ҚАЗАҚҚА ҚАНША ЖЕР КЕРЕК?
13.10.2022
806
0

«Менің бар жамылғым – Сақтың шапаны, етігім – аяғымның терісі, төсегім – кең дала…» деп келетін Анахарсистан жетті деген жолдар бар емес пе. Кеңдікті, дархандықты әу баста мұрат тұтқан жұрттың өрісі кең, қонысы байтақ болыпты. Әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұратын осынау ұлан-ғайыр алапты ұрпаққа аманттапты. Құдай көп көрмесін, сағым көшкен сары далаң туралы ойлағанда бізге аңыз болып жеткен байырғы қазақтың жер иелену, өріс кеңейту тәсілі ойыңа оралады. Біз айтпақ дүниенің әр өңірде болғаны туралы да деректер бар. Бірақ бір нәрсе анық, ол – ата-бабадан қалған амал-айланың кәдеге жарап, ұрпағына ес қатуы.

Дидар – ғайып. Алматының бір кешінде Нұрлан, Нұрсерік атты жігіттермен жолығып, дәмдес болдық. Қайдар Сыдырбайұлы деген кісінің тікелей ұрпағы болып келетін сол азаматтар баян еткен дүниені қалпын құрғатпай тілге тиек етпекпіз. Арғы бет қазақтарында «Қаба –Бөке ауған» деген (XIX ғасырдың соңғы кезі басталған) тарихи оқиға болған. Қытай-манжұр, моңғол билеушілерінен зәбір көрген қалың ел Алтай асып, Боғданы мекендеген Бөке батыр Жырғалаңұлын паналайды. Ол жерден де марқадам таппай, «қайда барса, Қорқыттың көріне» түскен қаймана жұртты Бөке батыр бастап, жаңа қоныс іздеп, оңтүстікке ауа көшеді. Ұйғырдың атақонысын ендей өтіп, көрмегенді көреді. Сол алапат жылдарды бастан өткерген көнекөз қарияның бірінің естелігінде бүй деп жазылған. «Тарым өзенінің көне арнасын бойлап көштік. Көне арнада «есек жол» бар екен. Неше шақырым жерде белгіге жиған оба болады. Сол белгіден көз жазбай Қарашәріге қарай жылжи қонақтап көштік. Не көрмедік? Қырдағы кей құм төбешіктерге байқап шықпасаң, өте қатерлі. Тартпа құм тартып кетеді. Беті жылмағайланып жатқан жазық жерлерді білмей басып қалған адам мен малды ілезде шүңетіне шым батырады, жұтып алады. Биік жерлерінде ыс болады. Өзен-көлдердің де бойы сондай «жалмауыз жұтпаға» тола, талайды жұтты. Тарым ойпатының, Лопнұр көлі маңының, Алтынтау етегінің кесірткесі лақтай, бүйісі жас баланың жұдырығындай болады екен. Тіпті кей жерлерде үлкендер әйелдер мен балалардың көзін орамалмен таңып, жүріп отырды. Себебі, жол жағасынан кезігетін бақа-шаян, бүйі, жыланнан құбыжық кесірткелерден әйелдер мен балалар үрейленбесін дегені еді…». Қош, сонымен Қабаның елі кері көшіп, Бөкенің елі Тибетке жетеді. Бөкені соңынан қуып келген Қытай әскері ауырып, өлген батырдың көрін қазып, басын кесіп алып кетеді. Кейін басы Алтайға жерленген әзиз батырдың бассыз денесі Тибетте қалады.
Бұл көште Қайдар Сыдырбайұлының ауылы да болған. Ел ағаларымен бірлікте көшті басқарып, босқан жұртқа қолынан келген көмегін қылған ол кейін Үрімжі қаласы маңындағы таулы жерге (Доңсан районы, Гангу сайы) ат басын тірейді. Сол тұста ол өңірді дұңған ұлты жайлайды екен. Кім өзінің жұртына бөтен елдің баласын мал-жанымен қоныстандыра қойсын, азып-тозып көшіп келген қазақ ауылына олар қырын қарайды. Іскер, қытай тіліне жүйрік Қайдар Сыдырбайұлы жергілікті дұңған ұлтының ақсақалдарымен сөйлесіп, тіл табысып, ауып келген елді сонда орналастырудың жолын табады. Ол дұңғандардың атқа мінерлері мен ақсақалдарына: «Менің үлкен талабым жоқ. Сенім артып, артымнан ерген елім үшін мынау құт мекендеріңізден өгіз терісіндей ғана жер берсеңіздер болды», – дейді. «Ұлтарақтай жер алып, мәселең шешілсе, көндік оған», – деп дұңғандар Қайдардың талабына бірден көне кетеді. Баяғы ата-бабасының айла-тәсілі пайдаға асқан Қайдар миығынан күліп, өгіз терісін шарық жіптей жіп-жіңішке қып тіледі. Дұңғандардың көзінше тілінген жіңішке қайысты тұтастыра жалғап, мұқым Гангу сайының о шетімен, бұ шетіне жеткізеді. Ақылды кісінің парасатын, амал-айласын мойын­даған дұңғандар амалсыз уәдесін орындайды.
«Таулы, нулы керемет жер еді. Мыңдап мал өсірдік, үйір-үйір жылқы айдадық. Түгін тартсаң, майы шығатын керемет қоныс болды. Әлі сол өзіміздің қазақтар жайлап отыр», – деп Нұрлан мен Нұрсерік осы хикаяны айтып беріп еді.

Ырысбек Дәбей

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір