КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ: ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен елімізде әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салада көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асуда. Мемлекет Басшысының Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдауы – осы саладағы жақсы жаңалықтардың бірі болды. Қабылдауда Президент еліміздің өсіп-өркендеуінде қаламгерлер қауымының еңбегі зор екендігіне тоқталып, қазақ әдебиетінде оқырман талғамына сай, көпшілік іздеп жүріп оқитын қызық туындылар жазылу керектігін және жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше қамқорлық жасау қажеттігін атап айтты.
Демек, ұлттық әдебиетімізді дамытуда жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Бұл мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін не істеу керек?
Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бұл жөнінде негізгі бағыт-бағдарды айқындап: «Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау керек», – деп атап көрсетті.
Демек, алдағы уақытта мәдениетіміздің барлық саласын, оның ішінде әдебиетімізді де креативті индустрияның негізінде дамытуымыз керек. Бірақ бүгінгі таңда басқалар түгілі шығармашылық өкілдерінің өздері де креативті индустрияның мән-жайын, оның өздеріне қандай қатысы бар екендігін біле бермейді. Сондықтан бұл туралы айта кетейік. «Мәдениет туралы» заңда «Креативті қызмет – шығармашылық қызмет нәтижелерін коммерциялауға байланысты қызмет түрлері» деп айтыла келе «креативті индустриялар жеке және заңды тұлғалардың креативті қызметінің нәтижелерін жасау, шығару, қайта жаңғырту және жаппай тарату жөніндегі индустриялар» деп атап көрсетілген. Бұл заңның тілін жазушы тілімен түсіндіріп айтсақ, «Креативті индустрия дегеніміз – қаламгердің кітап жазу, оны баспадан шығару немесе бұрынғы жарық көрген шығарманы қайта бастыру, сосын ол кітапты кітапханаларға тарату не сатуға шығару» деген мағынаны білдіреді.
Яғни бүгінгі жазушының бүкіл шығармашылық тірлігі осы креативті индустрияға барып тіреледі. Бұл жағдай тек жазушыға ғана емес, театрда спектакль қоюдан бастап кино түсіру, газет-журнал шығару, радио мен телехабарлар таратуға дейін бәріне қатысты. Яғни бұл саладағы шығармашылық туындының креативі индустрияның бір секторы ретінде коммерцияландыру арқылы өзіне жұмсалған шығынды толығымен өтеп, авторларға да, мемлекетке де міндетті түрде пайда әкелуі керек.
Мұндай мысалды өзімізбен көрші Ресейден келтіруге болады. Бұл елде театр өнері креативті индустрия секторының ең алдыңғы қатарынан орын алады. Оларда көрермендер әрқашан да мол, түсетін табыс та жоғары. Мысалы, Мәскеу театрлары Алматыға гастрольдік сапармен келіп тұрады. Сонда байқайтынымыз, олардың спектакльдеріне сатылатын билеттердің бағасы 10 мың теңгеден басталып, 30-40 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ көрермендер сонда да оларға ағылып барып жатады.
Шетелдерде кітап шығарып тарату да креативті индустрияның бір секторы ретінде кәсіпкерліктің ең тиімді түрлерінің біріне айналған. Қазақстанның кітап дүкендерін Ресейден шыққан дүниелердің «жаулап» алуы осының нақты көрінісі. Біздің кинотеатрларымыз бен телеарналарымызда шетел кинолары мен телесериалдарының күні-түні тынбай көрсетілуі де осы креативті индустриялардың нәтижесі.
Креативті индустрия және шетел
Креативті индустрия бүгінгі таңда өркениетті мемлекеттердің бәрінде халық шығармашылығы, музыка, мәдениет және демалыс мекемелері, баспа ісі, кино және анимация, фотография, ақпарат құралдары архитектура, кітапхана, мәдени мекемелері, тарихи мұра және басқа да, барлығы 16 секторға бөлініп, тұрақты жұмыс істеп, пайда тауып, мемлекеттің экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын қуатты күшке айналған. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың әрқайсысында бұл саладағы қаржы айналымы жылына 1 триллион доллардан асады екен.
Креативті индустрия және біз
Ал креативті индустрия Қазақстанда қалай дамуда? Бұл жөнінде бірдеңе айтудың өзі қиын. Өйткені мәдениет саласындағылардың басым көпшілігі креативті индустрияны дамытпақ түгілі, оның не екенін де білмейді; білсе де оған мүлдем қарсы. Яғни бізде әдебиет пен өнерді экономикамызды дамытудың бір құралы ретінде пайдалану деген ұғым мүлдем жоқ. Керісінше, бұл саладан ақшаны аямау керек, оған берілген қаржының қайтарымын талап ету сауатсыздық деген түсінік кеңінен қалыптасқан.
Нақты мысал келтірейік. Біз театрларымыздың жұмысын нарық заңдылығына бейімдеу керек дегенді үнемі айтып та, жазып та жүрміз. Соған орай жақында Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин бастаған біраз драматургтер мен театр сыншылары бірлесіп, Қазақстан театрларының жұмысын жетілдіру, оның ішінде қаржыны оңды-солды шаша бермей, тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар дайындап, жоғарыға жіберіп едік. Осыған байланысты театрларға бюджеттің қаржысын дұрыс пайдалану туралы нақты тапсырма келген көрінеді. Бірақ мұндай тапсырма кейбір театр басшыларына ұнамай қалыпты. Сосын олар дереу әлгі ұсынысқа қатысы бар театр сыншыларына байланысқа шығып: «Неге тыныш жүрмейсіңдер?! Қаржыны біздің қалай жұмсайтынымызда не шаруаларың бар?! Енді қайтып маңайымызға жоламаңдар!» – деген сыңайда қоқан-лоқы жасаған.
Ал енді осындай дау шығарған театрдағылар Президенттің креативті индустрияны дұрыс жүргізіп, бюджет ақшасын тиімді жұмсап, пайда келтіріңдер деген тапсырмасын қалай қабылдады екен оны өздері біледі; бірақ көрермендерді көбейтіп, табысты жақсартып, бюджеттен түскен қаржының қайтарымын қамтамасыз етіп, мемлекетке пайда келтірейік деген ұғым-түсініктің төмен екендігін енді мойындайтын шығар?! Тіпті театрларымыздың бұл жөніндегі жұмысы бұдан отыз-қырық жыл бұрын әлдеқайда жақсы еді. Ол кезде көрермен барынша мол болатын, оның үстіне барлық театрлар жаз шыға Қазақстан мен көршілес республикалардың ең шалғай ауыл-аудандарына дейін аралап, екі-үш ай гастрольдік сапарда жүретін. Соның нәтижесінде театрлар табысы барынша мол, ең ауқатты, бай мекемелердің қатарынан орын алатын. Қазір оның бәрі ұмыт болған.
Егер театрларға жылына бюджеттен қанша қаржы бөлінді, билет сатудан қанша пайда түсті дегенге дұрыстап есеп жүргізсек, бұған оп-оңай көз жеткізуге болады. Бірақ бұл мүлдем ескерілмейді. Оның есесіне, қазіргі театрларымыз үшін ең басты мақсат та, мақтаныш та – түрлі фестивальдерге қатысып, жүлдегер атану. Егер бір жүлдеге қолдары жетсе, оны театрдың ең басты жетістігі ретінде айтып, мақтанып жүреді. Ал сол мақтанған спектакльге көрермен қалай келуде, жұмсалған қаржының қайтарылымы қандай деген әңгіме ешқашан ашып айтылмайды.
Және мұндай масылдық көзқарас мәдениеттің барлық саласында, әсіресе кино өндірісінде кеңінен тараған. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жақында Алматыға келіп драматургтермен, театр сыншыларымен кездесу өткізгенде біз осы жөнінде де әңгіме қозғағанбыз. Мысалы, бұдан бұрын Қазақстанда соңғы отыз жылда бюджет қаржысына үлкенді-кішілі 600-ден астам фильм түсіріліп, оның 8 пайызы яғни 50-і ғана прокатқа шығып, қалған 550-і ешкімге керек болмай далада қалғаны ресми түрде жарияланды. Ал өткен жылы осындай 62 фильм түсіріліп, оның 12-сі ғана көрерменге жол тартып, қалған 50-і мүлдем көрсетілмеген. Бірақ мұндай мәселелер жөнінде еш жерде ешқандай әңгіме болмайды. Оның есесіне біздегі кейбір фильмдердің халықаралық фестивальдерге қатысып жүлдегер атанғаны үлкен жетістік ретінде кеңінен насихатталады. Ал сұрастырып көрсең, бәйге алған ол фильмді ешқандай шетелде де, тіпті бәйге берген сол елдің өзі де, ең аяғы біздің өзімізде де керек етпеген болып шығамыз.
Міне, осындайда мемлекеттік бюджет есебінен түсірген киноларының 80-90 пайызы ешкімге керек болмай, босқа қалатын жағдай Қазақстаннан басқа қай мемлекетте бар деген сұрақ туады. Бұл сұраққа сол киноларды түсірген режиссерлар мен кинотанушы сыншылар жауап бермесе, біз ештеңе айта алмаймыз.
Кітап шығарып таратудағы жағдайымыз да осыған ұқсас. Мысалы, соңғы уақытта бізде «Жұрт кітап оқымайды, бәрі телефонға қарайды, әлеуметтік желілерді көреді» деген сияқты сарыуайымға салынған әңгімелер жиі айтылады. Бірақ бұл пікірмен келісу қиын. Оған да дәлел келтірейік. Биылғы оқу жылының алдындағы тамыз кеңесінде мектептерімізде балалар оқитын кітап, әсіресе көркем әдебиет жетіспейді деген әңгімелер Қазақстанның әр түкпірінен де естіліп жатты. Бұл – ащы шындық. Өйткені жыл өткен сайын қазақша оқитын балалардың саны үздіксіз өсуде. Биыл Астана қаласында бірінші сыныпқа 36 мыңдай бала барған, соның 26 мыңға жуығы қазақ мектебінде оқиды. Ал бүкіл еліміз бойынша қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған оқушылардың өзі 300 мыңға жуықтайды екен. Демек, мектептердегі бүкіл сыныптарды қоссақ, қазақ әдебиетін қажет ететін оқушылардың ұзын саны бірнеше миллионға жетеді. Оның сыртында жүздеген мың жастар жоғары және арнаулы оқу орындарында оқиды. Қазақша білім алып, қазақша көркем әдебиетке сусап отырған осы миллиондаған жастарды кітаппен қалай қамтамасыз етеміз?
Бұл сұраққа жауап іздегенде бірінші кезекте қазіргі Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әлеуметтік маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы еске түседі. Бүгінгі таңда Қазақстандағы көркем әдебиетті шығару жөніндегі ресми түрде бекітілген ең басты құжат – осы бағдарлама. Және бұл бағдарламаға айтарлықтай мол қаржы бөлінеді. Бірақ ол бағдарлама бойынша шығатын кітаптардың таралымы 3 мың дана ғана. Ал сонда бұл 3 мың дана әлгі көркем әдебиетке құштар болып отырған сан миллион жастарға қалай жетеді? Оның сыртында, қазақша кітап оқығысы келетін қалың бұқара халық бар ғой, олар қайда қалады? Бұл сұраққа қазіргі Қазақстанда ешкім де жауап бере алмайды. Міне, осының бәрін көріп, біліп отырып ешкім кітап оқымайды деп қалай айтуға болады?
Киноға, театрға, көркем әдебиетке қатысты айтылған бұл әңгімелер креативті индустрияны дамытудың Қазақстанда барынша кенже қалғанын көрсетеді. Президенттің күн тәртібіне қойған мәселесі де осыдан туындаған. Енді осы жағдайды реттеу үшін не істеу керек?
Креативті индустрия және әдебиет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Қазақфильмнің» төрағасы Азамат Сатыбалдыны қабылдап, киноөндірісін креативті индустрияның жеке секторы ретінде қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Сондықтан да алдағы уақытта кино саласындағы барлық мәселе өз шешімін табады деп ойлаймыз.
Театр туралы да осыны айтуға болады. Яғни театр қайраткерлері Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта мемлекеттің қаржысын босқа шаша бермей, өз жұмыстарын креативті индустрияландырудың негізінде жүргізеді деп үміттенеміз.
Ал біз бұдан әрі өзімізге тікелей қатысты бар кітап шығару мәселесі туралы ғана сөз қозғамақпыз.
Президент Ұлттық құрылтайда креативті индустрияның қатарына кітаптарды да қосып атап көрсеткенін жоғарыда айттық. Демек, бұдан былай әдебиетімізді дамытып, оқырмандарымызды көбейтіп, дұрыс қаламақы алғымыз келсе, онда жарық көретін кітаптарымызды креативті индустрияға бейімдеп шығаруымыз керек.
Бұл мәселе бірінші кезекте жоғарыда айтылған «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасына келіп тіреледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл Бағдарламаға бюджеттен айтарлықтай мол қаржы бөліп, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша біраз баспаларға қаржы беріп келеді. Ал бұл баспалар алған ақшаларына кітаптарды конкурс шартына сәйкес 3 мың таралыммен ғана шығарып, кітапханалар мен басқа да тиісті мекемелерге жеткізіп, артылған ақшаны өз пайдаларына жаратып, тып-тыныш отыра береді. Өркениетті елдердегідей кітаптардың таралымын көбейтіп, саудаға шығарып, халықтың сұранысын қанағаттандырайық деген мақсат ешкімнің ойына да келмейді.
Қысқасы, әдебиетке жанымыз ашитыны, шығарған кітаптарымыздың таралымы көбейіп, халықтың сұранысын өтеп, мемлекетке де, авторға да пайда келтіргіміз келетіні рас болса, онда Президенттің тапсырмасына сүйене отырып кітап шығаруды креативті индустрияның бір секторы ретінде жүргізуіміз керек.
Қаламақы мен әдеби агенттіктерге қатысты мәселелерді осы жолмен де шешуге болады.
Жаңарған министрлік, қайта оянған үміт
Біз мәдениетімізді дамытуға қатысты жоғарыда айтылған мәселелерді ақпарат құралдарында бұған дейін де сан рет жазғанбыз. Тиісті министрліктер мен басқа да жоғары орындарға ұсыныс та жолдағанбыз. Бірақ ол жазғандарымызға судыраған қызыл сөзден басқа ешқандай нақты жауап алмағанбыз. Сөйтіп, үмітіміз үзілгендей болып жүр еді.
Мемлекет басшысы мәдениеттің барлық саласын нарыққа бейімдеп, жаңаша дамыту жөнінде нақты тапсырма бергеннен кейін бұл үмітіміз қайта оянғандай болды.
Мәдениет пен ақпараттың бір министрлік болып қайта құрылып, бұл екі саланы да жақсы білетін Аида Балаеваның министр болып тағайындалуы бұл үмітімізді, тіптен нығайта түсті.
Бұл Министрлікте кітап шығару көптен бері Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің көлеңкесінде қалып, елеусіз күн кешіп келген еді. Министрліктегі жаңа өзгерістерге байланысты енді бұл комитет – Архив, құжаттама және кітап ісі деп аталатын болыпты. Бұл жаңалық та министрліктің әдебиетке деген ынта-ықыласы мен қолдауын арттыратыны анық.
Дегенмен Министрліктегі бұл жаңалықтар мәдениетіміздің барлық саласын креативті индустрияландыруға бірден кедергісіз кең жол ашады деу де қиын. Бұрын қаржыны тегін алып, керегінше жұмсап үйреніп қалғандар енді аяқастынан өз жұмыстарын коммерцияландыруға бірден қызу кірісіп кете ме, жоқ әлде шамалары жеткенше әртүрлі тәсілмен оған кедергі жасай ма – ол жағы әлі белгісіз. Тіпті бұл жаңалықты қостағанмен, оны жүзеге асырудың мән-жайын білмей, тұйыққа тірелетіндердің де кездесетіні анық.
Мұндай жағдайды болдырмаудың біздің ойымызша жалғыз-ақ жолы бар. Ол – Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамынан креативті индустрия мәселесімен айналысатын жеке комитет құру. Бұл комитет бүкіл Қазақстандағы мәдениет пен ақпарат саласындағы креативті индустрияны коммерцияландыру жұмыстарын ұйымдастыруға бағыт-бағдар беріп, орындалуын қадағалап, қажет жағдайда өзі де нақты шешім қабылдап отыратын құзырлы мекеме болуға тиіс.
Шығармашылық саланы креативті индустрияландыруды қолға алғанда заңнамалық актілерге де сүйену керек. Жақында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Алматыға келіп Жазушылар одағында әдебиет және өнер өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде «Мәдениет туралы» заң мен «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасына» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы әңгіме болды. Мен өзім бұл заңмен біршама таныс болатынмын, ал «Мәдени саясат туралы» тұжырымдаманың қабылданғанын, тіпті естімеппін де. Бірақ негізінен мәдениет мәселесіне арналғандықтан Тұжырымдамада әдебиеттің жағдайы жан-жақты қамтылған шығар деп ойлағанмын. Бірақ Тұжырымдаманы оқып қарағанымда, онда әдебиет туралы ештеңе, тіпті бір ауыз сөз де жоқ болып шықты. Кез келген халықтың мәдени-рухани өмірінде әдебиет ерекше. Бұл бізге де тән. Мына Тұжырымдаманы дайындағандардың бүкіл әлемге тән осы жағдайды қалай ескермегені түсініксіз.
Ал кейін креативті индустрия туралы мәселе көтерілгенде бұл туралы не айтады деп Тұжырымдаманы тағы қарадым. Бірақ бұл жолы да іздегенімді таппай, тұйыққа тірелдім. Тұжырымдаманы жасағандар бұл іске кірісу барысында «Мәдениет туралы» заңды дұрыстап оқымаған сияқты. Егер оқыса, Заңдағы мәдениет саласын креативті индустрияландыру жөнінде көрсетілгендерді Тұжырымдамаға пайдаланар еді ғой.
Біздің ойымызша, мәдениетімізге қатысты жоғарыда айтылған екі маңызды мәселені айналып өткен бұл Тұжырымдаманы қайта қарап, қажетті мәселелермен толықтырып, қолданысқа содан кейін шығару керек.
Мұндай толықтырулар «Мәдениет туралы» заңға да қажет. Мысалы, заңның 7 бабында мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар тек Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін» шығарылады деп көрсетілген. Демек, мұндай кітаптар сатуға түспейді. Бұл жағдай мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарды креативты индустрияның бір желісі ретінде коммерцияландыруға кедергі жасайды. Сондықтан Заңға өзгерістер енгізіп, кітаптарды креатвиті индустрияның бір желісі ретінде саудаға шығарып, таралымын көбейтуге жол ашу керек.
Сондай-ақ әдебиеттің әлеуметтік түрлерін басып шығарып тарату жөніндегі конкурс өткізгенде кітаптың таралымын бұрынғыдай 3 мың данамен шектемей, одан әлдеқайда көбейтетін баспаларға басымдық беруді ресми түрде бекіту қажет. Әрине, кітаптың таралымын көбейтудің бұдан да басқа тиімді жолдары бар. Дегенмен бірінші кезекте мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды шығару мен таратуды креативті индустрияға бейімдеп алсақ та үлкен жетістік болар еді.
Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату» жөніндегі ережені жетілдіріп, қайта бекіткені жөн. Бұл жаңа Ережеде кітап таралымын тек 3 мың ғана емес, одан әлдеқайда көбейтетін баспаларға басымдық беру нақты ескерілуге тиіс. Тіпті кітап таратуды креативті индустрияның бір секторы ретінде коммерцияландыру қажеттігін негізге ала отырып, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін тарату» жөнінде де өз алдына жеке кіші бағдарлама қабылдаса да болар еді.
Бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерде 5-6 миллиондай қазақ тұрады. Олар Қазақстаннан шыққан қазақша кітаптарға өте мұқтаж. Бұл әсіресе Өзбекстан мен Моңғолиядағы ағайындарға тән жағдай. Ресейдегі ағайындардың да қазақша кітапқа деген сұранысы баршылық. Міне, осы ағайындарға Қазақстаннан шыққан кітаптарды қалай жеткізіп береміз? Тегін емес, сауда дүкендеріне түсіріп сатсақ та болады ғой. Бірақ ол мәселені ешкім ойламайды.
Ал Қытайдағы қандастардың мәселесі тіптен өзгеше. Олар төте жазумен білім алады. Қазір бұл ағайындардың біраз бөлігі Қазақстанға қоныс аударды. Міне, осы ағайындарға төте жазумен жазылған кітаптар шығарып берсек те артық болмас еді. Тіпті төте жазумен басылған кітаптарды Қытайдың өзінде де таратуға болады. Мен мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Сонау тоқсаныншы жылдардың басынан бастап біз қызмет бабымен Қытайға жиі барып тұрдық. Шекараға жақын Іле, Шәуешектен бастап ішкі өлкедегі Құмыл, Баркөл, Ақсай, оның ар жағындағы мемлекет астанасы Бейжіңге дейін сан рет аралап, ондағы мемлекеттік мекемелермен келісе отырып, талай мәдени шаралар өткіздік. Және бұл жұмыстарды алғаш бастаған жылдары екі елдің қарым-қатынасы өте төмен, шекара тарс жабық еді. Бірақ біртіндеп, бәрі де реттелді. Ал қазір заман мүлдем басқа ғой. Қытаймен экономикалық байланыс күн сайын жоғары қарқынмен дамып келеді. Соған орай енді екі ел арасындағы мәдени байланысты да жақсарту керек.
Соңғы уақытта бюджеттен арнайы қаржы бөліп, қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдерге аударып, тегін тарату дәстүрге айналды. Әрине, бұл дұрыс, ұлттық әдебиетімізді бүкіл әлемге насихаттауды біз де қостаймыз. Дегенмен осы жерде бір-екі сұрақ туындайды: біріншіден, жер бетінде әдебиет туындыларын бюджеттен қаржы бөліп өзге елдерге тегін тарататын Қазақстаннан басқа қандай мемлекет бар? Екіншіден, кітапты бюджеттен қаржы бөліп шығарып, тегін тарату қазіргі күн тәртібіндегі шығармашылық еңбекті коммерцияландыруға қаншалықты сәйкес келеді? Үшіншіден, аудармаларымыздың сапасы қандай?
Бұл үш мәселенің, әсіресе соңғысы аса маңызды. Яғни кез келген тілге аударылған дүниенің көркемдік сапасы шығарманың түпнұсқасынан төмен болмауға тиіс. Бұл үшін аударманы міндетті түрде жазушылық дарын қабілеті бар адам жасауы керек. Бұрын бізде қазақ тіліндегі шығарманы орысшаға аударғанда ең алдымен екі тілді де жетік білетін бір қаламгер жолма-жол аударма жасайтын. Содан кейін орыс жазушысы ретінде танымал болған қаламгер жолма-жол аударманы көркем шығарма етіп қайта жазатын. Осындай тиянақты жұмыстың нәтижесінде аударма шынайы көркем дүние дәрежесіне көтерілетін. Ал қазіргі аудармалар қалай жасалып жүр? Аударма жасайтындар шынайы жазушылар ма, жоқ әлде әйтеуір ағылшын тілін біледі дейтін көлденең біреулер ме? Егер аударма қазақ әдебиетін насихаттайтын көркем дүние емес, ешкім оқымайтын, сөйтіп, бюджет қаржысын босқа шығындаған күлдабадам бірдеңе болса оған кім жауап береді?
Бүгінгі таңда Қазақстан қаламгерлері өздерінің авторлық құқықтарының қорғалуы жөнінен де түрлі қиындықтарға душар болып отыр. Әсіресе драматургтердің театрларда сахналанған шығармаларынан түсетін қаламақы авторға жетпей, орта жолда жоқ болып кетеді. Бұл жөнінде сөз болса театрлар қазіргі кезде саны оннан асатын авторлар қоғамына сілтейді, ал авторлар қоғамы бар пәлені театрларға жабады. Міне, осындай жағдайда бұл мәселені тағы да Президент Қ.Тоқаев көтерді. Яғни Мемлекет басшысы күні кеше ғана жарық көрген Қазақстан халқына Жолдауында «Зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», – деп атап көрсетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әділет министрлігі бірлесе отырып, бұл мәселені реттейді деп сенеміз.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, қазір мәдениетіміздің сапасын жаңа деңгейге көтеруге кең ауқымды мүмкіндік туып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мүмкіндіктердің бәрін атап айтып, оны жүзеге асырудың жолдарын нақты көрсетіп берді. Соған орай алдағы уақытта бұл мүмкіндіктердің бәрі толығымен жүзеге асады деп үміттенеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері