Қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары: оңы мен терісі
Бәсекеге қабілетті білімге ие болу – бүтін бір мемлекеттің даму көрсеткіштерінің бірегейі. Осы ретте қазақ тілі мен әдебиеті пән оқулықтарының жай-күйі көпшілікті алаңдатып отыр.

1-сыныптың «Әліппе» оқулығы (Ә.Жұмабаева, Н.Құрман, Б.Сабденова, «Атамұра» баспасы, 2021)«Сөйлеу, Сөйлем» деп басталады. Құртақандай балақайға сөйлем терминін алға тарту тым артық. «А» әрпін асықтармен жасап көрсет» деп ұлттық танымда тапсырма ұсынған авторлар 63-бетте «Ғарышкерлер» мәтінін берген: «Тоқтар, Талғат, Айдын ағалар-ғарышкерлер». Мәтінде «қазақ ғарышкерлері» деген тіркес жетпей тұр. Ғарышкерлердің тегі аталмаған, ақпарат балаға бұлыңғыр жеткен.1-сынып үшін «ана тілі» оқулық авторлары – Г.Уайссова, Г.Садуақас, А.Бесірова («Атамұра» баспасы, 2021).Ақын Ә.Табылдының «Ана тілі» өлеңі өте сәтті ұсынылған. Оқулықта тіл теориясы да ұмыт қалмаған. Фонетка жайлы ақпараттар түсінікті берілген. Дыбыстар мен әріптер тақырыбында Д.Шоқпарұлының «Алғашқы қар» өлеңі мақсатсыз назарға ұсынылған. Теориялық тақырып дыбыстар мен әріптер болса, таңдалған мәтіндер де сол тақырыптан алшақтамауы тиіс. Күзде қыс туралы оқыса, оқушылар жыл мезгілдерін шатастыруы да мүмкін.Оқулықтың өмірмен байланысты болуы деген талабы сақталғаны абзал. 12-беттегі 2-жаттығуға қарайық: «орны алмастырылып берілген сөздерден сөйлеп құраңдар».Теориялық тақырып фонетика болса, бірден сөйлем құрауға қалай оқыстан ұмтылыс жасалды? Әр сабаққа үш тапсырма құрастырылған. Бөлімдердің арасында логикалық байланыс жоқ. Теория жүйесіздікке ұшыраған: сөйлем туралы түсінік береді, одан кейін «сөз және оның мағынасы» деген бөлімге ауысып, сөз таптарын меңгертумен оқулық аяқталады. Дыбыстарды оқыта сала синтаксиске қарай ырғымай, лексиканы меңгертсе, жүйесін табар еді. Оқулықтың 60-бетіндегі «Жапалақ» мәтіні былай басталады: «Түнде жапалақ пен үкіден артық көретін аң-құс жоқ.» Бұл – балаларға танымдық тұрғыдан қате берілген сөйлем. 65-бетте «Сөйлемнен соң не нүкте, не сұрақ белгісі, не леп белгісі қойылады» деген ережеде авторлар ғылыми нақтылықтан естен шығарған. Теорияны тұмандандырып беру тілді үстірт үйретуге алып келеді. 2-қазақ сыныбының оқулық авторлары – Ә.Жұмабаева, Г.Уайсова, Г.Сәдуақас («Атамұра» баспасы, 2022). Оқулықтағы бөлімдер өзара логикалық сипатта орайластырылған. Тіл теориясы лексикалық тақырыптармен егіздестіріле берілген. Дегенмен, тапсырмалар бір сарынды. 25-жаттығуда Т.Әдбірайымның аты белгісіз әңгімесі «түсініп оқы» тапсырмасымен берілген. Әңгіме кейіпкері Рауан Абайдың «Көкірегіңде болсын көз» деген сөзін түсінбей дал болады. Оны әңгіме авторы да түсіндіріп жарытпаған. Оқулық авторлары «Сен «көкірегіңде болсын көз» дегенді қалай түсінесің?» деп балаларға сұрақ қойған. Бұл тапсырма оқушылардың жас ерекшелігіне сай емес. 66-беттегі 1-тапсырмада «қазағым», «талабым» сөздерінің қосымшасын алып тастап жаз. Не байқадың?» деген авторлар фонетика саласын ғана меңгеріп жүрген оқушылардың қосымша туралы түсінігі жоғын мүлде ескермеген. 3-сынып үшін Қазақ тілі оқулығын жазған осы авторлар тілдің теориясын жалаң бере салмай, мәтін талдауды оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай күрделендірген.Алайда оқулықтағы бөлімдер өзара логикалық тұтастықтан ада. Бөлімдердің ішкі тақырыптарында тілдің теориясы да ретсіз ұсынылған: бір тақырыпта оқушылар дыбыстарды ажыратуды меңгерсе, келесі сабақта аяқ астынан лексика тарауын үйренуге мәжбүр. Оның соңы морфология бөліміне төтеден еніп, түбір мен қосымшаны талдауға ұласады. 4-сынып оқушыларына арналған Қазақ тілі оқулығын да дәл осы авторлар ұсыныпты. («Атамұра» баспасы, 2019). Оқулықта ұлттық құндылықтар жайлы тақырыптар жүйелі топтастырылған.Оқулықтың 43-бетіндегі 17-тапсырмада «Мәтінді оқы» деп жазушы Мереке Құлкеновтің шығармасынан үзінді берілген, қай туындысы екені аталмаған. Мәтінді талдауға лайықты тапсырмалар жоқ.Көлемді мәтіндер беріп, соңына «мәтін не туралы?» деген әлсіз сұрақ сығырайтса, оқушы шығармашылықтың алғашқы сатысына да қол жеткізе алмайды.
2-қазақ сыныбының Әдебиеттік оқу оқулығының авторлары – Б.Қабатай, В.Қалиева, Ү.Зейнетоллина («Атамұра», 2022). Оқулық Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңінен басталған. Қаламгер жайлы қысқаша ақпарат суретімен қоса берілген. Әр тақырыпқа алты тапсырмадан ұсынылған. Әр сабақ сайын тапсырмалар түрленіп, қайталауға ұшырамаған. 3-сынып Әдебиеттік оқу оқулығының авторлары – жоғарыда аталған үш тұлға («Атамұра» баспасы, 2022). «Өнер», «Атақты тұлғалар» бөлімдерінде ұлттық құндылықтарды насихаттау талабы толық сақталған. 4-сыныпқа Әдебиеттік оқу пән оқулығын жазғандар – З.Муфтибекова, Ә.Рысқұлбекова («Алматы кітап» баспасы, 2023). Алғы сөзде оқулық авторлары «Отан» сөзін кіші әріппен жазған. «Адами құндылықтар» деген сөздің мән-мағынасын ұлы билердің өнегелі сөзі, кейіпкерлердің жағымды әдеттері арқылы жүрегіңе ұялатасың» деп кіріспеде авторлар тағы да мүлт кеткен. Әдебиет теориясында кейіпкер әдеті деген термин жоқ, кейіпкердің іс-әрекет ұғымы бар. 5-бетте берілген Ә.Табылдының «Қайырлы таң, балалар» өлеңінде де Отан-ана сөзі кіші әріппен берілген. Бұл өрескел қателік баспа тарапынан кеткен бе, әлде оқулық авторларының жіберген кемшілігі ме? Оқулықтың ұтқан жері әдебиет теориясы керегінше кірістірілген. Ғылыми түсінік бала танымына сай қарапайым тілмен әдіптелген. Әдебиет теориясын оқыту тек 4-сыныптан басталады.
1-ұлт сыныбының бүлдіршіндері Ә.Хазимова, Б.Салыхова, М.Бейсебекова ұсынған оқулықты меңгеріп жүр («Алматы кітап» баспасы, 2023). Әрбір сабақ сайын авторлар 3-5 жаңа сөзден ұсынған. Әр сабақ төрт тапсырмаға негізделген. Тапсырмалар бір сарыннан шықпайды. «Тыңда. Қайтала» тапсырмаларына QR код арқылы ашылатын дыбыстық жазбалар үнемі берілмеген. Авторлар тек 50-беттен бастап дыбыстық жазбаны QR код арқылы ұсынған. Бүкіл оқулықта небары 13 дыбыстық жазба берілген. Оқулық ұлттық құндылықтарды насихаттау талабы тұрғысынан ақсап жатыр. Тіпті ұлттық құндылықтарымызға шекеден қарайтындай. 101-бетте 5-тапсырмадағы мәтін: «Мен домбыра тартпаймын, асық ойнамаймын». Қазақтың домбырасы мен ұлттық ойынын теріс насихаттауға апаратын бұл мәтін арқылы оқулық авторлары нені көксеп отыр? 2-ұлт сыныбы оқушылары «қазақ тілі» пәнін А.Қайырбекова, Б.Нүкебаева, А.Мұхамеджановалардың авторлығымен шыққан («Атамұра» баспасы, 2022) оқулықпен үйреніп жүр. Бөлімдер логикалық түрде бірден-бірге кеңейіп отырған. Тыңдалым мәтіндерінде QR кодты аудиолар жүйелі берілген. Қазақ тілінің теориясы тым жұтаң, әрі жүйесіз ұсынылған. Әр тақырып сайын тапсырмалар қайталанады: «Суретке қара. Сұрақтарға жауап бер. Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап бер. Сөйлемдерді толықтырып жаз. Тірек сөздерді қолданып, сөйлемдер құрап жаз. Көп нүктенің орына тиісті сөздерді қойып, көшіріп жаз». 3-ұлт сыныптары қазақ тілін Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, А.Рауандина, Р.Рахметова, Л.Нұрмұхановалардың әзірлеген оқулығы бойынша оқып келеді («Көкжиек-Горизонт» баспасы, 2018). Оқулық «Күз келді» тақырыбымен алғашқы парағын ашады. Жоғарғы жағында оқу мақсаттары айқын көрсетілген. Тілдік дағды тек сын есімдерге қатысты ғана жұпыны көзделген. 6-тапсырмада «Адасқан қосымшаларды орнына қойып жаз» деген тапсырма «кездейсоқтық заңдылығына» сай берілген. Бұл сабақта қосымша туралы түсінік берілу мақсат етілмеген, сондықтан ешбір анықтама назарда жоқ. Берілген сабақтарда 5-6 тапсырма санымен шектелген, олардың көбі тыңдалым, оқылым, айтылым дағдыларын дамытуды мақсат етеді. Көркем жазу, тілдің заңдылықтарына сүйене отырып, сауатты жазу дағдысы соңғы орынға қалдырылған. Тілдік арнайы білімді қажет ететін мынадай тапсырма кездесті: «Өзің жақсы көретін үй жануарларының төлдері туралы шағын мәтін жаз. Төлдерді сипатта» (18-бет, 4-тапсырма). Бұл тапсырманы орындау үшін оқушылар сын есімдерді білу керек. Авторлар оқушыларға сипаттау мәтінін жазуды тапсырған. Бірақ сипаттау мәтіні оқушыларға беймәлім. 42-беттегі 6-тапсырмада «Сурет бойынша әңгіме құра» делінген. Бірақ авторлар әңгіме термині жайлы жұмған ауызын ашпаған. 4-ұлт сыныптарына Қазақ тілі оқулығын жазғандар – Н.Даулеткереева, Г.Мұқанғалиева. («Алматы кітап» баспасы, 2023).Тілдің теориясы шағын ереже түрінде орынды берілген. Қалған тапсырмалар 3-сынып оқулығымен мазмұндас. Оқушылардың жазылым дағдыларын жүйелі жетілдіру кенжелеп жатыр. Бастауыш ұлт сыныптарындағы Қазақ тілі пән оқулықтары тапсырмалардың біргелкілігімен, ұлттық құндылықтарды тек ішінара насихаттауымен, тілдің теориясын ғылыми бірізділік қалыптан тыс шашырата беруімен көңілді құлазытады. 2016 жылдан бері 5–11-ұлт сыныптары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің кіріктірілген түрін оқып келеді. 5–9-ұлт сыныптарындағы аталмыш оқулықты көп ретте «Көкжиек-Горизонт» баспасы Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, А.Рауандиналардың авторлығымен ұсынып жүр. 5-сыныпқа берілген оқулық Қазақ әдебиеті оқулығына қаншалықты сай? Аталған сыныпта өзге ұлт өкілдері бар болғаны жеті ақын-жазушының әдеби туындысымен жарытымсыз ғана танысқан. Қазақ әдебиетінің теориясы шеті кетілмеген күйі тұр. Сондықтан Қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары ұлт әдебиетін меңгертуге қызмет етуге жұмсала алмайды. 6-ұлт сыныптарындағы Қазақ тілі мен әдебиеті оқулығында да жоғарыда аталған авторлардың тек соңғысы ғана өзгеріп, А.Юсуптың қосылғаны болмаса, негізгі құрамы өзгермеген. Рухани мұрамызға тұтас бір бөлімді арнап, қазақ спорт саңлақтары жайлы оқытуға күш салған авторлар тағы да тілдің теориясын там-тұмдап берген. 110-бетте «Нәтиже сабақ. Мен не үйрендім?» тақырыбында 2-тапсырмада Жоңғария жерін мекендеген аң-құстар туралы мәтін берілген. 6-тапсырмада (111-бет) «Жоңғария табиғаты» тақырыбына эссе жаз» деген. Эссе жазуға авторлар «өмірмен байланысты болуы тиіс» деген орынсыз талап та қойған. Нәтиже сабақта Жоңғарияны сонша дәріптемей, оған саяхат жасаған Шоқан еңбектеріне сәл де болса талдау тапсырмаларын берсе, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу мақсатына қол жеткізер едік. 7-ұлт сыныбы оқулығында да осы жайт орын алған. Өйткені авторлар құрамы өзгермеген. 8-ұлт сыныптарына арналған оқулықтарды жазуда авторлар құрамы тек Қ.Жайлаубаева болып өзгерген. Оқулық авторлары болжалдық сан есімдерді меңгертуден бастап, түйіндеме туралы түсінік беруге ұласады. Ережелер кейде жарты бет, ара-тұра бір бет көлемін алып жатыр. Келесі бөлімде бөлшектік сан есімдерді меңгертуді көздеп, тіл теориясының реттілігін сақтапты. 41-беттегі 3-тапсырмада Абайдың «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңі бөлімнің тақырыбына сай болғандықтан ғана таңдалған. «Өлеңді мәнерлеп оқы. Мазмұны бойынша жоспар құр» деген тапсырма әдеби талдау емес. «Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деген сөйлемді қалай түсінесіңдер?» деп оқушылардан сұрайды. Бұл сұрақты қоймас бұрын авторлар оқушылардың түсінуіне қиындық тудыратын сөздер мен тіркестердің мағынасын ашуға бағыттайтын тапсырмалар ұсынса жарар еді. «Мектеп» баспасы 8-ұлт сыныптарына арналған өз оқулығын Г.Қосымова, Р.Рахманова, Қ.Берценова, А.Сатбековалардың авторлығымен 2018 жылы ұсыныпты. Оқулықта тіліміздің теориясы әлсіз ғана ұшырасады, тапсырмалардың көпшілігі айтылым, оқылымға негізделген. Жазылым тапсырмаларында арагідік грамматикалық жаттығулар кездеседі, бірақ олар оқулықта түсіндірілмеген. 6-бетте 6-тапсырма бар: «Берілген сөздерді мағыналық жағынан сәйкестендіріп, сөз тіркестерін жасаңдар». Бұл тапсырманы орындау үшін оқушыларға сөз тіркесінің теориясы берілуі керек еді.

Оқулықтағы бөлімдердің арасында мағыналық байланыс жоқ. «Мектеп» баспасы Г.Қосымова, М.Бисенбаева, Г.Каримова, Н.Қаратаевтың авторлығымен әзірленген оқулықты 2019 жылы 9-ұлт сыныптарына ұсыныпты. Оқулық «Қазақ жазуының тарихы» деп мәдени тақырыпта басталған. «Күлтегін» жырын назарға ұсынып, «Күлтегін кім?» деген жеке тақырып беріп, мәдени мұрамызды дәріптейді. Сосын «Жолың болсын, жолаушы» деген бөлім басталады. М.Мақатаевтың «Ертең біз жол жүреміз» өлеңі кірістірілсе де, бұл бөлім әдеби емес, тек тілдік бағытты ұстанған. Әрі ақынның өлеңі мен бөлім мазмұны мүлде сәйкес емес. 9-ұлт сыныптары үшін «Көкжиек-Горизонт» баспасы 2019 жылы Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, А.Рауандина, Қ.Жайлаубаева жазған оқулықты ұсынған. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – тәуелсіз Қазақстанның айбынды мерекесі» деген 14 сабақтан құралған бөлім берілген. Бөлімнің соңы М.Ыбыраевтың «Елбасыма» өлеңімен түйінделген.
Өлеңнен үзінді (112-бет, 4-тапсырма):
…Ол ұлдың заты – нұрдан, аты – Сұлтан,
Кеш туған зарықтырып уақытынан…
Ақын жырын «Қазақта ер тумайды енді сіздей» деп тамамдайды. Мұндай жеке басты шектен асыра дәріптейтін туындыларды мектеп оқулықтарына мүлде енгізбеу керек.10-ұлт сыныптарына Г.Қосымова, Ш.Ерхожина, Г.Каримова ұсынған оқулық «Еңбек нарығы және сұраныс» бөлімімен басталған. («Мектеп» баспасы, 2019) Шәкірттерге «көптік жалғауы» деген ұзақ ереже мен «мәтіннен көптік жалғаулы зат есімдерді теріп жаз» деген тапсырма берілген.Тым оңай тапсырмалар оқушыларды шығармашылық, тілдік дағды тұрғысынан дамыта алмайды.11-ұлт сыныптарына Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, А.Рауандина, Л.Нұрмұханова тағы да бірлесе оқулық жазыпты («Көкжиек-Горизонт» баспасы, 2019). Оқушылар «Әлеуметтік мәселе туралы не білесің?» тақырыбымен оқулықты ашады. Мәтін стильдерін ажыратып, омонимдерді анықтауды мақсат етеді. Оқу мақсатына сай тапсырмалар орынды берілген. Е.Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесінен сабақ сайын үзінді келтірілген. Тапсырмалар көркем шығарманы талдауға бағытталмаған. Оқушылар 2-бөлімде «Экология. Мұнай және атомдық индустрия» тақырыптар топтамасымен танысады. Тілдік бағдар омонимдер болып қалып отыр. Бөлімнен бөлімге тілдік теорияны тереңдете беруге не кедергі? Г.Сейітжанның «Қара алтыны халқымның» өлеңі де бір тақырып етіп берілген.
Мұнай-мұнай,
Сары май,
Қап-қара май,
Келбетіне халқымның жаққан арай…
Майдың түрлерін «майын тамыза суреттеген» ақынның өлеңі бастауыш сыныпқа арналғандай. Оқушыларға тапсырма: «өлеңде қою қаріппен берілген сөздердің антонимін тап. Осы сөздерді қатыстырып сөйлем құра». Тым жеңіл тапсырма оқушының қай дағдысын жетілдіреді? Ұлт сыныптарына арналған оқулықтар қай баспадан шықса да көлемі тым үлкен, тілдің теориясын үзіп-жұлып береді, әдеби шығармалар талданбайды, туындылар бөлімнің тақырыбына қарай ғана таңдалып алынған. Қазақ тілін меңгертуде өзге пән тақырыптарын толассыз берген (энергетика, әлеуметтану, биология, география, т. б.).
5-қазақ сыныптарның «Қазақ тілі» оқулығының авторлары – Т.Ермекова, Ж.Отарбекова, Р.Мұнасаева («Арман-ПВ» баспасы, 2017). Сабақ мақсаттарына оқу тапсырмалары сай келеді. Ережелер түсінікті тілмен қысқа көлемде әрі мысалдарымен бекітілген. «Жеті жұрттың тілін біл» тақырыбындағы 1-тапсырмада төрт жасар мәскеулік Бэлла Девяткинаның жеті тіл білетіні туралы мәтін бар. Қазақ баласына үлгі етер бір қазақ тұқымы табылмады ма?Авторлар әр бөлім сайын ұлттық құндылықтар турасындағы тақырпыптарды үзбей енгізіп отырған. 6-қазақ сыныбы үшін қазақ тілі оқулығын Т.Ермекова, Ж.Отарбекова, Г.Тоқтыбаева «Арман-ПВ» баспасынан жариялапты. Авторлар мұнда да тілдің теориясын лексикалық тақырыптармен байыта берген. Бөлімдер негізінен ұлттық мәдениет пен рухани мұрамызды меңгертуге арналса, тек үш бөлім әлем мәдениетінен хабар береді. 7-қазақ сыныптары өз ана тілдерін Г.Қосымова, Р.Рахметованың авторлығымен «Атамұра» баспасынан 2024 жылы шыққан оқулықпен меңгеріп келеді. 21-беттегі 1-тапсырмада Абайдың «Күз» өлеңі берілген. 2-тапсырмада «Өлеңдегі ақпаратты «Төрт сөйлем тәсілін пайдаланып айт» деген тапсырма қылтияды. Бұл – оқушының ойын тежеп, көсіле сөйлеуіне мүмкіндік бермейтін тапсырма. 56-беттегі 4-тапсырмада «Тибеттік тамақтану ережелері» деген мәтін бар. Қазақы тамақтану ережелері жоқ па? Өзгені үлгі ету арқылы қазақстандық патриот тәрбиелеу мүмкін бе? «Сүйіспеншілік пен достық» атты 3-бөлімде морфология саласы басталып кеткен. Алдыңғы бөліммен теориялық, әрі логикалық байланыс жоқ. «Сүйіспеншілік – шынайы сезім» тақырыбында 6-тапсырмада «Мәтінді оқы. Жоспар құр» деп Қ.Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» кітабынан көлемді үзінді берілген. Мәтін соңындағы тапсырма тым солғын: «Сұрақтарға жауап бер. Мәтінді «Төрт сөйлем» тәсілін пайдаланып талда». «Ғаламтор және әлеуметтік желілер» атты бөлімде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мүмкіндігі аз. Оқулықтағы он бөлімді жан-жаққа «лақтырып» тастаған кім? Тілдің теориясы жұтаң берілген, тапсырмалардың саны көп болғанымен бірін-бірі қайталайды. 8-қазақ сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулықтарының бірі – 2018 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген оқулық (Б.Қапалбек, А.Омарова, Г.Закиряева, Г.Абнасырова). Оқулықта өзге пәннің үлес салмағы басым. Өзге пәндік бөлімдер арқылы ана тілімізді терең үйрету мүмкіндігі қандай? 9-қазақ сыныптары ұлт тілін М.Мамаева мен Ж.Мұқашева «Мектеп» баспасынан 2019 жылы ұсынған оқулықпен үйреніп жүр. Кей бөлімдер оқушылардың таным-түсінік дәрежесінен алыстап кеткен: «Жаһандану мәселелері», «Синтаксис. Отбасы және демографиялық өзгеріс», «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Синтаксис. Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік», «Пунктуация. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану». «Жаһандану және әлемдік қақтығыстар» тақырыбындағы бөлімде саяси бояу сезіледі. Ал мектеп оқушылары ешбір саяси және діни ұғымды насихаттайтын құралдардың ойыншығы болмау керек. Материалдар негізінен газеттерден, сайттардан алынған. Неге көркем шығармалардан үзінділер келтіріп, солар арқылы құрмалас сөйлемнің түрлерін меңгертпеске? «Арман-ПВ» баспасынан 2019 жылы шыққан Қазақ тілі оқулығы Т.Ермекова, К.Бертілеуова, Р.Әбішевалардың авторлығымен 9-сыныптарға ұсынылған. Онда да осы бөлімдер, саяси сарындағы мәтіндер. 10-сыныпқа арналған Қазақ тілі оқулығын Ж.Дәулетбекова, П.Юсуп, Л.Жұмекенова жазыпты («Атамұра» баспасы, 2019). Оқулық бөлімдері мынадай: «Индустрияландыру. Ұлттық өндіріс», «Адамзат дамуының жаһандық мәселелері», «Адам өмірін сақтау». Бұл бөлімдер саяси сарынға ие, оқушының ой, білім, сөздік қорын көтеруге титтей де пайдасы жоқ. 10-сыныптың қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған Қазақ тілі оқулығы Ж.Балтабаева, Е.Арын, Г.Әбдірамандардың қолынан «Атамұра» баспасынан 2019 жылы шығыпты. «Тіл және алаш идеясы» бөлімінен тиімді бастау алған оқулық ұлттық құндылықтарды игертуді жүйелі мақсат еткен. Ара-тұра «адасып жүрген» бөлімдер де жолықты. «Экономикалық интеграция – бүгінгі күннің даму үрдісі», «Қазіргі қоғам: әлеуметтік теңсіздік», «Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер». 11-қазақ сыныптары Б.Қапалбек, Ш.Ерхожина, М.Жолшаеваның оқулығын қолданады («Мектеп» баспасы,2019). Қоғамдық-гуманитарлық бағыт үшін жазылған оқулықта шәкірттерді қазақ шешендік өнеріне баулуды мақсат еткен атворлар кейде айқын бағыттарынан «жаңылып», «Бейбітшілік. Қауіпсіздік және жаһандық экономика», «Табиғат және экология» деп бөлім беріп, қазақ тілі пәні арқылы экологияны оқытуға талпынады. 11-қазақ сыныптарының жаратылыстану-математика бағытындағы оқушыларына Қазақ тілі оқулығын Б.Қапалбек, М.Жолшаева, Ш.Ерхожина, Л.Ишанова рухани тарту еткен («Мектеп» баспасы, 2020). «Экология. Ядролық және мұнай өндірістері», «Қазіргі қоғам: миграция және зияткерлік миграция», «Туризм. Экотуризм» бөлімдері арқылы шығармашыл, озық ойлы шәкірттерді үлкен өмірге қанаттандырып түлету мүмкін бе?
5-сыныпқа арналған «қазақ әдебиеті» оқулығы авторлары – С.Тұрсынғалиева, Р.Зайкенова («Арман-ПВ» баспасы, 2017). Оқулық қазақ халық ертегісінен басталып, бала түсінігіне қиындық тудыратын сөздердің мағынасын ашып көрсетуімен ерекшеленеді. Анықтамалар әдебиет теориясынан нақты, ғылыми дәлдікпен берілген. Аталған қос автор 6-сыныпқа да арнап жазыпты. Қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін сақтай отырып, әр кезеңнен бір өкілден таныстырып, мақсатты бағындыратын тапсырмалар ұсынған. Оқушылар 2-оқу тоқсанын толығымен Абай мұрасын меңгеруге арнайды.«Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» бөлімінде авторлар Е.Жүністің «Менің атым тәуелсіздік» өлеңін енгізген. Берілген өлең оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай емес, тілі тым күрделі, айтар ойы өте астарлы. 11-12 жастағы оқушыларға бұл өлеңде астарланған тарихи оқиғаларды ойнақы тілмен түсіндіру – мұғалімнің еншісіне қалған шаруа. 7-сынып үшін әр түрлі баспалар оқулықтар ұсынған, барлығында әдебиет теориясы, әдеби кезеңдердің даму ретін сақтай отырып оқыту іске асырылған. 8-сыныпқа арналған оқулықты С.Дәрібаева, Г.Орда, А.Сатылова «Мектеп» баспасынан 2018 жылы шығарыпты. Оқулық авторлары туындыларды бөлімнің тақырыбына тәуелді етпей, әдеби кезеңге тән өкілдің шығармасы есебінде ұсынған. «Ғылыми-фантастикалық әңгімелер» деп арнайы бөлім ашып, онда Жүніс Сахиевтің екі әңгімесі берілген. 9-11-сынып оқулықтарында әдебиет теориясы өз деңгейінде берілген және ол тәжірибелік тапсырмалармен байытылған. Көптеген сыныптарда авторлар шетел әдебиетінің бір өкілімен таныстырып отырған.
1–11-сынып аралығындағы Қазақ тілі мен әдебиеті пән оқулықтарының бүккен сыры мен алуан қыры жайлы ақтардым. Жақсысын жария еттім, кемшілігін дәлелдеп түйреп өттім. Бұл ел өрендері нағыз тұлға болып дара шықса деген жанашырлықтан туған ой еді.
Бүгін партада қазақ тілі мен әдебиетін оқып отырған жас өрен – ертеңгі елдің иесі. Сондықтан оның төрт құбыласының сай болуы күллі еліміздің болашағын жарқын етпек. Сол себепті оқулықтар мәселесінің оңынан шешілуіне барлық жақсылар болып ат салысайық.
Айзат Рақыш,
ҚР Мәдениет саласының үздігі
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі