айтасыз. «Ай және Мен» деген жыр жинағыңызды оқып отырсам, «Мен қаңтарда Айдың нұрымен некелескен гүлдің бақытын тіледім», «Сенің жанарыңнан Ай жүзіп өт­ті», «Құшағыма аспаннан Ай құлаған кезімде», «Мен арумын, қадіріме жетерсің, Ай бейнелі және жұлдыз перделі», «Жұлдыздар қонақтады Айдың миығына», «Мен шындықпын Айдың жанарындағы» деген теңеулеріңізге риза болдым! Сізге өлең қайдан және қалай келеді?!
– Өлең маған көктен келеді. Поэзия деген – өте таза және тылсым әлем. Әйгілі Польшаның ақыны Норвид «Қауырсын қалам – періштенің қанаты тәрізді» десе, сол елдің белгілі әдебиет зерт­теушісі Ян Парандовский «Өлең тіпті Айды аспаннан түсіреді» деп жазады. Ал испанның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лорка «Айға қарап бал ашсам ғой, мен шіркін» деп жырлайды! Ақынның жүрегі – өте сезімтал. Жапырақтың дірілі, гүлдің хош иісі, Айдың жұмбақ тылсымы, бұлақтың сылдыры, тіпті жыпырлаған жұлдыздардың сыбыры – бәрі-бәрі ақынның күллі алпыс екі тамырынан шымырлап өтіп, ғайыптан келген өлеңге айналады. Маған өлең келерде, ең алдымен музыка, яғни әуен келеді. Өмір бойы менің жүрегімді бір әуен әлдиледі. Кейіннен бұл әуен назды да сазды әнге ұласты. Сөйтіп, көптеген ән шығардым.

– Өмір бойы жүрегіңізді әлдилеген сазгерлік болмысыңызды өзіңіз де білмей келіпсіз! Өнер атаулыны қос-қостан тізгіндеу сізге қиындық тудырмай ма?!
– Ақындық шабыт келгенде, кейде дүниеге сыймай кететін кездер болады. Сондай кездері жүрегімді әлдилеп өлең келеді. Өлең жазғанда мен бәрін ұмытамын. Өзіме беймәлім бір құпия әлемге кіремін.
– Сіз өзіңізді қандай ақынмын деп ойлайсыз?!
– «Поэзия – халықтың өзін-өзі тануы. Халық өзін түсіну үшін өзіне тартқан ақындарын тудырады»,– деп орыстың тұлғалы ақыны Евгений Евтушенко айт­қандай, мен халқыма тартқан ақынмын!

– Қалай дәлелдейсіз?
– Өйткені мен – тағдырлы ақынмын! Бұл жерде тағы да ақын Евгений Евтушенкоға жүгінуге тура келеді. «Ақынға бастан кешірген азап сезімі ғана дүниенің ақынға қажет­тігін және сол ақынның әлем үшін қажет­тілігін түсінуге мүмкіндік береді» – дейді ол.
Шындығында, ақынның өмірі – соққан жел, көк теңізді қопарған дауыл, көктегі найзағай, жасын, күллі аспан әлемінің жұлдыздары, Ай мен Күн! Ақын табанының астындағы жұмыр жердің айналысын жүрекпен сезінеді. Сезімталдық, адамгершілік, әлемді сүю, адамзат­ты сүю ақынның жадынан өмірлік орын алуға тиіс! Мен өзімнің тыныс-тіршілігімде болған қиын сәт­терде тек қана кітап оқыдым. Өлең жаздым. Сол сәт­терде түнгі Ай, жұлдыздармен сырласып қана өмірге оралдым!

– Сіздің өміріңіздегі тағдырлы сәт­терді білетіндер бар. Испанның және жапонның ұлы ақындарына сол себептен өлең арнаған шығарсыз?!
– ХХ ғасырдағы Алаш аспанынан көтеріле көшкен классик ақындардың шоғыры мен олардың тағдыры әлі күнге дейін мені ойландырады… «Ай және Мен» деген жыр жинағымда испанның ұлы ақыны Хуан Рамон Хименеске арнаған жырымда:
Жұлдыздарға сен қаныңды ішкіздің,
Тас төбеңде олар тұрды тоят­тап.
Мініп кет­ті қанатына күз құстың,
Көбелектер қаңғып кет­ті
ойы ап­пақ, –
деп толғансам, испанның тағы бір ұлы ақыны, өмірден ерте көшкен Федерико Гарсиа Лорканы да жырыма арқау ет­тім:
Жібек аспанда
жұлдыздар жамырағанда,
Періштелер садағын оқтады.
Перілер бесатарын тақағанда,
аңыз адамға,
Бірер сәтке, Күннің де жүрегі тоқтады.
Тіпті жапонның ұлы жазушысы Акутагава Рюноскэге:
Шыдай алмай шідеріне өмірдің,
Акутагава Рюноскэ
бұл фәниден озғанын…
Айт­қан еді оңашада Ай маған.
Самурайдай жігіт деп те, сертінен бір таймаған.
Сізді елеп, ескермеген сол қоғам,
Сіз кеткен соң, ұлы еді деп, салды
сосын байбалам, –
деп ақындық ғұмырдың, шығар­машылық ғұмырдың ащы шындығын айт­тым.

– Әлем ақындарымен сырласқан сіздің бүкіл болмысыңыз, өмір сүріп жатқан ғасырдан озып бара жатқандай емес пе?
– Әр адамның өмірінде мұңаятын тағдырлы сәт­тер болады. Сондай сәт­терде мен өз жүрегімді жұбату үшін әлем әдебиетіне жол тарт­тым. Ең алдымен «Біз Айды торлаған бұлтпыз» деп жыр жазған күрескер ақын Перси Биши Шеллиді оқыдым. Жүрегімнің сеңі ақырындап сөгіле бастады. Содан кейін немістің ұлы ақыны Клеманс Мария Брентаноның жыртық шапанына мұң шаққан өлеңін оқыдым. Суық ғасырдағы ақындардың суық өлеңдері менің жүрегімді одан әрі мұздатып жіберді. Сәлден соң, шығыс шайырларының ғазалдары мен бәйіт­терін оқи бастадым. Жәмидің махаббат ғазалдарын оқып едім, жан жүрегіме нәр берді! Сөйтіп, мен әлем әдебиетіне ден қойдым. Себебі әдебиет ұлт таңдамайды. Шетелдің классик ақындарын көп оқыдым. Өмірім өзгерді. Кеңістігім кеңейді. ХХ ғасырдың 20-жылдары пайда болған сюрреалистік поэзияның алыптарымен сырластым. Испанның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лорканың фашизмнің құрбаны болғанына налып, өлең жаздым. Ал атақты сюрреалист суретші Сальвадор Далидің ұзақ жасап, бақыт­ты ғұмыр кешкеніне қуанып, тағы да өлең арнадым. Жапонның ұлы жазушысы Акутагава Рюноскэнің тіршілігінде мойындалмай, өмірден өткен соң мойындалуы – біздің ХХ ғасырдағы классиктеріміздің тірі кезіндегі тағдырларына ұқсас болды. Бір қызығы, орыстың классик ақыны Белла Ахмадулинадан жұбаныш, Шығыстың ұлы ақыны Хафизден махаббат пен мейірім іздедім. Сөйтіп, әлем әдебиетіне жасаған саяхатым, «Ай және Мен» деген жаңа жыр кітабымның өмірге келуіне себеп болды. Әлем әдебиетіне жасаған саяхатыма жеті жыл өмірімді арнадым.

– Әр ақын өзінің қандай деңгейдегі талант иесі екенін сезеді ғой. Сізде сондай сезім болды ма?!
– Әрине, болды! Мен енді өзімнің өткен ғасырда мемлекет­тік тапсырыспен шыққан «Қырдың қызыл реңі» (1984), «Қандай сұлу таң еді» (1986), «Менің ғасырым» (1989), «Сәуір шуағы» (1989), «Мұнар мен Гүл» (1994) деген жыр кітаптарымды зерделеп барып, зерт­теп барып, жаңа дүниеге ұмтылдым!
Осы кітаптарымның ішінде 2003 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Махаббат пен мұң» деген поэтикалық новеллалар жинағыма ерекше тоқталғым келеді. Сол шығармаларымды жазу үстінде ғарыш әлеміне қалай сүңгіп кеткенімді де сезбей қалдым. Бұл кітабымда әр ғасырдағы адамзат өркениетіне бетбұрыс жасадым. Ғарыш әлеміндегі уақыт өлшемінің бір ендік пен бір бойлықтың кіндігінде түйісетінін сезіндім. Ғарыштың көзін көрдім. Сөйтіп барып, жер бетіндегі тұрмыс-тіршілікке қайта оралдым. Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбіш Кекілбаев «Махаббат пен Мұң» ат­ты новеллалар жинағыма: «Жуырда Заида Елғондинованың қарасөзбен жазылған поэтикалық новеллаларын оқығанда қат­ты қайран қалдым. Қазақ жанының мұншама сезімталдығын, қазақ сөзінің мұншама дәлдігін, қазақ көзінің мұншама байқампаздығын, қазақ парасатының мұншама тереңдігін бұған дейін жете аңғара алмай, жете бағалай алмай келгендей болып, қараптан-қарап абыржып қалдым», – деп әділ бағасын берді.

– Кейінгі жылдары шыққан кітаптарыңыз төңірегінде ой қозғасаңыз.
– 2002 жылы шыққан «Заида-ғұмыр» ат­ты жыр жинағыма Халық жазушысы Хамаң, Хамит аға Ерғалиев бата беріп, 1993 жылы «Халық кеңесі» газетіне менімен сұхбат жариялады. Сол сұхбатында: «Заида қарағым, өзіңді-өзіңе танытайыншы! Абай тағына жетіп қайырған классик ақын екеніңді ұмытпа, қызым», – деді. Жас кезімде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «Болашақ қазақ поэзиясының Еңлікгүлі сен боласың», – деп бата берген еді!
2008 жылы «Мұңсыз махаббат» жыр жинағымның «Жалын» баспасынан мемлекет­тік тапсырыспен жарық көруіне Алаштың көрнекті ақыны Есенбай Дүйсенбаев көмектесіп, тіпті қаламақы қойдырып берді. Осы орайда, өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің зиялы тұлғаларына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сол кітабыма Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын берді. Кейінгі жылдары жарыққа шыққан «Көбелек ғұмыр», «Жалайырлар» кітабына тоқталып өткім келеді. «Көбелек ғұмыр» жыр жинағымда Сақтың батыр патшайымы Тұмар туралы жырлаған екенмін. Содан бірер шумақ оқиын:
Қалың шаңға қан жылап көміліп қыр.
Балбал тастар елсізде егіліп тұр.
Қас батырға бітетін түкті жүрек,
Хан көтерді қайыспас өр рухың.
Тебінгідей болғанша темір етік.
Қыз жаныңды ханшайым еңіретіп.
Жауласқанның жүрегін суырып ап,
Қастасқанның сүйегін көмір етіп.
Зомбалғадай сілтелдің зомсынғанға.
Алдаспан боп сөйледің қорсынғанға.
Қабырғасы сақтардың күйрер ме еді,
Қансоқтаға шыдамай сен сынғанда?!
Тұмар ханшайым!
Ал «Жалайырлар» деген жыр жинағымнан тағы бір жырдан үзінді келтірейін:
Балбалдар төкті-ау
талай шықтарын,
Сарбаздар өт­ті-ау талай шу салған.
Қазақтың даңқы қалай шыққанын,
Бір айтса, айтар дала бусанған.
Алдаспан ажал шын қысса-дағы,
Тұлымды ұлдар туын жықпаған.
Қорғаған олар Шыңғыс қағанды,
Уын жұтқанда уылжып ғалам.
Елсізде қалған қирандылары,
Тіл бітсе, айтар хан сарайлары.
Билеген олар Иранды-дағы,
Желпілдеп желмен он сан айдары.

– Енді біз ақын Заида Елғондино­ваның өткен шақпен сырласуын қоя тұрып, ақын, ұлт жанашыры Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасынан мемлекет­тік тапсырыспен шыққан «Ай және Мен» деген таңдамалы жыр жинағыңызға қайта оралайық! Бұл жаңа кітап тұнып тұрған жаңалық! Мәселен, сіз жаңа жыр жинағыңызда «Айға ұмтылып шаршады кәрі уақыт», «Раушан гүлдері безендірді уақыт­тың жүрегін», «Балағыма жармасқан бұл уақыт­ты, Қақ шекеден қақыратып тептім мен», «Тек уақыт, уақыт­ты жерлейді», «Уақыт­тың дәмін тат­тым, тәт­ті екен», «Сәби уақыт тербелді де, құндағында арманның», «Уақыт туып, уақытқа босанып» деп уақыт­ты әртүрлі жырлайсыз. Тіпті уақыт­тың дәмін татып, тәт­ті дәмін жырыңызбен сурет­тейсіз.
​– Адамзат­тың ғұмыры ғарыштық өлшеммен 2,5 минут қана екен. Қазақ халқы «көзді ашып жұмғанша», «қас пен көздің арасында» деп уақытқа дәл баға берген.
Күн бетінде, Ай нұрында тағдырым,
Жұлдыздарға жымияды жан нұрым!
Уақыт­тың табы қалған ерніммен,
Дүниенің сүйіп келем сан қырын, –
деп уақыт­ты жырлау арқылы, мен адамзат ғұмырының мәңгілік екенін жырладым.
О, махаббат!
Уақыт­тың жапырағына жасырын,
Сұқ көздердің сұғына сен сүрінбе!
Адамзат­тың аласапыран ғасырын,
Айырбаста махаббат­тың көзден аққан бір тамшы жас гүліне,
деп жырлау арқылы, адамзат әлеміне мейірім мен махаббат­тың жетпейтініне көңіл аудардым!
Енді көбелектер қызғалдақтардың жанын ұрлайды,
Жел жымияды уақытпен түстеніп!
Ойсыз өзендер теңізге асығып
зырлайды,
Жағаны керіп қанат­тары кірленіп, –
деп табиғат­тың да уақыт­тың әміріне бағынатынын, адамзат дәуірінің уақытқа тәуелді екенін жаздым.
Сенің секунд, минут,
сағат­тарың мені ойлайды,
Күллі әлем махаббат үшін Күннің құшағына құлайды.
Бірақ, бірақ сенің уақытың
мені таба алмайды,
Мендік сезім сенен гөрі шырайлы, –
деп уақыт­тың махаббатқа бас иетінін, жер бетін ұстап тұрған махаббат екенін жырлау арқылы, адамзат әлеміне сүйіспеншілігімді білдірдім!

– Алма ағаштың ақ гүлі төгіледі,
Сені ойлап жүрегім егіледі.
Жасыл көктем, сары күн аспандағы,
Біз жайында, жаным-ау, не біледі?!
Көз тартады жап-жасыл қала бағы,
Сұлу бақты сені ойлап араладым.
Хат жазып тұр аяулым, телефон шал,
Шақырымдар түк емес арадағы… –
дейсіз «Қар адамына» хат жазып. «Ай және Мен» жинағыңыздың тұтастай екінші бөлімі Қар адамына арналады. Қар адамы деген кім?! Тірі адам ба?! Әлде…
​– Қар адамы – ешкімнің қолы жетпейтін менің өлеңдерімдегі жұмбақ бейне. Яғни, менің кием! Менің қорғаушы пірім! Әр ақынның өзінің жыр періштесі бар! Бұл бейне менің жүрегімде ұзақ жылдар бойы өмір сүрді. Өмір сүріп келеді, ол өмір сүре береді…

– Бір өлеңіңізден парсының ұлы ақыны Хафизге табынатыңызды оқыдым!
– Шығыстың ұлы шайыры Хафиз өзінің сұлу ғазалдарында өзімен-өзі сырласады. Өзімен-өзі сырласу арқылы:
Құдай сенімен бірге, Хафиз,
Құдайға сен, Хафиз,
Әлемді сүй. Адал бол.
Ешнәрсеге өкінбе! –
деп жырлайды.
Мен де ойға шомғанда өзіммен-өзім сырласамын! Хафиздің әлемі маған жақын. Сондықтан ба деймін, әлі күнге дейін адамзат­тың жүрегін жылытатын махаббат жырларын жазып келемін. Мен өзімді жыр әлемінен ұзақ-ұзақ іздедім.
Күндер, күндер өтіп жатыр қысқарған,
Жүрегімді тербейді үнсіз күшті арман.
Мен өзімді іздей-іздей таптым-ау,
Жапон менен Испаннан… –
дейтінім содан.

– Заида ханым! Сұхбат­тың соңына таядық! Нені ұмыт­тық?! Сіз кімді және нені сағынасыз?!
– Мен туған жерімді, балалық шағымды сағынамын. Мені өмірге әкеліп, бетімнен қақпай, әлпештеп өсірген әкем Әміре-Қошақан Елғондыұлын, анам Құмар-Бану Байтасқызын сағынамын! Көктемнің Айлы түндерінде аспандағы Айды сағынамын. Шын мәнінде, адамның тағдыры да Ай сияқты…
Тағдыр Ай сияқты.
Тағдыр Ай сияқты.
Көрмеген күндерімнің
лебін сезіндім,
Ай бетінен бейнемді көрдім өзімнің.
Көзімді жұмдым,
өрнегін көрдім Мұңның.
Көзімді аштым. Айнаға қарадым,
Жұмбақ әлемге жұтылып барамын.
Саған жазған өлеңімнің парағын,
Жел алып кет­ті.
Күллі әлем жүрегі дүрсілдеп
демалып кет­ті…
Жүрегімнің ішінен дауыл кешкен
жалғыз кептерді көрдім,
Біз жүгірген жасыл бөктерді көрдім,
Сары гүлмен,
Жерде өспейтін көгілдір
шөптерді көрдім…
Енді жаңа туған Жұлдыздың
ізімен жүріп барамын,
Сен күліп қарадың…
Тағдыр Ай сияқты.
Тағдыр Ай сияқты.
Тылсымы басым,
Сағындым Күн шұғыласын…
Қысқы жол да кептеліс екен,
Жол теп-тегіс екен.
– Ұлт­тық поэзиядан кімдерді оқисыз?!
– Қазақтың ұлт­тық поэзиясы – шалқыған теңіз, тұнып тұрған философия, рухыңды көтеретін асқақ жырлар! Бұқар жыраудан бастап, жыраулар поэзиясын, батырлар жырын оқимын. Өткен ғасырдағы Хамит Ерғалиев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Фариза Оңғарсынова, Қанипа Бұғыбаеваларды қайталап ақтарамын. Содан кейін, ХХ ғасырда дүниеден ерте өткен ақындар шоғырына айналып соғамын. Соның ішінде, насихат­талғаны бар, қазіргі кезеңде насихат­талмағаны бар, аққан жұлдыздай ерте кеткен, тірлігінде бір марапатқа қолы жетпеген ақындар бар. Атап айтсам, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, тағы басқалары. Кейінгі кезде ақын Жұматай Жақыпбаевты Жетісудың жас ақындары еске алып, мүшәйра өткізіп, насихат­тап жүр. Бірақ бұл Жұматайдай ақынға аздық етеді. Жұматай Жақыпбаевты туған жері Жетісу еске алып, Талдықорған шаһарындағы бір кітапхананың атын берсе болар еді. Дүниеден өткен жетісулық ақындар Әбен Дәуренбеков пен Қайрат Әлімбекті де есте қалдыратын шаралар жасалуы тиіс қой. Соңғы кездерде кітапханалардың атын ақындарға беру Республиканың жер-жерінде белең алды. Қуанарлық шара.
Ал бүгінгі заманның поэзиясынан ойып тұрып орын алған ақындар Қасымхан Бегманов, Мейірхан Ақдәулетұлы, Светқали (Айт-Ман) Нұржан, Бауыржан Жақып, Әубәкір Қайрандарды атар едім.
Мен Жетісу өлкесінде туып-өскендіктен, жетісулық ақын-жазушылармен жиі араласып тұрамын. Қазіргі кезеңде Талдықорған шаһарында облыстық Жазушылар одағы филиалының бастамасымен ақын-жазушылардың шығармашылық кештері жиі өтіп тұрады. Құптарлық бастама. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров пен бұлбұл ақын Сара Тастанбекқызының туған жері – Жетісу өлкесінде жаңғырған жаңа бастамалар жалғасын табады деп ойлаймын.

– Ал жастар поэзиясы туралы не айтар едіңіз?!
Жас ақындарға келетін болсақ, желідегі ақындарды оқимын. Жастар поэзиясы бірсыдырғы, көбінесе, күнделікті тұрмыстық өмірді жырлайды. Мүмкін бұл үрдіс заманның ауанына байланысты шығар… Поэзия деген сонау соғыс кезінде де Қасым Аманжоловтардың асқақ жырларымен, рухты поэзиясымен жаңғырған еді.

– «Қазақ әдебиеті» газетіне қандай тілегіңіз бар?
– «Қазақ әдебиеті» газетінде көрнекті жазушы Дәурен Қуат газетке бас редактор болып келгеннен бері отандық, ұлт­тық шығармалармен бірге әлем әдебиетінің классиктерінің шығармалары жариялана бастады. Жас ақын-жазушыларға, оқырман қауымға әлем әдебиетінің інжу-маржандарымен танысуға мүмкіндік туды! Алаштың Бас газеті «Қазақ әдебиеті» газетіне ұлтымыздың рухани ұстыны, ана тіліміздің қайнар көзі болып, біздің ақын-жазушылардың ұлт­тық-рухани сүйеніші болып келе жатқаны үшін алғыс айтамын! «Қазақ әдебиеті» газеті қазақпен бірге жасай берсін!
– Салиқалы сыр-сұхбатыңызға рахмет!

Еркін Жап­пасұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР11
Аноним 24.12.2023 | 11:36

Қазақтың классик ақыны! Заида ақын! Қандай ғажап сұхбат! Мәнді де мазмұнды! Алла разы болсын Сіздерге!

Аноним 26.12.2023 | 22:28

Қазақтың ғажап ақыны Заида Елғондинованың “Ай және мен” деген кітабын алған адамның арманы бар ма?! Сіздің жырларыңызды оқысам, жүрегім шаттанып, алып жарықтың құшағына кіргендей боламын! Жырларыңыз сарқырамадай төгіле берсін! Біз, оқырмандр сіздің әлеміңізге кіріп, сіздің поэзияңызбен жарық ғұмыр кешейік

Аноним 27.12.2023 | 11:16

Керемет!!!

Аноним 27.12.2023 | 22:12

Қандай керемет сұхбат! Қазақтың бас ақыны! Заида ханым! Сіздің әлемдік дәрежедегі ақынсыз!!

Аноним 28.12.2023 | 13:37

Ғажааапппп! Заида апай! Сіздің сұхбатыңыз терең мағыналы! Өлеңдеріңіз ешкімге ұқсамайды. Өзіңіз де дарасыз!

Аноним 01.01.2024 | 11:57

Керемет! Сіздің жырларыңызбен жер әлемін, аспан әлемін қиялыммен аралап шыққандай болдым! Бұл тылсым ақын Заида Елғондинованың құдіретті поэзиясы

Аноним 04.01.2024 | 12:16

Құбылыс

Аноним 04.01.2024 | 12:16

Феномен!!!

Аноним 06.01.2024 | 01:34

Сіз мықтысыз!

Аноним 12.01.2024 | 11:42

Феникс құсы Сізге тән! Қазақтың ғажап ақыны

Аноним 13.01.2024 | 13:30

Сіз тылсым ақынсыз! Заида ханым! Жырыңыздың әр сәулесінде Айдың бейнесі тұрғаны содан болар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір