Талғампаз талант
10.12.2022
678
0

Жазушы тағдыры – әдебиет тағдыры. Қалам ұстаған ортада жарқ етіп көрініп, ерте сөнген тарландар бар. Қалжан Нұрмаханов – солардың бірі. Уақыт өтеді, уақытпен бірге атағы көмескіленетін тұлғалар бар.
Биыл туғанына 95 жыл толып отырған Қ.Нұрмаха­нов өмірден ерте кетті. Небәрі 36 жасында бақилық болды. Бергенінен берері көп еді. Сол жағы өкінішті. «Қазақ әдебиеті» дарынды қаламгерге мақалалар топтамасын арнап отыр. Алдымен қаламгердің өмір жолына, шығармашылығына тоқтала кетуді жөн санадық.
Әдебиетші Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің үздік түлегі. 1947 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, филология факультетінің шығыстану бөлімінде түрік тобында білім алып, кейін М.Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасын аяқтайды. Студент кезінен мақалаларын қазақ, орыс тілдерінде жазып, Мәскеудегі орталық мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариялап отырған. Бұл мақалалардың барлығы дерлік тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, сондай-ақ бүкілодақтық әдеби үдерісте де елеулі рөл атқарғаны мәлім. Қалжан Нұрмаханов бірнеше тілді жетiк білген. Батыс пен Шығыстың, орыстың тарихын, әдебиетін көп оқып, зерттеудің арқасында ол араб, парсы, түрік, тіптi армян, поляк тiлдерін еркін меңгерген.
Қ.Нұрмахановтың қазақ жазушылары мен ақындары – Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров, С.Көбеев, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Нұрқатов, Ә.Ахметов, Қ.Аманжолов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Х.Ерғалиев, Т.Жароков, Д.Әбілев, М.Иманжанов, М.Әлімбаев, Қ.Бекхожин, Б.Сахариев, Ғ.Қайырбеков, С.Асанов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Б.Әбдіразақов, А.Шамкенов, С.Мәуленов, Ш.Смаханұлы, З.Шүкіров; орыс жазушылары А.С. Пушкин, В.Г. Белинский, К.С. Станиславский, Ф.Н. Достоевский, А.Н.Радищев, В.Г. Короленко; өзбек және қырғыз жазушылары Ә.Науаи, Муқими, Фурқат, Ғ.Гулям, М.Ташмұхамедов (Айбек), Х.Ниязи, Қ.Яшен, Ш.Рашидов, Т.Сыдықбеков, З.Мамытбеков, Қ.Джантошев, Н.Байтемиров,А.Тоқомбаев, Қ.Мәликов, ТСатылғанов; осетин ақыны К.Хетагуров; украин жазушылары Т.Шевченко, О.Донченко, О.Десняк; түрік жазушылары Н.Хиқмет, Ә.Несин; тәжік қайраткері Садриддин Айни; итальян драматургы Карло
Гольдони; ағылшын жазушысы Бернард Шоу; америка жазушысы Говард Фаст; поляк ақыны Г.Зелинский туындыларына арналған 500-ден астам ғылыми-сыни мақалалары бар, олар 1949–1963 жылдары «Дружба народов», «Вопросы литературы», «Знамя», «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Простор» журналдарында, сондай-ақ жазушылар мен ақындардың жеке шығармашылық жетістіктері мен кемшіліктерін атап көрсететін, көпұлттық әдебиетті дамыту мәселелерін нақты зерттейтін шетел басылымдарында жарияланған.
Қ.Нұрмаханов «Әдеби ойлар» (1960, орыс тілінде), «Дос лебізі» (1968), «Дәстүрлі достық» (1978), «Очерк­тер, аударма, афоризмдер» (2009) кітаптарының авторы.
Қ.Нұрмаханов өзіндік ерекшелігі бар жазушы Ш.Айтматовтың шығармашылығын қолдап, бірінші болып «Жәмила», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын аударған. Сондай-ақ осы туындылардың сахналық нұсқасы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуарында ерекше орын алды. Қ.Нұрмаханов М.Әуезовтің «Абай» эпопеясын (4-том, 1949), Б.Жакиевтің «Әке тағдыры» (1963) атты пьесасын, түрікмен драматургы Ғ.Гусейновтің «Достар», «Ащы шоколад» (1960) пьесаларын орыс тіліне аударды. А.Н.Радищевтің «Путешествие из Петербурга в Москву» туындысын (1949, «Вышний Волочек» тарауын), Н.Тихоновтың «Вамбери» (1960) және украин жазушысы И.Рябоклячтің «Золототысячник» (1959) хикаяттарын қазақ тілінде сөйлетті.
Әдеби сын, драматургия, көркем аударма – Қ.Нұрмахановтың эстетикалық талғамды қалыптастыруға арнаған бағыттары еді. Бірақ оның шығармашылығында әдеби сын қызметі басым болды. Ол «Дружба народов», «Знамя» журналдарында әдеби сын бөлімінің аға редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында сын бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде театр репертуары жөнінде бас редактор болып қызмет атқарды. Қ.Нұрмаханов жазушылар форумында, конференцияларда, радиода тұрақты түрде баяндамалар жасап отырған, әдебиеттің өзекті мәселелерін анықтаған, жалпы ұлттық әдебиет үдерісін және оның келешектегі бағытын барынша болжауға тырысқан. Ол әділ, принципшіл сыншылдығымен, аса терең білімімен, өнерге деген талғампаз қабілетімен танылды.
Қ.Нұрмахановтың 80 жылдық мерейтойына орай достарының, қазақ әдебиетінің белгілі қайраткерлерінің атынан «Қиядан шалған қыран» атты естелік кітабы «Білім» баспасынан 2007 жылы басылып шықты.
Оның есімі Қызылорда облысының Қазалы қаласында №95 орта мектепке, мұражайға, көшеге берілген. Алматы қаласының әкімдігі оның шығармашылығы мен қызметіне лайықты баға беріп, 95 жылдығына орай Алатау ауданындағы «Ақ бұлақ» шағын ауданындағы көшеге есімін берді.

ЖҮРЕКТЕН БЕЙНЕҢ ӨШПЕЙДІ

Әкем – сыншы, әдебиеттанушы, драматург және аудармашы Қалжан Нұрмаханов биыл тірі болса 95 жасқа толар еді. Әкемнің әдебиет саласындағы еңбегі жайында көптеген ғылыми мақалалар жаздым. Сонымен қатар, менің диссертациялық және монографиялық еңбегімнің тақырыбына да әкемнің шығармашылығы арқау болды.
Оның мейірімді, ақкөңіл, қарапа­йым мінезін туыстары мен достары қатты жақсы көретін және құрметтейтін.
Сонау сәби кезімнен бастап жаныма жылу ұялатқан, аялы күндей мейір нұрын төккен, мені өмірге, арманға, адамға құштар еткен, туған ел мен туған жерімді терең де парасатпен қастерлете білген, бүкіл тіршілік тынысыма, болмысыма асыл арқау болған осы – әкем.
Үлкен үйде әкеммен достарының үстел басында отырғаны әлі есімде. Олардың арасында Қуандық Шаңғытбаев аға да бар еді. Мені қуан­тып, таңғалдыру үшін ол түрлі өнерін көрсететін… Есімде, Шыңғыс Айтматов бізге жиі келетін. Әкем онымен кездескенде, мен де бірге отыратынмын.
Әкемнің маған жолдаған соңғы хаттары әкелік махаббаттың ерекше күшімен рухтанғандай еді, олар әлі күнге дейін менің өмірімдегі бойтұмар болып сақталған.
Кейінірек, есейген шағымда, кітаптарын, жарияланбаған мақалаларын, күнделіктерін оқып отырып, оның өз жұмысын қалай бағалайтынын және жақсы көретінін түсіндім. Туған әдебиетіне деген зор сүйіспеншілік пен адалдық оны көптеген өнер қайраткерлерімен қаншалықты жақындастырса, кейбіреуін соншалықты алыстатты. Оның «Бәрінен маңыздысы – менің туған әдебиетім. Нағыз сыншы болу, шығармалардың қателіктері мен қадір-қасиеті туралы айтудан қорықпау – еленбейтін еңбек» деген сөздерінің мәнін де кейінірек ұқтым.
Белсенді өмірлік ұстаным, надандыққа төзбеу, адалдық оған қымбатқа түсті. Мен оның күнделігінен: «Егер мен сыншы болмасам, онда өмірім тағы 10 жылға созылар ма еді…» деген жазбаны оқыдым.
М.В.Ломоносов атындағы ММУ студенті, М.Горький атындағы Әдебиет институтының аспиранты, «Дружба народов» журналының сын бөлімінің редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкері болған. Қазақ КСРО Мәдениет министрлігінің репертуары бойынша бас редакторы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алты тілді меңгерген ол әдеби форумдарда, конференцияларда, радиода баяндамалар жасады, газет-журналдарда мақалалар жариялады, онда әртүрлі тақырыптарды жан-жақты талдады. Қазіргі кеңес жазушыларының шығармашылық ізденісінің аспектілерін, белгілі бір кезеңдердегі әдеби процестің дамуын қорытындылады, сонымен қатар келесі кезеңдердегі әдебиеттің міндеттерін анықтап, Бүкілодақтық әдеби процестің бағыттарын болжауға тырысты.
Оның барлық шығармашылық қызметі (ғылыми талдау, әдеби және театр сыны, эссеистика, аудармалар, драматургия) қазақ әдебиетін дамыту мен елеулі үлес қосуға, жалпыодақтық және әлемдік әдебиет пен мәдениет контекстіндегі оның орны мен рөлін анықтауға арналды. Халқымыз: «Асылдың өмірі қысқа, мәңгі нұсқа», – дейді екен. Менің әкем де ақыл-парасат әлемі аспанына жарқырап шықты да, жарық жұлдыздай ағып түсті. Бірақ ол осындай өз биігіне оп-оңай шыққан жоқ-ты.
Дегенмен қазақ әдебиеті жөніндегі анықтамалықтарда, ғылыми және сыни мақалаларда, естеліктерде оның жарқын даралығы әлі толық көрініс таппаған. Әттең… қаншама асыл арманы, мақсат-мұраты орындалмай ішінде кетті. Әйтпесе, оның мұрасы мұнан да ауқымды, мұнан да мазмұнды болар еді…
Ол әдебиет әлемінде түрлі тілде дүниеге келген таңдаулы туындыларды саралап алып, сапалы аудару керек деп есептеп, әдебиеттің бұл жанрына ерекше мән берген. Оның «Нашар аудармалар мен талап қоймайтын кітап шығарушылар», «Осы реализм бе?», «Тағы да аударма жөнінде» деген сын мақалалары – осының айғағы. «Аудармашылық – елеусіз, бірақ тамаша, әрі күрделі мамандық. Аударма мәселесіне көңіл бөліне түсті. Соңғы уақытта аударма сапасына оқырмандар талабы арта түсті. Сондықтан да түпнұсқаның мазмұнын ашып беретін тілдік фирмасына ерекше ден қою керек», – деп жазды. Мұның өзі әкемнің әр шығарманы қастерлеп, оның қыры мен сырын терең үңіліп ашуға құштарлығын көрсетсе керек.
Сыншы есебінде Қ.Нұрмаханов жалпы ешкімнің де, еш шығарманың да тағдырына бейтарап қарамаған. Бәрін де мейлінше жанашырлықпен түсінуге талпынып, парасаттылықпен, ар-ұжданмен ғана әділ сын айтуды парыз көрген. Қамқор көңілмен қаламгерлердің кей кемшіліктерден арылуына да жол-жоба көрсете білген.
Әкем дарынды сыншы, драматург, аудармашы ретінде бүгінде өзектілігін сақтап қалған үлкен мұра қалдырды. Мұрағат материалдарын зерделеу, кәсіби құпияларды ашу, бай тәжірибені қоғам пайдасына жарату мақсатында оны шығармашылық тұрғыдан игеру – біздің де парызымыз.

Маржан Нұрмаханова,
филология ғылымының
кандидаты

СЫНШЫ ШЕРТКЕН СЫР

Қазіргі жастардың лирикалық жырлары жүріп тұрған, бірақ тілсіз сағатты еске түсіреді. Үйткені олардың көбінде уақытты, дәуір талабын сезіну деген жоқ. Өрісі – университет ауласы, саялы парк, арманы – гүл құшақтап, айлы аспанның жұлдызын санау. Өрістері тарау, тар. Арманы қысқа да қанатсыз.
* * *
Біздің көптеген ақын-жазу­шы­лары­­мыз өздерінің бір кездерде жаңа болған, қазір әбден тозған етік­терінің қонышын ұлтартып киіп жүр. Қазіргі балалап жатқан пере­издание деген індетті мен өзім осы­лайша түсінемін.
* * *
Шортанбай – мықты, нық ақын. Бірақ оны марксизмді түсінбедің деп айыптау қандай сұмдық…
* * *
Кеше мен Ташкентскийге бар­ып, зиратты көпке дейін арала­дым. Жалғыз болдым. Біз сорлы өл­генімізді де дұрыстап жерлей ал­май­ды екенбіз… Салақпыз-ау, са­лақ­пыз. Құнтсызбыз-ау, құнтсыз­быз!
* * *
Словарьды оқу керек, кәдімгі кітап сияқты оқу керек. Бұл – әсіресе жастарға өте пайдалы. Бір­ақ бізде ондай сөздік әзірге жоқ. Мүмкін ол келешекте болар. Әрине, «айғыр – байталдың күйеуі» деп түсінік берерлік сөздіктен келер пай­да шамалы.
* * *
Суретші болсам «Сарыарқаны», «Сарыжайлауды» тыңдағанда» деген сурет салар едім. Бұлар қандай керемет болып шығар еді? Әттең! Әттең, мен сорлыға бұл талант та дарымапты. Жақсы сезінемін-ау! Бірақ онан маған не пайда?
Құдай дәрменсіз қылып жаратқан соң, амалың қанша? Егер біз­дің суретшілердің бірі осы су­ретті салса, қандай көз тартар көрік­­ті шығарма болар еді.

* * *
Сабырханның «Мен соғысты қа­ла­маймын» деген өлеңі маған қат­ты ұнады. Өлеңде ой жаңалығы, ізденіс, тың серпін сезіледі. Бәрімізге ортақ ойды ақын көкейімізге қондыра, жеткізе айтып берген. Өлеңнің әсері күшті, ырғағы ширақ. Осындай өлеңдер мол болса, абзалы жаман болмас еді.

* * *
Дүниенің ен қияметі – ақынның прозасын аудару…
* * *
Бұл күндері менің жақыным да, жолдасым да, ақылшым да, тынысым да – кітап. Ол жүдеген жанымды елегізітпей, өзінің шаһабат болар азығын беріп-ақ келеді. Дырду-думаннан, рухани жағынан тозған жолдастан не пайда? Жақсы лебізімен сусынымды қандырудың орнына сенен сыра сұраған, кітап оқудың орнына асхана адақтаған «достың» болғанынан болмағаны артық қой, асылы.
Менде дос аз екен. Соңғы кездері көзім осыған анық жетті…
* * *
Адамның арзаны З… екен. «Жәмила» жөнінде ЦК-ға бір емес, үш рет телефон соғып, үш рет тоқтат­ты. Неге олай? Әдет пе, әлде ездік пе? Түсіне алмай басым қатты. Міне, жұмыстан «кеткеніме» бір жылдың жүзі болды. Иә үлкені, иә кішісі сонан бері «хал қалай?» деп сұраған емес. «Бөрі арығын білдірмес, итке сыртын қампайтар» дегендей сыр бермей, істеп жүрген «кәсіптеріне» қынжыла күліп мен жүрмін. Ал шыдайын, басқа не қылайын?
* * *
Бізде философиялық, эстетикалық терминдер тіпті баяу қалыптасып келеді. Тілімізге енгендердің бәрі дерлік жасанды, көп ретте контекске үйлесе, қабыса бермейді. Бұл індеттің бір-ақ себебі бар. Бізде философиялық, эстетикалық еңбектер қазақша жазылмайды.
* * *
Қырғыз ағайындар маған өкпелемес деп ойлаймын. Қолымнан келгенін істеп-ақ жүрмін. Қазақ бауырларым: «Қалжан қырғыздарға жалданыпты» деп мазақ етіп те жүр. Не десе, о десін, маған бәрібір. Құдай адам жанын түсінбейтін жазушы етсе қайтем оларды? Айта берсін, тілдерін безеп, менің жанымды тілгілей берсін, бірақ мен алған беттен қайтпан, кейін шегінбен. Қазақ пен қырғыздың рухани жағынан жақындаса, туыса түсуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсап бағам…
* * *
Как я тихо и незаметно таю…
* * *
Халықтың нанын жеп, киімін киіп, өз қолы өз аузына жеткеннен кейін, оның талғамын мазақтап, тілегін таптап, маңдайынан тебу – жолаушының өзінің баратын жеріне жетіп болғаннан кейін келген кемесін суға батырумен барабар. Қазір әңгіме болып жүрген жас суретшілердің, ақындардың істеп жүрген кәсібі дәл осы сияқты. Ас берген, ақыл берген, шабыт берген, арқа еті арша, борбай еті борша боп адам еткен халықты таспен атқылау – қандай масқара, қандай өлім?! Мен мұндайларды ату аз дер едім. Тіпті адамның қанын қайнатады. «Құлды қойсаң еркіңе, күнде отырар бөркіңенің» кері. Сондай қатал заманда өмір сүріп, сондай озбыр ортада күн кешіп жүріп: «Қайран елім, қазағым, қалың жұртым» деп тебіренген, күңіренген Абай әулие екен ғой. Жарықтық! Пушкин мен Абайға, солар сияқты басқа елдердің ұлы тұлғаларына алтыннан ескерткіш орнатса да артық емес.
Қазіргі кезде қаталық жасау жорта білмеген боп қастандық жасау­мен бірдей, өйткені бәрі анық, бәрі түсінікті, бәрі айқын. Халықтың саясында барлық күшіңді сарқа жұмсап адал қызмет ету – әрбір адамның қасиетті борышы.
* * *
Колумбтың кораблінде арнайы журнал болған. Мұнда кейінгі жүзушілерге таптырмайтын жазулар, ескертулер болған. Ол журналды соңғы теңізшілер құрандай қастерлейді екен. Теңіздің қай жерінде қайраң бар, қай жерінде тас бар – бәрі сонда жазулы болады. Сол сияқты ағаның еңбегіне үңілмей, іні қайда бармақ? Бұл компассыз тайганы аралау, картасыз теңізде жүзумен барабар емес пе.

Қалжан НҰРМАХАНОВ

АФОРИЗМДЕР

Жауыңмен сауыңда айқасқан қандай жақсы.
* * *
Ер болсаң, егеспе.
* * *
Шыншыл болсаң, сыршыл боласың.
* * *
Оқығаныңды емес, тоқығаныңды
айт.
* * *
Айтаққа еріп «аһа» деме.
* * *
Даңқым бар десең, даңғойсың.
* * *
«Еміреніп» кеп, кісінің енесін ұрма.
* * *
Ерің есірік болса, елдігің кімге керек?
* * *
Есерсоқ ел басқарса, халық қарап болмақ.
* * *
Лауазым қанша берсе, сонша алады.
* * *
Емшекті де еме білу керек.
* * *
Тыңшы – мемлекет тынысы.
* * *
Жазушы болсаң, өзіңді-өзің ұрлама.
* * *
Актер болсаң, асылыңды ардақта.
* * *
Масқара болған әйелге күлме.
* * *
Ақын болсаң, арзан сөйлеме.
* * *
Жыламсырап жанашыр іздеме.
* * *
Егескенге елдік
айт,
Тірескенге тірлік
айт.
* * *
Өлеңді прозамен жазба.
* * *
Аспан асты кең деп, басыңды көтере берме.
* * *
Артисті арқасынан кақ.
* * *
Көзге ілінем деп, көк езуленбе.
* * *
Өзгені де өзіңдей көр.
* * *
Аспанға қарағанда тек жұлдыз көрсең, жазушы емессің.
* * *
Машықтан мүлт кеткен артық.
* * *
Адамды көзінен
ұқ.
* * *
Жолға шықсаң, аялдай берме.
* * *
Арманшыл болсаң, аянбайсың.
* * *
Өзіңнен күнде есеп ал.
* * *
Еліңді ойласаң есейгенің.
* * *
Ермек кусаң – ездігің.
* * *
Жасыңда көп оқымасаң,
Қартайғанда қапы жейсің.
* * *
Орман тұрғанда, жалғыз ағашты көлеңкелеме.
* * *
Ел тілегін екі
етпе.
* * *
Азбайын десең картадан аулақ бол.
* * *
Талапты тәрбие­лемеген тозар.
* * *
Мәлім болам деп ғалым болма.
* * *
Әйеліңді гүлдей күт.
* * *
Шарқ ұрмасаң, шабыт жоқ.
* * *
Ақын болсаң, жұлдызды жерден ізде.
* * *
Текке тұрған қалам тұл.
Оқылмаған кітап
тұл.
* * *
Атағы барға иек артпа.
* * *
Науқастың көңілін күнде сұра.
* * *
Әдебиетші болсаң, әдепті бол.
* * *
Ел алғысын алсаң, арманыңа жеткенің.
Ел қарғысын алсаң, су түбіне кеткенің.
* * *
Тарих та – тағлым.
* * *
Оттай берсең, от басарсың.
* * *
Жат жерде жұртыңды жамандама.
* * *
Бөтен жұрт еліңді сенен көрер.
* * *
Бір күніңді үш күн есесіне пайдалан.
* * *
Жазушы болсаң, окушыңды қиялдануға баулы.
* * *
Шығарма ат қоюдан басталады.
* * *
Жалқаулық пен жазушылық қоңсы қонбас.
* * *
Сахнада билегеннің бәрі биші емес.
Домбыра тартқанның бәрі күйші емес.
* * *
Жар басына шығып, жаршы болма.
* * *
Көңілі кеткенге көңілдегіңді айт.
* * *
Бауыр бауыр емес, пікірлес бауыр.
* * *
Жауапкершілік жүктелсе, бала да бастық болады.
* * *
Табиғаттан пенденің алған ең үлкен сыйы – өмір.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір