Әбілқайырдың соңғы сөзі
18.04.2024
381
0

Закария СИСЕНҒАЛИ

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Әбілқайырдың
соңғы сөзі

Ақ сүт берген анамды,
Жер болған қатын-баламды,
Қан жоса болған даламды,
Бермеске жаттың қолына
Найзаға намыс жаққаным.
Қасқайып жауға шапқаным,
Өзгенің тілін тапқаным,
Сор болды қара басыма
Не дейін енді, халқым-ау,
Алдың өрт қызыл, артың дау,
Құрулы екен қақпаның,
Сыбағам алған осы ма?

Аңдаған жауды бар маңым,
Дүниенің көрдім жалғанын.
Алтын тақ па еді арманым,
Ол, шіркін, маған таңсық па?
Еділ мен Жайық елім ең,
Дұшпанға қашан беріп ем,
Сертіме айтқан берік ем,
Жұртыма ғана сеніп ем,
Құрбаның-ақ болайын,
Қара жер толса менімен,
Алашым аман болсын деп,
Іргелей елім қонсын деп,
Аманатқа ұлды беріп ем,
Басымды иіп қаншыққа.

Бұл заман әлі оралар,
Салт-дәстүр, дінің жоғалар,
Ұл-қызың жұрдай тоналар,
Адал бол, Алаш антыңа,
Оянып аю Батыстан,
Жау болар іштей атысқан,
Айдаһар тұрып Шығыстан,
Қойынға кірер зымыстан,
Бұтарлап асыл діліңді,
Батырмақ болар күніңді,
Шұбарлап ана тіліңді,
Өшірмек болар үніңді,
Бекем бол, халқым антыңа!
Қайыр, хош!

Махамбетке

Оян, баба! Оянатын күн бүгін.
Ашты елің тар қапастың түндігін.
Тұршы, баба! Ереуіл атқа ер салшы,
Тіліп түсші дүниенің сұмдығын!

Қалып қойды жүрегіңде бір әнің,
Қапияда торға түскен қыраным.
Аңғалым-ай, жетсе дағы түбіңе,
Қазағыңның қайырын тек сұрадың.

Ентіксе де еңкеймеген еңселім,
Қадіріңе енді жетті ел сенің.
Бірақ… бірақ… ұрпағыңа бүгінгі,
Қажет боп тұр семсерің.

Сыртта емес, жауың әлі ішіңде.
Өсек-аян тұр баяғы күшінде.
Бөлісе алмай дүниенің байлығын,
Жүр қорқаулар адам сынды пішінде.

Дүрия-дәурен кешпеп едің малынған,
Мансап-билік садақа еді арыңнан.
Қарауылдар ел ішінде әлі жүр,
Қой терісін жамылған.

Жеткізем деп бір ұшпаққа еліңді
Бойыңнан қан, маңдайдан тер төгілді.
Кім көрінген ту талақай жасады,
Қайран баба, қасиетті жеріңді.

Әдіре қалғыр деп айтып ең Нарынды.
Далаң сол бір ұмытқан жоқ сарынды.
Ала алмаған сенен, баба, ыза-кек
Сол аймақта бомба болып жарылды.
Қазағыңның жайы, баба, осылай
Мына ойдың келіп қалған тосын-ай.
Ұрпағыңның көрсең кейбір тірлігін.
Қайта ұйықтап кетер едің шошып-ай.

Оян, баба! Оянатын күн бүгін,
Ашты елің тар қапастың түндігін.
Тұршы, баба, ереуіл атқа ер салшы,
Тіліп түсші дүниенің сұмдығын.

Домбыра – ұлттың ұраны

Қазақтың жаны – домбыра.
Қазақтың қаны – домбыра,
Қазақтың ары – домбыра.
Қазақтың бары – домбыра.

Естіртіп Жошы өлімін,
Ханның да тапқан көңілін.
Жебе боп жауға атылған,
Жазаға ауыр тартылған.

Ғасырлар жырын төккізген,
Пернеден мұңын өткізген.
Тарихтың қатпар сырларын,
Қос ішекпен кейін жеткізген.

Бабамның көзі – домбыра.
Даламның сөзі – домбыра.
Егемен елдің киесі,
Киелі жердің иесі
Қасиетті қара домбыра.

Өшпестей жанып шырағы,
Ұлтымның болып ұраны.
Тәуелсіз елдің төрінде
Мәңгілік енді тұрады.

Келмеске кетті қасірет,
Тарихым, тарлан, сабыр ет,
Елдіктің осы белгісі,
Ей, уақыт, сен де тағзым ет.

Тақырыбы жоқ өлең

«Ең бақытты адам –
өз өміріне қанағат еткен адам»
Серікқали ШАРАБАСОВ

Жетер-жетпес алдағы айға айлықты,
Талғажу қып жүрсем дағы шайлықты.
Қол сұқпадым қазынаға сұғынып,
Ойламадым опа бермес байлықты.

Тіленбедім түктілерді жағалап,
Көрмеппін де күштілерді сағалап.
Әке қаны, ана сүті сыйлаған,
Болды бойда ұлы бір күш – қанағат.

Көрмеппін де біреулерді табалап,
Тілдемедім тілеусізді қаралап.
Болды серік ғұмырыма адалдық –
Бабалардан қалған жалғыз аманат.

Ой жіберсем өміріме саралап,
Кетем талай асуларды аралап.
Ұлы ұстазым айтқан бақыт сол екен,
Адастырмас темір қазық – қанағат.

Сұрамадым қолды жайып қызмет,
Сенбесең, дос, ізімменен жүріп өт.
Барға риза, ал жоғыма салауат,
Деуші еді анам бергеніне шүкір ет.

Болсын дедім суым таза, наным да,
Қызықпады жылтыраққа жарым да.
Жиған-терген бар байлығым өмірде,
Балаларым – арым да сол, барым да.

Ал екінші байлық – менің достарым,
Бөлісетін қолындағы жоқ-барын.
Сүрінгенде қолтығымнан демеген,
Бірге өткізген өмірдің сан соқпағын.

Содан кейін халқымменен ірімін,
Халқым барда мәңгілікке тірімін.
Айналайын, ақ ниетті адамдар,
Мен де – өзіңдей көп пенденің бірімін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір