ЕМЛЕГЕ ӘРКІМ ӨЗІНШЕ ТӘЖІРИБЕ ЖАСАМАУЫ КЕРЕК
Соңғы уақытта халыққа белгілі тұлғалардың жалпыжұртшылыққа ортақ қабылданған емле заңдылықтарын бұзып, «авторлық орфографиямен» мақала жариялап жүргенін бірнеше рет байқап қалдық.
Әрине, графика-орфографиялық реформалау ісі бойынша әлі де талдау, талқылау жұмыстары жүргізілуде. Соған қарамастан қоғамның кейбір белді өкілдері баспасөз беттерінде сөздерді айтылуы бойынша жазып, емлені оқырманға ӨЗДІГІНШЕ бұрмалап ұсына беретін болды. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Ән мектебі Сегіз серіден басталады» деген мақаласы шықты. Мақалада қазақ орфографиясының қазіргі нормасы ескерілмей, жиын, жиырма, әдебиет, жариялады, табиғат, табиғи, даму, Қанапия, Ғайни, әрине, беру, жинау, кету, тиіс, туынды, әулие, ру, туған, жуған, қуған, қапия, сұлу, жазу, оқу, жиналып, шығарушы, мәдениет, өткениет, қуғын, Нияз, достасу, суы, шумақ, құриды, аққу, аруақ, туған, мұхит, дүние, Төртуыл, Ақбура, Ырысбике, бидай, зиялы, қиын, қиғаш, итжеккен, баянды, суырып, оқиға, Исатай, сүйсіну, мінеки, ескеру, биік сөздерінің жыйырма, әдебійет, жарыйялады, табыйғат, табыйғый, дамыу, Қанапыйа, Ғайный, әрійне, беріу, жыйнау, кетіу, тійіс, тұуынды, әулійе, ұрыу, тұуған, жұуған, құуған, қапыйа, сұлыу, әдебійет, жазыу, оқыу, жыйналып, шығарыушы, мәденійет, өткенійет, құуғын, Ныйяз, достасыу, сұуы, шұумақ, құрыйды, аққұу, арыуақ, тұуған, мұхыйт, дүнійе, Төртұуыл, Ақбұура, Ырысбике, быйдай, зыйалы, қыйын, қыйғаш, ійтжеккен, сұуырып, оқыйға, Ыйсатай, сүйсініу, мінекій, ескеріусіз, бійік түрінде жазылғанын көріп қалдық. Автордың и мен у дыбыстарын таратып жазуы тілтанушылар талас тудырып жүрген мәселеге байланысты екені түсінікті. Кейбір мамандар и мен у дыбыстарын жазуда оның фонетикалық статусын ескеру керек дейді. Қазіргі әліпби айтысында бұл дыбыстарды дауыссыз деп танитындар, таратып жазуды (туралы емес, тұуралы), яғни и мен у-ға төрт дыбысты ы/і, ұ/ү айтылымға сәйкес қосып жазу керек деген уәж айтып жүр. Осы негіз бойынша мақала авторы да и мен у дыбыстарын таратып, естіліміне байланысты и мен у-ға ы/і, ұ/ү дыбыстарын қосып жазып, бұл жазу тәртібі Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдарымен сәйкес деп топшылайды. Шындығында, олай емес, аталған дыбыстарды қайта Ахмет Байтұрсынұлы дауысты, соның ішінде жарты дауысты дыбыс деген. Ахмет Байтұрсынұлының бұл тұжырымының терең ғылыми мәні, жазу тәжірибесінде дәйекті негізі, жүйесі бар. Ғалымның ғылыми мұрасын терең зерттеп, еңбектерін түпнұсқадан оқып жүрген мамандар и мен у дыбыстарының қазақ емлесінде таңбалануы бір кездері өте даулы мәселе болғанын, ғалымдар әр кезде әртүрлі позиция ұстанғанын, дау-дамай негізінен и мен у-дың жазудағы қиындығына байланысты болғанын, таратып жазу емледегі бірізділікке әсерін бергенін (бір сөз бірнеше нұсқада таңбаланған: «оқу» сөзі «оқу», «оқыу», «оқұу»), ғалымдар қиындықтан шығу жолын, әдісін іздегенін айтады. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, Phd доктор Е.Маралбектің «И мен У» (https://abai.kz/post/91834), «Таңбаның тарихи негізі: У мен И» (https://malim.kz/article/sports/tanbanyn-tarixi-negizi-u-men-i-15157) атты мақалаларынан жан-жақты мәлімет алуға болады. Автордың сан мәрте сүрлеуден өтіп, әбден қалыптасқан, ресми бекітілген емлеге бағынбай, өткен ғасырдың алғашқы ширегінен 1957 жылға дейін сан мәрте түзетіліп, ала-құлалық тудырған, қазақ емлесі тарихындағы «ізденіс кезеңін» сипаттайтын, бірізділікке керағар болған кезеңдегі емлелік тәжірибені жаңғыртуға себепкер болуы, қазіргі емлеге күмәнмен қарап, оған қарсылық позициясы ма деп те ойладық. Бірақ емлеге күмәнданған бойда әркім өз бетінше өзгертіп жазатын болса, емленің дәстүрлі тұрақтылығы қандай болмақ?! Жазудағы ортақ тәртіпті бұзғаннан не ұтамыз деген сияқты сұраулар туындайды.
«Сөздердің барлығын қазақшалап жазу керек», «таза қазақша жазылымды жаңғырту керек» деген пікір құптауға да болады. Бірақ бұл – өте күрделі әрі бірден іске қоса қоятын нәрсе емес. Жазу – дағдылық, дәстүрлі үдеріс. Осыны ескеру керек! 1929-1938 жылдары шеттілдік сөздерді «сындырып», «қазақшалап», бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке жазу нормасы болған. Сөздер қазақ тілінің айтылым заңдылығына бағындырылды. Сөйтіп, фонетикалық принцип негізгі қағидат болғандықтан әркім өзінше естіп, өзінше жаза беретін болды. Мысалы, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде прокурор сөзінің мынадай жазылу түрлері кездеседі: «24-өктәбірде пұрокұурор мекемесінде заң қызметкерлерінің кеңесі болды. Бұл мәжіліске пырокұурор мекемесінің сот-тергеу орындарының Өкіріктік жәнә Маңғыстау ауданының мелетсе мекемесінің қызметкерлері қатысты. Мәжілісте Теңіз ауданының пырокұуроры мен содыйасының байандамасы тыңдалды («Сатсыйалды құрылыс». №14. 3 окт. 1933 ж.). Пұрокұурор мен содыйаға пұркұурор мекемесі жанынан сот тергеу орны қызметкерлерінің кеңесін ашұулары мақұл деп саналсын («Сатсыйалды құрылыс», №14. 3 окт. 1933 ж.). Арыс аудандық пүркералл Тасболат ұлының қылмыстарын ашып, тез сотқа тартұу керек. Бұл жөнде қандай шара істегені тұуралы аудандық пүркерел басқарманы тез қабарландырұуын күтеміз» («Сатсыйалды Қазағыстан», №203. 3 сентәбрь. 1932 ж.). Көріп отырсыздар, газеттің бір бетінде, бір мақаланың ішінде бір шеттілдік сөздің өзі бірнеше түрлі нұсқада жазылған. Шеттілдік сөздерді қазақшалап жазуда да мақала авторы да осы тәжірибені қайталаған. Жазушы Б.Нұржекеұлы шеттілдік сөздерді дыбыстық заңдылық бойынша академик сөзін академік, институт сөзін іністітұт, президент сөзін пірезійдент, университет сөзін ұныйверсійтет түрінде, бірақ бұдан ертеректе жарияланған хаттары мен мақалаларында үнійверсійтөт, інстітөт деп жазған. Бұндай екіұштылық оқырманды әбден шатастырып, жазу мәдениетін төмендететіні анық. Ал жазу А.Байтұрсынұлы айтқандай, «көптің жанын қинамайтындай», тәртіпті, біркелкі болуы керек!
Ықшамдылық бағыты әр зат, әр құбылысты дәл өз атымен атау, ойды аз сөзбен немесе аз әріппен көрсету тенденциясымен өлшенеді. Одан қашып, безінудің қажеті жоқ. Халықаралық тіл деп танылған ағылшын тілінде 44 дыбыс бар, бірақ небәрі 26 әріппен барлық сөзін таңбалайды. 44 дыбыстың бас-басына әріп арнамайды. Орфографиясы мен орфоэпиясы өте алшақ болса да, әлемдік аренада үздік, өміршең тілдердің басында тұр. Ал біз жазылған сөздің оқылымға, айтылымға, мағынаға әсері болмаса да, оның түбірін іздеп, буын құрамын санап, таласып-тартысып, бас қатырып, сөздің айтқанда қанша дыбыс болса, сонша әріпті таңбалағымыз келіп, қанша дыбыс болса, соның бәрін қағаз бетіне (жазуға) түсіруді қалайтындар бар. Біздіңше, бұл қате! Жазып отырған адам мына сөзде қанша буын, қанша дыбыс, түбірі қандай (оқы\оқу ма) деп ойланып отырмайды. Жазарман санасындағы сөздердің «графикалық суреті» арқылы жазуды автоматты түрде қолданады. Сондықтан да ғалымдар жазуды автоматты үдеріс дейді. Ал дыбыс санын, буын құрамын, түбір мен қосымшаның жігін дұрыс ажырату үшін әдістеме ғылымын жетілдірудің жолдарын қарастыру керек деп ойлаймыз.
Қысқасы, орфографияға орфоэпия заңдылықтарын тықпалай беруге болмайды. Себебі орфографияның міндеті – сөздердің дыбысталуын дәлме-дәл таңбалау емес, оңтайлы, бірегей, стандарт жазылымды, мағыналы бөлшекті таңбалау. Әдебиет деп таңбалау мен әдебійет деп таңбалауда, сол сияқты рет – ірет, лайық – ылайық, лай – ылай деп таңбалауда қандай мағыналық өзгеріс бар? Тіліміз, сөзіміз өзгеріп кетті ме? Өзгерген жоқ! Тек артық дыбыстың таңбалануы бар. Біз білетін тілдердің көпшілігінде сөздің жазылуы мен айтылуы бірдей емес. Оның бір себебі орфоэпия мен орфографияның қызметіне байланысты. Орфоэпияның міндеті – сөздің дұрыс айтылуын қарастырады, дыбыстық құрамын дәлме-дәл көрсетеді, тілдегі дыбыстардың үндесімі мен үйлесімін айқындайды. Сөз ағымында, яғни сөйлегенде сөздер бір-бірімен үндесіп, үйлесіп жататынын білеміз. Ауызша сөздегі үйлесімдік пен үндесімді сақтау үшін сөздер әртүрлі өзгеріске түседі, қосылады, жұтылады, жоғалады, т.б. Қысқасы, сөздердің айтылу заңдылығы жазудағы түріне сай түсуі шарт емес, тіпті орфоэпия нормалары орфографияға бағынышты емес. Ендеше, сөздер қалай айтылса, дәл солай таңбаланатын болсын деген талабымыз қалай болмақ? Біздіңше, қазақ тілін фонетикалық табиғатын бұзбай пайдалану үшін жазу тәртібін ғана қиындатып «ие» бермей, сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс айтуға үйретуге мән беру керек.
«Ертең ақыр заман болады» деп, киімін отқа жағып жіберген Қожанасырға ұқсап, «ертең бәрібір жаңа емле ережесін қолданамыз» деп, бүгінгі сауатымыздың «берекесін қашырып», оқырманның орфографиялық сауаттылығына әркім өзінше беталды тәжірибе жасауды доғарып, көпшіліктің көзі үйренген бүгінгі емле ережесімен жазған жөн деп білеміз.
Оқырман немесе жазарман БАҚ арқылы үлгі тұтатын қалыпты айқындап, екшеп отырады. Әрине, ол жазу мен сөйлеуге қатысты. Сондықтан БАҚ-та жарияланған қай ақпарат та қабылдаушы реципиенттің білімін төмендетпейтін, шатастырмайтын, күмән туғызбайтындай болуы керек. БАҚ, яғни, баспасөз өкілдері әркімнің «өз емлесін» сақтап емес, тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалардың сақталуын жіті қадағалап, бекітілген жазу нормасы сақталған мақалаларды ғана қабылдауы керек деп ойлаймыз. Себебі жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан жазу дәстүрімізді бүгінде мектептер мен оқу орындары, мемлекеттік органдар, баспалар бұзбай қолданып отырғанын ескеріп, кім-кімнің де заңдастырылған, бекітілген нормаға бағынғаны дұрыс. Ол да – мәдениеттіліктің бір нышаны деуге болады.
Н.ӘМІРЖАНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының кандидаты
ПІКІРЛЕР10