Әдебиет және өнер институты: кеше, бүгін, ертең
28.12.2024
75
0

Сәрсенбінің сәтіне орай, Алматыдағы Ұлттық кітапханада Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының 90 жылдық мерейтойына орай «Ұлттық әдебиеттану мен өнертану: тарих тағылымы және заманауи ізденістер» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы басқосуға осы саланың өркендеуіне үлес қосып жүрген танымал ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Кенжехан Матыжанов алдымен жиылған қауымды институттың торқалы тойымен құттықтап, ел өмірінде елеулі орын алатын рухани сала қызметкерлеріне табыс тіледі. Кіріспе сөзінде білім мен ғылым ордасының 90 жылдық мерейтойы алдымен, Астанада жоғары деңгейде аталып өтілгенін тілге тиек еткен Кенжехан Ісләмжанұлы, институттың кешегі тарихы мен бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстары және болашақтағы жоспарлары жайында кеңінен әңгімелеп өтті.
1934 жылы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбановтардың бастамасымен тарих, археология, тіл, әдебиет және фольклор, бейнелеу, музыка, театр, хореография өнерін зерттеумен айналысу мақсатында құрылған Қазақ Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институты болып құрылған ғылым ордасы 1961 жылы осы институт негізінде Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының Әде­биет және өнер институты болып жеке бөлініп шыққаны белгілі. Осы жылы тамыз айында институтқа М.Әуезовтің есімі беріліп, содан бері қазақ әдебиеті мен фольклорын және өнерін зерттейтін бас ғылыми мекеме ретінде жұмыс жасап келеді. Институтта ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі аталған салаға жан-жақты талдау жасап, қазақ әдебиеті классиктері шығармаларының академиялық жинақтарын, ұжымдық ғылыми монографиялар, сериялық басылымдарды шығарып келе жатқан қара шаңырақ «Бабалар сөзі» 100 томдығын, М.Әуезовтің 50 том­дығын, «Қазақ әдебиеті тарихы» (10 том), «Қазақ музыкасының анталогиясы» (5 том), «Қазақ өнерінің тарихы» (3 том), «Классикалық зерттеулер» (34 том), «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен «Жамбыл», «Абай», «Күләш», « Құрмағазы», « Әбілхан Қастеев» сынды көптеген кітаптарды дайындап, оқырманға ұсынған.
Баяндамашы институтты әр жылдары М.Әуезов, М.Базарбаев, Ә.Шәріпов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ш.Ыбыраев, С.Қасқабасов, С.Қирабаев сынды белгілі ғалым-қаламгерлердің басқарғанын айта келіп, өткен уақыт аралығында инс­титута еңбек еткен тұлғалар, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ғалымдарды да еске салып өткен. Осыдан кейін Кенжехан Ісләмжанұлы соңғы жылдардың жемісі деуге тұрарлық жаңа кітаптар мен зерттеу еңбектеріне тоқталып, саланың дамуына ерекше еңбек етіп жүрген әріптестеріне де ыстық ықыласын білдірген.
Дөңгелек үстел басындағы жиынның ең бір айта қаларлық оқиғасы деп, әдебиет пен өнерді дендей зерттеп жүрген ұжым мен жекелеген ғалымдар даярлаған жаңа кітаптардың тұсаукесерін айтуға әбден болады. Бұл жолы фольклортану, қолжазбатану және фольклор, Абайтану, қазіргі әдеби процесс, Әуезовтану, әдеби байланыстар, театртану, бейнелеу өнері, музыкатану салалары бойынша, ғылыми еңбектердің таныстырылымы жүргізіліп, тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде аталып өткен.
Аталған тақырыптар бойынша, инс­титут­тың «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Жұмашай Рақыш, «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаева, «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Гүлжаһан Орда, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Гүлзия Пірәлі, «Әлем әдебиеті және халықаралық қатынастар» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Светлана Ананьева, «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан, «Бейнелеу өнері» бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Диляра Шарипова, «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Айнұр Қазтуғановалар баяндама жасап, ұжымдық кітаптардың мазмұны мен мағынасы жайлы әңгімелеп, алдағы атқарылар жұмыс жоспарлары жайында ой бөлісті.

Қуат Әбіл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір