ДОС КЕРЕК
27.10.2023
1085
0

(Эссе)

Сабақтан келсем, үй-іші Алматыдан жайсыз хабар алып отыр екен. Меңдекеш нағашым қапияда қазаға ұшырапты.
Өз ата туысымды білмедім, ал жазу өнері маған нағашы тегімнен ауысқандай болады да тұрады. Меңдекеш пен оған немере (екі-үш атадан қосылады) апам өкілі болып саналатын жеменей адайдың алдасай тақтасының атына шыққан Адырналы Алдасай заманында аңызға айналған адам екен. Айтқаны болмаса, ешкімге қайрылмай, тау-тасты кезіп, арқар қуып, кісі киікке айналып, алапат қайсарлығымен даңды болған саяқ ер. Аңшыбай, Қамбар сияқты аңшы-батырлардың образы. Жайдан-жай сырторай кетпеген – қалмаққа жорықта олжаға түскен алғыншысы Ақсұқсыр сұлудың асқар тауды меңзейтін ашық мінезі күзгі бақтай томсарған мінезіне жақпай, бір күні талақ айтып, құладүзге тартып отырыпты. Іште баласы қалған екен. Одан тараған алдасайлар Ақсұқсыр соңыра әмеңгерлік жолмен тиген қайнысы Шылымнан туған Ақботаның саясында жетілген, динозавр сияқты өспей қалған аз тұқым. Атақоныстары Жемнің ортаңғы ағысындағы Ақкиізтоғай маңы.
Меңдекеш Сатыбалдиевтің тұқым-тұқиянын тектеп, таратып жазып отыратын жер бұл жер болмас. Әйтеуір, аңғарғаным, Алдекеңнің мінез-құлық жұғыны ұрпақтарының бойында сілем болып, нышан тастап тұратыны. Меңдекеш ақын бір хатында «Менің ең жақын туыстарым Жолболды, Сайым» дейді ғой. Осындағы Жолболды деген кісінің атын бала кезімде көп еститінмін. «Жолболды құсаған бақа болғыр!» деп ұрсатын мені апам. Сөйтсем, Жолболды тағашым да көп жиналған жерге жоламай, ылғи саяқтау жүреді екен. Мен сияқты. Немесе мен ол сияқтымын: қарсы келген үлкенге басымды көтеріп сәлем беру дегенді білмеймін. Кісі сыйламайтын кісәпірлігімнен емес, «жеті жасырым жерге бүгіліп» ұяламын. Бір кертартпа күш адамға, көпке жақындатпайды. «Жас кезімде мен өте ұялшақ, именшек болдым. Көп адамның мені жақсы көрген дарқан қасиетін пайдалана алмадым» дейтіні бар ғой Қадекеңнің (Қадыр Мырзалиевтың), менікі дәл сол мінез. Саяқ деуге келмес, саяқ деп өз алдына бөлек жайылатын, тусыған, бойдақ малды айтады ғой, біздікі – көпті тосырқағыш, сыртқары, сырторай жүрер мінез. Бүгінгі ғылым бабымен айтқанда, антрофобия.
Жо-жоқ, ілхәм келіп, шабыт ашылғанда бір кісідей әңгіме шертісуге бапандаймыз, бірақ дейінші, базбіреулер құсап адаммен одан әрі тонның ішкі бауындай араласып-құраласып кету бақыты бізге бұйырылмаған. Шақырысып, шұрқырасу деген жақсы нәрсе қонбаған. Меңдекеш те бала кезінен ұстамды, мінезге бай, көңілді кезінде болмаса басқа уақытта тұйық, көп сөйлемейді екен. Тұстастарының айтуынша, оңашада бірдеңе жазып отырғанда үстінен шықсаң, жалма-жан дәптерін жаба қоятын көрінеді. Жасырақ уағымда, енді қалам жасақтай бастағанымда мен де солай ететінмін. Нағашымды көре алмай қалдым ғой, көргенде бар ғой, өзімдегі бұдан басқа да мінез ерекшеліктерін, айталық, топты адаммен жолыққанымның соңында сілем құрып шаршайтынымды, кейде жұрттың ағыл-тегіл көңілін көтере алмай қалатынымды аяулы тағашымның да бойынан кездестірер ме едім, кім біледі.
Кейін байырқаласам, оның ақындығы журналистігін, эссешілдігін көптің көзінен көлегейлеп, көрсетпей тастағандай екен. Меңдекеш Сатыбалдиевтің жан-жақты жетілген жүйрік журналист болғанына жеңгеміз Рузия Әнесқызы құрастырған «Мөлдір аспан» дейтін очерктер мен шалқымалар жинағы дәлел. Менің де он екі жасымда журналистиканың жалына жармасқаным тегін болмаса керек. Бесінші кластан екпеттеп алып бірдеңе жазып жататынымнан және де екпеттеп ұйықтайтынымнан (қазақ ондай баланы ойшы болады деген екен ғой) дәме етті ме екен, әйтеуір тәтем мен апам Алматыдағы тілеуқор нағашы жұрты ертең мен оқу бітіріп, үлкен қаланың журфагіна барғанымда жел жағына пана болады деген зор үмітпен жүрсе керек, әйтеуір 1973-тің жазында «Меңдекеш өлді» деген хабарды алғанда екеуі қатты мойып қалды.
***
Араға үш жыл салып, оныншыны бітірген жазда апам мен тәтем мені КазГУ-дің журфагіне өздері алып келді. Сол кездегі «Дұрыс адам тумасын ұмыта ма?» деген ұғым бойынша Меңдекеш тағашымның үйіне түстік.


Көкбазардың жанындағы «Түркістан» дейтін қонақ үйдің үстіндегі пәтер. Үш бөлімді секция – қоржынбасты екі және бөлек үлкендеу бір бөлме. Ол күнде үлкені Ерболат сәулет-құрылыс институтында студент – сойып қаптап қойған әкесі, қоңыр қозы, шаш деген тасбұйра –  осы, шөгерме бөрікті кигізе салғандай. Одан кейінгі Расул көбірек шешесіне тартып кеткен, мектепте, тоғыз оқиды. Ерболат естияр да бауырмал, Расул болса бөтен кісіге ит көрген ешкідей состиыңқырап қарайды – бұ қан дегенді қойсайшы!
Меңкең де зады көпшіл, қонақшыл болмаса керек – «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп келетін жолы осы күнделікті өмірдегі кредосы болу керек. Сөйте тұра, тағы бір жерде «Менің жарым болған сен, / Мен жоқта да қабылдай бер қонақты, / Қонағасың дәйім болсын қомақты» дейді ғой. Рузия жеңгей тегінде осы уәсиетті ұстанса керек, әйтеуір менің көзіме көпшіл, қоғамшылдау көрінді. Біз келгесін көп уақыт өтпей залда дастарқан жайылып, біраз адам келді. Өзім сырттай білетін, кітаптарын оқып жүретін зияли кісілер, есімде қалғаны – Фариза апай, Меңкеңнің жаншығар досы Қабиболла Сыдиқов пен Қабекең үйіндегі Гүлсім жеңгей.
Тәтем мен апам да отырыста – тастамай іштеріне алған. Мен болсам нағашымның кабинет-бөлмесіндемін. Біздің ауылдың сусындауына жететін кітапханасын армансыз қарап шықтым. Шамы сәмсіреген бөлмеде жанын келіге салып, қаламының ұшынан сәуле шашырап өлең жазған жетім үстелі… Аяқталмай қалған, жалғыздықпен дос қылған «Қызғыш құсының» парағы аударылған қолжазбасы… Кейін, «Өрден ойға балақ түріп, /Өзен неге тасиды екен? / Ойдан өрге қарап тұрып, /Адам неге жасиды екен…» дейтін шумағын оқығанымда жетпіс алтының жазындағы сол сурет, сол кабинет көз алдыма келді. Содан бермен Меңкең жайында тұстас, қаламдас, таланттастарының жазғандарын қалт жібермей оқып келемін ғой, Маржан (Ершу) қарындасымыздың диссертациялық еңбегімен де кафедрада алғашқылардың бірі болып таныстым, солардың барлығына әлгі алғашқы әсерлерімді қосқанда түйілер түйін: құзғын да Қызыл кітапқа еніп алған заманда нағашым айқайламай шығатын Ай мен Күн сияқты, өлең-өмірін қақ-соқсыз, жария- жарнамасыз өткізген, атақ-мансаптың ауылына әдейілеп ат байламаған адам болыпты. Бұл жайды «Мен даңққа жақындаман бір табан, / Әнім артық еш даңқсыз шырқаған» деп өзі де айтады. Сол сияқты дүние тіршілігінде де жауласқанмен жұлыспай, дауласқанмен ұрыспай, ақ үй де тікпей, күркеге де кірмей, адымын байқап ашып, аяғын ықшам басып, бір сөзбен айтқанда, белортада біртоға тірлік кешіпті. Сыпайы-сынық мінез, тұйық, жабық, сезімшіл, адал – нағыз чеховтық бітім. «Адамның бір мінезі туған жеріне тартады» деген сөз негізінде рас болу керек, неге десеңіз, Тайыр Жароков та «Мүмкін бұл мықты мінім, / Мықтымын дей алмаймын. / Бәлкім ол мықтылығым, / Мықтымын дей алмаймын…» деп кеткен ғой.
Тосын антитеза-егіздеу: мықты мін. Ал шындығында, шын өмірде мықты бола тұрып мықтымын демеу – мықтылық па, мықты мін бе? Күрес-өмірде алға ұмсынбау, кимелемеу қаншалықты дұрыс? «Қазақтың ақылдылары қарапайым. Соларға аздап тасырлық берсе қазақ жақсарып кетер еді», – деп неге жазған Ілияс Омаров. Ақындық қан қызуы алапат анадай талантымен ұлттық танымалдылыққа жете алмай қалған, шашырандылау өмір сүрген, сөйтіп өз тағдырларына өздері жолбасшылық жасаған меңдекештерді меңзегені ме? Меңкең небәрі үш мүшел жасады ғой, әгәрки ғұмыр жасы ұзақтау берілгенде «Өзім бір өз боп өтпесем, өлеңге беріп өзімше өң» тұжырымының ағала туын қайта қарар ма еді, әлде…
***
– Журфакқа түсу үшін талант керек қой …
Рузия Әнесқызының көкинәнің жақтау тақтайына сүйеніп тұрып Мақсат Әнесұлына бағыттаған сөзі ғой. Қалада бізге бас асып қойған кім бар дейсің – кеше қонақтан қалған жылытпаны ішіп отырғам. Тамақ жеп болған соң ыдысты жалап қоятын әдетім бар-ды. Мына жерде онымды жасамадым. Қала ғой… Сосын жеңешемнің әлгі сөзі ой салды білем. Шығармашылық конкурсқа міндетті мақалаларым азаңдау болып қалып, тәтемнің аудандық «Мұнайшы» газетіне, Тәжмағамбет Текеевтің өзіне кіріп, біреулердің шығып бара жатқан қиқым-сиқым хабарларының соңына фамилиямды мінгестіріп, қара көбейткені есіме түсті.
Бірнеше күннен кейін тәтем мен апам «Иә, құдай, балаға оң жолыңды бере гөр» деп, елге қайтып кетті. Мен жатақханаға шықтым. Бірақ ол жылы түсе алмадым, келер жылы да жолым болмады, ақыры журфактың есігі үшінші тықылдатқанымда барып әрең ашылды. Оқуды бітіріп, журналистік, одан жазушылық жолға түстім, азды-көпті кітаптарым шықты. Дәме еткен жерінен көрінгенімді дәлелдеп, Рузия жеңгеме төбе көрсетер жерім еді. Бара алмадым.
Соңыра, белгілі ақынның немере қызына үйленген Ерболаттың отбасылық өмірде жолы болмай, ақыры қайтыс болып кеткенін естідім. Бара алмадым.
Одан кейін Рузия жеңгейдің өзі де бақилық болды. Бара алмадым.
Қаратастың қалауын табатын, адамдардан жылы сөзін аямайтын, адам мен адамның табысуын ұзаққа ұстап тұруды өнер дәрежесіне көтерген Бауыржан інімнің (Омарұлы) жазғандарын оқып отырғанда басқа келетін ой ғой…
***

Ал енді бар ма, Меңдекеш Сатыбалдиевпен дос-жар болған, ұдайы хат жазысып тұрған Аманқос Ершуовтың өмірхаятымен, шығармаларымен танысу барысында бұл екі тұлғаның өзара анық-айқын ұқсастығын аңғардым. Екеуі де мөлдір суы құла болып көрмеген Жем өзенінің жағасында дүние есігін ашқан, екеуі де бұйрабас туған, екеуіне де мырза құдай ақындық талантты үйіп-төгіп бере салған, екеуі де адай ұлтынан – біріншісі жеменейдің алдасайы, екіншісі атақты Сүйінқара батыр шыққан жары жетімек тақтасынан. Таратып айтқанда, Ершу деген кісінің қызы, Аманқостың әкесі Назардың қарындасы Аққылаң – Меңдекештің екінші шешесі. Мекеңнің туған анасы, оның екі жасында қайтыс боп кетеді де, Сатыбалды Аққылаңды алады. Меңдекеш осы апамыздың тәрбиесінде болған. Бірақ көп ұзамай Сатыбалды нағашым да, Аққылаң шешеміз де бірінен соң бірі дүние салып, бір үйде он бестегі Меңдекеш пен әжесі екеуі қалады. Кейін әжесі де қайтыс болғасын Меңдекеш Гурьевке оқуға кеткен. «Құлаған үйде құламай қалған мұржадай,/ Бір қауым жанның орынын сипап мен қалдым» дейтіні содан.
Қазақ «Әкемнің етегі тиді» деп, екінші шешені құрметтеген ғой. Меңдекештің Аманқосты «Кішкене нағашы» деп кәделейтіні сол себептен. Дейтұрсақта, Меңкеңнің Абекеңе жазған хаттарын оқып отырғаныңда, екеуінің тонның ішкі бауындай жақын араласуының түп тереңінен жоғарыда айтылған нағашылы-жиендіктеріне қоса рухани жақындық, жан туыстығы да көбірек қылаң беріп тұратынын байқаймыз. Хаттарымен таныспай тұрып, екеуінің мөлдіреген сезімге толы өлеңдерінен-ақ аңғарасың әлгі байланысты. «Бір қанатын Жайыққа малып жатып, / Бір қанатын аптаптан алып жатып./ Қайта туған қаһарман арқасында, /Шежірені жазалық қалыңдатып», дейді Аманқос ақын мәшһүр «Бейбарыс» поэмасында.
«…Қазағым, әлі туарсың біздей, / Қаһармандарды қайталап, / Қан құсып өткен күндердің құны, /Қап, бәлем, сонда қайтар-ақ. / Қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең, / Қаһарман ұрпақ! Сен оны, / Қалтыратпай қайта жақ!/» дейді Меңдекеш ақын «Махамбеттің монологында». Әрине, екеуінің ақындық қуатында және уәзінінде басқалық бар, а бірақ өлеңдерінің өрімін, әсіресе екеуінің де дыбыс, ішкі ұйқас қуалап, «қ» деген жалғыз дыбыстың көмегімен, тіпті екеуінде жекелеген сөздердің қайталанып келуімен дабылдатуын қарасайшы! «Қиып сызып, / Қыпшақтың қиын сөзін, / Қамшысымен жүреді құмға жазып», – дейді тағы да «Айшуақ сөздің ақыны» (Өтеген Оралбаев) Аманқос, әлгі аллитерация әдісін одан әрі қалыңдата түсіп.
Десе де, екі ақынның өзара жазысқан хаттары бізге екі арадағы жіпсіз байланысты елестетуімен құнды. Олар негізінен Меңдекеш Сатыбалдиевтың 2007 жылы «Арыс» баспасынан шыққан үш томдық шығармалар жинағында жарияланды. Оның алғашқысы 1961 жылғы қыркүйектің 20-сымен белгіленген. «Айналайын, Аманқос!» деп бауырлық, ыстық ықыласпен басталған бұл хатында ағасы он жеті жастағы інісінің кеше «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған ілкі өлеңін ден қоя оқығанын жазады. Аяқ алысының дұрыс екенін айтып, жаза түсуге үндейді. Аманқос келіп отырған осы он жеті жасында Гурьев асып, елден қол үзіңкіреп кеткен Мекең, бір кезде өзі жасап берген ойыншықтармен ойнап өскен «жылауық, мазасыз баланы» енді газеттегі өлеңі арқылы еске түсіргенін аңғарамыз. Осы арада хат иесі: «Нәкеңнің апасы – менің шешем ғой (Аққылаңды айтады – М.Т-М). Демек, сен туыстық жағынан алғанда кішкене нағашымсың», – деп, жасы кіші әріптесінің есіне туыстық қатынасты салып өтеді де, одан әрі Атырау жағында күшті жүретін нағашы-жиен арасындағы әзіл-оспақ, қағытпа есебінде: «Нағашы деп әзілдеуіме бойың, ойың толысқан шығар» деп нықтап қояды. Сол жылғы 16 желтоқсандағы екінші хаты енді «Кішкене нағашы!» деп, өзімсіне басталады. Келесі жылғы 8-қарашада жазғаны «Аманқос інім!» деп айдарланған. 1970 жылғы 5-сәуірдегі хат «Армысың, Аманқос!» деп, дос-жар адамға тән тіл қату қалыбында таңбаланған. Бұл хаттарда назар аударарлық екі жағдай бар. Біріншіден, Меңдекеш осы бір эпистолярлық мұрасында әрі інісі, әрі «кішкене нағашысына» бұрын өңгелерге – үлкендерге, бәлки тіпті құрбы-достарға ауызша айтса да, қағазға түсірмеген кейбір өмірбаяндық мәліметтерін ақ қағазға сыр қылып және шиесін шығарып таңбалаған. Соның ішінде өзінің Алматыға көшіп келген ілкі жылдары, қу күйбең тірлік желкелеп, сананы тұрмыс келтелеп, пәтер тақсіретін қалай тартқанын және кімдердің көмегімен қалай баспаналы болғанын егжей-тегжейлі жазады. Ауылда, астана қалаға қоныс аудару төңірегінде ауаланып жүрген адресаты – жас ақынды ойынан айнытып, айнытпаса да кәдімгідей ойлантып тастайтын хикаят. Бір есептен, тәжірибелі аға өз басынан өткен кепті тәптіштеп алға жаю арқылы ақын інісін алдағы тұрмыс қиыншылығынан сақтандырып отырғандай болып көрінеді. Ал екінші жағынан тәмам хаттарының өнбойын жақсылыққа ат байлаған жомарт жүректі жанның іні-әріптесін еш қиындыққа қарамай, Алматыға көшіп келіп, шығармашылығын жаңа өріске шығаруға үндеген, үгіттеген желілі ойы шарбыдай шырмап жатыр. Оқиық: «Астана толассыз жалғасқан тіршілік құшағында. Өнер де, өлең де, білім де, ғылым да осында. Алматыға көшпек ойыңның соңына қашан нүкте қойылмақ? Сенің қатарларың Есенбай, Исраил, Тынышбай, Кеңшілік, т.б. алды осында келіп, арты жинақталып отыр деседі… Мұнда келсең үйренесің, біреуден қаласың, біреуден озасың, тіпті тең түсесің. Әйтеуір үнемі қозғалыста боласың. Қозғалысы жоқ қарасу да шіриді, содан сақтан! Келмек болсаң, аянба, темірді қызған кезде соқ. Жұбан Молдағалиев «Сол баланы осында алдырыңдар, мен басына баспана берем» деп отыр. Ал, Қадыр Мырзалиев ағаң одақтан жұмыс табылады деп мырзалық жасаса, жасқанатын нең қалды…»
1970-тің көктеміндегі бұл хат ұзақ, онда Меңкең алыстағы інісінің болашағын ойлап, кеңінен ақтарылған. Аманқостың астанаға қарай тартыншақтауының өзі тапқан себебін де айтады және жігерін жанып, ақи-тақи қозғау салайын деді ме екен, әйтеуір әдетте аға мен іні, яки етене дос-жар адамдардың арасында кездесетіндей күлбілтесіз тура кететіні бар. «Маған ұнамайтын жерің: бойкүйезсің, жанаярсың, жанбасыңа жайлы жерді қалайсың» –  деп бір қояды да, айналып соғып: «Шамасы, уайымсыз ауыл тірлігі, оның кербез кеңдігі, түйенің шұбаты, бағланның бал сорпасы сенің таңдайыңды үйіретін шығар», – деп әзіл-оспақтай келе, былай деп шамырқанады:
— Қарын тойғанымен не пайда, көңіл тоймаса, сенің көңіліңнің орта соғатын тұсы –  тұңғыш жинағыңның шықпай жүргені ғой. «Батпан құйрық, айдалада теп-тегін жатқан құйрық» дегендей, аулақта жатып, аламан бәйгеге қосыла кету – ауыр азап.
«Есекеңді ақырға сүйресең, тақырға қашады» демекші, түсіне алмаған адамның ауыз өкімі.


Алайда, Аманқос Алматыға ақыры көшпей қойды. Іні-досын астана байтаққа келтіре алмаған күйі, үш жыл аралатып, Меңкең бақиға аттанды. Абекеңнің со күйі елде қалып қоюы, – ең болмаса облыс орталығына кетпей, аядай ауылынан бері аттап шықпауы, –  ол енді жұмбақ. Қара қабырғасының астында өзімен бірге әкеткен тылсым әлемі. Бүгінгі біз оны меңзеп, мезгеп қана айтамыз, ұлы себебін енді жауырынмен бал ашып та біле алмаспыз. Алдына келген қаламгерді «Жазушы деген Шолохов сияқты деревняда тұруы керек қой», – деп, үстел құшақтап жатып бетінен қағатын алматылық былғарыбас квартбюроның бастығының алдында жүзін төменшіктеткісі келмеді ме?! Ауылда жатып жазып-ақ бәйгеден құлағы озып келген Тагор, Фолкнер, Шолохов, Валентин Распутиндердің өнегесін қалқа тұтты ма?! Ақкиізтоғайдан шыққан 35 ақынның көбі, шетінен жорғалаған жорға, жылмиған жүйрік бола тұрып, алып шынар секілді тамырын туған жерге тереңге салуының ғайып-ғадетін өз бойынан тапты ма?! Әлде, «Асқақтап арманыңмен бірге ойнайсың, / Айтшы, достым, осы сен кімді ойлайсың?! / Басыңа біткен бақыт аз болғандай, / Шығуға құзар шыңға армандайсың!» –  деп ақын айтпақшы, ашқарақ нәпсіні қанағатқа, адасқақ көңілді тәубеге шақырды ма?! Қалай болғанда да, Аманқос ағамыз тай жегендей талапты, оған бітер қанатты, қанат байланар бақты, оны ұшырар бапты аядай Ақкиізден тапты. Үбірлі-шүбірлі, жусандай түбірлі ғұмыр кешті. Қазақ поэзиясына бауырды тіліп, өтті жарып айтар ақиқатшыл Маржандай ақынды берді. «Біз провинциал болып қалудан қорқамыз. Ал Несіпбек Дәуітайұлы одан қорыққан жоқ және провинциал болып қалған жоқ», – деген Жұмабай Шаштайұлының лұғаты осы жерге дәл. Аманқос Ершуов әсте ауылда мықшеге болып басылып қалған жоқ, шашырандылыққа да ұрынбады, қабілетін де тосаңсытпады, асық ойнаған төл мекенінде, «Бақа өзінің көлінде» деп бала-шағаның тілеуін тілеп отыра берудің шеңберінен шығып, ойлаған мұрадын қала аспай тындыра білді. «Егер менің бойымдағы дарында тәуірірек бірдеңе болса, ол менің Арет жерінің оттегісі сұйық ауасында дүниеге келгендігімнен, оны айтасыз, мен мүсіндерімді бәдіздейтін балға мен ұңғуырды өзім омырауын емген сүтанамнан алғанмын» дейтін Микеланджело сөзін осы жерге көшірсек, Аманқос ақын өмірлік қуатты да, қаламгерлік қуатты да Ақкиіздей әрі ана, әрі сүтана мекенінен алып отырғаны анық. Ол бұл жерден кетсе, өкшесі жерден көтерілген Антей сияқты бүкіл күшінен айрылып қалардай еді. Осы орайда, кейде отырып, өзі қара тұтып іздейтін асыл жан, өзі қияда табыспай, қияннан хабар алысқан Меңкең алыс Алатаудың баурайына кетуімен әлгі биоток қуат көзінен айырылып, жілік майы жұқарып қалмады ма деп қамырығуы да мүмкін-ау. Сырттай ұрса тұра, Меңдекеш те «кіші нағашысының» туған жерінен қозғалмай, бір орында байыз табуын іштей құптағандай, соған сырттай сүйсінгендей болып көрінеді маған. Өзі мықты болудан шаршаған шақтарда хаты үзіліп қалған Аманқосты іздеп, Дүйсенбек Қанатбаевтарды аракісі етіп сәлем айтуының бір сыры да осында жатса, өзі білсін. Осы орайда Аманқос оған жерлес ақын, нағашы туыс қана емес, алыста жүріп хат арқылы қуат алар биоэнергиялық іні-дос болған еді десек, адаса қояр ма екенбіз?
Біреуінің өзі Алматыда, жүрегі Ақкиізде қап кеткен, екіншісінің өзі Ақкиізде болғанымен, жүрегі Алматының етегінде еді. Кәрі тауарих екі адамның арасында ерсілі-қарсылы жүріп жатар, қазақ «періште хабар айтты» дейтін флюидтер тасқынының, жалпы аға-дос – іні-дос арасында алыстан болар байланыстың мұндай мысалын аз біледі. Ғапыл-өмірде құбыл-қылыққа бірде-бір рет дес бермей өткен ақиреттік достықтың жарқын мысалы. Алыстан, ойша бірге болған мығым достықтың әдемі үлгісі.
***
Өзім сыртынан қатты сыйлап өткен Таласбек Әсемқұлов марқұм: «Біз бірден дос болуға ұмтыламыз. Ал қазіргі дүниеде дос деген ұғымның жоқ екенін, тек «әріптес» (партнер) дегеннің, дос жоқ – тек ұлттық мүдде бар екенін білмейміз. Халық есеюі керек», – деп жазып кетіпті.
Өз басым бұл сөзге екіұшты сенемін.
Ие, рас, өмірде жақсы достың болатыны сияқты жаман дос та болады. Яғни, Таласбек меңзеген адал достық пен амал достық. Соңғысының ғұмыры қысқа. Оны «Жасың келген сайын досың азая береді» деген өмір шындығы сөзі де аңғартады. Мұхтар Әуезовше айтқанда, уақыт достардың қатарын сейілтіп, қабағын өзгерткенде кейбірі жай, кейбіреуі жағаласып, жауласып кетеді екен. Шын дос солардан қалған сарқыншақтан шықпақ. Осыны Мұқағали: «Шынымен дос жоқ-ау, дос жоқ менде, / Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе? / Кеше мен осындай бір ойға келдім, / Қарадым да, сүйіскен қос кептерге», – деп ғажап айтқан. Достық түсінігінің шөжіп, азып бара жатқанына алаңдаған ақынның азаматтық қыжылы. Аспанды жерге төндіргің келмейді-ақ, бірақ шындық солай: Мұқағали заманында солай болса, бүгінгі уақыты қапыл, адамы құбыл нарық заманында алғаусыз дос болу, күншілдіксіз дос болу нағыз сынға айналды. Себебі, материалдық игілікті өндіру мен оны бөлудің арасындағы кереғарлық дүние аспанын дүрліктіріп қана қоймай, достық мәселесіне де түзету енгізіп тастаған. Шетелде қоғамды, кісіні тоқырауға ұшыратқан утилитарлық прагматизм, ол тудырған – сүйек көрсе ырылдасып кетер ит достығы қазақ қоғамына аз уақытта судай сіңіп алды. Ендігі жерде ер жігіт қанды көйлек жолдастың достығынан «кішіжардың» ыстық құшақ достығын жоғары қоятын болды, достан емес, «аққолтықтан» уаз тапты, доспен емес, «ақ иіспен» сырласатын әдет тапты. Одан қалды, достардың арасын зайыптары бұзды. Керісінше, құрбы екі келіншектің күйеулерінің дос болуы сәнге кірді. Достар ендігі жерде қызметіне, атақ-үрметіне, байлығына қарай таңдалатыны ештеңе емес екен, ең қиыны – кеше құлын-тайдай тебісіп бірге өсіп, бірге оқығандардың бір-бірінің қызметінің өскенін, салтанатты үйге кіргенін, тәуір мәшін мінгенін көре алмай суысуы. Қысқасы, біздің заманда үзеңгі жолдас жетеді, бірақ шын дос аз. Бақай есепсіз, принципшілдіксіз, өзара біріншілікке таласпайтын, өзімнен бұрын досыма болсын дейтін, сол жолда ақыл, қол көмегін беретін, досын қаны бір туған бауырынан кем көрмейтін, тіпті кей жағдайда артық қоятын, адасқан досын аянбай тура жолға салатын ішкі категориялық императиві барынша кең, шынайы достық. Едіге би мен Аңғысынның, Өтеміс пен Исатайдың, Маркс пен Энгельстің, Герцен мен Огаревтің достығы. «Былай қарасаңыз, Исатайдың Махамбеттен ештеңесі артық емес. Біздің көзқарасымызда керісінше, Исатайдан Махамбет озық. Алайда Махамбеттің достық пейілі соншалық, «Ердің соңы – Исатай» деп оны асқақтата түседі. Енді Энгельске қараңыз. Өзі өмір бойы үйленбей, тапқан-таянғанын Маркстің отбасындағы қажеттіліктерге жаратқан ғой. Соған орай мен: «Энгельсті тауып берсең, маған Маркс болу боқтан оңай» деп әзілдейтін болып жүрмін», – деп Қадыр Мырза-Әлі қалай жақсы айтқан.
Қадекең кітаптан дос тапқан адам ғой, ал сүйсек құлай сүйетін, сеніссек қалдықсыз сенісетін, достарын тайгаға, тундраға өтіп кетсе де қоймай тауып алатын кешегі кеңестік кезең достықтың талай жарқын үлгісін бергені талассыз шындық. Өзімізге жақын саладан мысал келтірер болсақ, жұптары жазылмай өткен (келе жатқан) қаламгерлердің – белгілі «бес тапалдың» (Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбеков, Бек Тоғысбаев), «жеті жетімнің» (Оралхан Бөкей, Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбек, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, Серік Әбдірайымов – жеті жетім), Төлеген мен Мұхтардың (Шаханов), Тұманбай мен Қадырдың, Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараұлының, Ғалым Доскен мен Тұрсынжан Шапайдың, Ахмет Өмірзақ пен Бегабат Ұзақовтың, «Д’Артаньян мен үш мушкетер» атанған Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Паттеев, Жүсіпбек Қорғасбек, Еркін Қыдырдың сонау студент шақтан үзілмей келе жатқан достығы – уақыт сынына төтеп берген айнымас достықтары бүгінгі «пепси» ұрпақты да, next буынды да әдемі таңдандырары сөзсіз. Осылардың арасында Төлеген-Мұхтар, Тұманбай-Қадыр және әлбетте, Мұқаң (Әуезов) пен Зекеңнің (Зейнолла Қабдолов) арасындағы аға-дос, іні-дос категориясының жөні бөлек. Осы қатарға бүгін біз Меңдекеш-Аманқос есімдерін еш іркіліссіз қосамыз. Бұлар шынайы достықтың эталоны ғана емес, едәуір жас айырмашылықтарына қарамастан өмір бойы дос болып өтудің махамбеттік-исатайлық рухын алға апарған үлгі. Соның ішінде Меңкең мен Абекеңнің алыста жатып үзілмей маздаған жаншығар достықтары үздік тұр.
Бүгінгі біздің қоғамымыз үшбу достық мысалдарына қатты зәру. Қазірде бірталай қалтафонның рингтонына айналған, Питерцев – Шөмішбай Сариев тандемі туғызған белгілі әннің атында да, рухында да атойлаған «Дос керек» бізге.


Дұшпаныңмен егесуге. Ақылдасып-кеңесуге. Қадіріңді білмейтұғын тірлікте, ағайынмен теңесуге. Зәбір көріп қамыққанда. Қоңқалаған көп жаман табаныңнан тайдырғанда. Қорлық көріп көп иттен қайғырғанда. Жапырақты жаярыңда. Өміріңнің баянында. Бақұлдасып қаларыңда. Ғұмырыңның аяғында. Дүниенің жалғанында. Қанатыңның талғанында. Жұлдызыңның жанғанында, ДОС КЕРЕК!
Қайран да менің нағашым һәм нағашымның нағашысы, маған сөз дарытқан. Ахиреттік достықтарың сегіз қақпа жәннаттың төрінде жалғаса бергей, иншАлла.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір