СЕЙІЛБЕК ҮСЕНОВ ЖӘНЕ «ӘДЕБИЕТ МАЙДАНЫ»
26.06.2023
661
0

Халқына аянбай еңбек еткен қазақтың қарымды қайраткерлерінің бірі Сейілбек Үсенов 1905 жылы Сырдария облысының Шымкент уезі, Сарыкөл болысында (қазіргі Қатын көпір елдімекені) қарапайым ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Бес жасқа жетпей әкесінен айырылып, тағдырдың теперішін жастайынан көрген бала Сейілбек 1917 жылы Шымкент­тегі бірінші сатылы мектепте білім алып, оны тәмамдаған соң мұғалімдер дайындайтын үш айлық курста оқиды. 1920-1923 жылдар аралығында педагогикалық техникумды бітірсе, кейіннен Ташкент­тегі Қазақ педагогикалық институтында оқиды.

Қазақ көсемсөзінде өз сүрлеуі бар Сейілбектің білім алған ортасына қарай отырып та ол жалындаған жас кезінде-ақ рухани толысып, ұлт кәдесіне жарар деңгейге жет­ті деуге толық негіз бар. Ол жиырма жасында-ақ, 1925 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ педагогикалық техникумында оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі қызмет­терін атқарған. 1926 жылдан Ахмет Байтұрсынов атындағы жеті жылдық мектепті басқарған ол білікті басшы ретінде танылып қана қойған жоқ, халқымыздың мақтанышына айналған Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Құрманбек Сағындықов секілді т.б. тұлғаларға білім берді, алғашқы ұстазы болды. Бұл жөнінде Б.Момышұлы «Менің алғашқы ұстазым» мемуарында С.Үсеновтың тарих, қоғамтану пәндерінен дәріс бергенін ерекше тебіреніспен еске алады.
Ол 1928 жылдан 1929 жылдың ақпанына дейін Сырдария округінің халық-ағарту бөлігінде нұсқаушы, осы жылдың ақпанынан Бостандық ауданында бірінші хатшы қызметінде болады. Сол жылы қараша айында Шымкентке қайта шақырылып, Сырдария округінің «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметін атқарады. «Ақ жол» газетінде түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, өткірлігімен, өзгеше жазу мәнерімен көзге түскен жас журналист осы қызметке тағайындалысымен «Ленин жолын» азулы басылымға айналдырып, ауыл-аудандарға кеңінен тарап отыруына барынша күш салады.
1930 жылдың көктемінен Сырдария округтік комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болған, 1931-1932 жылдары Мойынқұм ауданында да бірінші хатшы қызметін абыроймен атқарады. 1932-1934 жылдары Алматыда «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторының орынбасары, тілшілер бөліміне меңгеруші, 1934 жылдың сәуірінен 1936 жылдың тамызына дейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде редактор болған С.Үсенов 1936 жылы Петропавл қаласындағы «Ленин туы» газетін басқарды.
Саяси қуғын-сүргін Сейілбек Үсеновті де айналып өтпеді. 1937 жылы қараша айы­ның 3-інен 4-іне ауған шағында НКВД-дан бір топ адам сау етіп келіп, қарымды қаламгерді «халық жауы» ретінде алып кетеді.
1959 жылы 23 наурызда Түркістан әскери округінің анықтамасында қылмыстық іс тоқтатылып, С.Үсеновтің біржолата ақталғаны жөнінде мәлімет бар. Қаншама жылдар өтсе де С.Үсеновтің ауыр да, аянышты тағдырын ұмыт қалдыру мүмкін емес. Біз де осынау мақаламызда бар-жоғы 33 жыл ғана өмір сүрген қаламгердің негізінен қазақ әдеби сынына қосқан үлесі, әсіресе «Әдебиет майданындағы» маңызы жоғалмаған мақалалары турасында сөз қозғасақ дейміз.
Сейілбектей сара сыншының мұрағат қорларында қалып қойған азды-көпті мақалаларына үңілгеніміздің түпкі себебі де сол. Сөйтсек Сейілбектің «Сұлушашқа сыннан» өзге де зерт­теушілер назарынан шет қалып қойған еңбектері баршылық екен. Бұған Ұлт­тық кітапханамыздың сирек қорындағы «Әдебиет майданының» тігінділерін парақтай отырып көз жеткіздік.
«Әдебиет майданында» С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов т.б. еңбек етіп, қазақ әдеби сынының дамуына айтарлықтай ықпал еткені баршаға аян. Біз кілең «ығай мен сығайдан» тұратын бұл алыптар тобының бел ортасына Сейілбек сыншыны да қоссақ дейміз. Өйткені сол кездегі қазақ қаламгерлерінің ішінде сын жанрына сүбелі үлес қосқандардың қатарынан Сейілбекті сызып тастай алмайсыз. 1928 жылдан «Жаңа әдебиет» деген атпен оқырманға жол тартып келген журнал 1930 жылдардың бедерінде «Әдебиет майданы» болып өзгерсе, кейіннен «Әдебиет және искусство» деген жаңа атаумен жарық көре бастады.
Біз білетін Бейімбет 1932-1933 жылдары «Әдебиет майданы» журналында редколлегия мүшесі, 6 санында жауапты редактор болса, Жансүгіров те өзі басшылық жасаған жылдарда журналдың сын бөлімінің сапасын мейлінше арт­тыруға Сейілбек Үсенов сынды сақа қаламгерлерді тартып, оларға әр нөмір сайын орын беріп тұрады. Ал Сейілбек сын садағына ілген Ілияс Жансүгіровтің «Қуат» поэмасы кезінде «Әдебиет майданы» журналында (1932 ж. 1-5 бет­тері), «Көркем әдебиет жинағы» (Орта мектептің 6-оқу жылы үшін құрастырған І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Қызылорда, 1933, 170-174 б. оқулығында), «Лениншіл жас» газетінде (1934, 7 ноябрь) басылды. Сейілбектің атынан «Қуат» туралы» деген сыни мақала да жарияланып үлгерген («Әдебиет майданы», 1934, №5, 96-105 бб). Белгісіз себептермен осы уақытқа дейін ақын жинақтарына енгізілмей келген. Ақынның 1932 жылы жарияланған «Қуат» ат­ты поэмасында социалистік индустрияның өркендетілуі, кеңес адамдарының күрес жолы сөз болады да, онда негізінен бүкілодақтық электр қуатының ордасы Днепрогэс алыбы жырланады.
Сейілбек сыншы да «Қуат» ат­ты осы мақаласында 1932 жылдың 7 ноябрінде «СҚ»-ның 257-сынында басылған поэмаға пікір білдіруден алдын Днепрдегі электр құрылысы тарихына да қысқаша тоқтала кетеді. Бес жыл ұдайы қайнаған екпінді еңбек нәтижесінде 1932 жылдың 1 мамырында Днепр электр құрылысының 1 агрегаты, 10 қазанда 9 агрегаты бірдей іске қосылады. Дүниежүзіндегі ең ірі электр станциясы салынып бітеді. Сейілбек Үсенов те ақынның социалдық құрылысты шынайы жырлау міндетін өтеп, мыңдардың қуатымен жасалып шыққан асқар алыпты тұлғасын түгел кеуделендіріп, жанды етіп, көркем тілмен бере білгенін лайықты бағалайды. Ол поэманың идеялық, таптық жағы берік екендігін мақұлдап, осы тұрғыдан келгенде оған пәлендей кінә таға алмайтынын айтумен бірге кейбір кемістіктерге көз жұма қарап, шындықты бүркемелеп кету ойында жоқтығын емеурінмен ұқтырып, «Ақын «Бес жылдықтың ұлы өркеші» болған асқар алыпты қаншалықты көрсете алды? Поэманың көркемдік жағы қандай? Поэманы қалай бағалауымыз керек?» деген бірнеше сұрақтарға жауап іздейді.
Шашасына шаң жұқтырмаған жыр жүйрігі Жансүгіровтің «Қуатының» да қуаты өз деңгейінде болмай тұрғанын тап басып таныған сыншы шындығына келгенде поэманың түрі, көркемдік жағы мазмұнынан басым түсіп, мазмұнның да әбден кемеліне келтірілмегенін баса айтады. Сондай-ақ ол ақынның шығармада кейбір жалғау, жұрнақтарды яки, қосарланып айтылатын сөздер арасында келетін сөздерді тастап кеткендіктен бітпеген шала сөздің өлеңдегі өлшемге сай келмейтін кемшіліктерін де айтып салады.
Сейілбектің «Әдебиет майданында» жарыққа шыққан сүбелі мақалаларының санатына жазушы Ғани Орманұлының шығармашылығын арқау еткен «Октябрьдің өркенін» де жатқызуға болады. Қаламгердің осынау әңгімесіне байыппен баға берген сыншы кей тұста жас қалам иесін жылт еткен жақсы өрнегін көріп, оқырманын сүйіншілей асыра мақтаса, тағы бір тұста жасанды сюжет­тің жанды болмайтынын, иіп әкелген күннің өзінде нанымды шықпайтынын ескерте кетеді. Сондай-ақ ол шығарманың көңілге қонымсыз тұстарын санамалап беріп, жалпылама сылдыр сөзге қай жазушымыз болса да үйір болмауы керектігін қаперге салып, айтылған кемшіліктердің алдағы күнде түзелетініне де сеніммен қарайды. Жалпы алғанда әңгіменің жасөспірімдерге дұрыс тәрбие берерлік қуаты күшті екенін де мойындап, шығарманың тезірек кітапша болып басылып, өз оқырмандарын тапқаны дұрыс деген тоқтамға келеді.
Расында Алаштың Ахметі «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек» деп бекер айтпаған. Демек Ілияс пен Сейілбектің назарына ілігіп, Қапалдан шығып қазаққа танылған, «Социалистік Қазақстан», «Әдебиет және исскуство», «Майдан» секілді басылымдарда әдеби қызметкерден жауапты редакторға дейін түрлі қызмет баспалдақтарынан өтіп, қашанда қаламынан туған дүниелеріне сын көзбен қарап, «Шеңбер», «Шәуілдір», «Алынған қамал», «Абысын сыры», «Көтерме», т.б. жинақтарын жыл аралатып шығарып отырған Ғали Ормановтың бұл шығармасының, оған жазған Сейілбектің сынының жұртшылық назарынан шет қалуын тағы да сол саяси террордың салдары деп ұғынған дұрыс шығар. Өйткені белгілі зерт­теуші ғалым, бейімбет­танушы Тоқтар Бейісқұловтың атап көрсеткеніндей, 1937 жылы әдебиет төңірегіндегі бұрынғы айтыс қайта өршіп, қасірет­ті сипат ала бастады. Әсіресе бұл тұста Ғ.Тоғжановқа, С.Сейфуллинге, І.Жансүгіровке, Б.Майлинге шүйлігушілер оларды «халық жаулары» етіп шығаруға барын салды.
«Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгіров, Жаманқұлов сияқты фашист күштері де қазақ совет әдебиетіне өздерінің контрреволюциялық зиянкестігін тигізуге тырысты. Олар өсіп, өрбіп, келе жатқан совет әдебиетіне бөгет жасамақшы болды, жас жазушыларды өсірмей, қақпайлап отыруға тырысты. Сын, өзара сын мәселесін бұрмалап, өзара сынның күшейіп, өркендеуіне бөгет жасап, сонымен қатар өздерінің контрреволюциялық бұзақы қылықтарын, жаулық қара ниет­терін аштырмауға тырысып, өздерін қазақ совет әдебиетінің «классигі» етіп көрсетуге тырысты» деген мазмұнда «Қазақ әдебиеті» газетіне (1937 жыл, 8 қазан) мақала шығып, осыдан кейін-ақ кейбір жазушылар «халық жауы» ретінде ұстала бастады. Ал, «Халық жауларының жетегіндегі жазушы» деген тағы бір мақалада («Қазақ әдебиет» газеті, 15 қазан, 1937 жыл) І.Жансүгіровтің өзін қойып, енді оның «сыбайластарына» шүйлігеді. І.Жансүгіровтің «бір сыбайласы» – Ғали Орманов екен.
«Ол – «халық жауы Жансүгіровтің тәрбиелеп өсірген кадры» екен. Орманов Жансүгіровті өзінің «оқытушысы» деп есептеген, оған өзінің шығарма­ларын арна­ған,
І.Жансүгіров әшкереленіп қолға түскенге дейін Орманов «І.Жансүгіровтің ешбір жат пікірін білмедім» дейді екен…
Осы секілді «жаптым жала, жақтым күйеден» аяқ алып жүре алмайтын бейшара хәлге түскен басылымдар «халықтың көзі мен құлағы» болудан қалып, үрей мен қорқыныштың хабаршысына айналды.
Ормановтың да екі от­тың ортасында қалғаны түсінікті. Әйтеуір әупіріммен қара басын аман алып қалады. Анығы сол, Құлагер ақынға қолқанат болып, Сейілбектей сыншымен сырласқан жазушы өсе келе өресі биік, өзіндік бағындырған белесі бар қаламгерге айналған кезде де азапты жылдар ақиқатын ашып айта алмаған сияқты.
Өйткені, көз алдында кешегі қамқор ағаларының көгенделіп кете барғанын көрген, әбден жүрегі шайлығып қалған жас қаламгерлерден қайсарлық күту, жанкештілік талап ету де әбестік болар еді. Осылайша Сейілбектің «Октябрьдің өркені» мақаласы да тарих қойнауында елеусіз күйде қала берді.
Мұнан бөлек Қазақстан Кеңес Жазушылар басқармасының айына бір шығатын көркем әдебиет жаңа сын журналы санатындағы «Әдебиет майданына» 1934 жылы Сейілбек Үсеновтің «Қаскелең» туралы сыни мақаласы да басылған болатын. Сейілбек Үсенов осынау мақаласында: «Әрбір ақын, жазушы шығарма жазудан алдын қалай жазудың әдісін ойлап, толғайды. Айтпақшы болған пікірінің әрбірі өз орнында айтылуы үшін оны жүйеге салып, желі тартып алады. Мұнсыз шығарманың бас-аяғы сапырылысып кетеді. Сондықтан мұның шығарманың мәні терең, татымды, өтімді болуына, терең мақсат­ты болуына да әсері күшті. Біреулер жазу әдісін тереңдете түсуге, барған са­йын шеберлендіріп ұстартуға, жаңа әдіс, жаңа түр тауып жазуға талпынады. Екінші біреулер көбінесе өзіне ұнаған дағдылы бір қалыпта жазады. Онан соңғы біреулер өзгенің жазу әдісіне еліктегіш келеді. Соның ізіне түсіп жазады. Жазуда қолданылатын әдіс алуан-алуан. Олай болуы да табиғи нәрсе. Сондықтан жазушының бәрінен бір ізде, бір әдісте жаз деп әрине, талап етуге болмайды» деп толғаныпты. Айтса айтқандай, қай жазушының болса да ат­тап өтуіне болмайтын белгілі бір өлшем бар. Ол – қоғамда болып жатқан өзгерістерді көркемдікпен көрсете білу. «Қаскелең» поэмасына сын бергенде автор ақынның алған тақырыбын қаншалықты көркем, терең мәнді, шынайы бере білгендігіне баса назар аударады.
Ендеше Үсеновтің: «Жасасын!» деп жазылған өлеңнің бәрі көркемөнер бола бермейді. Ендеше әңгіме, өлең жазуда ғана емес, жаза білуде. Аз сөзбен көп мәнді, көп үлгілі тәжірибесін бере білуде, ұқтыра білуде. Алған тақырыпты сұлу бейнелермен, көркем тілмен айтып бере білуде. Шығарманың мазмұны мен түрі сай келуі, сапасы жоғары сатылы болуы өзгелер үлгі етіп еліктірерлік әбден кемеліне жеткізілген болуында. «Қаскелеңде» бұл шарт­тар толық орындалмаған» деген пікірін де негізсіз дей алмаспыз. Алайда ол ақынның жазу әдісіндегі кемшіліктерін айта отырып, бірнеше көңіл аударарлық, елеп айта кетерлік жақсы жолдарды да көрмей, айтпай кетуге болмайтынын ескертеді. «Ақын мәннен гөрі пішінді ойлауға салынып кеткен. Дегенмен «Қаскелең» поэмасында ақынның сөзді еркін тапқыштығы, сөзге ұсталығы ашық-ақ көрініп тұр. Сонымен бірге жалпыға түсінікті етіп, тілді дұрыс қолданғандық бар. Шебер ұқсату, теңеу арқылы зат­тың тұрпатын ашық, анық әрі сүйкімді етіп бере білгендік бар…».
Міне, мұның баршасы да поэманың сыншының назарынан қағыс қалмаған сәт­ті тұстары. Тіпті оның «Ендеше, құры сөзді құрастырып, оның ақырғы сөздерін ғана ұйқастырып өлең жазуға әдет­тенуге болмайды. Жазылған өлеңнің бәрі көркем әдебиет бола береді деп ұғынуға да болмайды. Ондай ойдан жаңа жаза бастаған, әсіресе жас ақындарымыз аулақ болуы керек» деген орнықты пікірі бүгінгі күні де өзекті.

Сейдехан Әлібек,
т.ғ.д, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледж директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір