ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖУРНАЛИСТИКА КЕРЕК
25.11.2022
977
0

Жақында Қазақ ПЕН-клубының мүшесі, белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай журналистерге арналған «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты атанған болатын. Журналистика саласындағы беделді сыйлықты алған әріптесімізді құттықтай отырып, Бигелді Ғабдулинмен қазіргі журналистиканың хал-ахуалы жайында өткізген сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Қали, марапатыңмен құттықтаймын! Осы байқау туралы айтшы, бәсекелестік қаншалықты күшті болды?
– Журналистикаға арналған «Үркер» ұлттық сыйлығының конкурсы алты жылдан бері өтіп келе жатыр. Конкурсқа қатысушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Естуімше, биыл 500-ден астам жұмыс қабылданыпты. Бұл – әрине, байқаудың қоғамда үлкен беделге ие бола бастағанының белгісі. Биылғы байқау да өте тартысты өтті. Бір ерекшелігі – ол А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды. Соның ішінде 15-ке жуық номинация сарапқа түсті. Байқау жеке тұлғаларға арналған арнайы жүлде де белгіледі. Соның бірі – ұлт баспасөзінің мэтрі Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық маған бұйырды. Жалпы, бұл байқауда ақырғы мәреге жеткендердің бәріне шын жүйрік, нағыз өз ісінің кәсіби шебері деп қарау керек.
Осы сыйлыққа байланысты мынадай ой туындап отыр. Өзіңіз білесіз, әдебиет, өнер саласында екі жылда бір рет берілетін Мемлекеттік сыйлық бар (журналистикаға берілмейді). Ал енді сол сыйлықты күтіп отыру керек пе? Сондықтан журналистикада осындай сыйлықтарды, марапаттарды көбейткен жөн. Мәселен, өркениетті елдерде беделді сыйлықтар көп және қаржысы да қомақты. Бұл – бір жағынан, талантты, еңбекті бағалау әрі ынталандыру. Тәуелсіз сыйлықтарды көбейтсе, шығармашылық бәсеке де артады. Талғам, талап күшейеді. Ұлт­тық, классикалық журналистиканың абыройы да артады.

– Жалпы, журналистке ресми атақтың керегі бар ма?
– Атақсыз да атақты, сыйлықсыз да сыйлы болуға болады. Мысалы, кезінде Н.Муфтах, М.Исаев, Ж.Сабыржанұлы, М.Қабанбай сияқты ғажап журналистер болды. Соларды ешкім де «бәленбай сыйлықтың иесі» деп атап отырмайды. Олардың атын біледі. Толстойда, Достоевскийде қандай атақ бар? Хемингуэйді Нобель сыйлығының лауреаты демейді. Тек ресми жиындарда болмаса. Жеті роман жазған адам әрі-беріден соң ол атақты аламын деп ойлаған да жоқ. Күнкөріс үшін жаза салған, ақша керек болды. Ол онсыз да оған дейін де атақты адам болған. Үш рет соғысқа қатысқан. Партизан отрядын басқарған. Екі рет ұшақ апатына ұшырап, аман қалған.
Ұстазымыз – Шерхан Мұртазаны алайық. Таяуда Таразда 90 жылдығы өтті. Бір адам, тіпті ресми тұлғалар да оның атағын айтқан жоқ. Тіпті «Шерхан Мұртаза» демеді де. Жас та, кәрі де тек «Шераға» деді. «Аға» дегеннен артық атақ, титул болмайды. Бұл – ілтипаттың ең жоғары көрінісі. Мысалы, тарихта Қалибек Қуанышбаев – Қаллеки, Серәлі Қожамқұлов – Сераға, Елубай Өмірзақов – Елаға, Әбдіжәмил Нұрпейісов – Әбе деген атпен қалды. Өмірден озған соң да олардың артында атағы емес, аты жүріп тұр.

– Осы саланың ардагері ретінде бүгінгі журналистика туралы өз пікіріңізді айтыңызшы. «Жаңа» журналистикаға не жетіспейді?
– Әрине, қазіргі замануи технология заманында журналистика өте шапшаң дамып кетті. Оған сөз жоқ. Ал енді таза шығармашылық, сапалық тұрғыдан келгенде ойландыратын мәселе көп. Бір қарағанда, осынау азапты өнердің жүгі жеңілдеп кеткендей. Интернетке «құдайдай» сеніп алдық. Интернет үлкен, іргелі, бірақ ол өзіндік ізденісті шектейді. Бұл ретте білімі терең, озық ойлы, әбден қалыптасып, тіс қаққан журналистер болмаса, енді бастаған журналистер тек интернетке ғана сеніп, өз бойындағы енді бүршік жарып келе жатқан мүмкіндігінен, қабілетінен айырылып қалады. Осыдан барып адамның бойында оқу тоқтайды. Оқу тоқтаған жерде ой тоқырайды.
Бұл ретте журналистика факультеттерінің жұмысын сараптан өткізу керек, оқыту әдістемесін ұлттық бағытқа бұру керек. Ол үшін ең алдымен ұлттық, классикалық, дәстүрлі журналистиканың постулат-қағидаларын, кешегі Алаш көсемдерінің ұстанымын басшылыққа алып, журналистиканың бүгінгі тәсілдерімен ұштастыра білген жөн. Қоғамда баспасөзбен бәрі де санасады. Әрине, ол мықты болса ғана. Сондықтан интеллектуалды журналистика алға шығуы керек. Қазіргі уақыттың талабы басқа. Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм» деп еді. Демек, популистік көзқарас, дилетанттық біліммен алысқа бармайсың, ешкімді алдай алмайсың. Өйткені оқырманның деңгейі өсіп кеткені сонша, олардың өзі де жаза бастады. Демек, олар қазіргі журналистиканың деңгейіне қанағаттан­байды. Сондықтан оқырманға өзі білетін нәрседен гөрі, ойлы дүние, терең білімге негізделген аналитикалық ақпарат керек. Яғни нағыз журналист ешқашан оқырманның деңгейіне түспейді. Олай болмаса, баспасөз бөспесөзге айналмақ.

– «Сыйлықсыз да сыйлы болуға болады» деген сөзің ұнады.
– «Стимул» деген ұғым латын тілінен аударғанда «ынталандыру» емес, «ызаландыру» деген мағына береді екен. «Стимул» – арбаға жегілген бұқаның немесе есектің шабын түртетін таяқтың атауы екен. Бұл жерде атақ адамды тек азапқа салады деген де ой түюге болады. Жалпы, танымал адамдардың бәріне тұлға деп, атақты деп қарауға болмайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер сіз танымал адам болсаңыз, атаққа бас ауыртып қайтесіз? Керісінше, танымал емес адамдарда атақ бар. Бірақ ол бәрібір атақты емес. Парадокс қой?

– Бүгінгі журналист қандай қиындықтарға тап болып жүр? Жас әріптестеріңізге не тілейсіз?
– Баспасөздің қолында өзгеде бола бермейтін қуатты күш бар. Ол күш – сөз және қалам. Журналист – егер ойы озық, білімі жеткілікті, парасат пайымы биік болса, кез келген жоғары лауазымды билік өкілін сынай алады.
Журналист нағыз қасапшы (жақсы мағынасында), өз ісінің шебері болуы керек. Білімсіз, ойсыз журналист не болса соған таңғалып, әуесқойлық, блогерлік деңгейде қалып қояды. Өкінішке қарай, қазір журналистерді де блогер деп қабылдау өріс алып барады. Олардың көбі – рухани қалдықпен өмір сүретін дилетант, маргиналдар. Журналистиканы өнер биігіне шығаратын нағыз журналистің одан артықшылығы – жазуынан, ойлау деңгейінен жоғары кәсіби деңгейі аңғарылып, зиялылықтың, мәдениеттің лебі есіп тұруы, оқырманды ойландыруы, күрсіндіруі, қуантуы. Тәңірден берілген талант – 99 пайыз еңбектің арқасында жүзеге асады. Еңбек кісі бойындағы көп кемшілікті жояды. Журналист басшылық жұмысқа барғанда да өзін бастық, бюрократ сезінбеуі керек. Онда тез тоқырайды. Капицаның сөзімен айтқанда, «руководить – это значит не мешать хорошим людям работать». Яғни ұжымда дұрыс шығармашылық потенциал қалыптастыруға күш салғаны жөн.

Сұхбаттасқан
Бигелді ҒАБДУЛЛИН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір