ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНДЕРІНДЕГІ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖӨНДЕУ ЖОЛДАРЫ
26.08.2025
277
0

15 тамызда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана ғимаратында «Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» атты форум өтті. Форумда бас қосқан белгілі ақын-жазушылар, тіл ғалымдары мен әдебиеттанушылар, сыншылар, оқытушылар, оқулық авторлары мен баспа және БАҚ өкілдері оқулықтардағы олқылықтар хақында тереңнен таразылады.

Алғашқы сөзді бастаған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Бүгін біз «Мектеп қабырғасында білім алып жатқан жеткіншектеріміздің, жастарымыздың болашағы бұлыңғыр болмай ма?» деген сауалға бірлесе отырып жауап іздеу үшін жиналып отырмыз. Өйткені мектеп оқулықтары мен бағдарламаларындағы кемшіліктер оқушылардың білім, тәрби сапасының төмендеуіне ұлттық құндылықтардан алыстауы әкеліп соғып отыр. Бір кездері қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің бірігіп кетуі, шындап келгенде, қазақ әдебиетіне, қазақ тіліне деген теріс көзқарастан пайда болды деп есептейміз. Осы отыз жылдың ішінде талай-талай оқулықтар жазылды, алайда сапасы сын көтере бермейді. Бұрынғы министрліктегілер де қазақ тілі, қазақ әдебиеті оқулықтарына дұрыс қарай қоймады. Олар бөлінген қаржыны өздері пайдалану үшін бірнеше баспа ойлап тапты. «Мектеп», «Атамұра» сынды өте тәжірибелі баспалардың барына қарамастан, жаңадан адам білмейтін баспалар ашылды. Осы аты, заты беймәлім баспалар әлі күнге дейін сын көтере алмай келе жатқан оқулықтарды шығарды.
Оқулықтар жедел түрде жаңарып отыруға тиіс. Дұрыс оқулықтың дұрыс үлгілері сақталып отырғаны жөн, әрине. Ал кемшілігі бар оқулықты үнемі түзетіп отырмаса болмайды. Осындай қиындықтарды шешудің жолын тап­паққа бүгін бәріңіздің басыңызды қосып отырмыз. Жалпы, Қазақстанда Ұлттық мектептер, қазақ мектептері, өзбек мектептері, ұйғыр мектептері, орыс мектептері, сонымен бірге жекеменшік мектептер бар. Ал сол жекеменшік мектептерде Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті оқытылып жатыр ма? Ол – үлкен сұрақ! Тіпті қазақ мектептерінің өзінде қазақтың батырлар жыры оқытылмайды, қазақ ертегілері, қазақтың ақын-жырауларының жырлары оқытылмайды. Абай, Махамбет оқытылмайды. Бұл сұмдық қой.

Былай қарасаң, оқулықтың ішінде бәрі бар. Әлеуметтік мәселелер, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер, экономикалық мәселелер – барлығы қамтылған, бірақ әдебиет жоқ, әдебиеттің теориясы, әдебиеттің тарихы жоқ. Одан бөлек, орыс мектептерінде қазақ әдебиетінің тереңдетіп оқытылуы қалай жүргізіліп жатқаны тіпті белгісіз. Бірде-бір орыс баласы қазақтың сөзін, қазақ тұлғаларының кім екенін білмей шығады. Сонда не оқытып жатырмыз? Бюджеттің ақшасы қайда кетіп жатыр? Қашан сұраймыз осының бәрін?! Сұрайтын уақыт жетті және оны мына біз – жазушылар, мұғалімдер, оқулықтардың авторлары, баспагерлер сұрауымыз керек.
Бір қуанышты жағдайды айтып кетейін. Күні кеше ел Президенті халықаралық олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындарға ие болған 24 оқушыны қабылдады. 4 оқушы алтын медаль, 11 оқушы күміс медаль, 9 оқушы қола медаль иегері атанған. Барлығы дерлік математика, биология, информатика, тағы басқа пәндерден қатысып, ел мерейін үстем етіп келді. Әйтсе де, бұл тұста да Қазақ әдебиеті, Қазақ тілі тыс қалып жатыр. Әдебиеттің әңгімесі өз еліміздің ішінде ғана толғандырып жүр.
Мен ылғи айтамын, бұрынғы әкімге де бірнеше рет айтқанмын, Алматы қаласындағы мектептерге жазушыларды кіргізейік. Жазушылар мұғалімдермен қатар лекция оқысын, сабақ берсін. Соған арнайы бағдарлама қабылдау керек. Қаржы жан-жаққа шашылып жатыр, ал керек нәрсеге табылмай қалады. Бексұлтан ағамыз бастаған әр жазушы өз ауданындағы мектептерге барып, қазақ әдебиетінің жай-күйі, қазақ әдебиетіндегі жаңалықтар, қазақ әдебиетіндегі проблемалар туралы ой тербеп, түсіндіріп отырса, қандай нәтижелі жұмыс істелер еді. Міне, бүгін сондай мәселелерді бүгін жан-жақты айтамыз. Осы тұста тағы бір айта кететін дүние, Алматыда орналасқан кітапханалардың ішінде жиырмасының аты жоқ екен. Сол 20 кітапханаға дүиеден өткен 20 жазушының атын берейік деген ұсыныс жасадық», – деп аталған саланың кемшін тұстарын кеңінен қозғап өтті.
Форумда кезекті сөзді алған жазушы, сыншы, драматург Айзат Рақыш «Қазақ тілі мен әдебиеті: оңы мен терісі» тақырыбында баяндама жасап, 1 сыныптан 11 сыныпқа дейі­н­гі оқулықтардың қатесін жеке-жеке талдап көрсетіп берді.
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлы, әдебиет сыншысы, ф.ғ.д. Бекен Ыбырайым, белгілі жазушы, ф.ғ.д. Нұрдәулет Ақыш, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек, әдебиеттанушы-ғалым, ф.ғ.д., оқулық авторларының бірі ГүлжаҺан Орда, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абайтану және Қазақ әдебиеті оқулығы авторларының бірі Руда Зайкенова, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті қазақ тілі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Тыныштық Ермекова, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Баян Керімбекова, Алматы қаласы №180 мектеп мұғалімі, педагог-сарапшы, «Zhahan online shool» шығармашылық орталығының жетекшісі Гүлжаһан Торыбаева, тағы басқа зиялы қауым өкілдері Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті пәндерінің бүгінгі жағдайы жайлы ойларын ортаға салып, шешімін табуға тиіс кілтипандарды нақтылады.

Сондай-ақ орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік т.с.с. ұлт мектептерінде Қазақ тілі, Қазақ әдебиеті жеке-жеке пән ретінде оқытылуы қажеттігі, ұлттық мектептерге «Әлем әдебиеті» пәнін енгізу керектігі, баспаларға берілген оқулық шығарудың авторлық құқығы тек Оқу-ағарту министрлігінің құзіретінде болып, сараптамалық комиссия құрамына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері енгізілуге тиістігі айтылып, 80-нен астам қатысушы тарапынан қолдауға ие болды.
Әдебиеттанушы-ғалым Гүлжаһан Орда: «Біз қазір мектеп оқулықтары жайлы айтып жатырмыз. Бізде оған дейін айтатын үлкен-үлкен мәселелер бар. Балаларды тәрбиелеу мектептен емес, мектепке дейінгі балабақшадан басталады. Бүгінде балабақшаларда арнайы сағат бөлініп, ағылшын тілі сабағы өткізіледі. Сол ағылшын тілін оқыған балалар не қазақша, не орысша, не ағылшынша сөйлей алмай, үш тілде араластырып сөйлеп жүр. Сондықтан балабақшаларда қазақ тілі сабағына бөлінетін сағат санын көбейту керек, ағылшын тілін мектептен бастаса да жетіп жатыр.
Екіншіден, балалардың тілін ана тілінде таза да қанық етіп шығару үшін қазақтілді анимацияларды көптеп түсіруге тиіспіз. Қазақша дұрыс сөйлей алмайтын бала мектеп табалдырығын аттағанда әліппені, ана тілін қалай игер­мек? Міне, сондықтан да бізде білім жүйесіне үлкен өзгерістер керек», – деп, тәртіптің балабақшадан басталуы керек екенін алға тартса, «Бұл жиынның өткізіліп отырғаны, қозғалып жатқан мәселе өте өзекті. Өйткені мектептегі ең негізгі пәндер – қазақ тілі мен әдебиеті. Бірі ұлтты қалыптастырады, бірі дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуды үйретеді. Осы пәндердің бағдарламасына айтарлықтай өзгерістер керек. Жаңа бағдарлама ақпан айында бекітіледі екен. Мектеп бағадарламасында қандай шығармалар, кімдер оқытылуы керек екенін Қазақстан Жазушылар одағы анықтап берсе, өте дұрыс болар еді», – деп қазақ әдебиеті мен қазақ тілі бағдарламасының құрылуына қазақ қаламгерлерінің де жауапкершілігін үстеу турасындағы ойын жеткізді. Қазақ­станның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлының Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедов негізін салған емле жобасына қайта көшу қажеттігін баса айтқаны да көптің көкейінде қалды.
Жиында айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстар нәтижесінде «Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» форумының қарары қабылданды. Сондай-ақ барлық тұжырымдар тиісті орындарға жеткізілуі керек екені басты назарда болмақ.

«Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы
елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» форумының

ҚАРАРЫ

«Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған де­йін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айырықша назар аудару өте маңызды», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында.
Қолданыстағы қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары туралы қоғамда сыни пікірлер көп айтылады. Әсіресе көпшілік қауым, оның ішінде ата-аналар, зиялы жұрт түсініспеушілік тудырған мәселелер төңірегінде айтып та, жазып та келеді. Дегенмен өткір сын мен тиімді ұсыныстар аяқсыз қалғаны жазушыларды да алаңдатып отыр. Осындай түйткілді тақырып төңірегінде Қазақ­стан Жазушылар одағы арнайы форум өткізді.
Форумға Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшылары, белгілі ақын-жазушылар, әдебиет­танушы, тіл ғалымдары, оқытушылар, оқулық авторлары, оқулық редакторлары, ведомоства және БАҚ өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар біздің бүгінгі ұрпақты қалай тәрбиелеп, қалай оқытып жатқанымыз, білім деңгейі, оқулық сапасы, оқу бағдарламасы, жалпы жүйе туралы ұсыныс-пікірлерін, ой-орамдарын ортаға салып, кемшіліктер мен артықшылықтарды салыстырды, мәселені шешудің оңтайлы жолын көрсет­ті.
Алқалы жиынға қатысушылар төмендегідей нақты ұсыныстарды тілге тиек етіп, осы қарарды қабылдады:
Бірінші, қазақ әдебиеті оқулықтары арқылы таныстырылып жүрген Абай мұрасы дара пән дәрежесіне көшсін. Бүгінгі таңда «Абайтану» тек қосымша пән (факультатив) есебінде ғана оқытылады, сондықтан ол жалпыға бірдей оқуға міндет­ті жеке пәнге айналсын;
Екінші, оқулық авторлары әрбір сыныпта дерлік шетел әдебиетінен бір қаламгердің туындысын ұсынып жүр. Бұл әлем әдебиетіне қол созған қазақ баласын қанағат­тандырмайды. Сол үшін ұлт­тық мектептерге «Әлем әдебиеті» пәнін енгізу керек;
Үшінші, ұлт мектептерінде (орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік) Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағаты бұрынғыдай бөлініп, қазақ тілі жеке пән ретінде, қазақ әдебиеті дербес пән сапасында оқытылсын;
Төртінші, Қазақ тілі пәні оқулықтарын саяси сипат­тан алыстатып, ел саясаты мен әлемдік саяси ахуалдарды кірістіретін теорияны тереңдетіп оқытқан жөн;
Бесінші, ұлт сыныптарында да, қазақ мектептерінде де қазақ тілінің теориясы жіті назарға алынып, қазақ тілі оқулықтарына ғылыми бірізділікке түскен тілдің теориясы қайтарылып берілсін;
Алтыншы, баспаларға берілген оқулық шығарудың авторлық құқығы тек Оқу-ағарту министрлігінің құзіретінде болып, сараптамалық комиссия құрамына Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшелері енгізілсін;
Жетінші, оқулық жазуда ұлт­тық құндылықтарды дәріптеу, отандық мәдениет пен әдебиет­ті насихат­тау басты талап болып бекітілсін;
Сегізінші, жалпы оқулыққа енетін көркем әдебиет­терді Қазақ­стан Жазушылар одағы бекітіп беретін болсын;
Тоғызыншы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедов негізін салған емле жобасы көпшіліктің талқысына салынсын;
Оныншы, мектептерде қазақ тіліндегі әдеби басылымдарды жаздырып алу бір жүйеге келтірілсін. Барлық мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі әдеби басылымдардың болуы қамтамасыз етілсін;
Он бірінші, қолданыстағы мектеп бағдарламаларына түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңадан жасақталып, қоғамдық талқылауға ұсынылсын.
Аталмыш қарар Қазақ­стан Жазушылар одағының мерзімді басылымдарында, әлеумет­тік желілерінде жарияланып, Үкімет­тің, білім саласындағы мекемелер мен ұйымдардың назарына ұсынылсын.

Алматы,
15 тамыз, 2025 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір