ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР және ӘДЕБИЕТ
21.06.2024
83
0

Қазір дастарқан басындағы, пабликтердегі әңгіме – күйеуінен таяқ жеген қатындардың көз жасы. Ер мен әйел бөлініп алған, бір-бірін атарға оғы жоқ, бір-бірін аңдып, бір-бірін қарауылдап, қыли көз, қырғи қабақ болып отыр. Бірінікін дұрыс десең, екіншісі бетіңді тырнап алады. Жалаулатып, алаулатып кетеміз. Отбасылық тыныштықтан маза кеткен. Ердің әйелге, әйелдің ерге қоятын шамадан тыс талаптары екі жақтың да жауапкершілікті өздерінен басқаларға аударып, шаңырақтың шайқалуына соқтыруда. Отбасының бұзылуы – біле-білгенге мемлекет­тің іргетасының құлауы. Саясат­тың ең үлкені, ең маңыздысы – отбасының ынтымағы болуы керек еді. Бір жақты жанашырлық танытқан «тұрмыстық зорлық-зомбылық» туралы заң қабылдадық. Ол қазақ ұлтының ұлт болып еңсе көтеруіне, азамат­тардың азамат болып намыс қайрауының бағы бола ма, соры бола ма, көзіміз анық жетпейді. «Шөптер мен ағаштар гүлдеп, шырындары толған кез­де өткір балтасы бар адамдарды тау бетке­йіне жібермеу керек», – деуші еді.

Бұл заңды өздерінің айлакерлігіне қолайлы көре кететін әйел жы­ныс­тылар көбеймесе болғаны да. Инстаграм парақшасындағы мына жазба ойлан­дырды. Толық жазайын: «Сіздермен соңғы рет 7 ай бұрын сөйлестік. Одан ке­йін өмірім күрт өзгерді. Бүгін оқиғаны баян­дап беруді жөн көрдім. Әрбір адам менің жағдайымнан сабақ алып, ой түйсе деймін. Көбіңіз менің Америкадан жоғары оқу орнында, магистратура (MBA) оқып, 9 жылдан ке­йін елге келгенімді білесіздер, қаржы саласында трейдер екенімді бұған де­йін де айт­қанмын. Сіздермен мені байланыстыратын да осы сала. Бұл менің нан тауып отырған кәсібім болғандықтан ақылы да, ақысыз да кеңесімді бөліскен сәт­терім көп. Трейдинг саласына қатысты сұрақтармен (әйелдің аты-жөнін толық келтірген) хат жазып жүрді. Сондай кезекті хат 2022 жылдың 4-желтоқсан күні сағат 22:30 шамасында келді. Сөйлесіп отырып, не істеп отыр­ғанымды сұрады. Мен үйде фильм көріп жатқанымды айт­тым. Ол бірге көргісі келетінін тұспалдады. Мен қарсы болған жоқпын.
Осылай жарты сағат­та өз көлігімен үйге келді. Бірге фильм қарадық. Әңгімелестік. Сонымен қыз емеурін танытып, қалауын білдірген соң жақындастық. Жасы 30 шамасындағы, тек бренд киім киген, қымбат көлік мінген әйелге керегі төсек шығар деп ойладым. Мен оны зорлайтындай оған мұқтаждық жоқ еді. Қысқасы, әйелдің көңілін қайтарғым келген жоқ. Сәлден соң (әйелдің атын жазады): «Қарным ашты», – деп назданды. Екеуіміз бірге тамаққа тапсырыс бердік. Шамамен 01:30 шамасында оны шығарып салып, алаңсыз ұйқыға жат­тым. Арада екі сағат өткенде үстімнен арыз түскенін естідім. Ол зорландым деп арыз жазған. Мен ол әйелден мұнысы жала екенін айтып, не керегін сұрадым. Ол менен 100 млн теңге талап ет­ті. «Жеті жыл өмірің менің қолымда. Билікте де, сот­та да ағаларым бар, бәрін шеше аламын», – деп өктем сөйледі. Бастапқыда оның әңгімесіне мән бергем жоқ. Сот­та қылмыстық іс анықталмағанын алға тартып, іс жабылды. Алайда екі айдан соң мені қамауға алды. Қылмысты мойныма алмаймын, соңына де­йін принципті түрде күресемін деп шештім. Ер азамат­тарға осындай паразит­терден сақ болыңдар деп үндеу тастаймын», – депті.
…Көршіміздің еркегі баласы мен әйелін, үй-жайы мен бар тапқан-таянғанын бір күнде тастап, екінші ауылдағы үш баласы бар келіншектің қолына кіріп алды. Алғашында «шайтан азғырған шығар, балалары тұрғанда қайда барар дейсің, әлі-ақ қайтып келер» деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмады. Алды 12-13-ке, соңы 3-ке келіп қалған ұлдардың біздің үйге естіліп жататын у-шу даусы бәсеңдеп, бертін келе естілмейтін де болды. Бір шаруамен олардың ауласына кіре қалсаң, кіші екі ұлы кешкі уақыт­та үйдің кіреберісіндегі табалдырықта ойнап отырғанын көресің.
– Мына екеуі көшеге де шықпай, үйге де кірмей ойнайтын «жақсы жер» тауыпты-ау, – дедім, отырған жерлері көзіме қолайсыз көрінген соң.
Көршім мұңайып:
– Әкелері осы көшемен өткенде машинасын көріп қалу үшін өстіп ойнап отырады бұлар. Оның машинасының дауысын ағылып жатқан сан машинаның ішінен қалай ажырататындарына таңмын, – деп дауысы қамығып шықты.
Жүрегім езіліп кет­ті. Әке мен шеше арасындағы түсінбеушілік дегенді олар білмейді. Оларға әкесі мен шешесі жандарында болса бол­ғаны, жүрегі соны қалап, жаны соны тілейді. Дәл қазір
оларға өзге бақыт­тың керегі жоқ.
– Папам келсе балмұздақ та, сникерс те сұрап мазасын алмайтын едім, – деп кішісі бұртияды. Әкесінің келмей жүргеніне өзінің тәт­тіні көп сұрайтыны себепші болғандай.
– Мамам папамның машинасының терезесін күрекпен ұрып сындырмағанда ол кетіп қалмас еді, – деп алты жастағысы оған әлденені «түсіндіреді».
Әңгімелесе отырып ойындарын жалғастырғанымен көңілдері сыртқа алаңдап, құлағын ары-бері өткен машина дыбысына түріп отырғандары байқалады. Көшенің шаңын бұрқыратып, таныс машина зу етіп өте шықты. Бәріміз бір сәт сол жаққа мойын бұрдық. Содан соң үнсіз жерге қарадық. Екі баланың басы төмен салбырап кеткен. Алты жастағысының көзінің жиегі
қызарып шыға келді. Үш жастағысы орнынан тұруға ұмтылған қалпында, аңырап шешесіне қарады. Бәріміздің ішкі өзегімізге өкініш түсті…
Отбасына деген сүйіспеншілік емес, әркімнің өзіне сүйіспеншілігі артып, «мен – дарамын, тұлғамын, менің шекарамды ат­тама» дегеннің кесірі-ау. Сыңарың саған адамгершілік көрсетуі үшін, сен оған адамгершілік көрсетуің керек, яғни қарым-қатынас пен көңіл күй бір толқында болғаны жөн. Ол үшін адамгершілік құлықты тәрбиелеу керек. Ол қалай тәрбиеленеді? Әдебиет арқылы дейміз ғой енді.
Әдебиет­тің тау тұлғасы Бейсембай Кенжебаевқа өз әкесіндей қараған Баян Адырбектен алған сұхбатымда мынандай әңгіме айт­қан: «Алма Оразбаева орыс нәсілді азаматқа тиген. Жарасымды, жақсы отбасы болған. Мәскеу бір күні Алманы Моңғолияға арнайы тапсырмамен жіберіпті. Алманың емшекте баласы бар екен. Сол сәбиге қарар деп ауылдан сіңлісін алдырады. Емшектегі баласын байы мен сіңлісіне қалдырып, Алма Моңғолияға кете барады. Әйел адамның сырт­та қайдан жағдайы болсын, жадап-жүдейді. Алайда коммунистік тапсырма, өз бетінше тастап кете алмайды, бас тартуға тағы болмайды. Араға жыл ма, жоқ одан да көп уақыт салып па, Қазақ­станға оралады. Күйеуі, сіңлісі қарсы алады. Сіңлісі екіқабат. Шермиіп тұр. Күйеуі жайлап әңгіме бастайды: «Алма, сен Моңғолияға кеткенде біз бәленше екеуіміз қосылып қойдық. Енді бала күтіп отырмыз. Сен, кешір!».
«А-а-а», – деген даусы шығады Алманың… Алма жынданып кетеді. Алматыдағы арнайы ауруханаға жатады. Арнайы пансионат бөліп, қасына дәрігер қояды. Жазылмайды. Жүдеген. Меңіреу. Айдалаға қарап отырады. Орынсыз ха-ха-лап күледі. Бебеулеп жылайды. Бірде томсырая қалады…
Қаһарлы 1937 жыл. Орыс нәсілді жігіт – халық жауы. Ұсталып кетеді. Қорек керек. Сіңлісі нәпақа үшін қуылып жүріп, Алманы қолына алады. Ақыры Шымкент­те тұрып жатқанда Оралға жайдақ машинаның үстіне жайғастырып, ат­тандырып жібереді. Жолда «Машат асуында» суық боранға тап болады. Алма үсіп өледі. Сүйегі Қаратау мен Алатаудың түйіскен бір жерінде қалады. Зираты жоқ».
Бұл туралы Құлбек Ергөбек повесть жазам деп уәде берген екен. Орындай алмағанына өкінеді. Ол кез­де гендерлік сая­сат жоқ. Әсіре большевиктік ықпалдың әсері. Сол кезеңнің ақиқаты. Мемлекет­тің отбасының тыныштығы мен уайымын елемеуі. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетіндегі басты тақырып – әйел тақырыбы, отбасы тақырыбы еді.
Л.Н.Толстойдың Анна Каренинасынан гөрі Н.Карамзиннің «Бедная Лизасының» оқырманы көп болған секілді. Чукча ұлты үйіне келген қонағын әйелінің қасына, өзінің төсегіне жатқызады. Қонақпен
бірге Тәңірі ырыс-несібе жібереді деген наным… Таңертең орнынан
тұрған отағасы әйелі мен құдайы қонақты бет­тестіріп отырып жүзіне телміреді. «Қонақ пен әйелі арасында төсек қатынасы болды ма?». Болса, құба-құп. Құт­ты қонақ санап, күтіп шығарып салады. Болмады ма? Аяушылық күтпеңіз…
Біз мұны қайдан біліп отырмыз? Өз ұлты чукчаны сүйетін, чукчаның ұлт­тық әдебиетінің негізін салушы Юрий Сергеевич Рытхэу шығармасынан. В. Шишковтың «Тайгасы» да моральды, ар-ұят­ты, отбасылық құндылықтарды белінен басқан деревня өмірі туралы.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі әйел, отбасы мәселелеріне кім кінәлі деп сұрақ қатып, оған: «Қоғам, ескі қазақи дәстүр», – деп жауап беріп келдік. М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы», «Кім жазықтысы?», С.Көбеевтің «Қалың малы», Ж.Аймауытовтың «Ақ білегі» де – қазақ басындағы әлеумет­тік торығу, отбасылық дағдарыс кезінде «әй, осы біз ел болмаймыз-ау» деген тұста өмірге келген шығармалар. ХХI ғасыр бұл сұрақты қайыра қойып отыр. «Алқа» баспасы бұл
бағыт­та игі шараны қолға алып, ел болмақ – анадан, елдің өсуі де – анадан, өшуі де – анадан деп, аналар, әйелдер, отбасы туралы романға байқау жариялады. Ғ.Ибраимовтың «Қазақ қызындай», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуындай» шығармалар өмірге келеді деген үміт­теміз.
Тек қазақтың өміршең салт-дәстүрін өлімсек етіп, оны ескірген деп, өзгенің қаңсығын жаңашылдық деп жүрмесек болды.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір