Тәржіме мен тәжірибе
06.09.2022
607
0

О баста мұндай мақала жазу ойымда жоқ еді. Бір жас әдебиетшінің екеуара әңгімесі себеп болды. Аударған қолжазбасын оқытқан. Біздің тараптан айтылған біраз ескертуге келісті, мойындады. Ең соңында ол: «Осы ескертулеріңізді газетке жазсаңыз», – деген өтініш-ойын айтқаны.

Жасыратыны жоқ, жарты ғасырға жуық әдебиет, журналистика, оның ішінде тәржіме саласында жүрсек те ондай ой басыма келіп көрмепті. Әлгі жігіттің сөзі түрткі болды.
Ұлы Сократтан: «Ештеңе білмейтінімді өзім білемін» деген сөз қалды. «Мен білем» деген сөздің өзі дұрыс емес қой. Бірақ жарты ғасыр дегенде аз уақыт емес. Алдымен, ол – тәжірибе, жақсылы-жаманды білім мен таным. Жас әдебиет­шінің сол сөзінен кейін тәжірибенің – өзің үшін ғана тәжірибе, ал жастар үшін – тәлім екенін түсіндім. Әңгіме өзегі де – сол. Яғни, тәржіме мен тәжірибе.
Біздің жағдайда әлемдік әдебиет аудармасына қатысты тұста, орыс тілі – аралық тіл. Рас, ғаламдық шедеврді түпнұсқадан тәржімелеу әрекеттері осыдан бес-алты жыл бұрын басталды да кілт тоқтап қалды. Себебі тоқырады, өзін ақтамады. Себебі оның «аудармашысы» түпнұсқалық тілді білгенімен, қазақтың әдеби тілін білмеді. Аса өзекті бұл мәселеге кейінірек ораламыз.
Әлқиссаны аударманың өзінен емес, редакторлықтан бастайық… Кеңес үкіметі кезінде аудармаға аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Мықты аудармашылар болды. Әр баспаның қасында аударма редакциясы орналасатын. Жазушылар одағының жанында үздік 40 маманнан тұратын «Аудармашылар алқасы» жұмыс істеді. Аударма – жазушылар үшін әуелі күнкөріс көзі еді. Қаламақы көп төленетін және аударылған кітаптың басында мықты редакторлар отыратын.
Қазіргі кейбір редакторларға менің көңілім толмайды. Олар әдебиеттің не екенін білмейді. Сенің нені, қалай аударғаныңмен есептеспейді. Бүгінгі редакторлар – өте сауатсыз. Мысалы, мен Исигуроның атақты бір романын «Жоғалтып алма сен мені» деген атпен аудардым. Кітап астаналық бір баспадан шықты. Сол кітапқа әдебиетте аты жоқ бір қыз редакторлық етті де, аударманы бір ай түзеді, екі ай түзеді. Мен: «Айналайын-ау, мен Борхесті, Карпентерді, Кортасарды аудардым, менің аудармаған жазушыларым аз. Соның көбі түзетусіз өтіп еді. Сен сонша кімсің?» – дедім де қойдым. Олардың не ойлағанын қайдам. Одан кейін ол баспадан аударма алмайтын да, аударған кітабымды қайта қолыма алып қарамайтын да болдым.
Ол кезде Нұрғазы Шәкеев, Жұмағали Ысмағұлов сияқты кәсіби аудармашылар жұмыс жасайтын. Жұмағали Ысмағұловтың аудармалары классика болатын. Орысша-қазақша екі тілді өте жақсы білетін. Осындай сапалы аудармалардың негізінде қазақтың сөз қоржыны көптеген жаңа сөздермен толықты. Айталық, Іслам Жарылғапов деген кісі «балмұздақ» сөзін өмірге әкелді. Сол сияқты «аялдама» деген сөз де айналымға түсті. Окопты тағы бір ағамыз «оқпана» деп аударды. Ол да өзінше жарасымды сөз еді.
Бір түйгенім, ең бірінші аудармаға зор дайындықпен келген жөн. Қоржыныңда білім мол, әдеби талғамың мен танымың биік болуы қажет. Тілді, тақырыпты толық игеруден, түпнұсқаны сақтай білуден бөлек, ең бастысы, жазушының стилін сақтау – айрықша қажет. Біздегі басты проблема да – осында. Мен, мысалы, Карпентердің «Жер патшалығы» романын аудардым. Осы романның стилі өзіме керемет ұнады. Кортасардың «Қуғыншысы» қандай керемет повесть! Повестің стиліне қызыққаным сондай, дәл сол стильге бейімделіп тәржіме жасадым. Бұл жерде стильге бейімделе білу деген мәселені қадағалап айтып отырмын.
Түпнұсқалық стильге бейімделе білу – өнер. Түпнұсқаның стилдік ерекшелігіне бейімделе білу – аудармашының бірінші парызы. Стильге бейімделмей аударған аудармаң түпнұсқа емес, басқа бір нәрсе болып шығады. Мысалы, Абайды әлі күнге аудара алмай жүрміз. Абайды аудару үшін Абайдың деңгейіне жетпесең де, жақындау керек қой. Сол сияқты, қазақ әдебиетінде аударуға келмейтін ақындар бар. Мұқағалиды ептеп аударуға болатын шығар, ал Төлеген Айбергеновті аудару мүмкін емес. Махамбет те аударылмайды. Ол – ескі ноғайлы заманынан келе жатқан сарынның жыршысы, оны аудару үшін сол заманда туған адам қайта тумаса, ақын жырларының күллі қасиетін сақтап тәржімелеу неғайбыл.
«Аударма алқасында» Ақселеу Сейдімбековпен бірге жұмыс істедік. Ақаң өз заманының өте білімді, энциклопедист ғалымы еді. Білмейтін нәрсесі жоқ. Ақселеудің ойлау жүйесі де басқаша болатын. Сол кісі үнемі: «Жазушының стиліне өзгеріс енгізуге болмайды», – деп отыратын. Ал қазіргі редакторлардың стильді ұрып қойғаны бар. Өз стилімен жазып шығады. Біріншіден, оларға мәдениет жетпейді, екіншіден, білім жетпейді, үшіншіден, стильді түсінбейді, оны түсінуге сезімі, түйсігі, өресі жетпейді. Тек өз стилімен жазғысы кеп тұрады. Ондай білместік баяғыда да болған.
«Жазушы» баспасы кезінде «Достық» сериясымен 200 кітап шығарды. Сонда неше түрлі аудармашылар болды. Орыс тілін толық білмейтін кейбір аудармашылар «мен мына кітапты әр абзац бойынша мазмұндап аударам» дегенді шығарды. Әй, сонда стиль қайда қалады? Мазмұнын құр баяндап берген жерде стиль туралы айтудың өзі ұят.
«Жазушы» баспасының аударма редакциясында Нұрахмет Төлеуіп, Әбді Шымбатыров деген мықты редакторлар болды. Сол кісілер айқай салып: «Шамаң келмесе, аударма!» – деп тыйып тастайтын. Басында айтқанымдай, Исигуроны аудардым, шыны керек, оны соншалықты биік деңгейдегі жазушы деп ойламаймын. Тақырыбы күшті демесең, бізде одан мықты жазушылар бар. Бірақ стилін сақтап аудардым. Аяғы әлгіндей болды.
Кеңестік идеология әлем әдебиетін аудару мәселесіне сын көзбен қарады. Сая­си әсері мен ықпалынан қорықты. Ішінде постмодерннің шынайы серкелерін берген латынамерикандық әдебиет те бар. Өз басым Латын Америкасы әдебиетінің жазушыларын бұрыннан қызығып оқып жүрдім. Ана бір жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әлем әдебиетінің ең үздік 100 кітабын аудару жоспарланды да, содан аудару науқаны басталды да кетті. Қазақ «атаңды жау шапса, бірге шап» демей ме? Құдай салмасын, бәрі аудармашы болып шыға келді. Алайда көбі жарамай, іріктеліп-іріктеліп біраз аудармашылар қалды.
Маған бірінші берілген тапсырма – Борхестің шығармаларын аудару. Ана шығармасын, мына әңгімесін аудар деп тапсырған жоқ, тек қана осынша көлемде аударып берсеңіз деді. Содан өзім таңдадым. Борхестің танымдық бағыттағы еңбектері қазақ оқырмандары үшін тым ауыр. Оқырмандардың көбі оған дайын емес. Содан мен оның кішкентай новеллаларынан бастадым. Айталық, «Ажалсыз» деген жақсы новелласы бар. Ол Борхестің прозашылығын ашып көрсететін шығарма. Біз журналистика факультетінде оқып жүргенде профессор Зейнолла Қабдолов сабақ берді. Ол кісі бізге: «Әдебиет – сөз өнері» деп үйретті. Шынында да солай ғой.
Ал батыстық әдебиетте әдебиетке сөз өнері ретінде ғана емес, танымдық, философиялық мәселелердің қайнары ретінде де қарайды. Борхес – энциклопедиялық білімі бар адам. Өмірбақи кітапхананы басқарған. Кітапханадан шықпаған. Білім деген бір басына жетіп артылады. Жазушылық дарыны өз алдына.
Борхесті аудару барысында менің түсінгенім, ол бүкіл оқырманын өзім сияқты білімді деп ойлайды. Бір мәселені айтып келеді де, кенет тағы бір тақырыпқа өте шығады. Оны қарапайым оқырман түгілі, білімді аудармашының өзі аңдамай, түсінбей қалады. Десе де қисынды жазады. Танымдық білігі мен әдебиеттің мотивациясын шебер ұштастырады. Сондықтан Борхес шығармашылығы терең интеллектуалды әдебиетке жатады. Осы авторды аударып отырып, іштей бір пендешілік ой келді маған. Мысалы, кез келген жазушы жазған дүниесінің адам жан дүниесіне әсер етуін ойлап, шығарманың лирикасына, эмоциясына құштар болып отырып жазады ғой. Айталық, Қалихан, Оралхан, Сайынның шығармалары. Егер Алла Тағала Борхеске: «Борхес сияқты жазғың келе ме, әлде Оралхан сияқты жазғың келе ме?» деп таңдау берсе, Борхес «Оралхан сияқты жазғым келеді деп айтар ма еді?» деген ой келгені бар басыма. Құдай өзі кешірсін… Себебі шығармада танымдық біліктің тым басым болғаны да ұтымды емес сияқты.
Борхестің «Ажалсызын» «Жұлдыз» журналы сұрап басты. Осының бәрі – қазақтың жас прозаиктерін дайындау үшін керек дүниелер еді. Біздің қазіргі проза не анда емес, не мында емес, бір қалыпты күйде тұр. Солар үшін керек деп ойлаймын.
Аргентина дүлдүлі Кортасар – менің ең бір жүрегіме қонған жазушы. Кортасар өнерді білу, өнерді талдау машығы арқылы маған қатты әсер етті. «Қуғыншы» повесі саксафоншы туралы өрбіген. Өнерді, музыканы түсінуі, оны қабылдап, өз бойы­нан өткізіп, шеберлікпен бере білуі – біздің әдебиетте сирек кездесетін құбылыс. Біздің соған көңіл бөлуіміз қажет.
Карпентердің «Жер патшалығы» романы лирикасымен, эмоциясымен соцреализмнің кейбір элементтерін еске түсіреді. Бірақ өте талантты жазушы. Сюжетті жақсы құрады, ойланарлық дүние жазады. Ти Ноэль деген кейіпкері бар, соның өмірін соңына, ажалына дейін керемет суреттейді. Карпентердің бұл стилі, баяндау мәнері соңғы кезде біздің әдебиетте де байқалып жүр. Бұл тұрғыдан келгенде Карпентер – Борхес пен Кортасарға қарағанда бізге біршама жақын қаламгер. Бізде, әрине, Борхес сияқты жазғысы келіп жүрген жазушылар бар, дегенмен әзірге ондай парасатты туынды көзге ұшырай қойған жоқ.
Әңгіме ыңғайына қарай, тағы да стильдік ерекшелікке, автордың стилін сақтай білу машығына оралуға тура келеді. Әрқайсысы бір-бір құдірет – Борхес, Кортасар, Карпантьер үшеуінің арасындағы спецификаны бұзбай, жеке-жеке стилін сақтап аудару үшін, қайталап айтамын, мол дайындық керек. Тек, сол жағы ғана біраз қиындық тудырғаны бар… Бұл орайда маған Жұмағали Ысмағұловтың аудармасы, аудару мәнері сабақ, үлгі болды. Көп жерде сол кісіден үйрендім. Ол аударманың түпнұсқалық стилін қазақ тілімен еркін, әдемі бере алатын. Келісті түпнұсқалық сөйлемді әдемі қазақшалай білетін. Аудармада ең бірінші өз тіліңді жақсы білгенің, сосын екінші түпнұсқалық тілдің мазмұнын, мәнін, астарын толықтай түсініп отыруың маңызды. Қандай жағдайда да стильді, яғни шығарманың күретамырын дөп баса білген жөн. Жасыратыны жоқ, біздің қазіргі редакторлар аударманың стилін сақтау мәдениетін қадағаламайды.
Аударма бюросы алғашқы екпінмен 18 кітап шығарды. Соның ішінде алғаш шыққан кітаптың бірі – Карен Армстронгтың «Құдайтану баяны». Ең басты кітабы да сол болатын. Соны бір жігіт аударған екен, аударманы жаратпай редакторлық жұмысқа біз сияқты әдебиетшілерді жалдады. Шынында да, аударма нашар. «Құдайтану баянын» мен үш рет қайталап оқып, үш рет редакторлап шықтым. Өзі қалың бес-алты жүз беттік кітап.
Оны маған берген себебі – кино дубляж саласында көп жұмыс істедім, сол кезде ВВС-дің, Discovery-дің танымдық, ғылыми, дінге байланысты теологиялық деректі фильмдерін аудардым. Сол арқылы біршама теологиялық дайындықтан өткенім бар. Соның бәрі көмектесті.
Аудармада оқырманды тарту мәселесін де ойлау керек. Түпнұсқаның жолма-жол суретін салғаныңмен ештеңе ұтпайсың. Негізі «Құдайтану баяны» сияқты ғылыми-теологиялық кітаптарды маман аудармашылар ғана аударған дұрыс. Теологиялық білімсіз қарапайым аудармашы оны аудара алмайды.
Елімізде аударма жүйесі толық қалыптаспаған. Басшылықта аударманың жәй-күйін білетін адам отыруға тиіс. Бізде аударманың мәнін түсіне білмейтін баспаның директорлары бағаны белгілейді, шығарманы таңдайтын да солар. Баяғыдай «Аудармашылар алқасы» сияқты кемелденген, жүйеленген, байып­ты мемлекеттік мекеме болуы керек. Сонда ғана бүгінгі әлемдік мәдениеттің, әлемдік өркениеттің, әдебиеттің көшінен қалмай, соларды дер кезінде оқып, біліп, көріп отырамыз.
Әр жерде өз саласын білмейтін басшылар отыр. Олардың ештеңеге жаны ашымайды. Мысалы, менің өмірім газет-журналмен өтті. Сонда байқағаным, бір редактордың орны босаса, айдаладан бір теледидардың адамын әкеліп қояды. Екеуі – екі сала. Телевизиончик газетті қайдан біледі?! Бізде экранға шығып, ыржалаңдап сөйлегеннің бәрін журналист деп ойлайды. Олардың қатеге толы сөздері экраннан өтеді де кетеді. Оған ешкім мән бермейді. Ал газетте ондай қателікке жол жоқ. Газетте сенің сөйлемің тастай болып тұруы керек. Мен осы өмірімде телевизиончик келіп басқарған газеттің оңғанын көргенім жоқ. Бәрі әлем-жәлем бірдеңе болып шығады.
Бұл да орайы келгенде айтылған әңгіме… Аударма ісі – этномәдениеттердің, тіпті тұтастай өркениеттердің өзара тәжірибе алмасуының басты тетіктерінің бірі. Тәржіме арқылы тілмен қоса, дүниетаным байиды, кемелденеді. Кеңес үкіметі кезінде Жазушылар одағында поэзия жөніндегі, проза жөніндегі, сын жөніндегі кеңестер болатын. Тіпті фантастикалық әдебиет жөніндегі кеңес те құрылды.
Сол кезде Одақтың бір жиналысында фантастикалық кеңестің төрағасына сөз береміз дегенде, Олжастың айтқаны бар: «Бізде фантастиканың өзі жоқ, бірақ кеңесі бар…» – деп. Жұрт ду күлген. Сол айтқандай, аударма кеңесі керек. Кеңестік әдебиетте бәрі бақылауда еді. Ол бір жағы дұрыс та болған сияқты. Бақылау арқылы адамның әдебиетшілік шамасы бағаланады.
Көтеріп отырған тақырыпты қазіргі әдебиетіміздегі ең өзекті проблеманың бірі деп ойлаймыз. Сондықтан жарты ғасырлық тәржіме жолындағы тәжірибемізді ортаға салуды парыз, борыш санадық.
Көп білгеннен емес, көпті көргеннен айтылған сөз еді. Алдымен осы мақаланы жазуыма себеп, түрткі болған, балғын әдебиетші, саған рақмет! Қазақ оқырманын әлемдік әдебиеттің шынайы шедевр­лерімен қуанту міндеті де – сендердікі!
Іске сәт, тәржіме тәлімінің болашақ тарландары!..

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір