ОКСФОРДТА ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫТЫЛАДЫ
30.10.2023
392
0

Базбіреулер мемлекет­тік мәртебесі анықталған тілімізге теріс бағып, қарсылық танытып жүрсе, әлемге әйгілі Оксфорд университеті қазақ тілін жан-жақты білетін мамандарды дайындап шығармақ. Бұл туралы әлемге әйгілі оқу орнының ғалымдары арнайы ұсыныс жасаған. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына Narxoz University-нің ректоры Мирас Дәуленов пен University of Oxford Азия және Таяу Шығыс зерт­теу факультетінің жетекшісі Лейла Наджафзада, University of Oxford докторанты Мартин Олдрик арнайы келіп, ғалымдармен кез­десу өткізген. Осы жиында екіжақты мәселелер сөз болып, жоспарлар құрылған болатын.
«Қазақ­станға және қазақ тіліне деген қызығушылығым зор болды. Өткен жылдың сәуір айында Тіл білімі институтының директорымен кез­дестім. Қазір біз осы ғылыми зерт­теу орталығымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тілін үйретудің әдістемелерін меңгеріп жатырмыз», – дейді Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада. Сондай-ақ Оксфорд Исламтану орталығының директоры Ахмад Низами: «Біздің орталық Қазақ­станмен байланыс орнатуға мүдделі. Оксфорд жұртшылығы елдеріңіздің тарихынан бөлек тың ақпарат­тармен де танысқысы келеді. Сіздермен экономика, білім салаларындағы байланыстарды нығайтып, болашаққа бірге жоспар құру біз үшін өте өзекті», – деп, қазақ тілін үйрену арқылы қазақ елінің өткені мен бүгіні жайлы терең зерт­тегілері келетінін де білдірді.
Осы бастамаға Narxoz University-нің ректоры Мирас Дәуленовтің мұрындық болғанын айт­қан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Мадияр Қазыбек: «Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерт­теу факультеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарын шақырып отыр. Аталған оқу орнына 2024 жылдың қаңтар айында баруды жоспарымызға енгізіп қойдық. Мақсатымыз – қазақ тілін үйренгісі келетіндерге курс ашу.​ Әзірге әлемнің белді оқу орнымен байланысты күшейтіп жатырмыз», – деп жалғастырды сөзін.
​Дүниежүзіндегі ең көне әрі рейтингісі ең жоғары білім ордасына дүниежүзінің 140 мемлекетінен​ ең мықты деген талапкерлер келіп білім алады. Аталмыш оқу орнында қазақ тілімен қатар қазақ ғылымының да зерт­теу жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы Қазақ­стан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеумет­тік желідегі парақшасында:
«Қадірменді, оқырман! Тағы бір жағымды жаңалық айтуды жөн көрдім. Ағымдағы жылдың ақпан айында Narxoz университетінің делегациясы Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерт­теулері факультетіне ресми іс-сапармен барып оқу орнының жұмыс барысын өз көздерімен көріп қайт­қанын баршамыз білеміз.
Араға 4 ай салып, Оксфорд университетінің ғалымдарының Narxoz-ға іс-сапары басталып, тараптар іргелі ғылыми-зерт­теулерді жүзеге асыру үшін бірқатар жобаларды қолға алған.
Осындай 2 жоғары оқу орнының байланыс орнатуының нәтижесінде күллі Түркі жұртына ортақ философ ғалым шейх Ахмед Құдайд Таразидің «Даналық ғылымы» («Фанун-әл белаға») қолжазбасының көшірмесі ресми түрде Нархоз университетіне сыйға берілді. Қолжазбаның түпнұсқасы Оксфорд қаласының Бодлеан кітапханасында сақталған.
Осы рет­те Оксфорд, Нархоз және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасында бірлескен ғылыми-зерт­теулер жүргізу мақсатында арнайы келісім жасалды.
​Сонымен қатар үстіміздегі қыркүйек айында Оксфорд университетінен келген зерт­теушілер нархоздық студент­терге түрлі пәндер бойынша зерт­теулер, семинарлар және дәрістер жүргізді. Narxoz университеті алдағы уақыт­та шетелдік студент­тер үшін қолайлы бірден-бір ЖОО болмақ. Өткен жылдың өзінде университет­тегі шетелдік студент­тердің саны 33%-ға өсті. Бұл, әрине, біздің еліміз үшін үлкен жетістік. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Бірлік пен талапты
еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден
өнеге алыңдар, –
деген сөзін ұстаным еткен Narxoz университетінің ұжымына талмас қанат, сарқылмас сәт­тілік тілеймін!» – деп жазған болатын. Біз де жарқын бастаманың ғұмыры ұзақ әрі нәтижелі болуын тілейміз!

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір