Қазақ тілі – ұлттың жаны, елдің тірегі

Әсем МАНСҰРОВА, ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті
Қазақ тілі қоғамда қандай рөл атқарады?
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының айнасы. Қоғамда тілдің алатын орны ерекше, өйткені ол – халықты біріктіретін, ұлттың мәдениетін, дәстүрін және тарихын сақтайтын басты құрал. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген ұлы нақыл сөз бар.Бүгінгі таңда да бұл ой өз маңызын жойған жоқ.
Дегенмен, қазіргі қоғамда тіл мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазақ жерінде туып-өскен көптеген жастар күнделікті өмірде қазақ тілінен гөрі орыс тілін жиі қолданады. Қолымыздағы телефон мен әлеуметтік желілер де бұл жағдайды күшейтіп отыр. Көптеген танымал тұлғалар мен блогерлер қазақ бола тұра, өз сөзін орыс тілінде бастауды қалыпты жағдай деп санайды.
Тағы бір қынжылтатыны – кей жастардың «қазақша сөйлеуге ұяламын» немесе «қазақ тілінің қадірі жоқ» деуі. Бірақ қазақ тілінің қадірін өзіміз бағаламасақ, оны кім бағалайды? Ана тіліміздің беделі өз қолымызда. Тілді құрметтеу – ұлтты құрметтеу, ал тілден безіну – өз болмысыңнан безіну.
Сондықтан әрқайсымыз қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға, оны насихаттауға және ұрпақ санасына сіңіруге үлес қосуымыз қажет. Қазақ тілін сақтау – тек мемлекеттік міндет емес, ол – әр азаматтың парызы.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақыл сөз бар. Шынында да, өзге тілді үйрену – білім, өз тіліңді құрметтеу – парыз. Өз тілін ардақтаған халық қана өз болашағын жарқын ете алады.
Қазақ тілі – біздің өткеніміздің куәсі, бүгініміздің тірегі, ертеңіміздің кепілі. Тілімізді құрметтеу арқылы ғана біз өз ұлтымыздың рухын биіктете аламыз.