ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫНЫҢ ИЕСІ
28.05.2024
947
1

Қазақ тілін білмесеңіз, Қазақ­станның азаматы атанамын деп дәметпей-ақ қойыңыз. Бұдан былай қандай да бір қалтарысты бағып, көлеңкелі жолмен келіп, Қазақ­станның азаматы болып, қазақтың төлқұжатын қалтаға басып алу мүмкін емес.

Осыдан апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына қол қойып, аталған заңға қазақ тілінің саяси салмағын арт­тырып, туған тіліміздің конституциялық мәртебесіне сай еліміздің тұтастығы мен мызғымастығын және қауіпсіздігін еселейтін норма енгізді.
Бұл – Алаш баласынан алақайлап сүйінші сұрайтындай-ақ заңдық күші бар құжат болды. Азамат­тық мәселесіне қатысты заң талабының күшейгенін естіп, «Отыз жылдан астам уақыт күткеніміз осы еді ғой», – деп қуанғандар да, «Қазақ тілінің құдіреті артып барады», – деп қуарғандар да, тіпті, «Қағаз жүзінде қалатын Қазақ­стандағы көп заңның бірі ғой, соған бола асып-тасудың керегі не?» – деп күмән келтіріп жатқандар да бар. Әйтсе де заңның аты – заң. Халық өзіне аса қажет заңның пәрменді болуын қашанда қатаң қадағалап, бақылап отырады. Жұмыс істемейтін заң – халықтық заң емес. Бұқараның күнделікті қарбаласқан тірлігімен қабыспайтын, ұлт­тық мазмұны кем, әлдебір шоғырдың, әлдебір топтың мүддесіне сай қабылданған заңдар көп, оның қайсыбірін тізбелей берейік. Бірақ елдік сипаты ерекше заңдарды, заң нормаларын жұртқа жеткізу – біздің міндетіміз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің қабыр­ғасында қабылдаған заң бойынша:
Мемлекет­тік тілді білмеу, Қазақ­стан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілет­ті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау – Қазақ­стан азамат­тығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады.
Мемлекет­тік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этникалық қазақтарға қолданылмайды. Демек, жат жұрт­та туып-өскен, тұрған жеріндегі елдің тілінде сөйлеп, ана тілін ұмыта бастаған немесе қиналып сөйлейтін қазақ диаспорасы үшін жоғарыдағы заң көлденең кедергі туғызбауы керек. Бірақ қазақтың қызын алып, іле-шала Қазақ­станның азамат­тығын да иеленіп шыға келетіндерге заң мейлінше тосқауыл болуы тиіс.
Азамат­тық алу жағдайында көлеңкелі істермен айналысатын бір сала – көші-қон полициясы. Азамат­тықты сатып, істі болған көші-қон полициясының қызметкерлері туралы кезінде баспасөзде талай жазылып, талай айтылған.

Көші-қонның былыққа бататындай да жөні бар. Өйткені бұл сала кейінгі он-жиырма жылдың шегінде мемлекет­тің құзырынан шығандап шығып, өзінше өмір сүрді. Саланы былық жайлады. Әукесі салбырап иегін жапқан, қарыны тізесін қапқан, Отан алдындағы жауапкершіліктен жұрдай әлдекімдер көші-қон полициясының құзірет­ті биігіне көтеріліп алып азамат­тықты оңды-солды үлестірді, сат­ты. Өйткені олардың әлгіндей албаты істеріне тыйым салатын тетік болған жоқ. Ол қандай тетік десеңіз, ол тіл еді. Ал бұл кез­де қазақ тілінің өзі коррупцияға батқан биліктің табанында тапталып, жаншылып жатқан. Міне, енді көріп отырмыз, Президент Тоқаев қазақ тілін саясат алаңына алып шығып еді, осы күні мемлекет­ті басқару ісі де ептеп өзгере бастады. Қазақ тілі саясатқа серпін беруде. Соның алғашқы нәтижесінің бірі – жоғарыдағы заң және заңға енген норма.
Мысал үшін делік. Күншығыстан езуін құлағына іліп, ыржалақтап Қазақ­стан азамат­тығынан үміткер біреу келді делік. Қалтасы толы ақша. Мұндай күлегеш, «күлшелі баланы» бұрын маңдайынан сипап, бауырына баса қоятын мекемедегілер енді одан қазақ тілі мен қазақтың тарихын сұрап, сынақ алуға мәжбүр. Олай етпесе, басы кетеді. Тіл дейтін тетік соны талап етеді. Қанқұйлы әрекет­тер жасап, қашып жүрген террористер мен экстермистерден де, педофилдерден де, алабағандардан ат­тап өтіп жүре беретін қылмыс әлемінің «әміршілерінен» де, алаяқтардан да – қысқасы Қазақ­станға қауіп төндіретін кез келген элемент­тің алдынан қасқайып қазақ тілі шығатын болды.
Қазір Қазақ­станның азамат­тығын иеленуді жатса-тұрса ойлайтындар аз болмаса керек-ті. Аш-арық Африка, Украинамен соғысып қалжыраған Ресей, жан саны миллиардтан молынан асқан Қытай, қара бұқарасы Қытайдан да асып кеткен Үндістан, ішінара араб елдері, іргеміздегі қырғыз, «өзіміз ғой, өзіміз» деп өбектейтін өзбек, бұлардың сыртында бұғып келіп бүлік жасап кетуді көздейтін саяси күштер, әрі-бері сабылған еңбек миграциясы ебін тауып Қазақ­станның кең қолтығында қоныстануды тілейді. Соның бәріне «соқа тісін» көрсетіп, қарсы тұратын күш – қазақтың тілі.
Жә, осы арада мына бір жайт­ты ұмыт қалдырмай, оның да басын аша кеткеніміз жөн болар.
Қолданыстағы «Қазақ­стан Республикасының азамат­тығы туралы» Заңының 16-бабында «Қазақ­стан Республикасы азамат­тарының iшiнде жақын туыстарының бiрi — баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақ­стан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азамат­тары, Қазақ­стан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақ­стан Республикасының азамат­тығына қабылданатын болады…» деген норма бар.
Бұл норма – Мәскеуде сонау 1999 жылғы 26-ақпанда жасалған Беларусь Республикасының, Қазақ­стан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Азамат­тық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімнің негізінде аталған заңға енгізілген норма.
Ал бұл төрт жақты келісім «Беларусь Республикасының, Қазақ­стан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Азамат­тық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісімді бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасының 1999 жылғы 30-желтоқсандағы №17-ІІ заңымен бекітілген. Ендеше Қазақ­станда қалаймақан қарбалас күндері қабылданған заңды көлденең тартып ертең Мәскеу бізге алыстан жұдырық түюі мүмкін. Қазақ­станға қандай да бір пиғылдың жетегімен келе қалған орыстың бәріне оп-оңай «азамат­тығыңды бер» деп тепсінуі ықтимал. Мұны еліміздің құзырлы орындары, заң шығарушы органдар мықтап ойланып, елең-алаңда асығыс қабылданған заңның күшін жоюы керек шығар. Сонда Қазақ­станның азамат­тығының да, қазақ тілінің де қадірі арта түсер ме еді, қайтер еді. Себебі кешелі бері Қазақ­стан азамат­тығының иесі – қазақтың тілі екені анық айқындалды.

Дәурен Қуат

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.05.2024 | 12:56

dddd

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір