ОКСФОРДТА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ БАСТАМАСЫ
«Оксфорд» (ағылшынның көне университеті) өзінің студенттеріне не білім береді?» деп сұрағанда, бір профессор: «Ағылшын джентельмені» (азаматы) қандай болу керек болса, Оксфорд сондай джентельмен болатын оқуды үйретеді» деп жауап берген», – деп жазған екен Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология» еңбегінде ХХ ғасырдың басында.
Ж. Аймауытұлы тілге тиек етіп отырған әлем халқына ертеден белгілі Оксфорд университеті қазір ағылшын болуды ғана емес, әлемнің басқа да мәдениеттерін жетік зерттеуді өзінің парызына айналдырған. Іргетасы ХІ ғасырда қаланған, он ғасырлық тарихы бар әрі әлемнің ең көне университеті атанған Оксфорд төрткүл дүниені түгелдей тану мен оны хаттап сақтауды өзінің тарихи әрі ағартушылық міндеті деп таныған.
Оксфорд – әрі білім ордасы, әрі ғылыми-зерттеу университеті. Соның арқасында әлемнің ең озық жоғары оқу орындарының бірі болып отыр. Мәселен, 2016 – 2020 жылдар аралығындағы The World University Ranking рейтингісі бойынша әлемдегі нөмір бірінші университет деп танылған.
Осынау әлемнің ең озық, тарихы терең оқу орны қазақ тілін оқыту ісін қолға алуға ниетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның 2023 жылы, 24 қаңтарда Оксфорд университетіне барған іссапарының нәтижесінде Вульфсон колледжімен (Wolfson College) және Оксфорд «Бірсөз» ұйымымен (Oxford Birsöz Initiative) келісімшарт жасалғаны белгілі. Осы келісімшарттың ең үлкен жетістігінің бірі Оксфордта қазақ тілін оқыту бастамасы деуге болады.
ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің Оксфорд өкіліне берген сұхбатында былай дейді: «Бұл бағдарлама шағын болып көрінгенімен, біз үшін маңызы өте зор. Оксфордтың ондаған студентінің қазақ тілін үйреніп шығуының өзі – ірі жетістік. Осындай беделді оқу орнында қазақ тілін оқыту арқылы тіліміздің қанатын қатайтып, жаһандық қатысымын арттыратынымыз сөзсіз».
Қазақ тілі үшін жаңа белес саналатын осы бір игі істі жүзеге асыруда Оксфорд университеті Қазақстандағы ЖОО мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ішінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен серіктестік орнатуға ынталы екенін жеткізген. Нәтижесінде, 2024 жылдың ақпан айында Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан бастаған институттың бір топ ғалымы Оксфорд университетіне барып, қазақ тілі курсының алдағы қадамдарын жоспаралап қайтты. Тілді оқытуды ғана емес, зерттеуді де аса маңызды санайтын Оксфорд тарапы «тілді тілтанушылар оқыту қажет» деген қағиданы берік ұстанады. Сол себепті қазақ тілін Оксфордта оқыту қазақ тіл білімінің қара шаңырағы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының еншісіне тиіп тұр. Институт директоры Анар Фазылжан бұл бастаманы «қазақ тілін әлемге танытудағы маңызды қадам әрі жауапкершілігі мол міндет» деп есептейді.
Шын мәнінде, әлемнің үздік университетінде қазақ тілін оқыту тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, әлем тілдерінің ішінде өз орнын бекіте түсуіне мүмкіндік береді. Секунд сайын өзгеріп жатқан қазіргі құбылмалы әлемде ғылым мен білімді дамыту, тіл мен мәдениетті сақтау, жаңғырту – кез келген ел үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің елімізде ғана емес, әлемде сөйлермендері көбейіп, қолданушылар қатарының артуы, қазақ тілінің әлемнің үздік университетінде оқытылуы тіл мәртебесін көтеріп, қазақ халқын «мәңгілік ел» мұратына жақындататын тағы бір қадам боларына сеніміміз мол.
Оксфордта түркі тілдерін оқыту
Оксфорд университеті – 40-тан астам жеке-дара құрылымнан (колледж, факультет, орталық) тұратын оқу орны. Бұлар бір орталыққа бағынбайды, әрбірі жеке-жеке оқу орны десек болады. Әрбірінің бөлек зерттеу аясы мен бағыттары бар.
Мәселен, түркі тілдерін оқытуды қолға алып отырғаны – Орталық Азияның тілі мен тарихын зерттеу факультеті (The Faculty of Asian and Middle Eastern Studies). Бұрын «Шығыстану институты» (Oriental Institute) деп аталған. ХІХ ғасырдың ортасында ашылған. 2022 жылдың 1 тамызынан бастап «Шығыстану институты» атауын ««Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультеті» деп ауыстырған. Факультеттің зерттеу бағыттары филология, лингвистика, тарих, археология, әдебиет, дін, философия, әлеуметтік ғылымдар, антропология сияқты көптеген саланы қамтиды.
Факультеттің ұсынып отырған тағы бір пәндер тобы – Азия мен Таяу Шығыс халықтарының тілін оқыту. Атап айтқанда, мұнда аккадиян (Akkadian), авестан (Avestan), арамей (Aramaic), коптик (Coptic), демотик (Demotic), ескі парсы, пали (Pali), пракрит (Prakrit), санскрит (Sanskrit), шумер (Sumerian) сынды көне тілдерден бастап, қазіргі таңда қолданылатын араб, армян, әзербайжан, бенгал, қытай, мысыр, еврей, хинди, хетт (hittite), жапон, кәріс, марати (marathi), парсы, сирия, тибет, түрік, урду сынды тілдердің барлығын қосқанда, 26 тіл оқытылады. Бұлардың қатарында ресми түрде бағдарламаға енген түркі тілдері – түрік және әзербайжан тілі, ал өзбек, ұйғыр тілдерін оқыту бейресми жүргізіледі.
Оксфорд университетінде ең алғаш оқытыла бастаған түркі тілі – бұл, әрине, түрік тілі (оқытылғанына 10 жылдан асты). Факультеттің ресми сайтында түрік тілінің түркі тілдер отбасының оғыз бұтағына жататынын айта келе, «Turkish is also related, but more distantly, to languages such as Kazakh, Kirghiz, Uyghur and Uzbek» деп қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек тілдерімен туыстас екенін атап өтеді. Түрік тілін Оксфорд студенттері бакалавр, магистратура және докторантурада оқи алады. Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде А1-С1 деңгейлеріне арналған түрік тілін оқыту курсынан бастап, түрік әдебиеті, мәдениеті мен тарихына қатысты пәндер бар, яғни Оксфорд университетінде түрік тілін оқытудың толыққанды жүйесі қалыптасқан.
Оксфорд университетінде студенттерге ұсынылатын екінші бір түркі тілі – әзербайжан тілі. Әзербайжан тілі Оксфордтың Низами Ганжави орталығының ұйымдастыруымен (Oxford Nizami Ganjavi Centre) үш жылдан бері тұрақты оқытылып келеді. Бұл интенсивті курсты бакалавр, магистратура мен докторантурада оқуға болады. Оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамытуға бағытталған әзербайжан тілі сабақтары аптасына 7-8 сағат өтеді.
Оксфорд Низами Ганжави орталығы – Оксфорд университетінде Әзербайжанның, Кавказ елдері мен Орталық Азияның тарихын, тілін және мәдениетін зерттеуді қолдайтын бірден-бір орталық. 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Орталықтың жетекшісі Лейла Нажафзаде ханым – Оксфорд университетінде түркі тілдерін оқытуды алға жылжытуға барынша күш салып жүрген жан. Оның қажырлы еңбегінің арқасында түркі тілдерін қолдайтын «Бірсөз» ұйымы құрылып, Ұлыбританияда алғаш рет әзербайжан тілі оқытыла бастады. Қатардағы оқу орындарының бірінде емес, атақты Оксфорд университетінің қабырғасында қолға алынды.
Қазір «Бірсөз» ұйымы Қазақстан тарапымен бірлесіп, қазақ тілін де осы қатарға қосуды мақсат етіп отыр. Себебі қазақ тілі – әлемде 13 милионнан астам тіл иелмені бар, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие, көне түркі тілдерінің бірі әрі оның тікелей мұрагері саналатын ықпалды тіл.

Оксфордта қазақ тілін кімдер оқымақ?
Бұл сауалдың кімге болса да қызық болары анық. Оған жауап беру үшін Оксфордта қазақ тілін үйренуге мүдделі, ынталыларды шартты түрде мынандай төрт топқа бөлуге болады.
– І топ – Орталық Азияны зерттеушілер. Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде Орталық Азияның тарихын, мәдениетін, тілін зерттеумен айналысып жүрген жас ізденушілер көп. Тіпті Кеңес Одағы тұсындағы Қазақстандағы балет өнері туралы зерттеу жұмысын жазып жатқан докторантты да кездестірдік. Десе де түрік, әзербайжан, өзбек, ұйғыр тілдерімен салыстырғанда, қазақ тілі Оксфорд университетінде әлі ашыла қоймаған жұмбақ әлем болып тұр. Сондықтан «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің ізін ала Оксфорд университетімен байланысты нығайтып, қазақ тілі курсын ашу – осы олқылықтың орнын толтыруға зор мүмкіндік. Қазақ тілі туралы Оксфордта бұрынырақ сөз болмаса да, қазірдің өзінде қазақ тілін үйренемін деушілер бар.
Сөзімізге дәлел ретінде мына бір оқиғаны айтып кетуге болады. 2024 жылдың қараша айынан бастап, Оксфорд университетінде Орталық Азияны зерттеушілердің басын қосатын «Central Asian Studies at Oxford» деп аталатын семинар апта сайын тұрақты өткізіліп келеді. Семинарға әртүрлі колледждің оқытушылары, студенттері мен зерттеушілері қатысады. 2024 жылы, 22 қарашадағы семинардың басты тақырыбы қазақ тілі болды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері, Оксфорд унвиверситетінде қазақ тілі курсын ұйымдастырушылардың бірі – жас маман Дидар Садық Алматы қаласының эргонимдері туралы баяндама жасады.
Баяндама тақырыбы, қазіргі қазақ тілінің жай-күйі ешкімді бей-жай қалдырмады. Семинарға қатысушылар түрлі сұрау қойып, өз пікірлерін айтты. Ал семинар соңында бірнеше студент қазақ тілі курсы қашан басталатынын сұрап, асыға күтіп жүргендерін жеткізді. Шағын ғана аудиторияның өзінде қазақ тілін үйренемін деген талапты жастардың табылуы – қуантарлық жайт.
– ІІ топ – Қазақстанды зерттеушілер. Оксфорд студенттері «әр тіл – бір феномен» деп түсінетіндіктен, барынша көп тілді меңгеруге тырысады. Бір аудиторияда бас қосқан студенттердің басым бөлігі, кем дегенде, төрт тілде еркін сөйледі. Университеттің білімгерлері қазақ тілін өз ізденістерінде пайдаланып, қазақ тарихын, тілін, мәдениетін, сондай-ақ Орталық Азияны жаңаша зерттеуді көздейді. Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқан экономикасы, ғылым-білімі, заманауи бейнесі де Оксфорд студенттерін қызықтырмай қоймайды. Әсіресе басқа мәдениеттердің ықпалына түспеген көшпелі мәдениеттің бүгінгі жалғастырушылары ретінде қазақ халқын зерттеу де олар үшін өзекті әрі тың тақырып болмақ.
– ІІІ топ – лингвистика мамандығының білімгерлері. Қазақ тілін үйренемін деушілердің тағы бір бөлігі – лингвистика мамандығының студенттері, магистранттары мен докторанттары. Оксфорд университетінде нағыз мықты лингвист – бір емес, бірнеше тілді жетік меңгерген, тілдерді өзара салыстыра, байланыстыра отырып зерттей алатын бәсекеге қабілетті маман. Сондықтан түркі тілдерін зерттеу нысанына алған жас ғалымдар түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, саф тіл қазақ тілін үйренуді маңызды деп санайды.
– IV топ – «heritage learners». Оксфордта қазақ тілін үйренуге ынталы тағы бір топ ағылшынша «heritage language learners» (HLL) немесе «heritage learners» деп аталады. Heritage learners дегеніміз – басқа мәдени-тілдік ортада өмір сүргендіктен, өз ана тілін (heritage language) ұмытып қалған немесе толық меңгермеген тіл иелмендері. Ұлыбританияға бала кезінде көшіп келген немесе ағылшын жерінде дүниеге келген қазақ отбасыларының балалары осы топқа жатады. Оксфорд университетінің студенттері қатарында ондай «ана тілін, яғни қазақ тілін қайта үйренгісі келетін» қаракөздеріміз бен қара домалақтарымыз бар екенін ұмытпауымыз керек. Ата-анасының жұмысына байланысты Англияға 3-4 жасында келіп, қазақ тілінен алшақтап қалған Жания есімді студент бізге хабарласып, ана тілін үйренуге деген ынтасын жеткізген еді. Бұл бір ғана мысал болғанымен, мұның өзі Оксфордта қазақ тілін оқытудың маңызын айқындай түседі. Оксфордта өз ана тілін қайтадан үйреніп жүрген студенттер аз емес. Мысалы, Эмине Чакыр ханымның А1-С1 деңгейіне арналған түрік тілі сабағына қатысатын студенттердің арасында Германияда дүниеге келген, отбасында түрікше сөйлейтін, десе де түрік тілін жетік білмейтін түрік жігіті бар. Сондықтан ағылшын тілінің ықпалы мықты болып тұрған қазіргі заманда бұл қалыпты құбылысқа айналып отыр.
Қазақ тілін оқыту бағдарламасы қалай жасалады?
Оксфорд университетінде Еуропа стандарттарына негізделген тілдерді оқыту әдістемесі бар. Оған қоса, тіл үйретудегі негізгі мақсат зерттеуге ынталандыру болғандықтан, тілді терең әрі жылдам үйрету – ең басты талаптардың бірі. Мысалы, түрік тілін оқитын студенттер бір оқу жылында А1 (бастауыш) деңгейінен бастап С1 (жоғары) деңгейін 24 оқу аптасында толық меңгеріп шығады. Аптасына 7-8 сағаттан өтетін түрік тілі сабағында бір топта ең көбі 10 студент қана болады.
Оксфорд университетіндегі түрік тілінің оқытушысы, доктор Эмине Чакыр ханым өз сабақтарында тілдің грамматикасын терең оқытуға басымдық береді. Себебі ол кісінің пікірінше, білімгерлер жазба мәтіндермен, түрлі еңбектермен жұмыс істегенде, ең алдымен, ондағы грамматиканы, сөйлемдердің құрылысын, қосымшалардың қызметін, мағынасын білуі қажет. Оксфорд университетінде жүзеге асатын қазақ тілін оқыту курсы да түрік тілінің оқу бағдарламасын басшылыққа алады. Себебі Оксфордтағы түрік тілін оқыту бағдарламасы он жылдан астам тәжірибенің нәтижесінде әбден шыңдалған, сыналған. Сонымен қатар Оксфордтағы әзербайжан тілін оқыту бағдарламасы да түрік тілінің негізінде жасалған. Он жылдан асса да түрік тілі нақты оқулық арқылы емес, әр сабаққа арнайы дайындалатын буклеттер арқылы оқытылады. Заман тез өзгеріп жатқандықтан студенттерге тілдегі, елдегі жаңалықтарды уақыт оздырмай, бірден ұсынып отыру қажет деп есептейді Эмине Чакыр ханым. Сондай-ақ буклеттерді әрдайым жаңа идеялармен, тапсырмалармен толықтырып, жетілдіріп отыруға болады.
Оксфорд университетінің 11 млн кітап қоры бар Бодлейан кітапханасы студенттердің ізденіс ордасы болғандықтан, осы кітапхананың қорындағы кітаптар назарға алынды. Әлемдегі ең көне кітапханалардың бірі саналатын Бодлейан кітапханасында қазақ тіліндегі еңбектер де өте көп. Олардың қатарында қазақ тілін ағылшын тілді аудиторияға оқытуға арналған кітаптар да бар. Бұл оқу құралдары мен грамматикалық еңбектер студенттерге қосымша ресурс ретінде оқуға ұсынылады. Ал қазақ тілінің оқу бағдарламасы бастан-аяқ жаңадан құрастырылды. Оның құрамына студенттерге арналған силлабус, әр сабаққа бөлек дайындалған буклеттер, сыныпта орындайтын және үй жұмысына арналған тапсырмалар кіреді. Буклеттер деп отырғанымыз – әр аптаның силлабустағы тақырыптарына сәйкес құрастырылған, теориялық білім мен оны бекітетін жаттығулардан тұратын шағын кітапша. Студенттер осы буклеттер арқылы сабаққа алдын ала дайындалуға, тақырыпты тереңірек меңгеруге мүмкіндік алады.
Қазақ тілін оқытатын мамандардың дайындығы қалай болады?
Оксфорд унвиерситетімен жасалған төртжақты келісім бойынша Оксфордта қазақ тілінен сабақ беруге А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының екі жас маманы 2024 жылдың көктемінде іріктеп алынды. 2024 жылдың 30 тамызында Оксфордқа келіп, орналасып та үлгерді. Жас ғалымдар «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының «500 ғалым» тағылымдамасы арқылы Оксфордқа жолдама алды. Қыркүйектің он бесіне дейін жаңа ортаға, жаңа елге бейімделуге уақыт берілді. Қыркүйектің он бесінен бастап Оксфордтағы жұмыс тобымен бірге қазақ тілі курсын ұйымдастыру, оқу бағдарламасын дайындау бойынша нақты жоспар құрылды. Университетте бірінші семестр – Michaelmas term деп аталады. 13 қазанда басталған алғашқы семестрде мамандар зерттеуші-студент ретінде аптасына жеті сағат түрік тілінің сабағына қатысты. Сабақтағы маңызды инсайттарды, сабақ беру техникалары мен әдіс-тәсілдерін зерттеу күнделігіне тіркеп отырды. Аптасына бір күн дайындаған оқу материалдары, силлабус тағылымдама жетекшісі Эмине Чакыр ханыммен жиналыста талқыланып отырды. Нәтижесінде, сегіз аптаның ішінде, яғни бірінші семестрдің соңына дейін қазақ тілі курсының алғашқы оқу бағдарламасы жасалды.
Оксфорд университетінде оқытушының кәсіби құзыреттілігіне терең мән береді. Сондықтан қазақ тілінен сабақ беретін мамандар ағылшын тілін жетік білуі, сабақты ағылшынша еркін түсіндіре алуы және педагог ретінде студенттермен сәтті қарым-қатынас орнатып, тіл табысуы қажет. Оксфордта студенттерді түріне, түсіне, жасына, жынысына, ұлтына немесе т.б. ерекшелігіне қарай алалауға қатаң тыйым салынады әрі білімгерлермен байланыс орнатқанда барынша абай болу, жеке бастарына қатысты көңілге тиюі мүмкін сөздерден сақтану сынды маңызды ережелер бар. Мамандар осындай қағидаттармен, Оксфордтағы ережелермен танысты.
Қазақ тілін оқытуда қолданылатын қосымша құралдар
Алдын ала дайындалған буклеттер мен тапсырмалар жинағынан бөлек Оксфордта қазақ тілін оқытуда Қазақ тілінің ұлттық корпусы да қолданылмақ. Бұл түркі тілдерінің ішіндегі ең алғашқы тәжірибе болмақ. Осы орайда, Қазақ тілі ұлттық корпусында қазақ тілін ағылшын тілді аудиторияға оқытуда пайдаға асатын бірнеше ішкорпус жасақталды.
Оқыту үшін аса қажет ішкорпус – «Lerners’ corpus» оқу ішкорпусы. Мұнда ағылшын тілді студенттерге арналған грамматикалық, лексикалық минимумдар, ережелер мен мәтіндер қамтылмақ. Ал ауызша тілді дамыту, түрлі аудио, бейнематериалдарды сабақта қолдану үшін «Ауызша ішкорпус» базасы таптырмас құрал болмақ. Сондай-ақ мәтінмен жұмыс істеуді жеңілдету және студенттердің қосымша ізденістеріне, өз бетінше оқуларына көмектесу үшін «Параллель мәтіндер» ішкорпусы да пайдаға асады. Бұл ішкорпуста қазақ, орыс, ағылшын, түрік, өзбек т.б. тілдердегі параллель мәтіндер қамтылған.
Қазақ тілі ұлттық корпусының бай мәтіндік базасы, ыңғайлы лингвистикалық, мета белгіленімдері, жан-жақты жабдықталған ішкорпустары тіл үйрену процесінде «flipped learning» әдісіне сүйенуге мүмкіндік береді. Бұл әдістің артықшылығы студенттер өз бетінше тілді зерттей отырып, меңгереді.
Қазақ тілінің алғашқы сабағы қашан өтеді?
Қаңтар айының ортасында Оксфорд университетінде екінші семестр – Hilary term басталады. Жаңа семестрде студенттер алдыңғы өткен пәндерін жалғастырып қана қоймай, жаңа сабақтарға жазылып, қатыса алады.
Оксфордтағы жұмыс тобының жоспары бойынша екінші семестр – қазақ тілі курсының алғашқы сабақтарын өткізіп көруге таптырмас уақыт. Алайда қазақ тілін оқыту бағдарламасы студенттерге бірден ресми түрде ұсынылмайды. Сабақтар, ең алдымен, Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен бірнеше студентіне өткізіледі. Әр сабақтан соң аудиторияның кері байланысы, пікірі тыңдалып, сол бойынша оқу бағдарламасы жетілдіріле береді. 2025 жылы екінші, үшінші семестрдегі сабақтар осындай бағытта жүргізілмек. Бағдарлама толық сынақтан өткеннен кейін, 2025 жылдың күзінен бастап студенттерге ресми түрде ұсынылуы мүмкін.
Оксфорд – әлемнің алпауыт университеті. Мұнда жаңа пәнді, жаңа тілді оқу бағдарламасына қосу үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет. Бір қуантарлығы, қазақ тілін Оксфорд университетінде оқытудың алғашқы әрі маңызды қадамы жасалды. Оксфорд университетіндегі түркі тілдер тәжірибесі негізінде отандық ғалымдарымыз қалыптастырған қазақ тілін шеттілді аудиторияда оқыту құралдары мен жаңадан жасақталған ұлттық корпустың ішкорпустарының арқасында оқу бағдарламасы дайын. Ендігі міндет – Оксфорд профессорларының сынынан сүрінбей өтіп, қазақ тілін Оксфордта оқытылатын әрі студенттердің сұранысына ие тілдердің қатарына қосу.
Меруерт ИМАНҒАЗИНА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі иснтитутының
кіші ғылыми қызметкері
ПІКІРЛЕР1