Ортағасырлық тұтас мәдениет және діни-ақсүйектік әдебиет
21.01.2025
359
0

Осы тақырыптағы түсінікті ұғу, тіпті өзің үшін айқындау да оңай емес. Мұның қаншалықты қиын екенін осы бағыт­та қызмет істеп жүргендер мен зерт­теушілер ғана біледі. Қазіргі әдебиетіміздің түп төркіні, тіпті асылы қолжазба-көне кітаптарда. Оларда сақталған, бізге әлі белгісіз өткен өмір мен тіршілік деректердің көбі талай ғасырларды артқа салып, бізге енді-енді жетіп отыр. Оны оқи алатын, жазылған мәнді сөз, тілдерді түсінетін сауат­ты жандар керек бізге. Төменде дәл осындай сауат­ты жан туралы, ортағасырлық жазба деректері жайлы әңгіме қозғаймыз.

Бұл баяндаулардың салмақтылау екі арнасы байқалады. Бірі – қазақ халық әдебиеті тарихы туралы толғамдар болса, екіншісі – көне түркі әдеби жазбалары жайлы. Нақтыласам, орта ғасырлардан, он үш пен он төрт­тен жеткен қолжазба кітаптар туралы. Бұлардың арасындағы айырма қандай болса, жақындық та сондай шығар-ау деп ойлаймын.
Көбімізге ауыз әдебиеті туындысы тәрізді жеткенмен, қолжазба немесе қолжазба кітап тәрізді шығармалардың көшірмелері де бар. Олар талай ғасыр бойы біз көрмеген, білмеген рухани мұраларымызды сақтап алдымызға әкеліпті. Олар зерт­теу түгіл оқуға тыйым салған кеңес идеологиясынан аман-есен өткен ортағасырлық шығармалардың сақталғанын бізге әкеліп отыр.
Ресми идеология нені талап етсе, соны шұқылауға мәжбүр болғанымыз жасырын емес. Оның айт­қандарына көнбеген мен күмәнданып қарсы шыққандар тағдырының не болғанын көрдік. Көрмегенімізді естілеу шалдардан естідік. Көне тарих туралы жазғандардың құпия естеліктерінен оқыдық, қорлықтың небір сұмдығын көргендерге жанымыз ашыды, үндемей тындық, ызалана жүріп күн кештік қой…
Ал енді, көне түркі әдеби жазбаларының студент кез­дегі әдебиет тарихынан қалғанын ке­йін ізденістерімізге қажет болған соң, профессор Нәмат Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» кітабымен толықтырған болдық. Есімізде сақталғандарын анда-санда шығармашылық істерімізде қолданған шығармыз.
Бірде біздің университет­тің шығыстану бөлімін бітірген студентіміз Серікбай Қосан маған «Тазкире -и Бұғра хан» ат­ты кітапша сыйлады. Бұрын естігенім болмаса, танысып көрмеген кітап. Асығыс парақтап қарасам, әдебиет тарихы үшін аса қажет­ті кітап тәрізді. Түркі ұлыстарының көне тарихына қатысты хикая, аңыздар жинағы сияқты мұралармен байланысты шығармалар енген. Серікбай Қосан оны көне түркіден бүгінгі әдеби тілге көшірген. Қазақ тарихына қатысты өзге де маңызды жайлардан мәлімет­тері мол тәрізді. Асықпай қарармын деп жүргенде, өзге жұмыстар қабат­тасып, ақыры оқи алмадым. Ке­йін кітаптың өзін де таба алмай қалдым. Бірақ ара-тұра ойымнан кетпеді.
Оның салмақты себептері болды. Менің ғылыми зерт­теулерім, жұмыстарым қазақ прозасының тарихына қатысты болатын. Әсіресе көне тарихқа қатыстысын көп айналдыратынмын. Мұның басты мәселелерін тереңдей қазуға, деректерге сүйеніп, дәйектей айтуға бұрын ресми идеология мүмкіндік бермегені белгілі.
Соңғы жылдарда Серікбай Қосан біздің кафедрада қызмет істеді. Амандық-саулықтан өзге әңгімелерге бара қойған жоқпыз. Таяуда мерейтойы болатынын естідім де, аяқ асты мақала жазуды ойладым. Бұл, сірә, сол іздеп таба алмаған кітаптан қалған әсерден шығар, әйтпесе мерейтойлық мақалаларға құмарлық менде жоқ болатын. Ақыры сол жоғалт­қан кітапты өзінен сұрап алдым.
Бұл кітап көпшілік назарынан тыс қалғандай болғанмен, оның басты идеяларын Ш.Уәлиханов, В.Бартольд,
Қ. Халидұлы, професср Алма Қыраубаева, т.б. кезінде айт­қан.
Енді С.Қосанның негізі еңбектеріндегі көне түркі әдебиеті туралы кейбір пікірлерге келейік. Серікбай бұл тақырып туралы ойларында Ибрагим, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс, Мұхаммед пайғамбарлар туралы қызықты хикаялар, аңыз, әңгімелерге тоқталады. Олар осы шығармаларда қарапа­йым адамдарша өмір сүріп, қоғамдағы түрлі оқиғаларға араласады, әрине дін мен замана туралы толғаныстары да аз емес.
Көне мұралардың мазмұндық фабуласын баяндаумен қатар, кейбір шығармаларда көшірушілер қосқан қыстырма сюжет­тер туралы ойы да кез­деседі. Қазақтар арасында ауызша тараған аңыз, мифтердің жазба түрдегі үлгілері бар. Мекке, Медине сияқты араб елдері орталықтарында, ірі оқу орындарында, медреселерде білім алғандардың жазбаларында кейде белгісіздеу шығармалар ұшырасады.
Араб елінде ұзақ жылдар болғандар, мәселен әл-Фараби тәрізді, діни мазмұндағы кітаптарды көп оқиды әрі дін ғұламаларымен жиі пікірлес болады. Олардың көбі әйгілі адамдардың табанды шәкірт­теріне айналып, ұстаздарының көне әдебиет, тарих туралы деректі жазбаларын сақтап, бізге жеткізгендер де солар.
Серікбай Қосанның тарихымызға (әдебиет тарихын айтып отырмын) қосып отырған мұралар туралы байсалды пікірлері аз емес. Жалпы, шығармашылығы осы бағыт­та болғанымен, өзге де тарихи деректерге негізделген ойы салмақты. Өйткені оның осы жасқа де­йінгі жүргізген зерт­теулерінде әдебиет тарихы үшін маңызды пікірлер бар.
Солардың бастысы, салмақтысы ретінде мемлекет­тік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарияланған 100 томдық «Бабалар сөзі» басылымының жартысына жуығын, ортағасырлық ірі шығармаларға жазған түсініктемелерден айтуға болады әрі осы басылымның жауапты редакторы болғанын ұмытпайық. Шығыстанушы ретінде қосқан үлесі салмақты. Ортағасырлық мәтіндер туралы түсініктері мен пікірлері, жеке шығармалар туралы тың, соны ойы Серікбай танымының жаңалығымен есте қалады.
Серікбайдың «Бабалар сөзі» сериясымен жарияланған «100 томдық халық әдебиеті» жинағына жазған түсіндірме материалдары ойландырды. 100 томдықтағы материалдардың жартысына жуығында Серікбай Қосанның дәйектемелері бар.
«Қорқыт ата», «Оғыз нама» эпостарына байланысты ой-пікірлерінде өзіндік танымдары да байқалады. Мұқият оқуды, ойлануды талап ететіндері де аз емес. Сыни талдауы мен жаңа ойларында соны пікірлер жеткілікті.
Енді олардың өзге шығыстанушылар пікірімен үндестігі қандай екен деген ой жетелеп, Ұлт­тық кітапханадан біраз жаңа материалдар іздеуге апарды.
Зерт­теушінің өз танымын сақтауы, талдауларда соған сүйенуге ұмтылатыны байқалады. Мәселен, Абай қарасөздерінің жариялануына қатысты мақалаларында бұрынғы пікірлерді құптаумен қатар, сыни пайымдауларға барады, өзінің жаңа ойларын талдаулар арқылы өрбітіп отырады.
Мәшһүр Жүсіп шығармалары туралы пікірлерінде де осы нышан байқалады, деректі жаңа пайымдаулары жеткілікті. Талдау арқылы қазіргі әдебиет тарихына, әсіресе көне түркілік жазбаларды зерт­теушілер үшін аса қажет­ті пайымдаулар айтады.
Серікбай Қосанның бұл жаңа ойға баруына студент­тік жылдардағы теориялық дайындығы, ке­йінгі қызмет­тері кезіндегі тәжірибе жинауда қалыптасқан дағдысы, оларды үздіксіз ұштап, заманауи зерт­теулерді қадағалап отыруы әсер еткен.
Жетекші ұстазы – қазақ зиялыларына ғана емес, түркі еліне белгілі Әбжан Құрышжанов. Ардақты ғалымның көмегімен бүгінгі Қыздар педагогикалық университетіне оқытушы болып орналасқан. Мұнда ойша таразылап үлгерген білімдерін студент­терге жеткізуге, олардың талдауларын өткізуге, талай күрделі сұрақтар туралы ойлануына, соларға жауап беруге мүмкіндік алған…
ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар қорына ғылыми қызметкер болып орналасуы әдебиет пен өнер туындыларының көпшілік назарынан тыс қолжазбаларын көруге, әріптестерімен пікірлесуге жағдай жасаған әрі институт басшысы, әйгілі әдебиет­танушы Сейіт Қасқабасовтың көмегі, кеңестері оның біліми-тәжірибелік, ғылыми жұмыстарға деген аса қажет­ті дағдыларын қалыптастырған. Соның нәтижесінде қазақ әдебиеті мен тарихына өте қажет­ті асыл мұралардың елге, халыққа жетуіне күш-қайратын, білімін жұмсаған «Бабалар сөзінің» 100 томында жарияланған шығармалары туралы түсініктер жазған. Соларға қарап отырып, Серікбай Қосанның ғылыми еңбектерінің негізгі даму жолын шамалауға болады. Мәселен, алғашқы томдардағы «Қисса Зарқұм» мен «Қисса Сал-сал» туралы түсініктер мен талдаулардың қаншалықты күрделі, қиындығын кез келген әдебиет­ші біледі. Осы бағыт­тағы жұмыстар зерт­теушінің институт­тағы қызметінің барлық мүмкіндіктерін өте тиімді пайдаланғанынан хабар береді.
«Бабалар сөзі» түсініктемелерін Серікбай Қосан тақырыптық жағынан үш топқа бөліп, жеке-жеке қарастырған: Бірінші топқа басқа діндегі адамдарды ислам дініне кіргізу: «Сал-сал», «Зарқұм», т.б. сюжет­тері. Бұларда Мұхаммед пайғамбар өзінің төрт серігімен Әбубәкір, Омар, Оспан, Әзірет Әлилермен әскери жорыққа ат­танғаны, ауыр шайқастар арқылы ұдайы жауды жеңіп, оларды исламға қаратып, көнбегендерді мәжбүрлегені сипат­талады.

Мысалы, «Сал-сал» қиссасы Әзірет Әлінің сиқыр шаһарына жасаған әскер жорығын сурет­теуден басталады. Бұл кез­де Мекке қаласында Мұхаммед пайғамбар жалғыз қалған еді. Мұны білген Жәмшид патша дереу Меккені жаулап алу үшін қалың әскер жібереді. Сұмдық соғыс болады. Мұхаммед пайғамбар әскерлері аз болса да, ұзаққа созылған шайқастан соң Жәмшид пен оның одақтастары Пайруз, Қитар патшаларды жеңеді. Оның халқын исламға кіргізеді. Әрине, бұл шайқаста баяндауда ислам діні үшін күрес жолындағыларға Алла тағаладан көмек болғаны да аталады.
Ал «Зарқұм» қиссасында қылышын айдаһардың уымен суарған Зарқұмға қарсы Мұхаммед пайғамбардың жекпе-жекке шығып жеңуі сурет­теледі. Зарқұмға мұсылман болудың басты шарт­тарын орындатады. Оған «Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі» деген қағиданы мойындатады. Әрине, Зарқұм да айт­қанынан қайтпайтын батыр адам, оны мойындату да оңай болмайды, алайда Мұхаммед оны өз дінінің артықшылығын дәлелдеу арқылы көндіреді.
Екінші топтағы қиссалар өмір жолындағы қиындықтардың аз еместігін айтумен оны жеңуде төзімділікке, халық үшін еңбек етуге, махаббат адалдығы жолында берік болуға үндейді. Бұған «Әзірет-Әлінің құлдыққа сатылғаны», «Әзірет-Әлінің сараң байды дұрыс жолға салғаны», «Жүсіп-Зылиха» қиссалары жатады.
Үшінші топтағы қиссаларға о дүниедегі жұмақ пен тозақтағы өмірді бейнелеген шығармалар жатады. Мұндайда әрбір пенде жалған дүниеде жасаған күнәсі үшін Алла алдында жауап беретіні баяндалады. Мәселен, «Жұмжұма» қиссасында адам тірі кезінде жасаған күнәлары үшін (бес намазын орындамағаны, зекет бермегені, ораза ұстамағаны т.б.) жауапқа тартылады.
Шығарманың мен оқыған үлгісінде, «Жұмжұма Сұлтанда» күнәлі саналған Сұлтанды жазаға тарту үлгісі мүлде басқаша. Онда Жұмжұма Сұлтан – кедейлермен араласқан, зорлық көргендерге көмектескен, зорлықшыларды жазалаған, тағы басқа да әділ істері бар, асқан бай адам.
Алайда жарияланған осы үлгіде: профессор А.Қыраубаева мен
Ә. Ахметұлының аудармасында, Жұмжұма Сұлтанның бар күнәсі кезінде көмек сұрай келген бір мүсәпірді қабылдамағаны үшін жазаға ұшырайды. Бұл үлгіде, Жұмжұма Сұлтан бір сұлумен махаббат сезіміне елітіп отырғанда көмек сұрай келген мүсәпірді қабылдамайды. Сол күнәсі үшін тозақ азабын көреді. Тозақ азабының түрлері де сонда бейнелі сурет­теледі.
Әлемге әйгілі Италия ақыны Аллигари Данте (1265–1321) өзінің атақты «Божественная комедия» дастанында (1–3 тарау­ларында) «тозақ» туралы аллегориялық сурет­теулерінде осы «Жұмжұма Сұлтан» қиссасында сурет­телетін көріністерді, ойларды бейнелейді әрі осы шығарманың «Жұмақ» тарауындағы сурет­теулері мазмұндық бағыт­та сәйкес, ұқсастығы айқын. Сонда Данте Иранның атақы ақыны Фарид-ат дин Ат­таридің (1119 жж. ) «Жұмжұма» поэмасын білгені ғой?!
Шығыстық қисса-дастандардың еуропалық ғалымдарға белгілі болғаны сол жылдарда айтыла бастаған деректер емес пе?! Бұл ұқсастықтар осындай ойларға жетелейді. «Ортағасырлық Құсам Кәтибтің «Жұмжұма Сұлтаны» шамамен 1370 жылы жазылған. Алайда ол оның төл шығармасы емес. Ол сол жылдарда күншығыс, батыс елдеріндегі ақындар шығармаларына арқау болған фольклорлық үлгілерді қолданған», – дейді зерт­теушілер. Профессор Алма Қыраубаева осы байланыстарды Бертельс еңбектеріне сүйене жазады. Жалпы, бұл сюжет­тің түркі халықтары арасында кең таралуына парсы ақындары шығармалары әсер еткен болуы керек.
В.В. Радлов «Жұмжұма Сұлтан» қиссасының сюжетін «Қубас» дастанында кез­дестіріп, ел аузынан жазып алып, 1870 жылы жариялаған. Бұл дастанның да қазақтар арасында ауызша тараған үлгілері болғанын айтады.
Мәселен, 1881 жылы Мәулікей Жұмашұлы осы шығарманы өзгеріссіз қайта жариялаған. Нәзира дәстүрінде шығыс ақындарының желісіне құрылған қиссалар жазған ақындар қазақ әдебиеті тарихында өте көп болған. Оларды «кітаби ақындар» деп те атаған. Осы үлгіде ең көп шығармалар жазған – Шәді Жәңгірұлы (1855–1933) қиссаларының негізгі мақсаты – «Алладан басқа ешбір Құдай жоқ» деген ислам дінінің негіздерін түсіндіруге арналған.
Алайда кейбір ақындар басқа да жасанды сюжет­тер мен ойларын жырлайды. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы кітаби ақындар жырлаған көне қиссалар сюжет­терінің мазмұндық бағыт­тары ғана ұқсас: Алланың барлық пайғамбарлары мен періштелерінің өнері өнегелі, Мұхаммед пайғамбарымыздың адамзат алдындағы істері зор имандылыққа, қанағат-ынсапқа; зорлық-зомбылық жасамауға, жетімдерге көмектесуге, қайрымдылыққа, ізгі қасиет­терге т.б.үндейді.
Енді жоғарыда аталған «Тазкире-и Бұғра хан» туралы бірер сөз. Ең қызығы, талай замандардан бері зерт­теушілер іздеп жүрген осы қолжазбаны (факсимелие) Серікбай Қосан Алматыдағы Ұлт­тық кітапханадан тапқан. «…Осы бір көп заман қалтарыста қалып келген ескі мұраның ізін тауып, зерт­теудің сәті енді түсті. Иек астымызда, Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында сақталып келіпті. Іздедік. Таптық», – деп жазады ол аударма кітаптың алғы сөзінде («Тазкире-и Бұғра хан» (қазақша аудармасы, факсимилие) –Алматы: «Толаға­й», 2007).
«Тазкире — и Бұғра хан» ортағасырлық бұл шығарманың табылу, зерт­телу жолдары тарихын іздеушілерді осы сілтемде көрсетілген кітаптан оқуға болатынын айтамыз. Бұл тарихты түгелдей жазуға мақала көлемі де, мақсаты да көтермейді. Аталған аударма кітапты қазір Алматы кітапханаларынан оңай табуға болады.
Сонда, Алматы кітапханасында сақталған қолжазба факсимелиесін С.Қосанға де­йін ешкім іздемеген, қарамаған ба? Сену қиын. Бірақ солай болғаны анық. Есіме Олжас Сүлейменовтің ертеде жарық көрген «Пробный камень» мақаласы түсті. Алматы кітапханаларының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы қымбат мұраларды қараушылардың, зерт­теушілердің жоғы, тіпті шаң басқан кейбір қолжазба бет­терінің ашылмағаны туралы жазғандары бар еді.
Ортағасырлық түркі мәдениеті тарихы мәлімет­терінің құнды жәдігері, әсіресе қағазға түскен деректері қазақ әдебие­тінің жаңа, шынайы тарихын жасау үшін қаншалықты қажет екені туралы профессор Р. Нұрғалидың Баянауылдағы Сабындыкөл маңындағы демалыстарда айт­қандары есіме орала береді. Сондағы ойларын 2005 жылы жарық көрген
«Қазақ әдебиетінің тарихы» онтомдығының 9-томында (298–329 бб.) жариялапты: «Қазақ әдебиетінің деректі
«…тарихын жасау талабы соғыстан ке­йін-ақ (1941–1945.-З.Б.) күн тәртібіне қойылған еді. Оның фольклорға арналған бірінші томы 1948 жылы жарық көрді. Алайда осы жылдардағы партияның ұлтшылдыққа қарсы күресі науқанына ілігіп сыналды. Әрі қарай тарих жасау ісі тоқтап қалды. Қазақ ғылым академиясының әдебиет институтының ғалымдары ғылыми зерт­теудегі жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, табылған мәлімет­терді тарих күйінде оқырманға ұсыну қажет­тігін тағы да күн тәртібіне қойды.
Бізде көне дәуір мен орта ғасыр әдебиетін зерт­тейтін кәнігі мамандардың аздығы қынжылтады. Қазақ әдебиетінің көне түркі және ортағасырлық әдебиет­термен тамырлас күйін анықтау үшін ол тарихи-мәдени ескерткіштердің өзін жан-жақты қарастыру қажет. Осы игілікті шаралардан ке­йін ғана көркем шығармаларды этнос пен регионның мәдени-әлеумет­тік тарихи тұрғысынан зерт­теу мүмкіндігі туады. Айтылмыш орайда жоғарыдан дәуірлерді кезең-кезеңімен, поэтикалық стиль және бағыт­тары бойынша қарастыруға жол ашады. Бұл принцип қолданылғанда орта ғасырлардағы тұтас мәдениет­тің екі жиегі саналатын діни және ақсүйектік әдебиет­терге қатысты қасаң көзқарастарды жеңе білуге болар еді…»
Міне, осындай шығармалардың бірі – маған Серікбай Қосан сыйлаған ортағасырлық түркі әдебиеті тарихына қатысты «Тазкире-и Бұғра хан» шығармасы еді. Ол туралы Шоқан Уәлиханов, В.Бартольд, Қ. Халидұлылар және Алма Қыраубаева зерт­теулері мен мақалаларында ара-тұра маңызды ойлар айт­қан. Ке­йінгі жылда бұл қолжазбаның бірнеше факсимилесі де ғылыми ортаға келді. Ке­йінірек С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мигулов,
К.А.Пищулина,В.П. Юдин және А.М.Мугинов т.б бұл қолжазба туралы таныстыру мақалалар жазып жариялады.
Бірақ бұл туралы ғылыми басылымдарда аз-кем айтылғанмен, соңғы уақытқа ше­йін көп назар аударылмаған. Осы қолжазбаны жоғарыда айтылған кітапханадан тауып қазақша сөйлеткен, нақтырақ айтар болсақ, көне түркіден тәржіма жасаған Серікбай Қосан:
«…кітапты тәржімалау кезіндегі ғылыми – деректемелік ізденістерді былай қойғанда қаншама дүнияуи және моральдық қиындықтарды бастан кешіргеніміз тек бір Аллаға, сосын, санаулы әріптестерімізге аян», – деп жазады.
Әрине, орта ғасырдан бізге жеткен колжазбаның біз білетін кириллицада жазылмағаны белгілі. Араб әріптерімен жазылса да араб тілінде емес, ортағасырлық түріктерге ортақ түркі тілінде жазылған. Оны оқу ҚазМУ-дың шығыстануын араб тілі бойынша бітірген Серікбай Қосанға оңай болмағаны жоғарыда келтірілген үзіндіден де байқалады. Орта ғасырларда араб, парсы, түрік және түркі тілдерінде (түркі халықтарына ортақ тілде) жазылған шығармалар Орталық Азия халықтарының көбіне түсінікті болған.
Кітап туралы дәлірек мәлімет­терді сол аудармадан алуға болады: «Тазкире-и Бұғра-хан» (қазақша аудармасы, факисимиле). – Алматы: «Толағай», 2007. 288 бет). Бұл – қара сөзбен жазылған прозалық шығарма. Қазақ әдебиетінде проза жанры болған жоқ, тіпті барлары көркем прозаға сай емес, ол тек 1917 жылдардан, төңкерістен ке­йін ғана, оның ішінде, орыс әдебиеті әсерімен пайда болды деген сияқты «кеңестік мифтерді» қазақ қоғамдық санасына сіңіргені соншама, әлі күнге де­йін одан арыла алмай келеміз. Кейде өзімізде проза тарихының сақтардың қаһармандық дастандары «Алып Ер Тоңға», «Шу дастандары» және «Ергенекон», «Оғыз қаған», «Көк бөрі», «Ат­тила», «Авеста», «Күлтегін», «Тоныкөк» «Қорқыт ата» т.б. ескерткіштерден басталатынын Немат Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» тарихынан (Қазақ­стан Республикасының Білім және ғылым министрлігі оқулық ретінде ұсынған) білуге тиіспіз, бірақ ескере бермейтініміз қайран қалдырады.
Түрік қағанаты туралы біраз маңызды мәлімет­тер бар «Тазкире-и Бұғра-хан» түркі-қыпшақ диалектісіндегі бұл шығарма қазақ әдебиеті тарихи дамуы туралы ортағасырлық мәлімет­терімізді жаңа тарихи деректермен байытып отыр. Мұнда парсы және түркі тілдеріндегі көркем шығармалар: қиссалар мен аңыздар, шешендік сөздер, прозалық сан алуан мәтіндер туралы шығармалар кез­деседі.
«Тазкире-и Бұғра-хан» шығармасының негізгі кейіпкері – Қарахан ислам мемлекетінің түркі қағаны Сұлтан Сартұқ Бұғра хан және ұрпақтары. Олардың ислам діні мен мәдениетін тарату жолындағы күресі. Осы туралы жазылған 30-дан аса қолжазба белгілі. Бірақ әлі күнге де­йін өзге тілдерге аударылмаған. Бұл жазба мұралар мұсылман діні жолындағы шайқастарға қатысқан бірқатар тарихи тұлғалар туралы оқиғалар мен аңыздардан хабар береді. Әсіресе Әзіреті Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с,) мен оның сахабалары туралы. Осындай деректер ортағасырлық барлық түркі, парсы, мұсылман әдебиетінде кез­деседі. Бірнеше ғасырлар бұрын өткен оқиғалар туралы мәдени мұраларды саяси сипат­ты редакциялаудан өткізу, деректерін өзгерту әлемдік қоғамдық сана алдында үлкен күнә болып табылады. Кеңестік идеологияның осы бағыт­та жасаған түзетулері ешкімге де, ешқашан да пайда әкелген емес. Қайта оның отарында болған елдердің дамуына зиянын тигізді. Әзіреті Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалар туралы аңыздар бүгінгі таңда өркениет тарихымен қоса айтылады, осы әулет­тің нәсілдері ғана емес, бірқатар сопылық ақиқат пен тарихат­тың белігілі тұлғаласы туралы аңыздар да қоса айтылады.
Енді, осы кітап жайлы бірер сөз.
Алдымен, Серіктің аударған шығармасының алғашқы төрт бөлімі «жоғалған, яки түсіп қалған» (23-бет соңында солай көрсетілген). Аударма бесінші бет­тен басталады. Бесінші бөлім. Әзірет­і Расул мен қарыздар хикаясы Тазкире-и Бұғра хан (кітаптың бесінші бөлімінен көшірме, үзінділер):
Көне хикаялардан хабар беруші әңгімешілер мен шежірешілердің кітаптарында мынандай бір тәмсіл оқиғаны баяндайды.
Күндерде (2-п.)бір күн Расул Алла тағала (с.ғ.с.) сахабаларымен таң намазын аяқтап, михрабта отыр еді. Бір пақыр кісі келіп өтініш қылды: «Иә, Алланың елшісі, екі мың қарызым бар еді біреуге, берерге қаражатым жоқ. Қарыз иесі қысым көрсетіп жатыр», – деді…
(Сол уақыт­та) Әзірет Әли (р.а.ғ.) орнынан тұрып: «Иә, Расул Алла, бұ пақырды ертіп барып, екі мың алтын қарызын мен бере­йін», – деп әлгі кедейді алып шықты. Үйіне ертіп келді. Оны есікте қалдырып, өзі үйге кірді. Әзіреті Фатима Зуһраға (р.а.ғ.) айт­ты. Әзіреті Фатима Зухра қарсы болмады.
Ол: «Олай болса әзіреті имам Хасан мен Хұсайынды кепілге беріп, олардың құнын бағалап қажетке жаратқын», – деді.
Шаһимардан Мұртаза Әли Кәрім Алла текті ұрпақтары әзіреті имам Хасан мен имам Хұсайынды ертіп бір жүһүдтің үйіне алып барды….
–Иә, Әли,(13-п.) ұғландарыңды қайда алып барасың? – деді. Әли айт­ты:
– Екі мың алтынға кепілдікке беремін,- деді. Ол жұма күн еді. Сосын, жүһүд айт­ты: «Бір шартпен алар едім. Бүгін жұма күні ғой, сендер намазға кірместен бұрын ақшаны берсеңіз кепілдік, ал егер жұма намазынан ке­йін қалса (оларды) толық сатып алған болайын».
Әзірет Әли (Алла оған разы болғыр!) ризалық қылды. Одан әріде Әлидің балалары Әзіреті Хасан мен Хұсайынды жүһүдтің қиын тапсырмасын орындауға Алла тағала әзіреті Жәбірейілді жібереді де, бәрі орындалады. Мұны көрген жүһүд шошып, қонақ қылады.
Енді әзірет Әлидің өзі тап болатын хикаялар баянына келейік. Ол намазға келе жатып бір өзі көрмеген ғажайып түсті құсты көреді.
Алтыншы бөлімдегі «Шейх Хожа Бәһау-ед-диннің шежіресі» де осы мазмұнды, діни хикая мазмұнын сақтай жазылған. Оның өмірбаянын әңгімелей келе бүгінгі оқырман үшін қазір ол көп мәлімет бермесе де, кезінде «барша дәруіштердің көсемі болған, Осман мен Әлилердің (Мұхаммед Мұстафаның с.ғ.а.) кезінде оған ұқсайтын жан болмағандай екенін еске салады. Бұдан әрідегі қолжазба мәтіні туралы ойлар тек қана осы қисса туралы болатынын ескертеміз, себебі Серік Қосанның оған түсініктері аз.
Аталған қолжазбада дәстүрлі молдалар мен талант­ты шәкірт бала Бәһау-ед-дин арасындағы даулы ойлардың ерекше күрделі сипатын байқататын диалогтер келтіріледі. Ұстаздарының үстірт ойларына разы болмаған бала шәкірт дәрістен кетіп қалады. Оның түйінді сыры жолда келе жатып жолығатын келбет­ті жанмен пікірлесуде ашылады.
Тазкире-и Бұғра хан (кітаптың алтыншы бөлімінен көшірме, үзінді):
«Ей, балақай, тоқта, айтатұғын бірнеше сөзім бар. Сол сөзімді іске асырсаң, Құдайды тауып аласың. Сосын, амал қылмасаң, жолыңнан адасасың. Бұл шөлде бір бәлеге ұшырасасың. Өйткені талай жұрт бұл шөлде жолдан адасып, мақсатына жете алмай бәлеге ұшыраған-ды және кішкентай балаға бұл жолға жалғыз кірмегі жақсы болмас…(мәтіні қысқартылды.-З.Б.) Енді саған кеңесім мынау, біршама жерге де­йін менімен бірге жүр. Топырақ басқан көзің махаббат дариясының суымен жуылып, тозаңы кетіп нұрлансын. Шыдамсыз көңілің сұбхат­тың қасиетінен тынышталсын. Сонан соң, шайқастың жарағын қолыңа алып, қай жерге барсаң да дұшпан саған зиян тигізе алмас. Өйткені соғыстың жарағы адамның қолында болса, дұшпан қарсы шыға алмайды», – деді»…
Метафораларға толы сөздер астарында діни танымға байланысты күрделі түсініктердің байланғаны анық. Бірақ мұны қазіргі заманауи оймен байланыстыруға да болады.
Түркі халықтарының батырлық эпостары мен кейбір ертегілерде де басты қаһармандардың дүниеге келуі осындай табиғат құбылыстармен байланыста көрсетіледі. Мына қиссада оған жолыққан әзірет Хожа Қызыр пайғамбар болатын.
Баһау-ед-дин оның қасында отыз жылдай еріп жүрді. Мұсылман діні негіздерін көпшілікке уағыздай жеткізу үшін ол барша қиындыққа шыдап, төзімділік көрсетеді.
Жетінші бөлімдегі Шейх ғұлама Құтыбаз шежіресі; сегізінші бөлімдегі Хожа Нәсір Саманидің шежіресі осы үлгідегі ғибрат­ты хикая уағыздарға құрылған.
Әңгімелеу стилі біркелкі дәстүрлі шежірелік баяндарға негізделетіндей. Өткен оқиғалар туралы тарих пен кезінде болған жайларды рет-ретімен әңгімелейді. Оларға қатысты көлденең қыстырма сөйлем, сөздер өте сирек ұшырасады. Аталатын әулиелер портрет­тері де біркелкі. Ислам мемлекетін орнату жолындағы батырлық пен ерліктерге толы әрекет­терге көңіл аудартады. Олардың сезімдерін баяндауға ұмтылу байқалмайды.
Енді Сұлтан Сатұқ Бұғра ханға қатысты оның өмірбаяндық деректерінен маңызды мәлімет­тер беретін тоғызыншы бөлімге тоқталайық. Тазкире-и Бұғра хан (кітаптың тоғызыншы бөлімінен көшірме, үзінді):
Көне қолжазбаларда «… осы Әзіреті ханға… «…кемел құдіретімен даналық кеңістігінде осындай шарапат­ты жанды (Сұлтан Сатұқ Бұғра ханды.-З.Б.) жарат­ты. Оның дүнеге келуінің өзі өзге жағдайда болғанын көрсетеді: «Әзіреті Сұлтан дүниеге келген күні Құдайдың әмірімен жер сондай қат­ты тебіренгенде сулар шықты. Бұлақтардың суы сылдырап ағып жат­ты. Қыстың күні еді. Гүлдер қауыз ашты. Хакімдер «киелі тағдыры» бойынша бұл сәби жаһангер болып, Мұхаммед дініне кіреді деп жорыды. Алла (тағала) Әзіреті пайғамбардың (с.ғ.с.) есіктерін ашушы болуды осы қадірменді зат­тың (пайғабардың, ол дүниеге келмес бұрын.–З.Б) қолына тапсырды…
Бұл қай пайғамбардың рухы, мұнша рух дәрежеде Құдай тағала жаратқан?» – деп Әзіреті Жебірейілден (ғ.с.) сұрады. Жебірейіл (ғ.с.): «Әй, Алланың елшісі, бұл ешбір пайғамбардың рухы емес. Сіздің үмметіңіздің рухы. Ол үмметіңіз сіз дүниеден өткен соң үш жүз отыз жыл өткен соң дүниеге келіп, Түркістан уалаятында кәпірлерді (дінсіздерді.–З.Б.) ислам дініне кіргізіп, Сіздің шарапатыңызды халық арасына әшкере қылады. Оның аты – Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы» деп жауап берді. Тағы Әзіреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, Жебірейіл (ғ.с.), менің үмметімнің рухы пайғамбарлардың рухының қатарында жаратылуының себеді не екен?»,– деп сұрады. Әзіреті Жебірейіл: «Әй, Алланың елшісі, екі себептен бұл үмметіңіздің рухын Құдай пайғамбарлар рухының қатарында жарат­ты. Бірі – Сіздің хикіметіңізді халыққа жеткізуі болса, екінші себебі– кейбір мұсылмандар бар-жоғы екі кісіден артық кісіні мұсылман қыла алмай дүниеден өт­ті. Бірақ сіздің бұл үмметіңіз шексіз халықты исламға қауыштырып, адасудан тура жолға салды. Міне, осыған орай, үмметіңнің рухын Құдай тағала Пайғамбарлар (37 п.) рухының қатарында жарат­ты».
Осы әңгімеден әсер алған Сұлтан қырық кісімен аңға шығады. Сонда жүріп Хожа Әбу Нәсір Саманиге жолығады. Жоғарыдағы кеңесте Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының дін таратушылар арасында еңбегінің зорлығын атап көрсетеді.
С.Қосанның көрсетуінше, «Тазкире-и Бұғра хан» шығармасының 30 шақты нұсқасы бар болғанмен, бұлардың көбі оның бөліктері тәрізді. Өзге де нұсқалары бар ма екен, белгісіз әрі олар толық емес. Кейбір бөліктері түсіп қалған, парақтары жыртылғаны, жоғалғаны да бар.
Қазақ­станда сақталып, табылған факсимелие нұсқасының мәні зор. Бұл қолжазба Ш.Уәлиханов Қашқариядан алып келген материалдардың арасында болған тәрізді. Қашқария сапары туралы есебінде ол: «из книг приобретенных мною в Кашгаре, еще заслуживают внимание:Тазкирян султан Сутук – Бугра хан газы», деп көрсетеді. Зерт­теушілер Ш.Уәлихановтың алып келген қолжазба кітаптарының тағдыры әлі белгісіздеу, тиянақты жауап беруге әлі ерте дейді. Алайда аса маңызды мәлімет­тің бірі – Шоқанның Сартұқ Бұғра хан қаза болған жылдарды көрсетуі (1037–38 жж.).
Ғалымдар «Тазкирян Сатұк – Буғра хан газы» сұлтан қолжазбаның авторы мен оның көшірушілері сонау Х–ХІ ғасырлардағы түркі қағанының тілінде, сол үлгіде жазылған деген сияқты пікірлер айтады. Оны ұйғыр жазуымен жазылғандықтан сол халықтың мұрасы дегендер болды. А.Мугинов, В.Юдин, т.б. бұл пікірлерді қолдамайды.
Қарахандар әулетінің тарихына қатысты дерек көздерін зерт­теу жұмыс- тары да ойдағыдай емес тәрізді. Бұл тарихты ертеректе В. Бартольд, К.Залеман, В.Григорьев, О.Притцак, т.б. Еуропа ғалымдары мен түріктер: Аталай, И.Кафесоғлы, Р.Арат, Р.Генч, т.б. жеделдете қолға алып еді. Қазір тоқтағандай. Өте сирек жарық көретін мақалалар жаңа мәлімет қосудан гөрі бұрынғыларды қайталауда.
Жалпы, «Тазкире-и Бұғра хан» шығарманың белгілі бір бөліктері орта ғасырдағы Шағатай әулетінің өкілі, моғұл билеушісі Әбді Рашид ханның рухани кеңесшісі Хожа Мұхаммед Шәріптің (1470–1563) қаламынан туғаны аңғарылады деген пікірлер бар. Серікбай Қосан да осы көзқарасты қолдайтындай.
Зерт­теуші Хожа Мұхаммед Шәріптің парсы тілінде жазылған «Тазкире-и Бұғра хан» ат­ты еңбегі ке­йін аталған түркі тіліне аударылып, халық арасына кеңінен тарайды. Бірақ бұл бағыт­та әлі деректі материалдар, зерт­теулер аз деп санайды. Мұнда көңіл аударатын осымен байланысты біраз маңызды жайлар бар. Мысалы, «Тазкире-и Бұғра хан» кіріспе және қорытынды бөліміне кірген шейх дәруіштер және олардың мәлімет­тері жайлы бөліктер Хожа Мұхаммед Шәріптің еңбегінің тікелей өзінен, не түрікше аудармасынан алынғаны айқын емес.
«Ал Сұлтан Сатұқ Бұғыр хан мен оның ұрпақтарының тәзкиресі ХІ ғасырдың оқымысты ғалымы Әбд-әл-Ғафирдің «Тарих Қашғар» шығармасынан бастау алатын ауызша және жазбаша дерек-бұлақтарға негізделіп (үлгі ретінде алған. –З.Б.) жазылғаны ақиқат­тан алшақ емес. Бірақ бұл да тек жеке пікір ретінде. Өйткені мұнда да ойланатын жайлар бар. М.Шәріп «тазкирені шамамен ХV ғасырда жазып отыр, ал, Ә.Ғафирдің шығармасы ХІ ғасырда жазылған. Сонда, арадағы төрт ғасыр көп емес пе? Осы аралықта елдің көңілін аударардай жаңа шығарма жазылмаған ба?
Сонымен ойымызды қорытын­дылағанда, Серікбай Қосанның «Тазкирян Сатұқ – Буғрахан ғазы» аударма шығармасынан басталған ортағасырлық тұтас мәдениет және діни-ақсүйектік әдебиет туралы пайымдауларымыз төмендегі пікірлерге әкеледі. Ең алдымен, көне түркі жазуларымен бізге жеткен қолжазбалар аз көрінбейді. Алайда оларды оқу оңай емес. Оны «ежіктеуге» араб тілінің маманы Серікбайдың өзі екі-үш жылын жұмсаған. Қазіргі қоғамдық сана деңге­йінен қарағанда, жастар арасында бірнеше тілді өте жақсы меңгерген талант­тылары жетерлік. Заманауи мақсатқа, атақ-абыройға тез жету үрдісі аясында қарасақ, жоғарыдағыдай егемен қазақ елі алдында тұрған аса маңызды жұмыстарға тәуекел ету заман талабы болып шығады.
Алайда қашан, қай заманда болса да ғылымға құмарлық – адам табиғатында ғайыптан пайда болатын сый. Оны ескермеу – алтынға бергісіз уақыт пен жалынды жастықты күнделікті күйбеңге жұмсау. Осы рет­те алда жастарды алып армандарға жетелейтін небір зерт­теулер күтіп тұр.

 

Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ,
әдебиет­танушы,
филология ғылымының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір