ChatGPT және қазіргі әдебиет
10.02.2024
220
0

Қазіргі қазақ әдебиеті мен оның болашағы жайлы әңгіме төңірегінде сөз сөйлеуден де байқау ұйымдастыруға болатын сияқты. Мәреге бірдей жететін дәрежеміз бар. Алайда әдебиет туралы пікірталастардың басым бөлігі жүйесіз іске көшіп бара жатқанын да аңғаруға болады. Айтылған пікірлерді бекітетін хат­тама, оны саралап баспа бетінде жариялайтын мақала, ол мақаланы жазатын қаламгер де тапшыға айналып барады емес пе? Осы тұста әлем әдебиетінде пайда болған жаңа дискуссиядан ат­тап кете алмайтынымыз анық. Кеше ғана жасанды интеллект­тің ауылы алыста көрінгенімен, қазір бәрі өзгерген. 2022 жылдың қарашасында кез келген адамға қолжетімді жасанды интеллект құрылғысы ChatGPT іске қосылғаны мәлім. Бұл құралдың күн санап адамзат тіршілігінің барлық саласына белсене араласып келе жатқанын да көріп отырмыз. Кезінде Илон Маск негізін қалаған OpenAI компаниясының жұмысының нәтижесінде қазіргі таңда біршама мамандық вакансиялары жасанды интеллектімен алмастырылып отыр.

ChatGPT – чат-бот негізінде қызмет ететін жасанды интеллект құрылғысы. Оның жұмысы диалогтік режимде жүзеге асатындықтан, адаммен коммуникация құру арқылы желідегі барлық ақпарат­ты басқарып, кез келген мәтін формасын құрастыра алатындай қуаты бар. Мәтін құрастыру функциясы көркем шығарманың сюжетін, шығармасын, өлең ұйқасын, драматургиялық сценарийге дейін қамтамасыз ететіні әлемдегі барлық шығармашыл қауымдастықтар тарапынан үлкен алаң туғызып отыр.
2023 жылдың ақпан айында жасалған санаққа сүйенсек, ChatGPT қолданушылар саны 100 млн адамға дейін жеткен. Соңынан наурыз айында GPT-4 жаңа модулі іске қосылды.
Кезінде қиял-ғажайып ертегілерден бастап антиутопияға дейін арқау болған сюжет­тер қазір біздің шындыққа айналғанын байқамағандай да боламыз. ChatGPT туралы зерт­теу мақалалар, қызу пікірталастар мен жалпы ақпарат интернет­те жеткілікті. Біздің ендігі әңгіме – жасанды интеллект­тің өнер әлеміне әкелетін һәм қазір-ақ орындап жатқан өзгерістері төңірегінде өрбісе…
ChatGPT диалогі көркем шығармалардың, киносюжет­тердің, телехикая­лардың жалғасын ойлап тауып, оны түрлендіріп, альтернативті шешімдеріне дейін мәтін формасында ұсына алады. Мәселен, желіде біраз талқыға түскен америкалық дизайнер Аммар Решидің жасанды интеллект көмегімен 2 күнде жазып шыққан «Alice and Sparkle» ертегілер кітабі Amazon арқылы сатылымға шығып үлгерген. Және сатылым көрсеткіштері де жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Кітаптың сюжеті ChatGPT көмегімен жазылып, ал иллюстрациялары Midjourney платформасы арқылы салынған. А.Решимен бірге жасанды интеллект шығарманың авторы ретінде бірге көрсетілген. Алайда кітаптың мазмұнына назар салсаңыз, плагиат­тық сарындағы дүниелердің самсап тұрғанын байқар едіңіз. Автордың айтуынша, ChatGPT-мен жұмыс шығармашылық потенциалы жоғары көмекшімен бірге ой өрбітіп, әңгімелескенге ұқсайды. Бірақ аталмыш құрылғының негізгі қуаты желідегі толассыз ақпарат екенін ескеретін болсақ, ондай шығармашылық қуат­тың генерациясы басқа танымал шығармалардан алынатыны түсінікті жай. Дәл осы мәселе шығармашылық қауымдастықтардың наразылығын тудырып отыр. Яғни авторлық құқық мәселесі жаңа деңгейге көтерілетінін болжауға болады. Midjourney құрастырған иллюстрациялар да қарапайым табиғи заңдылықтарға қарама-қайшы дүниелерді қиыстырып көрсеткен. Бұл да – өз алдына бөлек бір мәселе.
ChatGPT машинасының сызбасы адам миындағы нейрондарға мейлінше ұқсас құрастырылған. Алайда сәйкестікті жалпы құрылымына ғана қарап айтуға болады. Адам баласының миындағы жұмыс істеу қуатын дәлме-дәл қайталау неғайбыл екені анық, әйтсе де, бұл да жеке адамның интеллект қуатына байланысты. Дегенмен робот­тар дәуірінде өмір сүретініміз бен жасанды интеллектінің бізге бәсеке құра алатындай мүмкіндігі бар екенін жоққа шығару мүмкін емес болып отыр.
Басқа салаларды ысырып қойғанда, әлем әдебиеті саласында ChatGPT айналасындағы қызу пікірталастар сағат санап өсуде. Ал біздің қазақ әдебиетіне ChatGPT қандай да бір ықпал тудыратынын болжап айту мүмкін бе?
Біріншіден, әзірге ChatGPT қазақ тілінде сапалы жұмыс атқара алмайтынын атап өту керек. Грамматикалық, стилистикалық, лексикалық жағынан қателіктерге жол беретінін байқау қиын емес:
Жоғарыда көріп отырған мысалдардан кейін жасанды интеллектінің қазақ тілінде қызмет ету ауылы алыста болып көрінуі мүмкін. Алайда 2022 жылы iOS 16 интерфейсі қазақ тілін қосып, оның қызметін сапалы түрде жүзеге асырып келе жатқанын еске сала кеткен жөн. Google қолма-қол аударма жасау платформасы да күн сайын қазақ тілінің сапасын жоғарылата түсетінін мо­йындау қажет-ақ. Себебі қазақ тілінде сұраныс бар. Енді кемінде бір немесе ең көп дегенде 3 жыл төңірегінде қазақша контент­тің сапасы жетілетініне де күмән тудыруға болмайды.
ChatGPT құрылғысының қазірден бастап-ақ қазақ әдебиетіндегі потенциалы жоғары деп ойлаймын. Себебі қазіргі қазақ әдебиетінде адасқақ вакансиялар дәурені басым болып тұр. Мысалы, қазақ поэзиясында ұйқасты шеберлік деңгейіне жеткізгендердің орнына ChatGPT-дің ұйқас құрастыру моделі келсе, біршама «ақындарға» бәсеке алаңы пайда бола алады. Проза жанрында да сюжет­ті шытырман оқиғалармен толықтыруды ChatGPT қызметі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі туады. Қазіргі қазақ әдебиеті нарыққа жақын емес екені мәлім. Әдебиет арқылы табыс табуға талпынатын жекелеген авторлар бар болғанымен, көпшілік ақын-жазушылардың жұмыс алаңы журналистика, тапсырыспен мәтін жазу, аударма сынды салаларда екенін заман көрсетуде. Ендігі кез­де бұл вакансиялар ChatGPT үшін де ашық болады. Жасанды интеллектінің жұмыс істеу жылдамдығы және қаржы жағынан тиімділігі бұл процесті тездете түсуі де ғажап емес. Сонда ChatGPT мәтін жазу саласында сөзсіз мықтыларды, имиджі өтімді, шығармашылығы қайталан­байтын қуатқа ие қаламгерлерді ғана қалдыратынын болжасақ болады екен.
ChatGPT-дің қазіргі таңда анық сезілетін болжамдарының тағы бірі – мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын әдеби сайыстардың құнсыздануы. Әсіресе қазіргі поэзияға сөз көркемдігі арқылы жақындау формуласына жасанды интеллектінің де күші жететінін есептеп шығаруға болады.
ChatGPT барлық салаға өзінің оң және кері әсерін бірдей әкелетіні сөзсіз. Автомат­ты түрде мәтін жазу оқушы, студент­тердің, шығармашылық топтардың тежеушісі болатындай потенциалы бар. Алайда шығармашылық қуат­ты аса қажет етпейтін қағаз жұмыстарына ыңғайлысы да осы ChatGPT болмақ. Жасанды интеллектінің әсерінен қорқыныш тудыратын ақпарат­тар тез тарауда. Әрине, оның адамзат­тың алдағы өміріне әкелетін өзгерістерін енді кері айналдыру мүмкін емес. Біздің бар мақсат-мұратымыз – өзімізді сақтап қалу. Бұл орайда ChatGPT сынды жасанды интеллектіден қашанда биікте тұратын адамның шығармашыл, сыни ойлау қабілетіне сенім білдіру керек. Ал ол үшін адам баласына алдымен әдебиет, өнер қажет…
Мерри Шеллидің «Франкенштейн немесе Заманауи Прометей» шығармасын қайта оқып шығудың сәті түскен сияқты… Бұл тақырып соңғы жылдары шыққан шығармалар ішінде британдық жазушы Кадзуо
Исигуроның «Клара және күн» романында да жақсы ашылған. Жасанды тіршілік пен шынайы өмір арасында таңдау жасау – жаңа заман талабы. Ойланып көрейік…

Ақерке АСАН,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір