СЫР ӨҢІРІ: ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР
14.01.2023
1213
2

Кіріспе

Мен ұзақ жылдан бері Алматы қаласында тұрамын, бірақ Сыр өңірінен байланысымды ешқашан үзген емеспін. Өйткені жиырма жасқа дейінгі бүкіл өмірім осы Сырдарияның жағасынан бастап, сонау Сарысу өзеніне дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр кең далада өтті. Алтын сағымға бөленіп, неше түрлі құлпырып жататын осынау самиян даланың табиғаты керемет сұлу еді. Сол сұлу табиғатқа сай мұнда тіршілік ететін адамдардың да жаратылысы өзгеше болатын. Бәрінің де тағдыры әр қилы, бастарынан сан алуан шым-шытырақ оқиғалар өткен және сол оқиғаларды қазақтың көркем де бай тілімен құлпыртып айтқанда, біз ауызымыз ашылып, аңтарылып тыңдайтын едік.
Қолыма қалам алған алғашқы күннен бастап мен осы көрген-білгенім мен естігендерімді шамам жеткенше көркем сөзбен әспеттеп, қағазға түсіруге тырыстым. Кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Сыр мен Сарысу», «Алтын сағым», «Ауыл мен Алматы» атты үш томдық таңдамалы шығармалар жинағым – осы талпыныстың нәтижесі.
Мен туған жерім туралы көркем шығарма жазып қана қойған жоқпын, сонымен қатар баспасөз беттерінде публицистикалық-проблемалық дүниелер де жарияладым. Бұл жазғандарымның басым көпшілігі Сыр өңірінің мәдени-рухани дамуындағы өзекті мәселелерге арналды. Бүгін аталмыш мәселеге қайта оралуды жөн көріп отырмын.

Хәлің қалай, Қызылорданың қаламгері?!

Ұлттық әдебиетімізді өркендетуде Қызылорда облысының мүмкіндігі мол. Бұл өңірде сөз өнері барынша жоғары деңгейге көтерілген. Оның көш басында ғасырға жуық жасаған атақты Әбдіжәміл Нұрпейісов тұр.
Қазіргі кезде де Сыр бойында туып өсіп, әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген қаламгерлер жетерлік. Олардың алдыңғы қатарынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов пен ақын Иран-Ғайып орын алады. Молдахмет Қаназ, Сейфолла Оспанов, Бақыт Сарбалаев, Серік Асылбекұлы, Жолтай Әлмашұлы, Бауыржан Омаров, Қайырбек Асанов, Байбота Қошым-Ноғай, Қуаныш Жиенбай, Серікбай Байхонов, Қуандық Түменбаев, Сәрсенбек Бекмұратұлы сынды белгілі қаламгерлер де Сыр бойының түлектері. Аға ұрпақтың соңынан келе жатқан дарынды жастар да баршылық.
Дегенмен Сыр өңірінің әдебиетін одан әрі дамытуда ешқандай қиындық жоқ деуге де болмайды. Мәселе осыған келіп тірелгенде, «Хәлің қалай, Қызылорданың қаламгері?!» деген сұрақ туындайды.
Бұл сұраққа бүгінгі таңда Сыр өңірінде тұрақты тұрып, шығармашылықпен айналысып жүрген Махмұтбай Әміреұлы, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова, Шахизада Әбдікәрімов, Бағдат Кәрібозұлы, Дүйсенбек Аяшұлы, Қали Омаров бастаған ақын-жазушылар бірінші кезекте нақты жауап бере алады. Ал алыста жүрген біздің байқауымызша, бұл өңірдегі әдебиеттің өркендеуіне кедергі жасап тұрған бірнеше өзекті мәселе бар.
Ол мәселенің ең бастысы – Қазақ­стан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы бөлімшесіне қатысты. Біз әдебиетке алғаш қадам басқанда бұл бөлімшені атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов басқарды. Кейін белгілі жазушы Қомшабай Сүйенішов, ақын Жақсылық Рахметулла жетекшілік етті. Қазір бөлімшенің басшысы – ақын Қаршыға Есімсейітова.
Бұрын бұл бөлімше облыстағы ең беделді ұйымдардың бірі еді; оның тұрақты жұмыс істеуіне қаржылық жағынан да, басқа мәселелер жөнінен де тиісті қолдау мен қамқорлықтың бәрі жасалатын. Соның нәтижесінде бөлімше өз қарауындағы қаламгерлердің күнделікті тыныс-тіршілігінде не болып жатыр, шығармашылық жұмыстарында қандай жаңалықтар бар, нендей мәселелерге мұқтаж – осының бәрін жіті қадағалап, тиісті жерінде аталған мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп отыратын. Шығармашылыққа талпыныс жасаған жастарға да жан-жақты қолдау көрсететін.
Осындай қолдау мен қамқорлықтың нәтижесінде кезінде қазақ әдебиетіне Сыр өңірінен көптеген дарынды жаңа толқын қосылған еді.
Бұл бөлімшенің қазіргі жағдайы қалай? Осы сұраққа жауап іздегенде еріксіз тұйыққа тірелеміз. Бөлімшенің қазіргі жағдайы адам аяғандай; ешқайдан қаржы түспейтін, аты бар да, заты жоқ ұйымға ұқсайды.
Бөлімшенің мұндай қиындыққа душар болуының басты себебі – Қызылорда облысында әдебиетті дамтудың айқын бағыты мен бағдарламасының жоқтығы. Мұндай қорытынды өзге облыстармен салыстырудың нәтижесінде туындап отыр. Яғни еліміздің біраз өңірінде әдебиетті дамытудың бір жүйеге түскен нақты жоспар-бағдарламасы жасалып, қолданысқа енгізілген.
Мысалы, Ақтөбе облысының әкімшілігі кейінгі жылдары «Әдебиет, Рух. Қоғам» атты арнайы бағдарлама жасап, жыл сайын республикалық байқау өткізіп жүр. Бұл байқау бойынша 10 қаламгерге 1 млн тенгеден грант беріледі. Ол гранттың бесеуі сол облыстың өзінде тұратын, бесеуі еліміздің әр түкпіріндегі қаламгерлерге арналған. Бұған қоса, облыстың өзінде тұратын жазушыларға жылына арнайы стипендия тағайындалады. Ал жақында облыс әкімі Ералы Тоғжанов сол өңірде тұратын жазушылардың басын қосып, қаламгерлерді қолдау жөніндегі іс-шараларды нақтылапты.
Мұндай жақсы жұмыс Атырау облысында да жүйелі жүргізіліп келеді. Жақында ғана облыс әкімі Серік Шапкенов жергілікті жазушылармен кездесіп, өңірдегі әдебиетті дамытудың алдағы жылдарға арналған нақты жоспар-бағдарламасын жасауды қолға алыпты.
Алматы қаласының әкімшілігі де әдебиетке қатысты бір жүйеге түскен іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді. Және осында тұратын Жазушылар одағының мүшелеріне жыл сайын арнайы стипендия береді.
Жақында Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы жазушыларының құрметіне Қаламгерлер алаңы ашылды.
Күні кеше ғана Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қаламгерлердің кітаптарын шығарып, қаламақы төлеуге арнайы мол қаржы бөлу мәселесін нақты шешіпті.
Еліміздің біраз облысы өздерінің жергілікті қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау үшін арнайы әдеби журнал шығарады. Мұндай игілікті істер басқа өңірлерде де бар.
Қызылорда облысында да қаламгерлерді қолдайтын осындай игі іс-шаралардың жүзеге асырылғаны дұрыс.
Бұл ретте Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін қаржыландыру бірінші кезекте шешілуі тиіс. Ол соншалықты қиын да емес… Облыстық бөлімше – үкіметтік емес ұйым. Ал үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру заң-ережелермен нақты реттелген. Осыған сүйене отырып, Жазушылар одағы бөлімшесін қаржымен қамтамасыз етуді реттеуге әбден болады.
Біраз облыс өздерінің дүниеден өткен белгілі қаламгерлерінің еңбегін елге насихаттау үшін арнайы мұражай, мәдениет үйі, кітапхана ашып, түрлі жиындар, салтанатты іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Сыр өңірінде де мұндай игілікті іс-шаралар жүзеге асқан. Мысалы, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Шүкіров сынды атақты қаламгерлерге облыс орталығынан жақсы ескерткіш қойылған.
Дегенмен бұлардан да басқа дүниеден өткен қызылордалық белгілі қаламгерлер бар. Солардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаев. Ол кісінің өмірден өткеніне біраз жыл болды, бірақ туған жері атақты қаламгердің еңбегі мен есімін есте қалдыру жөнінде нақты іс-шара қолға алыпты деген жақсы хабар әзірше естілмей тұр.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжановтың да есімі мен еңбегі өзі дүниеден өткен соң ескерілмей келеді.
Мұндай құрмет пен ықыласқа Сыр бойының дүниеден өткен басқа да біраз қаламгерлері лайықты. Мысалы, сонау алпысыншы жылдарда поэзия әлемінде жарқырап көрінген Серік Сейтмағамбетовтың есімі ескерусіз қалды деген әңгіме қазір жиі айтылып жүр.
Жазушыларды қолдау туралы әңгіме болғанда, ең басты міндет – олардың мерейтойларын жақсылап өткізіп, сый-сияпатты дұрыстап жасау дейтін түсінік бар. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар?! Дегенмен қаламгерге жасалатын ең басты сый-сияпат – оның шығармаларын туған жерінде жан-жақты насихаттау. Кезінде Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Сырдария кітапханасы» дейтін серия бойынша қаламгерлердің кітаптары жарық көрген еді. Болашақта осы жаңалық одан әрі жалғасса дейміз. Және мұны бизнестік жолмен де жүзеге асыруға болады. Өркениетті елдерде кітап шығару мен тарату – бизнестің ең тиімді түрінің бірі. Өзімізбен көрші Ресейде де бұл нақты жолға қойылған. Соңғы кезде біздің елімізде де кітап бизнесі ептеп жандана бастады. Енді бұл мәселе Қызылорда да қолға алынуы тиіс.
Яғни облыстағы кітап бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау жасалса, қаламгерлерге қатысты біраз мәселе оң шешімін табар еді.

Қара шаңырақ театрда қандай мұқтаждық бар?

Қызылорда облысында театр өнерін де барынша биік деңгейге көтеруге әбден болады. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында Н.Бекежанов атындағы облыстық театр, Жастар театры және Қуыршақ театры жұмыс істейді.
Қазақтың ұлттық кәсіби театрының шаңырағы 1926 жылы, республика астанасы болып тұрған осы Қызылордада көтерілген. Сондықтан қазіргі Н.Бекежанов атындағы театрды қазақ театр өнерінің қара шаңырағы десе де болады. Бұл театрда кезінде Шолпан Бәкірова, Тұрысжан Айнақұлов, Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Оралбек Әбдімомынов, Шайтұрсын Әбдібаев, Әлия Арысбаеа сынды сахна өнерінің танымал тұлғалары өнер көрсеткен. Атақты режиссер Хусейін Әмір-Темір көп жыл көркемдік жетекші болды. Танымал қылқалам шебері Серік Пірмаханов та ұзақ уақыт бас суретшілік қызмет атқарды. Театрдың Бақытбек Алпысбаев бастап, Бақытбек Темірбеков қостаған қазіргі толқыны осы жақсы дәстүрді одан әрі сәтті жалғастыруда. Мен бұл театрмен сонау сексенінші жылдардың ортасынан бері тұрақты шығармашылық байланыс жасап жүрмін. Әр жылдарда мұнда «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Өтірік айтпайтын адам» атты пьесаларым сахналанды.
Қызылорда қалалық Жастар театрымен де таныспын. Қазіргі облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі болып тұрғанда жаңадан ашылған осы театрға пьеса жазуды ұсынып еді. Соның нәтижесінде «Қызылорданың қыздары» атты пьеса жазғанмын, ол шығарма Оңталап Нұрмаханов жетекшілік ететін Жастар театрында сахналанды.
Міне, осы айтылғандарға сүйене отырып, Сыр бойындағы театрлардың жағдайын біршама білемін деуіме әбден болады. Осыған орай, бұл жөніндегі жетістіктермен ғана шектелмей, кейбір ойландыратын жағдайларға да тоқтала кетейін.
Театр – сан ғасырлық тарихы бар ежелгі әрі күрделі өнер. Театрдың қатардағы актерінен бастап режиссер, көркемдік жетекші, директорға дейінгі барлық қызметкерлері өз ісін жетік меңгерген, арнайы кәсіби білімі бар жоғары дәрежелі маман болуы тиіс. Мұндай талап орындалмаса, театрдың шынайы өнер ордасы ретінде биік деңгейге көтеріліп, көрермен көңілінен шығатын тартымды туындыларды сахналауы екіталай. Осыған орай бұрын облыста театр мамандарын дайындауға айрықша көңіл бөлінетін.
Мысалы, Н.Бекежанов атындағы театрда кезінде Ташкенттен театр институтын бітірген Сақтаған Тұрлымұратов директор болып, сәтті жұмыс істеді. Кейін ол кісі Алматыға ауысып, республика бойынша сахна өнерін жетік білетін ең мықты директор ретінде танылды.
Режиссерлер туралы да осыны айтуға болады. Бұл саладағы алғашқы қадамын Н.Бекежанов театрында бастаған Маман Байсеркенов кейін Мәскеуге барып режиссерліктің жоғары курсында оқып, ең мықты режиссер дәрежесіне көтерілді. Сыр өңіріндегі театр өнеріне ұшан-теңіз үлес қосып келе жатқан Хұсейін Әмір-Темір де режиссерлік шеберлігін Мәскеуде шыңдаған. Кезінде осы Н.Бекежанов театрында көркемдік жетекші болған Ерғали Оразымбетов Ленинград­та оқыған.
Бүгінгі таңда Қызылорда театрында осындай кәсіби білімі бар, мықты мамандардың жеткіліксіздігі анық байқалады. Соның салдарынан, театр директорлары мен режиссерлері жиі ауысады. Актерлердің де арнайы жоғары білім алғандарының азайғаны аңғарылады.
Осыған орай айтатын және бір мәселе бар. Мен көп жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып, ұстаздықпен айналысамын. Академия – өнердің актер, режиссер, әнші, суретші, драматург, продюсер сияқты барлық саласының кәсіби мамандарын дайындайтын еліміздегі ең үлкен оқу орны. Соған орай академияға талапкерлер жан-жақтан ағылып келіп жатады. Бірақ олардың арасында Сыр бойынан келетіндер айтарлықтай аз болады. Бұл ойландырады.
Яғни облыс алдағы уақытта театр қайраткерлерінің кәсіби білімі бар, жоғары дәрежелі мамандарын дайындауға айрықша көңіл бөлуге тиіс.
Театр туралы айтқан соң, көрермен мәселесіне де тоқтала кетейік. Бұрын театр қойылымдарына халық қаптап келетін. Оның үстіне кез келген театр жаз бойы ең алыс ауылдарға дейін аралап, гастрольдік сапарда жүретін. Осының нәтижесінде театрлардың көрермендері де көп, табатын табыстары да мол болды. Ал қазіргі театрларға көрерменді көбейтіп, мол табыс табудың қажеті шамалы. Өйткені біздің театрлар мемлекетке алақан жайып, дайын ақшаға ғана сүйеніп жұмыс істеуге әбден үйреніп алған. Осының салдарынан театрларымыздың көбі баяғы тұрақты көрермендерінен айырылып, ұйымдастырылып әкелінетін мектеп оқушылары мен студенттердің есебінен күн көріп отыр. Мұндай келеңсіз жағдай, өркениетті елдердегі театрларда ешқашан болмайды.
Қазір бізде заман өзгеруде, алдағы уақытта мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашу біртіндеп азаяды. Көп мәселе, оның ішінде театрлардың жұмысын ұйымдастыру мен қаржыландыру да, барлық өркениетті елдердегідей, нарық заңдылығына бейімделеді. Театрдағы көп мәселе продюсерлік қызметке келіп тіреледі. Көрермені азайған театрлардың күнкөрісі қиындап, өнер әлемінен ығыстырыла бастайды.
Міне, осындай жағдайды болдырмау үшін не істеу керек? Бұл мәселе Сыр бойы театрларының да әрқашан назарында болғаны жөн.

Надежда ақынның ізбасарлары қайда?!

Қазақ әдебиеті мен өнерін дамыту мен насихаттауға өзге ұлт өкілдерін тарту да барынша маңызды. Бүгінгі таңда республикамыздың біраз өңірінде қазақтың әні мен күйін шебер орындайтын өзге ұлт өкілдері біршама баршылық. Мысалы, Олег Никитин дейтін домбырашы орыс жігіті қазақ күйлерін керемет шертеді. Татьяна Бурмистрованың домбырамен қазақ әндерін құлпыртып айтатыны бұрыннан мәлім. Қазір әлеуметтік желіде және бір орыс жігіті қазақ әні «Дариға дәуренді» керемет орындап жүр. Телеарналарда да қазақша әдемі сөйлейтін орыс, кәріс жүргізушілер бар. Бұрын мұндай жағдай Сыр бойынан да кездесетін. Солардың бірі – кезінде ақындар айтысында талай рет топ жарған Надежда Лушникова еді.
Өзге ұлттың мұндай өнерпаз өкілдерін Сыр бойынан қазірде де жарқыратып шығаруға болады. Тек оларды іздеп тауып, тәрбиелеу керек. Жоғарыда айтылған Надежда Лушникованың ақын болып қалыптасуына Асқар Тоқмағамбетов үлкен ықпал жасаған еді. Ал енді осы Надежда ақынның ізбасасарларын қазір кім тәрбиелейді?!
Осыған орай және бір мәселеге тоқталғым келеді. Жоғарыда айтылған «Қызылорданың қыздары» атты пьесамның бір кейіпкері – орыс қызы, екіншісі – кәріс қызы еді. Бұл орыс және кәріс қыздарының прототиптерін іссапармен барғанда Қызылордадан кездестіріп, олардың қазақша сайрап, сөйлеп жүргендерін көріп кәдімгідей таңырқағанмын. Пьесаны жазуыма да сол жағдай қозғау салған. Кейін пьеса сахнаға қойылғанда орыс қызы мен кәріс қызының рөлін сол ұлттың өкілдері орындаса деп армандадым. Кезінде ол арманым жүзеге аспады. Бірақ жақында режиссер Оңталап Нұрмаханов бұл рөлді орындайтын орыс қызын тапқанын айтып, қуантты. Енді осындай кәріс қызы да табылса деп жүрмін.
Сыр өңірінен қазақ мәдениеті мен өнерін шебер меңгерген өзге ұлт өкілдері көбірек шығып, елге танымал болса, бұл бүкіл облыстың абырой-беделін биіктете түсетіні анық. Алдағы уақытта бұл мәселе де ескерілсе.

Тарихи ескерткіштерді қадірлей білейік

Қызылорда облысының Сырдария­ның екі жағалауынан бастап шығысы сонау Жезқазған, оңтүстігі Қаратауға дейін созылып жатқан ұшан-теңіз кең даласында ежелгі тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты көптеген баға жетпес құнды ескерткіштер сақталып, біздің заманға дейін жеткен. Мысалы, Шиелі ауданына қарасты «1май» деп аталатын біздің ауылдың шығысында Нәнсай деген үлкен сай бар. Сай бір заманда Сырдарияның бір арнасы болған. Сарысуға бет алғанда осы Нәнсайдан өтетін жолдың бойынан «Орысқазған» деген үлкен төбе кездесетін. Төбенің ежелгі қорған орны екендігі бірден байқалатын; құм астынан неше түрлі қызыл кірпіштер көрініп жататын. Көнекөз қарттардың айтуынша, патша заманында бұл төбені орыс археологтары қазып, зерттеген; «Орысқазған» дейтін аты содан қалған.
«Орысқазғанның» күнгейінде «Рабат» дейтін және бір төбе болды. Ол төбе барынша үлкен, шашылып жатқан кірпіштері, тіптен мол еді. Кейін білсем «рабат» көне түрікше қала, қорған деген сөз екен. Кезінде біздің ауылдың шопандарының бірі – осы Нәнсайдың бойындағы құмның астынан аяғында кісені бар алып денелі адамның сүйегін тауып алды. Аяғындағы кісеніне қарағанда, тұтқынға түскен батырдың сүйегі болса керек.
Менің де Сарысу жағасынан сауыт-сайманы және қылышымен көмілген адамның сүйегін көрген едім. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінде» (13.12, 1985 ж.) «Құмнан табылған қылыш» дейтін мақала жариялағанмын.
Сыр бойынан Сарысуға бет алған ұзақ жолдың бойында осындай неше түрлі тарихи мұралар: күмбездер, ескіше қашап жазылған жазуы бар тас ескерткіштер кездесетін. Одан әріректе, Сарысу өзенінің жағасында Белең әулие деген қорым болған. Қорымның теріскейіндегі кең алқап бір замандағы хандардың жайлауы еді деген деректі кейін өз көзіммен оқыдым. Алқаптың оңтүстік шығысында Таңбалы нұрасы дейтін биік жота бар. Жотаның Таңбалы аталуы кездейсоқ емес, оның әр тұсынан тасқа қашалған ескіше жазулар мен сурет-таңбалар (петроглиф) кездесетін. Таңбалы мұрасының бір алқабы Қалмаққырған деп аталады. Демек бұл өңірде қазақтар мен қалмақтардың қырғын соғысы болған.
Мұндай тарихи ескерткіштер Сыр бойындағы кез келген өңірде бар. Міне, осылардың қазіргі жағдайы қалай? Басқа өңірлерді қайдам, ал мен көрген жерлердегі бұл ескерткіштердің басым көпшілігі қазір жоқ болған. Оны жоқ қылған сырттан келген біреулер емес, өзіміз. Тоқсаныншы жылдардан бастап бұл ескерткіштердің көбін кім көрінген талқандап бұзып, жан-жаққа алып кетті. Жаңадан үй салғанда мұндай ескерткіштер іргетас қалауға таптырмайтын құрылыс материалы болды.
Әрине, мұндай әңгіме болса, Сыр бойында Қорқыт атадан бастап, біраз ескерткіштер қорғауға алынып, бұл жөніндегі жұмыстар жақсы жүруде деп айтуға да болады. Бірақ Сыр бойында бұдан да басқа толып жатқан үлкенді-кішілі тарихи-мәдени ескерткіштер бар емес пе? Енді солардың бәрін қаз-қалпында сақтап, келер ұрпаққа жеткізсек, бәріміз үшін де абырой.

Сөз түйіні

Сыр бойының мәдени-рухани жағдайы сөз болғанда, әншілік, жыраулық өнер мен сурет өнері туралы да айтуға болар еді. Бірақ оның бәрін бір әңгімеге сыйғызу мүмкін емес. Біз өзімізге жете таныс мәселелерге ғана тоқталдық.Мұнда айтылған мәселелерді бір жүйеге түсіріп, реттеу қиын емес. Бұл үшін оң көзқарас және шынайы жанашырлық қажет.
Сыр өңірі тарапынан әдебиет пен өнерге әрқашан да осындай оң көзқарас және шынайы жанашырлық болады деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ

 

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 10.02.2024 | 21:57

Қон

Қонақ 10.02.2024 | 21:57

Әдемі екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір